ӘЛЕМДІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ  12 ЖЫЛДЫҚ

ОҚЫТУДЫҢ ҮЛГІЛЕРІ

 

Асатова Е.С. оқытушы

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Қоғамның дамып өркендеуіне байланысты қазіргі таңда білім саласында ең өзекті мәселенің бірі әлемдік білім кеңістігіне жол ашатын 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу болып отыр. Білім берудің бұл үлгісі әлемнің 80% астам елдерінде қолданылады. Бұл – соңғы жиырма-отыз жылда ғылым мен техниканың орасан жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа технологиялардың қоғам өмірінің әртүрлі саласында кеңінен енгізілуіне байланысты туындаған жағдай. Сондықтан жастарды жаңа кезеңнің талаптарына сай тәрбиелеу үшін оларға жаңа, мазмұны жоғары деңгейде білім беру қажет. Осындай өзекті мәселені шешу үшін дүниежүзілік қауымдастық 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуде. Ендеше ҚР да, әлемдік тұтастықтың бірі ретінде, бұл мәселеден шет қала алмайды. Керісінше, біз Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне үйлестіруге мейлінше ұмтылудамыз.  Еуропа Кеңесінің Декларациясына (1992) сай дүниежүзінде 136 мемлекетте 12 - жылдық білім беру жүргізілуде, оның ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Финляндия. ТМД елдерінен Украина, Өзбекстан, Балтық мемлекеттері көшті.

12 жылдық білім беру мазмұнының негізгі мақсаты дамып келе жатқан қоғамда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.12 жылдық білім беру ерекшелігі:  білім беру парадигмасының өзгеруі, яғни білім, білік, дағдыға негізделген білім беру мазмұнынан -құзыреттілікке негізделген білім беру мазмұнына ауысу. Сонымен қатар, оқушылардың денсаулығын сақтау проблемасы, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру, білім сапасын арттыру, отандық құжаттарды шетел мемлекеттерінің талаптарына сәйкестендіру сияқты мәселелерді шешу. 12 жылдық мектепте оқытуды ұйымдастыру жалпы дидактикалық ұстанымдармен бірге шешуші мәні бар мынадай принциптерге ие: жеке тұлғаның жас және психофизиологиялық даму ерекшелігінің ескерілуі; күтілген нәтижеге жетуге бағдарлығы;  ашықтығы;  интерактивтігі.

 12 жылдық жалпы орта білім берудің құрылымдық-мазмұндық моделі төмендегі ұстанымдар негізінде ұйымдастырылады:

- жеке тұлғаның жас кезеңдерінің ескерілуі;

- күтілетін нәтижелердің жетістіктеріне бағыттылығы;

- оқытудың сабақтастығы;

- әрбір оқыту сатысының даралығы;

 Жалпы 12 жылдық орта білімге көшу барысында мына мәселелерге аса көңіл аударылып отыр:

 1.Білім беруге арналған оқулықтар мен оқу құралдарының оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігі.

 2.Мұғалімдердің білім беру барысында қолданатын әдіс-тәсілдерінің оқушылармен жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызу жағдайы.

 3.Бірінші сынып оқушыларына білім берудің ойын әрекетіне негізделіп, біртіндеп оқу әрекетіне көшу талабының орындалуы, алты жасар баланың ерекшеліктерін ескеру мүмкіндігі.

 4.Оқушының ойы мен тілін дамытудың, олардың еркін сөйлеуін, пікір сайысына қатысу деңгейін байқау.

 5.Берілетін білімнің өмірмен, ұлттық салт-дәстүрлермен, жергілікті өлкетану материалдарымен байланысын қамтамасыз ету мүмкіндігі.

 6.Білім беру барысында мұғалімнің бақылау, тәжірибе әдістерін ұтымды жерінде қолдана білу шеберлігі.

 7.Сабақ мерзімінің 30-35 минуттан аспауы.

