П.ғ.к., доцент
Қазанғап
Төлеутай Махметұлы
Магистрант Саламатұлы
Жақсылық
Еуразиялық дизайнерлер
одағының мүшесі
Қазақ технология және бизнес
университеті, Астана, Қазақстан
БЕЙНЕЛЕУ
ӨНЕРІ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ
ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Адам – өзіне тән биологиялық
құрылысы бар тіршілік иесі, сондықтан табиғат
заңдары оның дамуына да әсер етеді. Қоршаған
ортаға бейімделіп, өз тіршілігі үшін дайын заттарды
пайдаланатын жануарларға қарағанда, адам өзіне
керектіні өз қолымен жасайды. Адам табиғатының
өзгеруі адам өмірінің әлеуметтік
жағдайларының әсерінен болады, адамның тектілігі тек
биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи
дамуы нәтижесінде де пайда болады. «Әлеуметтік мұрагерлік»
адамның қоғамдық тәжірибеге ие болуы
нәтижесінде орын алады. Сонымен, адамның жалпы дамуында өзара
байланысты биологиялық және әлеуметтік бағыттар
әсер ететіндігі байқалады. Адам биологиялық тіршілік иесі
болып туады, алайда өз дамуы барысында ғана ол әлеуметтік
тіршілік иесіне айналады.
Жеке тұлға – бұл интегративті
жүйе, әлдебір ыдырамайтын тұтастық. Алайда, жеке
тұлғаны зерттеумен айналысатын ғалымдар бұл
тұтастықтың «өзегі» бар деп мойындайды, олар оны «Мен –
жүйе» немесе жай ғана «Мен» деп белгілейді. Жоғарыда
келтірілген жеке тұлға туралы түсінік жалпылама
ұғым болып табылады.
Жеке тұлғаның ең маңызды
белгілері – оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы,
қадір-қасиеті, даралығы. Жеке түлғаның
маңыздылығы оның қасиеттері мен іс-әрекеттерінде
қоғамдық прогрестің тенденцияларының,
әлеуметтік белгілер мен қасиеттердің айқын және
өзіне тән ерекшелігінің көрініс табуы, оның
іс-әрекетіндегі шығармашылық қасиетінің
деңгейі арқылы анықталады. Бұл орайда «адам», «жеке
тұлға» деген ұғымдардың қатары
«даралық» деген ұғыммен толықтырылуы қажет.
Даралық бір адамның басқа бір адамнан,
бір тұлғаның басқа бір тұлғадан
айырмашылығын, оның ешкімге ұқсамайтын өзіне
тән ерекшелігі бар екенін сипаттайды. Даралық, әдетте
адамның мінезі мен темпераментінің ерекше белгілері (мысалы,
салмақты-жігерлі және мақсатты адам),
шығармашылық қызмет-әрекеті мен
қабілеттілігінің өзгешелігі арқылы ерекшеленеді.
Осылайша, мұғалімнің даралығы оның терең
білімдарлығы, педагогикалық көзқарастарының
ауқымдылығы, балаларға деген ерекше қатынасы,
жұмыстағы шығармашылық ниеті, т.б. арқылы
көрінеді. «Даралық» ұғымы бір адамды басқа бір
адамнан, бір тұлғаны басқа бір тұлғадан ажыратып,
оған өзіне тән сұлулық пен қайталанбас
қасиет беретін ерекшеліктерден тұрады.
Адам қасиетін түсіндіретін тағы бір
ұғым – «индивид». Бұл сөз латын тілінен алынған
және оның қазақша баламасы – «жекелік».
Ұғым ретінде бұл сөз адамзат
тұқымының еш қасиеттері ескерілмеген бір өкілін
білдіреді. Бұл орайда әрбір адам индивид болып табылады. «Жеке
тұлға» ұғымы мен онымен байланысты бір тектес
ғылыми категориялардың мәні осында.
Адамның жеке қасиеттері өмір жолында
дамып, қалыптасқандықтан жеке тұлғаның
«дамуы» мен «қалыптасуы» ұғымдарының мәнін ашу
педагогика үшін маңызды мәселе болып табылады [1].
Даму табиғатқа, қоғамға
және әрбір жеке тұлғаға тән жалпы
қасиет болып табылады. Даму
дегеніміз – төменнен жоғарыға, қарапайымнан
күрделіге қарай қозғалыс; сатылай эволюциялық
ауысу немесе революциялық секіріс түрінде жүзеге асатын
жоғары сапалы күйге қарай спиральды өрлеу процесі. Даму
барысында барлық философиялық заңдар жүзеге асады:
өзгеру, санның сапаға ауысуы, бір сапаның басқа
бір сапаға ауысуы. Жеке тұлғаның қозғалыс
күшіне, яғни қарама–қайшылық
күресінің арқасында бұл қозғалыста
өзгерістер жүріп жатады. Жеке тұлғаның дамуы
дегеніміз, ең алдымен, оның қасиеттері мен сапасындағы
сандық өзгерістер процесі. Адам дүниеге келгеннен соң
дене жағынан үлкейеді, яғни оның кейбір дене
мүшелері мен нерв жүйесі өседі. Оның тілі шығып,
сөздік қоры молаяды. Бала көптеген
әлеуметтік-тұрмыстық және моральдық біліктерге,
еңбек дағдылары мен әдеттерге ие болады. Алайда,
адамның жеке тұлға ретінде дамуындағы ең бастысы
– оның бойында болып жатқан сапалық өзгерісте.
