ӨЛКЕТАНУ
ЖҰМЫСТАРЫНДА ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ
ҚҰРАЛДАРЫ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ
МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ
НЕГІЗДЕРІ
Какибаева К.К. оқытушы
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Дүниежүзілік қауымдастықтың
қазіргі кезеңдегі дамуында адам мен табиғат арасындағы
тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық мәселелерді
шешу жолын іздестіруді талап етеді. Адамзаттың жаһандық дағдарысы
жер шарының экологиялық үйлесімділігінің жеке
бөліктері болып саналатын аймақтық деңгейдегі
мәселелерден туындап отыр. Бұл жағдайда антропогенді
өркениеттің қоршаған табиғи ортамен тиімді
арақатынасын ұйымдастыруға бағытталған
барлық әлеуметтік институттарын жұмылдыру қажет. Ел
Президенті «Қазақстан – 2050» бағдарламасында табиғат
жағдайының қиын кезеңде тұрғанын
нақты атап өтіп: «...экологиялық нашар ахуал бүгінде
адам өлімінің жиырма пайызына себеп болып отыр.
Қоршаған ортаны ластаушыларға берік тосқауыл
қойылу қажет», - деген болатын. Бұл мәселенің
тиімді шешілуі мектеп оқушыларын экологиялық білім мен тәрбие
беру арқылы олардың экологиялық мәдениетін
қалыптастыру барысында мүмкін болатыны анық.
Қазақстан Республикасының
Білім туралы заңында «…білім беру жүйесі міндеттерінің бірі
ретінде белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу,
республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық
және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке
адамның өз құқықтары мен міндеттеріне
саналы көзқарасын қалыптастыру» атап көрсетілген. Осы
тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің
базалық буыны болып саналатын жалпы орта білім беру мектептерінің
оқушыларына саналы тәртіп пен сапалы білім беріп, туған
жерінің табиғатын қорғайтын мәдениетті
тұлға етіп қалыптастырудағы атқарар рөлі
зор екені даусыз. Қазіргі таңдағы қоғамның
саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы
жаңару процестері өткен тарихымыз бен мәдени
мұраларымызды қайта қарауға, рухани
құндылықтарымызды саралап, оны мектептің
оқу-тәрбие процесіне ендіру арқылы оқушылардың
экологиялық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы
жағдайлар жасалып отыр. Экологиялық мәдениетті халық
педагогикасы арқылы қалыптастыруда өлкетану
жұмыстарының мүмкіндіктері мол. Өлкетану
жұмыстары оқушылардың қоршаған табиғи
құбылыстары мен заттары туралы, олардың өзара байланыс
заңдылықтары туралы түсініктерін қалыптастыруға
көмектесіп, өмірге деген қызығушылықтарын
арттырады. Өлкетану материалдары қоршаған ортаға
тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді. Ол туған
өлке табиғатын, оның байлықтарын, даму
заңдылықтарын, жергілікті жердің халқы мен
шаруашылық түрлерін және олардың байланыстарын
ұғынуға көмектеседі. Оқу-тәрбие процесінде
халық педагогикасының құралдарын өлкетану
жұмысында пайдалану арқылы оқушылар тек нақты білім мен
ұғымды меңгеріп қана қоймай, дүниенің
біртұтастығы мен әр түрлілігі, дамудың
үздіксіздігі, өзара байланыс пен әрекеттестік,
дүниенің нақты заттар мен құбылыстардан
тұратындығын танып, олардың дүниетанымдық
көзқарастары кеңейеді. Өскелең
ұрпақтың экологиялық мәдениетін
қалыптастыра отырып, жаңа заманның көкірегі ояу,
ұлттық сана-сезімі жоғары саналы азаматын тәрбиелеу
ұзақ әрі күрделі процесі болып табылады. Сондықтан
бұл мәселе бүгінгі таңда өткір қойылып,
өз шешімін табуды қажет етіп отыр. Аталмыш мәселені шешуде
көптеген ғалымдар өз үлестерін қосқан.
Қазақ халқының біртуар
данышпандары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов,
Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов еңбектерінде
табиғат пен адам өмірінің тіршілігін ажырамайтын, бөліп
қарастыруға келмейтін біртұтас дүние ретінде
қарастырған. Оқушылардың қоршаған
ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы
жан-жақты тәлім-тәрбие беру, оқу-тәрбие процесін
жетілдіру, мектепке кәсіби білігі жоғары мамандарды даярлау
мәселелері қазақстандық көрнекті
ғалымдардың Қ.Ж.Аганина, Б.Р.Айтмамбетова, Қ.М.Арынғазин, т.б. еңбектеріне арқау болды.
