Право/5.Уголовное право и
криминология.
Уалиева Ж.Б.
Карагандинский
государственный университет им. академика Е.А.Букетова, Казахстан
Тұрмыс аясындағы абайсыз
қылмыстардың бірі атыс қаруын ұқыпсыз
сақтаудың объективтік
жағының сипаттамасы
Қылмыстың объективтік жағы қоғамдық
қауіпті қолсұғушылықтың сыртқы пішіні
екені мәлім. В.Н.Кудрявцев қылмыстың объективтік жағына
«заңмен қорғалатын мүдделерге қоғамға
қауіпті және құқыққа қарсы
қолсұғушылықтың сыртқы жағы ретінде
қарастырылып, оқиға мен құбылыстың кезекті
дамуы көзқарасынан субъектінің
әрекетінен(әрекетсіздігінен) басталып қылмыстық
нәтижені туындаумен аяқталатын үдеріс»,- деген анықтама
береді[1;9].
Кез келген қылмыстың объективтік жағының негізгі
белгісі – іс-әрекет. Іс-әрекет ретінде қылмыстың
сыртқы динамикалық бөлігі танылады. Қоғамға
қауіпті, саналы әрі ерікті әрекет қана
қылмыстың объективтік жағының белгісі болады. Іс-әрекет
бір-бірінен динамикалық бағыты мен заңи мазмұнымен
ажыратылатын іс-әрекет және әрекетсіздіктен тұрады.
Әрекеттің екінші нысаны – әрекетсіздік. Өзінің
заңи және әлеуметтік қасиеті бойынша әрекетсіздік
іс-әрекетпен тең түседі, динамикалық бағыты мен
заңи мазмұны бойынша ажаратылады. Әрекетсіздікпен
өрнектелген қылмыс белгілі бір әрекетті жүзеге асырады,
бірақ өзіне жүктелген заңи міндеттерін орындамайды.
Әрекетсіздік
нысанының дәлелі Қазақстан
Республикасындағы қару мен оның патрондары айналымының
ережесiн бұзу [2]арқылы атыс қаруын ұқыпсыз
сақтау. Ереженің үшінші бабына сай қару мен
оның патрондары арнайы жабдықталған, қызметтік үй-жайлардан
оқшау, қабырғалары қалың, төбе жабулары мен
еденi берiк екі есiгi бар қоймада сақталуы тиіс. Осы ережелерді
сақтау міндеті жүктелген тұлға саналы әрі ерікті
түрде өз міндеттерінің орындамауы салдарынан атыс
қаруын бөтен адамдардың пайдалануына жол береді.
Атыс
қаруына иелік ететін кез келген адамға атыс қаруын
сақтау талаптары алдын ала түсіндіріліп, оны сақтауға
міндеті жүктеледі, сол себепті осы міндеттерді атқармай, оның
нәтижесінде қылмыстық заңда бекітілген зиян туындаса,
жауаптылықтың орнауы сөзсіз. Атыс қаруын
ұқыпсыз сақтаудың объективтік жағы келесі
жағдайлардан тұрады: 1)атыс қаруын сақтау ережелері мен
шарттары бұзылса; 2)қаруды бөтен адам қолданса;
3)ережені бұзу мен қаруды бөтеннің пайдалануы
арасындағы себептік байланыс; 4)ауыр зардаптардың туындау. ҚР
ҚК 253 бабының объективтік жағы аталған ережелерді
бұзумен қатар, қарудың бөтен адамның
пайдалануы жағдайы болуы керек. Заңды иеленген адамның атыс
қаруы осы қаруды заңды түрде иелену
құқығы жоқ адамның қолына
түссе, бөтен адамның қаруды пайдалануын танимыз. Сөйтіп
атыс қаруын пайдалану құқығын иеленген адам
сақтау ережелерінде бекітілген міндеттерін орындамайды, нормативтік
талаптарды ескермейді, атыс қаруын пайдаланудың қауіпсіздігін
қамтамасыз ету шараларына селқос қарайды, шараларды
ұстанбайды. Атыс қаруын сақтау ережелерін қамтамасыз
етуде әрекетсіздік білдіреді.
Жоғарыда
айтылғандарға қарап, субъект әрекетсіздіктің
барлық жағдайында бірдей өзін селқос таныта бермейді.
Керісінше кейде тіпті ол өзін белсенді көрсетеді, дегенмен
өзіне жүктелген міндеттерді орындамайды. Әрекетсіздік
нормативтік сипатты иеленеді, себебі әрекетсіздіктің мәнін
іс-әрекет ету міндеті құрайды. Іс-әрекет ету міндеті
тек заңмен бекітіледі. Демек, әрекетсіздік заңмен бекітілген
белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыру міндетін бұзудан
көрінген адамның мінез-құлқының
сыртқы сипаты деген қорытындыға келеміз.
