Абишева Меруерт Мукаовна

Бюджетаралық қатынастар түсінігінің теориялық аспектілері

 

Республикалық бюджет төңірегінде, оның дұрыс жоспарлануы мен мақсатты орындалуы жайлы қаржы мамандарының зерттеулері жеткілікті болғанымен, жоғарғы және төменгі тұрған бюджеттер арасындағы қатынастарды реттеу мен жетілдіру проблемалары әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан бұл мақалада бюджетаралық қатынастар түсінігіне, оның негізгі қағидалары мен оларды реттеу формалары ашып көрсетіліп, бюджетаралық қатынастар төңірегінде бүгінгі күні орын алып отырған негізгі мәселелер талқыланды.

Негізінен, бюджетарлық қатынастар дегеніміз – жоғарғы және төменгі тұрған бюджеттер деңгейлері арасындағы туындайтын қатынастар. Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексінде бюджетарлық қатынастар келесідей қағидаларға негізделеді делінген:

·                        Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің республикалық бюджетпен, аудан бюджеттерінің облыс бюджетімен арақатынасындағы тепе- теңдік;

·                        Түсімдерді шектеудің келесі критерийлерін сақтай отырып оларды тиімді бөліп тарату:

- cыртқы факторлардың әсерінен тәуелді емес және тиянақты сипаттағы салықтық пен салықтық емес түсімдерді төмен тұрған бюджеттер бойы бекіту;

- мемлекеттік мекемелер көрсететін қызметтер үшін төлем түрдегі салықтық және салықтық емес түсімдер осы қызметтерді қаржыландырған бюджеттің кірістеріне есепке алынады;

- қайта бөлу сипаты мен бір қалыпты емес жайғастыру салықтық базасы бар салықтар бюджет жүйесінің неғұрлым жоғары деңгейлері бойынша бекіту;

- салықтар мен басқа да міндетті түрдегі төлемдерді ең жоғары дәрежеде жиналуын қамтамасыз ету бюджет деңгейі бойынша бекіту;

- айқын аумақтық байлауы бар салықтық база бойынша жиналатын салықтарды жергілікті бюджеттер артынан бекіту;

·                        ҚР әкімшілік-аумақтық бірліктерінің минималды бюджеттік қамтамасыз ету деңгейлерін теңестіру;

·                        Жергілікті атқарушы органдарының мөлшерлес деңгейдегі мемлекеттік қызмет көрсетуін қамтамасыз ету;

·                        Мемлекеттік қызметтерді неғұрлым тиімді және нәтижелі өндіру мен көрсетуді қамтамасыз ету мүмкіншілігі бар билік деңгейі бойынша бюджеттік қызметтерді бекіту арқылы оларды атқарудың максималды тиімділігі мен нәтижелілігі;

·                        Бюджеттік қызметтер сапасын жоғарлату мен олардың қажеттілігінің есебін жақсарту мақсатпен сол қызметтерді атқаруын бюджет жүйесінің неғұрлым төмен деңгейіне жүктеу арқылы бюджеттік қызметтерді көрсету деңгейін оларды алушыларға максималды жақындату;

·                        Әрбір бюджет деңгейінің алынған ресми трансферттер мен несиелері тиімді және мақсатты пайдалануына жауапкершілігі [1].

Бюджетаралық қатынастар жүйесі – ол басқару субьектілерінің қатынастарын реттейтін бас механизмдердің бірі, демек республикалық пен облыстық, облыстық пен аудандық билік деңгейлері арасындағы өзара әрекеттер сипаттамасы деген сөз. Бюджетаралық қатынастар жүесіндегі қаржылық құралдар жиынтығымен әр түрлі бюджеттердің кірістері мен шығыстары қалыптастырылады, және сол арқылы мемлекет бюджеттік өзара байланыстар мен бюджеттік ағындарды белгілеп, бір ортаға топталған ресурстарды таратады.

Сондай-ақ, аталған жүйе келесі мақсаттарда қызмет етеді:

1.    Мемлекет көрсететін қызметтер минимумын елдің барлық аумағындағы барлық азаматтарға кепілдемелі қамтамасыз ету;

2.    Бюджеттердің барлық деңгейлерінде өзін-өзі қаржы жеткіліктігін қамтамасыз ету;

3.    Бюджет деңгейлері арасындағы қаржылық ағындарды ретке келтіру;

4.    Аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқалыпты деңгейін қамтамасыз ету.