Дегенмен педагогикалық,
психологиялық және ғылыми-әдістемелік
әдебиеттерді, арнайы зерттеулерді талдаудың нәтижесі
бүгінгі күнге дейін өлкетану жұмыстарында
қазақ халық педагогикасы құралдарын пайдалану арқылы
оқушылардың экологиялық мәдени Мектеп оқушыларына
экологиялық білім беруде өлкетану түрінде қарау жалпы
негізде мойындалған. Оны іске асыру
әдіс–тәсілдерінің
көптеген түрлерін отандық және шетелдік мамандар тілге
тиек еткен. Өлкетануды танып–білуге ұстанған бағыт 70 – жылдары экологиялық білім беру
мәселесін шешуге мүмкіндік берді және мектепте
экологиялық білім беруді дамытты.
Өлке – дегеніміз аймақтық
көлемдегі жер, ол әкімшілік түрде болады (облыс, республика,
өлке). Мектептегі экологиялық өлкетануда бұл
түсінік экологиялық проблемалардың локальды және
аймақтық деңгейін қамтиды және олардың
арасындағы әрекеттестікті талап етеді. Әкімшілік шегінде
ғылыми зерттеулер жүргізіледі және табиғатты пайдалану
бойынша нақты бетбұрыстар
қабылданады, ол-мектептегі экологиялық білім беруге қажетті
ақпараттар береді. Жергіліктілін –
адамның өзі өмір сүріп жатқан жері
және табиғатпен әрекеттесу орны. Жергіліктілін оқыту
ортасы ретінде қолданылуы мүмкін, яғни
оқушылардың тәжірибелік жұмысы болып табылатын іздену
жұмыстарын жүргізу орны болып табылады.
«Өлкетану» терминін алғаш рет 1914
жылы тарихшы-әдіскер В.Я.Уланов
және сібірлік мұғалім-географ B.Н.Мальков
қолданды. Өлкетану – елдің бір бөлігі,
қаланың, ауылдың, басқа да поселкенің тұрғылықты
жердің тұрғындары үшін туған өлке болып
табылатын территорияны жан-жақты оқып үйренуі. Мектептегі
өлкетану – мектептегі оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу
міндеттерімен сәйкес келетін оқу процесінде, сабақ және
сабақтан тыс жұмыста оқушылардың туған
өлкесін жүйелі, жан‑жақты тануы. Мектеп өлкетануы
теориясының дамуына И.В.Ивановтың «Краеведение и системы учебной и
воспитательной работы средней общеобразовательной школы» атты докторлық
диссертациясы және «Педагогические основы школьного краеведение» деген
1966 жылғы монографиясы үлкен үлес қосты. Өлкетану – белгілі бір өңірдің
табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін
зерттеумен шұғылданатын ғылым мен мәдениет саласы.
Кешенді өлке осылардың бәрін бір-бірімен байланыста
қарастырады, салалық өлкетану географиялық, тарихи,
этнография, топоним т.б. болып бөлінеді.
Өлкетанудың негізгі міндеті –
өлке жөнінде түрлі ақпараттар, материалдық
ескерткіш үлгілерін т.б. мәліметтер жинақтау. Өлкетану
– мұғалімнің
басшылығымен оқушылардың туған өлкесінің (
мектеп алаңы, ауыл, аудан, қала, облыс, өлке,
Қазақстан ) табиғи, әлеуметтік, экономикалық
және тарихи жағдайларын жан-жақты зерттеуі. Осы арқылы
оқу мен тәрбиені өмірмен, қоршаған дүниемен
тығыз байланыста қарастырудан туады. Өлкетану ұғымын түсіндіруде
көптеген авторлар оның белгілі бір территория туралы
мағлұмат жинау ғана емес, сонымен қоса бір
факторлардың екінші факторларға әсерін анықтау,
яғни сол жердегі өмірдің және табиғаттың
кешенді көрінісін беру екенін дәлелдеуге ұмтылады. Өлкетану жұмыстарын
мектептің экологиялық жүйесінің негізі мен бірізділігі
нақты іс-әрекеттер барысында іске асыруды қамтиды.
