аға оқытушы Бекбаева Ж.Қ.

 «Болашақ» университеті, Қызылорда, Қазақстан

Ғылымдағы тренинг түсінігі, әдістері және оның даму тарихы

 

Тренинг (ағыл. training, train – үйрету, оқыту, тәрбиелеу) – білім, біліктілік пен дағдылар, әлеуметтік нұсқаулардың дамуына бағытталған белсенді оқытудың әдісі. Тренинг көп жағдайда жаңа ақпаратты игерумен қатар, тәжірибелер арқылы білім игерудің қажетті нәтижелерге жетуде қолданылады.

Тренинг түрлі парадигмалар [1] көзқарастарында өзіндік ерекшеліктеріне қарай қарастырылады: 1) мінез-құлықтың қажетті тұстарын бекіту арқылы жағымсыз қасиеттерден арылу; 2) біліктілік пен дағдыларды дайындау мен қалыптастыруда жүргізілетін жаттығулар; 3) білім беру арқылы біліктіліктің дамуына белсенді оқыту түрлерін пайдалану; 4) қатысушылардың өзін-өзі тануы және өзіндік ізденісі арқылы жеке психологиялық мәселелерін шешу тәсілдерін анықтаудың әдісі.

Тренингтердің даму тарихы оқытудың дамуы тарихы секілді мыңдаған жылдарды қамтиды. Дегенмен, 1912 жылы Dale Carnegie Training орталығының негізін қалаушы Дейл Карнеги тренингтерді ерекше қолдана бастады. Бұл орталықта әлі күнге дейін сөйлеу мәнері, өзіне сенім, адамдар арасындағы өзара байланыстар дағдысының дамуына байланысты тренингтер өткізіліп тұрады.

Тренигті оқыту түрі ретінде дамуына әлеуметтік психолог Курт Левин ерекше үлес қосты [2]. Ол 1946 жылы өз әріптестерімен бірге өзара байланыс құзіреттілігін жоғарылатуға бағытталған тренингтік топтың негізін қалады. Зерттеушілер анықтағандай, қатысушылар өзіндік психологиялық толғаныстарын айқындау арқылы жеке жетістіктерге жетеді. К. Левин шәкірттерінің сәтті жұмысы АҚШ-та алғаш рет ұлттық тренинг Лабораториясының негізін қалауға себеп болды. Бұл лабораторияда базалық шеберлікті қалыптастыратын тренигтік топ құрылды. 1954 жылы адамның өмірлік құндылықтарын анықтауға бағытталған тренингтік топтар пайда болды.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Карл Роджерстың гуманистік психологиясы дәстүрлеріне сүйенген әлеуметтік және өмірлік икемділік қалыптастыратын тренинг қозғалысы пайда болды. Аталмыш технология психологиялық көмекті дамытуды мақсат ете отырып, мұғалімдер, кеңесшілер, менеджерлерді кәсіби дайындауда қолданылды. Ал 70-жылдары Лейпциг және Йен университеттерінде М. Форверг жетекшілігімен әлеуметтік-психологиялық тренинг деп аталған әдіс дайындалды. Тренинг құралдары ретінде тиімді коммуникациялық дағдыларды қалыптастырудың шарттары жүзеге асты.

Негізінен тренингтерді жалпылай мойындалған жіктеу типологиялары жоқ. Оны топтастыру түрлі негіздерге сүйенгендіктен, ықпал ету мен өзгерістер бағыттарының өлшемдеріне сәйкес айқындалады: дағдыландыру, психотерапиялық, әлеуметтік-психологиялық, бизнес-тренинг.

Оның ішінде жоғары оқу орындарында жиі қолданылатын алғашқы үш түріне мән берсек. Дағдыландыру тренингі белгілі бір әдетті қалыптастыру жұмыстарына бағытталады. Келіссөздер, өзіндік тұсаукесер, оқыту техникасы осы тренингтің түріне сай келеді.

Психотерапиялық тренинг адам санасын өзгертуге бағытталады. Өзгерістерді ұйымдастыру барысында мінез-құлықтың стереотиптік мәнділік жолымен нақты өмір алаңына жетелейді. Тренингтың бұл түрі психодрамалық, гештальт-топ, би-қозғалысы терапиясы сынды т.б. психотерапияның бағыттарымен өзара байланысты.

Ал әлеуметтік-психологиялық тренинг ұзақ уақытты қамтиды. Ол адам санасындағы өзгерістер және дағдыландыруды қалыптастыруға бағытталады. Бұл тренингтың негізгі міндеті қатарына әлеуметтік мәртебеге қарамастан өзара қатынастардағы байланыстарды дамыту саналады.

Тренингтерде келесі әдістер қолданылады: ойындық (іскерлік, рөлдік ойындар), кейстер, топтық талқылау, ой-талқы, бейнесараптама, модерация және т.б.

Кейс – жауапты қажет және шешімді талап ететін күрделі жағдай. Кейсті шешу жеке адам ойлануымен бірге, топ құрамында да шешу орын алады. Кейстың негізгі міндеті ақпаратты сараптау, шешімнің негізгі мәселелері мен тоқтам жолдарын анықтау, қимыл бағдарламалар қалыптастыру.

Іскерлік ойын – кәсіптік қызмет, әлеуметтік өзара байланыстың түрлі аспектілері бойынша еліктеу.

Рөлдік ойындар – белгілі бір мәселенің шешімін табуға бағытталған және қатысушыларға арнайы рөл белгіленген әдіс.

Топтық талқылау – күрделі жағдай, сауал немесе мәселені бірлескен талқылау мен сараптау. Ол арнайы жүйелік ізбен немесе талқылауға қатысып отырған студенттердің ойлау деңгейлеріне байланысты болуы мүмкін.

Ой-талқы – шығармашылық белсенділігін ынталандырудың тиімді тәсілдерінің бірі. Күрделі мәселені шешуге бағытталған идеялар нұсқалары тыңдалып, оның орындалу жолдары талқыланады. Кейін тәжірибеде қолданылуы тиімді идеялар айқындалады.

Жаттығу ойындары – топ қозғалысын бақылауда қолданылатын құрал.  Күш-қуаттың әлсіздігін жоюға бағытталған әдістердің бірі.

Фасилитация – топ ішінде ақпаратпен алмасуды ынталандыратын құрал. Ол топ қозғалысын ынталандыруға да мол мүмкіндік береді.

Бейнесараптама – жаттықтырушы арнайы бейнероликтер немесе бейнежазбалар арқылы мәселе төңірегіндегі қатысушылардың мінез-құлық таныту жолдарын айқындаудың құралы. Аталмыш әдіс арқылы мінез-құлық түрлерінің жағымды және жағымсыз тұстарын көрнекі жағдайда тамашалай алады.

 

Әдебиет:

1.     Вачков И. Основы технологии группового тренинга. – М.: Ось-89, 1999.

2.     Рудестам К. Групповая психотерапия. Психокорекционные группы: теория и практика. – М.: Прогресс, 1990.