 8.Мұғалімнің оқу-әдістемелік кешендерді пайдалану және оған талдау жасау шеберлігі.

 9.Мектеп басшылары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан эксперименттік сыныптар мұғалімдеріне көмек беру деңгейі.  

Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері: қоғам дамуының қарқындылығы; постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу; мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі; халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы; қоғамның демократиялануы; экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі; адам капиталы мәнінің артуы. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде  білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру жүйесінде жетілдірілген үлгілердің жасалуы,  білім беруді басқарудың тиімді тәсілдері ұсынылып отыр. Сонымен қатар 12 жылдық білім беруге көшу төмендегі мәселелерге   ерекше көңіл бөледі: жаңа білім технологияларының енгізілуі; оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі; терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы; оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі; өмірлік бағдар ретінде адам бойындағы құндылықтарға қажет жағдайда түзету және жаңадан жасау; білім мекемелерінің оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы.   

Демек, 12 жылдық білім берудің мақсаты қоғамның мүддесіне өзін өзі белсенді етуге дайын, жаңа өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Сонымен жалпы орта білімнің құрылымы балалардың психологиялық – физиологиялық тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес болуы қажет. ТМД және шетел ғалымдарының пікірінше де (физиологтар, психологтар, педагогтар) 12 жылдық білім берудің құрылымы оқыту және жасерекшелігінің дамуына сәйкестігін ескеру қажет деп қолдап отыр. Жалпы алғанда, дүниежүзі елдерінде орта мектеп 3 сатыдан тұрады: бастауыш оқу 3-6 жылдық, негізгі орта мектеп 3-6 жыл және жоғарғы орта мектеп 2- 4 жыл.

Білім беру жүйесіндегі 12 жылдық мектепке ауысу бірқатар мәселелердің шешілуін талап етеді:

1.Бұл өзгерістің экономикалық негізделуі;

2.Бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз етілуі (мемлекеттік стандарт, жаңа кітаптар);

3.Жаңа жүйеге лайық мұғалімдер даярлау, мұғалімдерді қайта даярлау;

4.Жалпы және орта білім беру мектебінде нормативті-құқықтық базаның жетілуі;

5.Санитарлық-гигиеналық норма және негізгі ережелеріне өзгерістер енгізу;

6.Мектепке дейінгі бастауыш, орта жалпы және жоғары бейіндік білім беруде сабақтастықтың болуы;

7.Білім саласын елдің тарихи дәстүріне, мәдениетіне бейімдеу. 

Әлем елдері тәжірибесінде әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі, мектеп үлгісі және орта мектептерде қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Дүниежүзінің дамыған елдерінде АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда 14 жыл,  ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп 10-11 жылдық.   Мәселен, АҚШ ХХ ғасырдың 90-жылдарынан білім жүйелеріне жаңа бағыт беруге бет бұрды.  ХХ ғасырдың 60  жылдарында прагматикалық көзқарасқа негізделген білім үлгісі енгізілген болатын. Нәтижесінде «америкалық прагматикалық педагогика «экземплярлық», «кафетериялық» деп аталып кеткен білім жүйелері орнығып, білімнің іргелілігін төмендетіп, орта мектеп оқушыларының білімінің таяз, үстірт болып қалыптасуына әкеліп соқты. 1983 жылы АҚШ Үкіметінің «Ұлтымыз қатерлі жағдайда, білім реформасы қажет» атты баяндамасы жарияланып, білім саласын қайта қарауға орасан зор қаржы бөлінді. АҚШ-та мектепке дейінгі, мектепалды балаларды дайындауға көп назар аударылады. Жалпы орта білімнің құрылымы 6+3+3, оқу мерзімі 6 жастан 18 жас аралығында. Мемлекеттік оқу орындарында тегін, жеке мектептерде ақылы болып келеді. АҚШ-та орта мектеп 2 буыннан тұрады: кіші және жоғары мектеп. Кіші орта мектеп 7-9 сыныптарда жалпыға бірдей бағдарлама, қалған сабақтары таңдау бойынша (элективті) жоғары орта мектеп 10–12 сыныптарда міндетті түрде 5 оқу пәндері және практикалық, академиялық бағыттағы профильдік пәндер берілген. Оқушылар 9-сыныптан бастап міндетті 5 пәнге қоса келешектегі мамандығына жақын бейінді пәндерді таңдап оқиды. Сыныпты жақсы бағалармен бітіргендері грантқа ие болады.  Мектептегі сабақ 9 айға созылып, қалған үш ай демалыс болып табылады. Күнтізбелік жоспар жазу міндетті болып табылады. Журнал айына 1 рет тексерілуге беріледі. Мектептегі оқушының білімін бағалаудағы басты әдіс – тест. Қазіргі таңда көбіне тесттердің дұрыс жауаптары көрсетілмейтін әдісті көп қолданады. 