Аталған жұмыстарды жүргізу, яғни мектептегі
экологиялық өлкетану ретінде
пән- аралық педагикалық процесс, қазақ
халық педагогикасы құралдарын пайдалану, оқушылардың
бұрынғы және бүгінгі күнгі экожүйемен
танысуға бағытталған әрекеттерінің бірлігін
ұйымдастыру, аймақтық проблемалармен байланысты жергілікті
экологиялық өлке проблемаларын анықтау, оларды шешудің
жолдары мен оқушыларға оны жетілдіруге болатын шешімдері мен
жолдарын іздестіруден тұрады.
Өлкетану жұмыстары
педагогикалық феномен ретінде екі педогогикалық саланың
тоғысында тұр: ол – мектептегі өлкетану және оқушыларға экологиялық
білім беру. Сондықтан, бір жағынан, экологиялық
бағыттағы өлкетану мектеп балаларының экологиялық
білім алу компоненті болса, екінші жағынан, ол – мектепте өлкетану
жұмысын жүргізудің бір бағыты, сондықтан
оның өзіндік ерекшелігі аталған саладағы білімге
тән терминдерде көрсетілген. Өлкетануды мектеп оқушыларына экологиялық білім
берудің негізі (факторы) ретіндегі рөлін қарастыру барысында
екі мәселе анықталды:
1) ғылыми-әдістемелік, психологиялық-педагогикалық
мектепте өлкетанудың және экологиялық білім беруді талдаудың алғы шарты;
“өлкенің экологиясы”, оның ішінде, “өлке”, “
жергілікті жер”;
2) «өлкетану», “өлкетану
принципі”, “өлкетану жұмысы”, “өлкетану жұмыстары
байланыстарының бірнеше түсініктері негізін анықтау.
Мектептегі экологиялық өлкетану
проблемасын қарастырудың әдістемелік негізіне кеңестік
уақыттағы экологиялық проблема мен “тұрақты даму”
ерекшеліктері жатады. Ғаламдық экологиялық жағдай
мәселелеріне арналған зерттеулерде қазіргі заманғы
қоғам мен табиғаттың өзара
әрекеттестігінің ерекшелігі сарапталады. Оларға мыналар
кіреді:а) антропогенді әсер ету орны болып жер шарының барлық
саласы – қатты, газдық, су, биотоптық, ғарыштық
салалары саналады; б) экологиялық қарама-қайшылықтар
барлық жер шарын қамтиды; в) адамзат әрекеті әлемдік
көлемдегі көптеген табиғат тепе-теңдігіне әсер
етеді. Аталған проблемаларды жер бетінің экологиялық
дағдарысқа қатыстылығын, жекелеген
аймақтардың экологиялық жағдайларын теріске
шығарудың қажеттігі жоқ, алайда осы мәселелерді
сөз ете отырып негізгі проблемаларды анықтап алу мақсаты
туындайды:
– қоғам мен табиғат – бір
жүйе элементтері, адамзат қоғамы – табиғаттың
даму нәтижесі;
– жүйедегі сабақтастырушы звено
ретінде табиғатты пайдалану жүйесі байланыстырушы болып табылады,
мұның ішіне өндіру және пайдалану да кіреді,
табиғатты пайдалану процесі табиғат компоненттерін қайта
өңдеумен байланысты, адамдар қажетті тағамдарды
қолдану және көп немесе аз көлемде
қалдықтар шығару арқылы қоршаған ортаны
өзгертеді;
– биологиялық қорды көп алу
және оны өндіруді арттыру, табиғи жүйені жасанды
және техногенді жүйемен алмастыру өмір сүрудің
түрлілігін азайтады, экологиялық жүйенің
күрделілігін кемітеді;
– қандай да бір табиғи
ортаның тұрақтылығы көбіне оның күрделілігіне
байланысты, сондықтан табиғи ортаның өзгеруі – теріс ықпал, оның ішінде адам мен
оның денсаулығына зардаптар әкелуі мүмкін.
Адамзаттың проблемасы болып табылатын
экологиялық проблемалар әр деңгейде қарастырылады.