Бюджет Кодексінде бюджетаралық қатынастарды реттеудің формалары былай анықталады: республикалық бюджет пен облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана бюджеттері арасында – ресми трансферттер мен бюджеттік несиелер, ал облыстық бюджет пен аудан, облыстық маңызы бар қала бюджеттері арасында – ресми трансферттер, бюджеттік несиелер мен кірістер бөлу нормативтері пайдаланылады.

Төмен тұрған бюджеттерге қаржылық жәрдем көрсетудің бірыңғай әдістерін қолдану арқылы елдің әр түрлі аймақ тұрғындары мемлекеттік қызмет тұтынуының стандарттық бірыңғай деңгейін қамтамасыз ету көлбеулі бюджеттік теңестірудің маңызы болады. Сондықтан көлбеулі бюджеттік теңестіру механизмі аумақтар бойынша мемлекеттік қызмет тұтынудың деңгейі мен әрбір билік деңгейі үшін сол қызметтердің құнын теңестіруі тиіс. Мұндай механизмнің әрекеті әр түрлі әдістер пайдалануына негізделеді. Ең көп тараған әдіс ол ресми трансферттер механизмін пайдалану. Олар жалпы сипаттағы трансферттер, мақсатты ағымдағы трансферттер және дамуға арналған мақсатты трансферттер болып келеді. Мақсатты трансферттер мен несиелік ресурстар жергілікті атқарушы органдармен тек қана олардың мақсатты белгілеулеріне сәйес пайдаланылады. Қаржылық жыл бойы пайдаланбаған немесе мақсатты емес белгілеулерге пайдаланған мақсатты трансферттер мен несиелік ресурстар сомалары міндетті түрде жоғары тұрған бюджетке қайтарылады.

Жалпы сипаттағы ресми трансферттер маңында бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алып тастау болады. Бюджеттік субвенциялар ретінде республикалық немесе облыстық бюджетерде бекітілген сома көлемінде жоғары тұрған бюджеттен төменгі бюджетке берілетін қаржы құралдары табылады. Олардың көлемдері жыл сайын абсолюттік сомамен тиісті жергілікті бюджеттің түсімдері мен шығындары арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер жергілікті бюджеттерді бюджет қаражаттарымен қамтамасыз ету мен стандарттық деңгейде мемлекеттік қызмет көрсетуге тең фискалдық мүмкіншілік беруді көлбеулі теңестіруге бағытталады. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер көлемін есептеу әдісі, бюджеттік субвенциялар және бюджеттік алып тастаудың төлем тәртібі мен мерзімі үш жылға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Осы трансфертті есептеуде мемлекет бақылап реттей алмайтын аймақтар арасындағы обьективтік ерекшеліктер есептеледі.

Мақсатты ағымдағы трансферттер маңында жоғары тұрған бюджеттен төменгі бюджетке берілетін бюджеттік алып тастау немесе субвенциялардан басқа бөлек бір ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға арналған бекітілген сома көлеміндегі ресми трансферттер қарастырылады. Оларды тек қана мемлекеттік, салалық және аймақтық бағдарламалар мен Үкімет немесе жергілікті атқарушы органдардың қорынан қаржыландырылатын шараларды орындауға беруге болады.

Дамуға арналған мақсатты трансферттер болып жоғары тұрған бюджеттен төменгі бюджеттерге республикалық немесе облыстық инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға берілетін бекітілген сомалар көлеміндегі ресми трансферттер табылады.

Кейбір бюджеттің өз кірістері мен басқа да бюджеттік реттеу құралдары жетпегенде оларға ағымдағы шығындарын өтеу үшін ақысыз және қайтарымсыз негізде дотация ретінде бюджет қаражаттары беріледі. Ал, егер бюджетке немесе заңды тұлғаға ашықтан-ашық мақсатты шығындарын өтеуге ақысыз және қайтарымсыз негізде бюджет қаражаттары берілсе, онда олар субвенция болып табылады.

Салықтық және бюджеттік заңнамалар бойынша болған өзгерістер арқылы бір бюджеттен басқа бюджетке қаражаттар беру, бюджет бекіткенде есептелмеген шығындарды қаражаттандыру өкіліктікті беру және бюджеттік өтемақыға шарттар болуына байланысты операциялар өзара есептесу болады. Бюджеттік өтемақы маңында түсіп қалған кірістер мен қосымша пайда болған шығындарды өтеуге арналған бір бюджеттен басқа бюджетке беретін қаражаттар табылады [2].