Германия ХХ ғасырда білім беруге ерекше көңіл бөлген мемлекеттердің бірі болды. 80 жылдары бұл ел жеке оқу орындарынан бас тартып, ақысыз оқу орындарын көбейткен.  Жалпы орта білім алу 12 жылдық мектепке негізделген, барша оқушыға алғашқы 4 жылдық оқу міндетті, өйткені одан әрі балалар өз қалаулары және қабілеттеріне қарай оқуларын кәсіптік мектептерде жалғастыра алады. Герман Федеративтік мемлекетінің заңының 6-бабына сәйкес барлық мектептік білім беруді мемлекет қадағалайды. Мемлекеттегі міндетті тегін білім алу 9 жылдық оқыту болып табылады. Білім алу 3 баспалдақты құрылымды болып табылады: негізгі мектеп, нақты училище, гимназия. Оқу 6 жастан жалпыға бірдей мектепте (1-4 сыныптар) басталады, содан кейін басқа көрсетілген типтегі мектептерде жалғастырылады. Негізгі мектептің (5-10 сыныптарда) 50%-ға жуығын жасөспірім оқушылар құрайды, олар әрі қарай өз білімдерін толық емес жалпы білімді меңгергеннен кейін, кәсіби білім алуға жолдама алады. Ал нақты училищеде (5–10 немесе 7–10 сыныптар) кәсіби-практикалық бағыттағы жалпы толық емес білім беріледі, онда физика, химия, биология, шет тілдер мен басқа да академиялық пәндер оқытылады. Нақты училищені бітірген оқушы орта және содан кейін арнайы жоғары кәсіби-техникалық оқу орындарына түсе алады. Гимназия (5–13 немесе 7–13 сыныптар) толық орта білімді береді және университеттік үлгідегі ЖОО түсу құқына ие болады. Гимназиядағы міндетті пәндер: неміс тілі мен әдебиеті, тарих, география, математика, биология, дене тәрбиесі, музыка, дінтану болып табылады. Гимназияның бейіндік білім беруіне байланысты әр түрлі нұсқада оқу бағдарламалары жасалған. Германиядағы мектептерде бейіндік оқыту барысында пәндер блоктарға сәйкес біріктіріледі, мысалы: «тіл-әдебиет-өнер», «әлеуметтік білімдер», «әлеуметтік-экономикалық» және т.б. Неміс тілді оқушылардың жоғары сыныпта оқудағы мүмкіншілігі зор, олар міндетті пәндерден басқа да пәндерді қосымша оқи алады, соның негізінде олардың жеке-дара ерекшеліктері жақсы дамиды. Бейіндік бағыттағы пәндерден басқа тілдік, әдеби-көркем, қоғамдық-ғылыми, математикалық немесе жаратылыстану-ғылыми пәндерін меңгере алады. Негізгі мектепті аяқтау 4 пән бойынша емтихан тапсыру арқылы аяқталады. 12 және 13 жылдық мектепті сәтті аяқтаған оқушылар үшінші деңгейді аяқтағандары туралы аттестатқа ие болады. Бұл аттестат кез-келген бейінді оқуға жолдама болып табылады. ЖОО-ға түсуде оқушының аттестаты, яғни орташа ұпайы негізгі рөл атқарады. Сонымен Германияда он, он бір, он екі жылдық мектептер арасында жүйеліліктің  сақталғаны көрінеді.  