Әр автор ғаламшарлық, аймақтық,
ұлттық, мемлекеттік, локальды және жергілікті
деңгейлерді көрсетеді. Аталған мәселенің
аумақтық-уақытша ерекшеліктері бұл мәселені
қарастыру жолының ерекшелігінен көрінеді. Жергілікті
деңгей локальды деңгейішілік болады. “Ұлттық” деген
термин “халықаралық” деп есептеледі және ол проблема
көбінесе мемлекет тарапынан өзара әрекеттесу арқылы
шешіледі. Бұл жерде де “мемлекеттік” терминін көптеген көп
ұлтты мемлекет тұрғысында қолдануға болады мысалы
: – локальды (жергілікті және
оның маңайы), – аймақтық (облыс, республика,
өлке, елдің аймағы), –
ғаламшарлық (жер шары, биосфера, оның белгілі
бөлігі).
Осы орайда тағы бір ерекшелікті атап
өткен жөн. Экологиялық мәселені таяу арада
шешудің практикалық қадамы локальды деңгейде алдын
алады, бірақ жоспарлау барысында
жоғары деңгейдегі өзекті проблеманы түсініп, біліп алуды қажет етеді.
Өлкетанудың арақатынастарын
айыру үшін мына түсініктердің ара –жігін ашып алуымыз қажет: «өлке»,
«аймақ», «жергілікті жер», «ландшафт», «өлкетану». Педагогикалық
жұмыстарда кең мағынада мына терминдер көп
қолданылады: «экологиялық өлкетану», «экологиялық білім
беруде өлкетану принциптері», «экологияға өлкетану
тұрғысынан келу», «экология-өлкетану іс-әрекеті»,
«экологиялық білім беруде аймақтық тұрғыда
қарастыру». Аталған терминдердің мазмұнын ашуға
белгілі дереккөздердің жоқтығы себеп болды, көп
жағдайда синоним ретінде қолданылады. Педагогика негізін
дерекнамалар мен әдебиеттерді оқып үйрену бойынша мектеп
өлкетануы және оқушыларға экологиялық білім беруде
аталмыш түсініктердің мағынасын ашуға мүмкіндік
берді. Осыдан келіп өлке, кіші отан табиғатын қорғайтын
тәрбиелі, тәртіпті, мәдениетті тұлғаны дамытып,
қалыптастырып алу міндеті жүктеледі. Сол себепті бізде
мәдениет дегеніміз не? және мәдениеттанудың қандай
сұраққа жауап беретінін талдау қажеттігі туындайды.
Мәдениеттану сөздігінде
мәдениетке мынадай анықтама беріледі: «Мәдениет –
адамдардың әлеуметтік болмысты сақтау мен жаңарту
жөніндегі қызметі және осы қызметтің жемістері
мен нәтижелері».
Философиялық сөздікте мәдениеттің – адамзаттың болмыс пен сананың
барлық салаларындағы әлеуметтік-прогрестік
шығармашылық қызметелеу және бұл қызметтің адамзат тарихының
байлығын жеке адамның ішкі байлығына айналдыруға
бағытталатыны көрсетілген. Философиялық
энциклопедиялық сөздікте «мәдениет» ұғымы
«қайта өңдеу, тәрбиелеу, білім беру; материалдық
және рухани еңбектің нәтижесінде мекемелер мен
әлеуметтік нормалар жүйесінде, рухани
құндылықтарда, адамның табиғатқа,
бір-біріне және өзіне деген қатынастарының
жиынтығында көрініс беретін амал-жолы» ретінде
сипатталғаң. «Мәдениет
– ағартушышлық, білімділік, тәрбиелілік» деген анықтама
орыс тілі сөздігінде берілген.
Педагогикалық тұрғыдан мәдениет – адамдардың
бірлесе ғылыми, моральдық-әлеуметтік, көркем және
техникалық құндылықтар жасаудағы
қарым-қатынастар жиынтығы.
«Мәдениет» түсініктемесіне екі
аспекті кіреді: материалдық және рухани. Материалдық
мәдениетке адамның
тұрмыста пайдалана алатын
еңбек құралдары (киім-кешек, жиһаз, ыдыс-аяқ)
жатады. Рухани мәдениет –адамгершілік саласында, шығармашылық
өмірде, ғылымда, ізгілік аймағында адам
іс-әрекеттерінің нәтижелер жиынтығы.
Мәдениеттілік – әдептіліктің, имандылықтың,
ізеттіліктің көрінісі. Ұлттық мәдениетті
қастерлеу – мәдениеттіліктің белгісі. Әдеп
сақтау, әдеппен сөйлеу, көрегенділік белгісі, жан
тазалығы, тән тазалығы мәдениеттілік болып табылады.