Мінез-құлықтың реактивті формалары белсенді түрде
қалыптасып келе жатқан іс-әрекеттілікке айналады, дербестік
пен өз мінез-құлқын билей алу қабілеттілігі
артады. Осы және басқа да өзгерістер адамның жеке
тұлға ретінде даму процесін сипаттайды.
Сондықтан, даму дегенімізді адамның
анатомиялық-физиологиялық жетілуіндегі, оның жүйке
жүйесі мен психикасының дамуындағы, сондай-ақ
танымдық және шығармашылық іс-әрекетіндегі
дүниетанымы, қоғамдық-саяси көзқарастары
мен сенімдерінің кеңеюіндегі орын алатын сандық және
сапалық өзгерістердің өзара тығыз байланысты
процесі деп түсінген дұрыс. Адамның дамуына ішкі және
сыртқы, меңгерілетін және меңгерілмейтін факторлар
әсер етеді, олардың арасында мақсатты тәрбие мен білім
беру жетекші рөл атқарады.
Педагогика мен психологияда жеке
тұлғаның «қалыптасуы» термині жиі қолданылады.
Бүл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді
және оның пайда болып, тұтастыққа, бір
қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын
білдіреді.
Қалыптастыру (қалыптасу) дегеніміз – бір нәрсеге пішін (форма) мен
тұрақтылық беру; толықтық пен нақты бір
түр беру. Бұл арада тұқым
қуалаушылықтың мәні өте зор – баланың
ата-анасынан немесе ата-бабаларынан қалған биологиялық
ерекшеліктердің жиынтығы. Тұқым қуалаушылық
жер бетіндегі тіршіліктің тарихы және белгілі бір
түрдің (біздің жағдайымызда – адамның)
өмірінің тарихын анықтайды. Адамның тұқым
қуалаушылығын екі түрге бөлуге болады: жалпы
адамзаттық (тік жүру бейімділігі, сана, ақыл, сезім
мүшелері дамуының бейімділігі, шартсыз рефлекстер, нәсілдік
және ұлттық белгілер) және даралық (жүйке
жүйесінің түрі, анатомиялық-физиологиялық (нышан)
тума қабілеттер).
Жеке тұлғаның қалыптасуына,
сонымен қатар, орта: адам және қоғам өміріндегі
әлеуметтік-экономикалық, тарихи қалыптасқан
жағдайлар әсер етеді. Орта макро және микро болып
бөлінеді. Макро-орта бұл – адамға қажетті
әлеуметтік-экономикалық ықпалдардың мол жиынтығы
(өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар
деңгейі, өмірдің қаржы жағдайлары,
мәдениеттің даму деңгейі, бұқаралық
ақпараттар кұралдары). Микро-орта бұл – баланың
ең жақын қарым-қатынас ортасы, ол – адамды
әрдайым қоршайтын және оның дамуына әсер ететін
өзара байланысты заттар, құбылыстар мен адамдар әлемі.
Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, белгілі бір
мөлшерде, табиғи немесе географиялық орта (климат),
табиғат жағдайлары әсер етеді [2].
Болашақ бейнелеу өнері және сызу мамандығы
мұғалімінің тәрбие жұмыстарын жүргiзуге даярлықтарын қалыптастыру ұлттың және жалпы азаматтық құндылық қағидаларымен сабақтастықта бүгiнгi заман талабынан
туындап отырған педагогика ғылымдары мiндеттерiнiң бiрi, әлемде және өзімізде жүріп жатқан
тәрбие үрдістері, жаңа идеялар, жаңғырған
бағытбағдарларды, түрлі тәлімтәрбие тәжірибелерін зерттеу барысы болып табылмақшы. Қазiргi жаңарған қоғамның өмiрсұранысының қажеттілігіне байланысты, болашақ бейнелеу өнерi және
сызу мамаңдарын мектептiң тәрбие жұмыстарын жүргiзуге даярлауды
қалыптастыру болып табылады.
Бұл мәселе бойынша, шәкiрттер тәрбиесінде ұлттық өнер туындыларын пайдалана отырып,
оларға ұлттық тәрбие беруде қазақ халқының атадан
балаға мирас болған тәлім-тәрбиесінің
(дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, т.б.) қыры
мен сырларын ғылыми–педагогикалық және кәсiби шығармашылық тұрғыдан
негiздеудi талап етедi.