 Францияда ХХ ғасырдың ортасында білімді қаржыландыру 14 есеге  өсіп, ақысыз оқу  мен ақылы оқудың ара қатынасы 80 бен 20 пайыз болған. Бұл мемлекет мектепке дейінгі балалар тәрбиесімен айналысатын ең алдыңғы қатарлы мемлекет болып табылады. Онда «Аналық мектебі» және «Бүлдіршіндер сыныбы» балабақшалары бар. Францияда 12 жылдық білім беру жүйесі бекітілген.  Онда орта білім беру 10 жылдық (6-16 жасқа дейін) мектеп ақысыз, ал 12 жылдық мектеп міндетті емес. Францияда 5 жылдық элементар мектепті бітірген балалар оқуын жалпы білім бертін 4-5 жылдық колледждерде жалғастырады. Толық емес орта мектеп біртекті жалпыға міндетті колледж –бастауыш сынып негізінде құралған.  Бітірушінің кәсіби мамандығына сәйкес (бакалавр) дипломды иемденуде олар бірнеше секцияға ие болады. Бастауыш және орта мектеп деңгейінде оқушылардың білім, іскерлік, дағдысын бағалауда арнайы екі шкаланы қолданады. Мектепті тәмамдағаннан кейін оқушылардың барлығы бакалавр курсына сәйкес емтихан тапсырады.

Англия және ағылшын тілді елдерде грамматикалық, техникалық, кешенді 4 түрлі мектеп түрі қызмет етеді.  Англияда орта білімді бітіріп, 16 жастан кейін балалар  мектептің  берген сертификатымен  жұмысқа орналасуларына болады. Шетел мектептерінде жоғары мектепке оқушылар оқу үлгіріміне қарай және мектеп берген мінездеме негізінде арнайы мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданады. Оқушылардың үлгірім деңгейлеріне қарай оқуларын әрі қарай жалғастыруға болатын мемлекеттер қатарына Германия, Франция, Жапония сияқты елдер жатады.

Әлемдік тәжірибе мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығуымен бірге білім саласын қаржыландыру қатар жүргенін көрсетеді. Мәселен, 1955 пен 1985 жылдар аралығында Жапонияда білімді қаржыландыру 20 есе артқан. Бұл елде мектептің жоғары сатысы (10-12 сыныптар) 5 түрлі техникалық, сауда, ауыл шаруашылық, флоттық, қосымша  мектептер болып құрылған.  Жапонияда  балабақшалар білім берудің маңызды бөлімі емес. Балалар балабақшаға ата-аналарының қалауымен 4 жаста да баруы мүмкін. Жапон елінде 9 жылдық білім беру ақысыз, білім беру құрылымы 6+3+3 (6 жылдық бастауыш мектеп - чугакко, 3 жылдық кіші орта мектеп – чугако, 3 – жылдық жоғары орта мектеп – като-гакко). Бастауыш сыныптарда негізгі сабақтар жапон тілі, арифметика, қалған сабақтар – жаратылыстану, қоғамтану, музыка, этика, дене тәрбиесі, өнер, қолөнер өтіледі. Кіші орта мектепке – емтихансыз, жоғары орта мектепке емтихан тапсырып түсе алады. Білімді тексеру тәсілі – жазбаша тест. Бастауыш және орта мектепте 5 дәрежелі шкала бағасы қолданылады: S (өте жақсы), А (жақсы), В (қанағаттанарлық), С (нашар), D (өте нашар). 