Мәдениет ұғымына берілген анықтамалардың
қай-қайсысын алып қарастырсақ, адам баласының
адам болып дүниеге келгенінен бастап өмір бойғы азығы
екені, оқу‑тәрбие барысында небір
құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіру,
жан‑жақты тұлғаны қалыптастыру, осы
мәдениеттілікке байланысты білім, ғылым меңгерту болып табылады.
Ғалым Ж.Ж.Наурызбай: Көп
мәдениет иесіне тән ерекшелік
гео-графиялық сана болуға тиіс. Шын мәнісінде
мәдениетті адам болу үшін планеталық, ғаламдық,
экологиялық саналар деңгейіне самғаумен бірге кіндік кескен
жер, туған өлке, Отан, өз шаңырағын
қастерлеу сезімімен қатар тыныстау – парыз. Географиялық сана елтану, этнография,
экология пәндері арқылы да дариды. Аталған пәндер этнос
пен мәдениет проблемаларымен өрістес болғандықтан,
мәдени этникалық оқыту мен тәлім тәрбие ісінде
ерекше маңызға ие. Бұл - ғылым мен білім берудің
мәдениет экологиясы, адам экологиясы, рухани дүние экологиясы,
имандылық экологиясы секілді жаңа бағыттары туралы
әңгіменің басы ғана», – дейді. Ж.Ж.Наурызбай болашағының
қамын ойлайтын жан-жақты дамыған, рухани құндылықтарға
бай, ұрпақ мәселесін жастардың кіндік қаны
тамған жер-анаға деген сүйіспеншіліктен басталуы керектігін
шешіп беріп отыр. Зерттеуші ғалымдардың педагогикалық
ой-пікірлері, мәселен, Э.С.Маркарян бойынша, мәдениет
табиғаттың адам үшін мәнділігін жоймайды, оған
деген қарым-қатынасын да жоққа шығармайды,
керісінше, адамның табиғатпен байланысының ерекше формасы
болып табылады. Мәдениет, ең алдымен, тарихи даму процесінде
оның белгілі бір баспалдағына мейілінше айғақталатын
адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы туралы ой
түйеді.
Экологиялық мәдениет табиғи
қоршаған ортамен қарым-қатынастағы адам
тіршілігінің мұра болып қалатын таза тұрмыс
қалпына, тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуына, елдің және әр
адамның экологиялық білім мен тәрбиесі деңгейіне
байланысты қаланады. Э.В.Гирусовтың айтуынша, экологиялық
мәдениет – қоғамның материалдық және рухани
құндылықтардың бірлігі, сондай-ақ табиғи
ортаны сақтауға бағытталған әрекеттердің
бірлігі. Сөйтіп, мәдениеттің мәнін адамның
өзіндік материалдық және рухани қажеттілікке жетелейтін
іс-әрекетке байланысты туындайтын өнім деуге болады.
Жоғарыда көрсетілгендей,
экологиялық проблеманы шешуде білім жеткіліксіз, сондықтан жеке тұлғада адам мен
табиғаттың үйлесімді қарым-қатынасын
қамтамасыз ететін экологиялық мәдениетті қалыптастыру
қажеттігі туындайды. Себебі экологиялық мәдениет білімді
белсенділікке, нақты іс-әрекетке бағыттайтын құрал
қызметін атқарады.
Осыған байланысты жиырмасыншы
ғасырдың екінші жартысында экологиялық мәдениетке
тәрбиелеу қажеттігі айқындалды. Ол, бір жағынан, орта мектептерде экологиялық
білімнің енгізілуіне, екінші жағынан, экологиялық дағдарыстың қоршаған
ортадағы үйлесімділіктің тереңдеп бұзылуына
байланысты болды. «Мәдениет экологиясы» терминің ең
алғаш рет академик В.Т.Лихачев 1980 жылы ұсынды. Оның
пікірінше, адамгершілік факторынан құралған адам
тіршілігінің объективті негізі – мұраларды сақтау, сол себепті
мәдениет экологиясын адамгершілік экологиясы ретінде қарастырады.
Мәдениет экологиясының заңдарын сақтамаған
жағдайда ол қоғамның адамгершілік, рухани жағынан
құлдырауына әкеп соқтыратындығын ескертеді.