Абайсыз
қылмыстар әдетінше, зардабы және осы зардаптарды келтіру
тәсілі мен құралдары, зардаптар келтірілуі кезіндегі
қызмет саласы бойынша сараланады[3; 67]. Зардабы болмай, зардаптың
келтірілу қаупін абайсызда тудырғаны үшін
жауаптылықтың туындамауы қалыпты.
ҚР
ҚК 253 баптағы қылмыстың конструкциясын
анықтайтын «ауыр зардаптар» ұғымы бағалық
категория. Бұл баптағы ауыр зардаптардың
қылмыстық құқықтық сипаты
қаруды иеленіп алған адамның кісі өлтіруі, өзін
өзі өлтіруі, жарақаттауы. Қылмыстық кодексте ауыр
зардаптар ұғымы берілмеген соң, оны балаудың өзі
субъективті, демек, бағаланатын белгіні анықтау барысында
қоғамға қауіпті әрекетті теріс саралау
жағдайлары тәжірибеде аз емес. Сол себепті, ауыр зардаптар
категориясын мүмкіндігінше нақтылаған жөн.
Абайсыз
қылмыстардағы себептілік байланыс мәселесі
тұрғысында құқықтанушы ғалымдар
әртүрлі пікірлер ұстанады. Дегенмен,
көзқарастардың алуан түрлі болып келуіне қарамастан,
зерттеушілердің көпшілігі аталған мәселенің
маңыздылығын мойындап, оны жүйелі зерттеу ісіне белгілі бір
дәрежеде өз үлестерін қосқан. Абайсызда
жасалған қылмыс құрамдарының себептік байланысын
анықтауда бірізділік байқалмай, ол күрделі сипатқа ие болса
да, уақыт өте келе бұл тақырыпқа деген
қызығушылық артпаса, кеміген жоқ.
Зардапты
тоқтатпау немесе керісінше нәтижені қамтамасыз етпеудің
шарттаушы байланысы ретінде қарастыратын ғылыми бағыт [4; 18]
бізге тұрмыс аясындағы абайсыз қылмыстардың себептік
байланысын зерттеу үшін қолайлы.
Абайсыз
қылмыстардың себептік байланысы
қасқаналыққа қарағанда абайсыз әрекет
зардап шектіруге бағытталмағандығымен шартталған өз ерекшеліктеріне ие
болады. Абайсыз қылмыстардағы себептік байланыс тек жүзе
асырылған әрекет пен туындаған зардап арасын емес,
сақтық ережелерін бұзу мен оның нәтижесіндегі
зардап арасын байланыстырады деп тұжырымдаймыз.
Егер
тұлға нақты шарттар бола тұра, қажетті
міндеттерін орындамауы салдарынан зардап келтірілсе, онда зардаптың
себебі әрекетсіздік бекітіледі.
Тұрмыс
аясындағы абайсыз қылмыстардың әрекетсіздікпен
жасалған түрлері үшін жауаптылық әрекетсіздік
келтірілген зардаптармен себептік байланыста болса туындайды. Осыдан
қарастырылып отырған қылмыстардың объективтік
жағынын құрайтын әрекет, қылмыстық
зардаппен қатар, міндетті түрде олардың арасындағы
себептік байланыс анықталады, әрі туындаған зардап
қауіпсіздік ережесін бұзудың салдары болуы тиіс деген
қорытынды шығады.
Жоғарыда
айтылғандарды зерделей отыра, тұрмыс аясында атыс қаруын
ұқыпсыз сақтаудың объективтік жағы белгілі бір
шарттарда, орында, уақытта, түрлі тәсілдер мен
құралдар арқылы жүзеге асырылатын нақты
қоғамға қауіпті мінез-құлықтың
сыртқы көрінісі деп, осы объективтік жағының негізгі
белгілерін дәл анықтау дұрыс саралауға алғышырт
болады демекпіз.
Литература:
1.Кудрявцев В.Н.Объективная сторона преступления. – М.: Госюриздат, 1960. – 244 б
2.Қазақстан
Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 3 тамыздағы N 1176
қаулысымен бекiтiлген
«Қазақстан Республикасындағы қару мен оның патрондары
айналымының ережесi».Қайнар көз: ИС ПАРАГРАФ,
19.08.2011
3.Нерсесян В.А. Ответственность за неосторожные преступления - Санкт-Петербург: Юрид. центр Пресс, 2002. - 223c.
4.Гринберг М.С.
Субъективный критерий неосторожности и проблема причинной связи // Актуальные
правовые вопросы борьбы с преступностью. - Томск: Изд-во Том. ун-та, 1988. - С.
16-22