Моңғол елінде 12 жылдық білім беру жүйесіне 2006 жылы көшірілу басталып, кейбір аймақтар мен аудандарда эксперимент жүргізілген. 12 жылдықтың алғашқы түлектері 2014-2015 аралығында бітіреді. Балаларды мектепке 6 жастан бастап қабылдайды. Монғолияда 12 жылдық білім беру жүйесі 6+3+3 сатыларынан тұрады.

Қытайда 1990 жылдардың аяғында жаппай білім беруге байланысты 9 жылдық білім беру енгізілді. Ал жалпы орта білім беру 12 жылдықты құрайды, бірақ бұл барлығына міндетті емес. Қытайда мектепке дейінгі білім беру 3-6 жас аралығын қамтиды. Бұл елдің базалық білім беру жүйесіне мектепалды, бастауыш, орта толық емес, толық орта білім беру жатады. Қытай білім беру конституциясында жалпы білім беру ұзақтығы 9 жылдық мерзім бекітілген. Оқу бағдарламасында бастапқы 1-2 сынып, негізгі бастауыш 4 жыл (3-сыныптар), бастауыш орта 3 жыл (7-9 сыныптар). Бастауыш сыныпта енгізілген жаңа пән «Адамгершілік және өмір». Бұл пән орта бастауыш сыныпта (3-6 сыныпта) «Адамгершілік және қоғам» болып күрделенеді де «Ғылым пәні» деп оқытыла бастайды. Бұл пән балаларды ғылыми жұмыстың негізгі әдістерімен таныстыра отырып, олар жасерекшелігіне қарай  ғылыми жобалар даярлайды. ҚХР мектептерінде тест арқылы педагогикалық бақылау жасалынады. 

Ұлыбритания білім беру жүйесі мектепке дейінгі білім беру және тәрбиеден басталады. Орта білім беру 2 бөлімнен: кіші орта мектеп және жоғары мектеп, кіші орта мектепті бітіріп 2 жылдық колледжге түсе алады. Одан «А» дәрежесіндегі сертификат алып, әрі қарай білімдерін жалғастыруға болады. 12-13 сыныпты бітірген 18 жастағы оқушылар ЖОО-на түсе алады.

 Италияда 1999 жылы мектептік білім беруде жас мөлшерін 18 жас туралы №9 заңда енгізілген болатын. 2000 жылы ақпан айында бұл заңға мектептік білім беру жөнінде №30 заңда өзгертулер енгізген. 2001-2002 оқу жылына сәйкес мектептік білім берудің екі дәрежесі енгізілген: базалық мектеп (1-7 сыныптар) және толық орта мектеп (8-12 сыныптар). Базалық мектепке 6 жастағы балаларды бастауыш мектепке қабылдайды.

Канадада 12 жылдық білім беру әр аймақта өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Балалар мектепке 6 жастан барады. Басқа елдердегідей Канадада білім беру бастауыш, орта және жоғарғы сыныптардан тұрады. Оқу жылы қыркүйекте басталып, келер жылдың маусым айында аяқталады. Оқу мерзімі әр түрлі көп  аймақтарда ( Квебек провинциясында ғана оқу 11 жылдық) 12 жылдық білім беру орын алған, тек  Онтарио провинциясында 13 жылдық білім алу бекітілген әрі арнайы емтихан тапсырумен аяқталады. Канададағы мектептегі білім берудің құрылымы мынадай: бастауыш 1-6 сыныптар, жалпы орта білім 7-9 сыныптар, толық орта білім 10-12 сыныптар. Міндетті білім беру 16 жасқа дейін деп бекітілген. Толық орта білімді жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90% бітіреді. Бастапқы кәсіби білім беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге асырылады. Мектептегі білім беру ағылшын және француз тілдерінде жүргізіледі. Мектептегі білім алу ақысыз және он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13) сыныптарда жалғастыруы мүмкін, болмаса колледжге барып оқуға құқығы бар. 