Жоғарыдағы келтірілген көлбеулі бюджеттік теңестіру әдістері барлық елдерде дерлік пайдаланылады, бірақ олардың арақатынасы, қолдану және есептесу әдістері барлық елдерде әр түрлі болып келеді. Себебі, олар әр түрлі бюджетаралық қатынастар моделі қалыптасатын нақты экономикалық ахуалға сәйкес болады. Осы жоғарыда аталғандардың барлығы бүгінгі күні Қазақстан Республикасының бюджетаралық қатынастарында орын алып отырған теориялық негіздемелер. Енді, еліміздің экономикасы дамуы мен оны тұрақты бір деңгейде ұстап тұруда бюджетаралық қатынастарды реттеудің жоғарыда келтірілгендей механизмінің қаншалық қажет екендігіне көз жүгіртіп қарайық. Негізінде, республикалық және жергілікті бюджеттердің арақатынасы саясаты Қазақстан Республикасының алдында тұрған маңызды стратегиялық мәселелердің бірі.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанның экономикасында, саяси жүйесі мен әлеуметтік құрылымында көптеген өзгерістер болды. Ал бюджетаралық қатынастарға келер болсақ, өткеннің қалдықтары осы саладағы саясатты қалыптастыруда әлі күнге дейін өз шешімін таппай келе жатқан бірнеше мәселелерге соқтығысуда. Атап айтқанда, нарықтық экономика жағдайына көшу барысында ҚР мұрагерлікке қалған кеңістік бюджетаралық қатынастар жүйесін өзгертпестен қолдануды жалғастыра берді. Осыдан келіп, аталған саланы реформалау қиындықтары әлі күнге дейін жалғасын табуда. Бюджетаралық қатынастардың кез-келген проблематикасын қарауда кеңістік дәуірден мұраға қалған жүйенің функционалды механизмін талдаудан бастау алып, оның кемшіліктерін анықтауы тиіс еді. Осы кемшіліктерді түсіну, Қазақстанның нарықтық экономикада орнығуының функциясы деп санауға болады [3].

Қазіргі қолданыстағы бюджеттік теңестіру құралы болып қызмет ететін бюджетаралық трансферттер жүйесі биліктің барлық деңгейлерінде облыстардың бюджеттерін теңестірудің көлеңкелі механизмі болып табылады. Осыған байланысты бірқатар ғалымдар аталған мәселе төңірегінде мақалалар жазып, орын алып отырған кемшіліктерді шешудің өзіндік жолдарын ұсынуда. Бұнда еліміздің орта мерзімді фискалды саясатын қалыптастыруда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жолдары, ҚР-да мемлекеттік басқару жүйесінде децентрализациялаудың қажеттіліктері жайлы айтылады. Яғни, аталған мақалаларда ҚР жағдайында орталық пен аймақтардың экономикалық қарым-қатынасы негізіне децентрализация қағидалары салынуы тиіс деп көрсетіледі, сол арқылы аймақтарға экономикалық тәуелсіздік беріледі, оның құрамына:

а) бюджетаралық қатынастардағы реттеуші салықтарды бөлу пропорциялары орнатылады;

ә) территориялардың дамуы үшін қаржылық ресурстардың бөлінуі (дотация, субвенция, субсидия, резрвті қаржыларды құру мен жұмсау);

б) әкімшілік территориалды бірліктердің құзырында қалған қаржылық ресурстардың көлемін реттеу қажеттіліктері қалады деп көрсетіледі.

Мемлекеттік билік жүйесін децентрализациялау жолымен жетілдірудің негізгі мақсаты мемлекеттік функцияларды жүзеге асырудың және аталған функцияларды оптималды бөлу есебінен қоғамдық қызмет көрсетудің тиімділігін, мемлекеттік және жергілікті биліктің арасындағы жауапкершілік пен құзырларды бөлудің икемділігін арттыру, сондай-ақ бюджетаралық қатынастардың рационалды жүйесін құру болып табылады.

 

1.    «Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексі»  2008 ж. (2014.21.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен);

2.    Өтебаев Б.С. «Мемлекеттік бюджет» / Алматы, Экономика 2006ж.;

3.    Раимбаев А.Ф. «Фискальное регулирование межбюджетных отношений в РК» / Автореферат -  2000ж.