Табиғат пен адам арасындағы өзарақатынастың
өздеріне тән «мінез-құлық ережелері» бар.
Д.С.Лихачев әлеуметтік екі мәдениеттің
қарым-қатынасын қарастырады. «Екі мәдениет– тарихи
дамудың жемісі, оның ішінде адам мәдениеті табиғаттың
ықпалымен дамыса, ал табиғат адам мәдениетімен тығыз
байланысты», – дейді. Экологиялық мәдениеттің
анықтамасын И.П.Сафронов толықтыра түсті. Ол – экологиялық мәдениетті «рухани
құндылықтарды, әлеуметтік институттардың
барлық түрлерінің жүйесін және белгілі бір
әлеуметтік бірліктің шеңберіндегі табиғатты
танып-білумен, меңгерумен және жаңартумен тікелей байланысты
адам іс-әрекетінің нәтижесін көрсететін, адам,
қоғам мен табиғат арасындағы
қарым-қатынастардың сипаты мен саналық деңгейін
білдіретін жалпы мәдениеттің арнайы бөлігі» ретінде
анықтады. Біздің ойымызша,
«экологиялық мәдениет» – салыстырмалы
жаңа ұғым, оны дүние-жүзілік мәдениеттің маңызды
кезеңі және құрамды бөлігі деп түсінуге
болады. Бұл жағдайда экологиялық мәдениет
ұғымының пайда болуы экологиялық қауіпсіздікті
болжау, қоршаған табиғи ортаны қорғау мен
жақсартуды қамтамасыз ету қажеттігін түсінумен
тығыз байланысты екенін көрсетеді.
Ғалымдар А.Н.Захлебный, И.Д.Зверев,
И.Т.Суравегина экологиялық білім мен тәрбиенің міндеті
табиғатты қорғаудың қоғамдық
қажеттілігін тұлғаның ішкі қажеттілігі мен
қызығушылығына толығымен өзгерту деп
көрсетеді. Осыған байланысты табиғатты
қорғаудың қоғамдық қажеттілігін
ұғынуды экологиялық білім, сана-сезім, сенім, іс-әрекет
деңгейінде жүргізіп, олардың өзара
байланыстылығын жүзеге асыру қажет екендігін дәлелдеді.
Отандық ғалым И.К.Исламова өз зерттеуінде «экологиялық мәдениет»
ұғымын төмендегідей тұжырымдады: «Экологиялық
мәдениет – қоғамның табиғи ортамен ғана
емес, әлеуметтік тарихи ортамен өзара әрекетінің
тәсілдерін сипаттайтын, барлық рухани өмір мен істе
көрініс табатын адамзат мәдениетінің маңызды
бөлігі және табиғаттың құндылығын
түсінетін, экологиялық білім жүйесімен, экологиялық
саналылықпен, экологиялық іс-әрекетпен, қоршаған
ортаға ізгілік қарым-қатынаспен сипатталатын
тұлғаның ерекше қасиеті», – деген анықтама береді. Әрине,
адамзат мәдениетінің маңызды бір бөлігі ретінде
экологиялық мәдениетті сипаттаудағы «қоғам – адам
- табиғат» сабақтастығының жалғасы ретінде
қарастыруы орынды ой пікірлер болып табылады оқу тәрбие
процесінде жүзеге асыруда ерекше орын алады.
Н.С. Сайлауова 6-7 жастағы
балалардың бастапқы экологиялық мәдениетін
психологиялық ерекшеліктері мен педагогикалық мүмкіндіктеріне
қарай қалыптастырудың мазмұнын ашты. «Мектепалды
балаларының бастапқы экологиялық мәдениеті –
табиғат құндылығын түсінуі және
қарапайым экологиялық білім мен біліктілігін күнделікті
өмірде қолдана білуге бағытталған әрекеті, ол
алғашқы экологиялық мінез-құлқымен
сипатталады», – деген ой-пікірмен
нақтылайды,
қалыптастыруға болатындығы назардан тыс қалып
келгендігін көрсетеді.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі
1.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2050». – Алматы: Білім,
2012. – 176 б.
2.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы //
Қазақстан мұғалімі – Алматы, 2011. – № 4. – Б. 1– 8.
3.Құнанбаев А. Таңдамалы шығармалары. – Алматы:
Жазушы, 1968. – Б.123– 216.
4.Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1985.
– 259 б.
5.Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1985. – 461 б.