Финляндиядағы  білім жүйесі сәтті және дер кезінде реформалау нәтижесінде талай жетістіктерге жетті: экономиканың өсуіне, елдің әлеуметтік дамуына, технология мен ғылыми зерттеулерде инновациялық пәрменді саясатты жүзеге асыруға, сөйтіп бүгінгі таңда әлемнің ең озық өркениетті елдері қатарынан көрінуде.  Бұл ел білім саласын дамытуға бүкіл қоғамды жұмылдырды, мемлекеттік қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінді,  мұғалімдердің айлық жалақысы 2-3 мың евроға өсті, оқушылар мен студенттерге стипендия тағайындалды, оларға тұрғын үй үшін айына 500 евро бөлінеді. Оқушылардың денешынықтыруы, денсаулығына қамқорлық жасау, үй тапсырмасын азайту, салауатты өмір салтын қолдау, білім берудің ең соңғы ғылым мен технология жетістіктерімен кіріктіру, оқу үдерісін ірі технополистер аясында өткізу арқылы қол жеткізуде.

Норвегияда 1994 мен 1998 жылдар аралығында орта білім беру реформасы жүргізілді. Орта білім жүйесі 13 жылға дейін бекітілді. Он жылдыққа бастауыш және орта сыныптар кіреді, қалған үш жыл жоғары сыныптар болып саналады. Бастауыш мектепте сурет, музыка, математика және физика, ағылшын тілі мен ана тілінен басқа  христиандық дінтану, үй экономикасы және таңдау пәндері міндетті түрде оқытылады.  Норвегиялық мектептерде оқушыға баға қою тек 8 сыныпта ғана басталады 12-13 жаста. 8-сыныпта баға қоюмен қатар жаңа пәндер енгізіледі: бухгалтерлік есеп, экономика, әрі алғашқы кәсіби бағдар беретін пәндер. Мұғалім оқушының жетістіктерін арнайы дәптерлерде жинақтайды, егер қажет болса оқушыда оқу-тәрбие үдерісі барысында кездейсоқ жағдайлар, көкейкесті мәселелер туындаса мұғалім ата-анамен жазбаша түрде байланыс жасай алады. Мектептерде 16 мен 19 жас аралығындағы оқушылардың толық орта білімді тәмамдап шығуы заңды түрде бекітілген, ол 3 жылдық білім берумен шектеледі. Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар беру тереңнен қарастырылады. Әрбір мектепте екі негізгі міндетті бөлімдер бар: академиялық және кәсіби шеберлік. Кейбір жағдайларда мектептегі оқу бағыты үшке бөлінеді: академиялық, дәстүрлі, кәсіби шеберлік пәндер (құрылыс ісі, жөндеуші) болып табылады. Бір жыл ішінде 36 оқу аптасы жоспарланған. Бастауыш мектепте 20 оқу сағаты бекітілген, ол: математика - 4, норвеж тілі - 6, табиғаттану - 1, ағылшын тілі - 1, сурет өнер, еңбек, дене тәрбиесі, музыка 1-2 сағаттан және дінтану 2 сағат болып жоспарланған. Әрбір сыныпта 10 оқушы оқиды, кейбір жағдайда 1-2-ші сыныптар мен 3-4 сыныптар біріктіріледі. Оқу жоспарын мұғалімдер мемлекеттік бағдарламаға сүйене отырып жарты жылға жоспарлайды, ал әр аптаның жұмасында әр пәнге сәйкес тақырыптар таңдалады. Журналдар жоқ, мұғалімдер тақырыптық және күнтізбелік жоспарлар жазбайды. Жоғары сыныптарда оқушылардың мектепті бітіріп ЖОО-ға түсуіне көп көңіл бөлінген. Жоғары сыныптарда оқушылардың өздері таңдаған пәндері сабақ кестесіне қойылып жүргізіледі. Егер бірінші оқу жылында апталық оқу жүктемесі 30 сағатқа тең келсе, келесі жылы бұл сағат өзгертіледі. Екінші жылы 18 сағат міндетті пәндер қойылса, қалған 12 сағат оқушының таңдаған пәні оқу жүктемесіне енгізіледі. Ал, үшінші жылы аталмыш оқушылар міндетті пәнге аптасына тек 14 сағат бөліп, қалған 16 сағатты өздерінің таңдаған пәндерін меңгеруіне рұқсат етіледі. Оқушылардың пәнді қаншалықты меңгергенін анықтау үшін Норвегияның емтихандық секретариаты таңдау емтихан-сынағын жүргізеді. Аталмыш уақытқа екі күн қалғанда мектепке арнайы оқушылардың тізімі бар конверт жіберіледі, аталмыш тізімдегі оқушылар ғана емтихан тапсырады. Ережеге сәйкес бірінші жылғы оқуда оқушылардың тек 10%-ы, екінші жылдан кейін 25%-ы, мектепті бітіргенде 50%-ы емтихан тапсырады.  Емтиханның негізгі мақсаты ұлттық білім деңгейін анықтау. Негізгі мектепті бітіргенде оған тағы міндетті екі емтихан қосылады, ол - норвеж тілі мен таңдауы бойынша бір пән тапсырылады. Негізгі мектепті бітіргенде 80% оқушылар ЖОО түседі, ал 20% колледждердің студенттері қатарына қосылады. Норвегияда университеттер мен колледждерге түсуге емтихан тапсырылмайды. ЖОО түсуге оқушының мектепті бітіруі туралы алған аттестаты негізгі рөл атқарады. 