Болашақ бейнелеу өнерi және сызу мұғалiм
мамаңдарын ұстаздықпен
қатар мектептiң тәрбие жұмыстарын жүргiзе алатын тәрбиеші ретінде де даярлауды қалыптастырудың мәнi бүгiнгi жаңа заман талабына сәйкес туындауда. Сондықтан да бұл жағдайды
жеткіншектерге жүйелі эстетикалық тәрбие беру
мақсатында сыныптағы бейнелеу өнері пәнінен бастап,
арнайы ұйымдастырылатын сыныптан
тыс қоғамдық-көпшілік
мәдени іс-шараларға, сондай-ақ түрлі бейнелеу
өнері үйірмелеріне оқушылардың
қызығушылықтарын арттыру арқылы, оларды сол оқу-тәрбие жұмыстарына белсене
қатынастыру нәтижесінде шешуге болады. Сонда-ғана жаңа маманды өзi өмiр сүрiп жатқан ортаның жемiсi ғана емес, сол ортадағы кәсiби маман ретiндегi қарым-қатынас әрекетiнде көрiнетiн нысана деп тануға болады [3].
Осы орайда арнайы жоғарғы бiлiмдi ұстаз – тәрбиеші мамаңдарды даярлауды қалыптастыру мәселесi
қоғамның барлық сатысындағы зерттеу нысаны
болып отырғандығы белгiлi. Осыған байланысты болашақ бейнелеу өнерi және сызу мамандығының мұғалiмiн мектептiң тәрбие жұмыстарына дайындауда олардың кәсiби-шеберлігін қалыптастыру iсiнде, оның рухани, мәдени адамгершiлiк байлығын одан әрi жетiлдiруде, ұстаздың жеке басына, бiлiктiлiк деңгейiне, ғылыми–педагогикалық ұйымдастыру қабiлетiне айтарлықтай орын берiлуге тиiс.
Бұл мәселеде А.И.Левшин, В.В.Радлов,
А.Диваев және Н.Л.Зеланд сияқты фольклоршы, этнограф-зерттеушiлердің аттары педагог-тарихшыларға, психологтарға,
мәдениет танушыларға кеңiнен таныс. Қазақ халқының рухани жәдiгерлерiн жинастырып меңгерiп, қазақ этнопедагогикасының негiзiн қалауда белгiлi халық
ағартушылары мен қоғам қайраткерлерi де аз еңбек атқарған жоқ.
Ыбырай Алтынсариннiң педагогикалық көзқарастары
республиканың педагогикалық ғылымы мен бiлiмiне қосқан үлестерi ғалымдардың жан-жақты зерттеу көзiне айналып, бiрқатар монографиялар жазылып, ғылыми-педагогикалық қызметтер жайлы түрлi аспектiлердегi кандидаттық,
докторлық диссертациялар қорғалды.
Жеке тұлғаның адамгершiлiк дамуын және ұлт
мәдениетiнiң қалыптасуына байланысты Ж.Аймауытов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов,
М.Жұмабаев, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев,
Ш.Уәлихановтардың құнды ой-пiкiрлерiн бейнелеу
өнерi және сызу мамандығы мұғалiмдерiнiң
кәсiби қабiлеттерiн қалыптастыру жүйесiнде пайдалануға
болады [4].
Осыған байланысты «әр
тәрбиеші ұлттық тәрбиемен таныс болуға тиiс» деген педагогикалық оқу құралында
автор өз ойын педагогика мен
психологияның және физиологияның ғылым аралық
байланыс қажеттiлiгi ретiнде негiздейдi. Ол
ұлттық мектептер, ұлттық ерекшелiктердi сақтауға мүмкiншілiк туғызады».
Тәрбие жұмысы білім беру саласындағы маңызды да
құрамдас бөлігі болуы керек, бүгінгі күнде білім
беру үрдісі, мазмұны, жаңа бағдарлама мен
оқулық дайындау, оқытудың инновациялық
технологиясы сияқты ең маңызды да басты мәселе болып
отыр. Тәрбие беру мәселесінде айтарлықтай өзгерістер
жүргізілмей, тың ұсыныстар еленбей санадан тыс
көлеңкеде қалып келеді. Тәрбие жұмысы жалпы білім
беру үрдісінде қосымша қызмет атқару рөлінде
ғана болса, оның солғұрлым сапасы да төмен болуы
сөзсіз.
Әдебиеттер:
1. Ломов Б.Ф. Методические и психологические проблем психологии //
Методические и теоретические проблем психологии. –М., 1984. –С. 220.
2. Темірбеков А., Балаубеков С. Психология. -Алматы: Мектеп, 1987.-112 б.
3. Джанибеков У. Культура
казахского ремесла. –Алматы, 1982. –С. 26.
4. Қайдаров Ә.Т., Өмірбеков Б.,
Ахтамбердиева З.Т. Сырға толы түр мен түс. –Алматы,
1986.
5. Кононов А.Н. Семантика световых отношений в Тюркских языках //
Тюркологический сборник. –Москва: Наука, 1975.