Дүние жүзінде орта, жалпы білім беру келесідей бағыттарда жүзеге асырылатындығы анықталды, олар:

1.Барлық балаларға, жастарға бірдей білім беру, білімнің ашықтығы, біліммен ақпарат алудың барлық азаматтарға мүмкін болуы.

2.Оқу бағдарламаларының оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әр оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге, дамытуға және жеке тұлғалық оқу үдерісін ұйымдастыруға бағдарлануы.

3.Оқушының отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан оның қабілетін барынша дамыту көзделген.

4.Жастардың күнделікті қоғам өмірінде болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жол сілтеу болып табылады.

5.Әрбір оқушыда сол социумға сәйкес тарихи қалыптасқан, ең тұрақты рухани, дүниетаным және мәдени құндылықтарының таратылуы және бекітілуі.  

Жоғарыда аталған әлемдік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы 12 жылдық білім беруге көшу Қазақстан мектептерін:

1. Әлемдік деңгейге көтерілуге жағдай жасайды.

2. Оқу жүктемесінің бір жылға созылуы жеңіл болады.

3. Кәсіптік білім береді.

4. Жеке тұлғаны дамытуға ықпал етеді.

Қорыта келгенде, әр елдің білім беру және тәрбие саласында өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы, тіпті кемшілігі де болады, осы себепті де біз  Қазақстан  республикасындағы оқушыға білім беру мен тәрбиені жан-жақты дамыту мақсатында шетелдік 12 жылдық білім берудің тек оң  және тиімді жақтарын алуымыз қажет. Сонымен қатар, білім саласына өзгерістер енгізу үшін оны елдің тарихи дәстүріне, мақсатына, өндірісі мен мәдениет сұранысына бейімдеу керек.

 

Қолданылған әдебиеттер  тізімі

1.                  Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2010ж. 7 желтоқсан

2.                  Назарабаев Н.Ә. «Қазақстан өздамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Жолдау  Астана 2010ж.       

3.                  Назарабаев Н.Ә.Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз»  Жолдау   2011 ж.

4.                  Назарабаев Н.Ә. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдау  2012ж. 28 қаңтар