Хаирова А.М.

№ 42 «Тілек» балабақшасының әдіскері

Қазақстан.

 

Өзін-өзі тану” адамгершілік-рухани білім беру

 

Бала шырын, бала гүл, бала ізгілік,

О, адамдар қойыңдар, мұны біліп

Баланы күт, аяла баланы өсір.

Ол шығатын күнің ғой, ертең күліп 

- дей келе еліміз егемендігін алып, мемлекет болып отырғанда, болашақ ұрпақты жан-жақты дамыған азамат ретінде тәрбиелеу біздің міндетіміз. Бала  дүниеге келген күннен бастап ата-анасы және айналасындағы адамдармен тығыз байланыста өмір сүреді. Олар күнделікте өмірде ересектермен бірлесе  әрекет ете отырып, әрбір іс-әрекеттің мән мағынасын, мақсат – міндетін, қарым - қатынас ережелерін біртіндеп меңгере бастайды.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты - балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші  даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді.     Адамға нағыз бақытты - тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні - өз ұрпағы.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы.

Әрбір ата - ана ұл бала тәрбиесінде батырлыққа, батылдыққа, тапқырлыққа  баули отырып, ата бабадан мұра болып келе жатқан мергендікке, қүсбегілікке, қолөнеріне, шешендікке, әншілікке баулуды мақсат еткен.

Ал қыз баланы әулет ұйтқысы деп түсінген халқымыз оның сымбатты да, көрікті өсуіне, ізетті, иннабатты болуына ерекше көңіл бөліп, сән -салтанатқа, іскерлікке, сәнді киіне білу, әлемі де кербез жүріс- тұрысн өзегелеріне үйретіп отырған.

Бала- әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.       Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хикаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі. Атақты педагог Сухомлинский; «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық»- деп атап көрсеткен.

Рухани – адамгершілік тәрбие ерте балалық шақтан бастау, адам өмірінің әр кезеңдерінде жүйелі дами келе, осы тәрбие үрдісін дұрыс ұйымдастыру  нәтижесінде, рухани бай,  дамыған тұлғаны  тәрбиелеуге өріс  ашады.

Сондықтан, баланың бойына туған – туысқандары  мен жақын  адамдарына  сүйіспеншілік, айналасындағы жанды – жансыз дүниеге қайырымды  көзқарастары мен сезімталдық  сияқты  адамгершілік  сапаларын  қалыптастыру  аса  маңызды.

Мектепке дейінгі балаға тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы тұлға деп танып біліп, жан-жақты қалыптастыру.

Осы себептен, «Өзін-өзі тану» пәні «Бөбек» қорының төрайымы Назарбаева Сара Алпысқызының бастамасымен өмірге келіп, тәжірибе нысаны ретінде республикамыздың білім беретін мекемелерінде жүргізіліп келеді.

"Өзін-өзі тану"- адами құндылықтардың өздігінен жетілуіне және қайта дамуына әкелетін жол.

Әр бала өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және өмірді таза күйінде қабылдай алуымен талантты. Өзін-өзі тану оқу іс-әрекетінде баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады.

Дегенменде, ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер мол. Сол дәстүрлер сабақтастығы бүгінгі бала тәрбиесінде жалғасын табуда. Отбасында және балабақшада халықтың рухани-интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарын жандандырып, рухани ұлттық сипаттағы мінезді қалыптастыруды көздеу өмірдің талабынан туындап отыр. Осы айтылғандардың толыққанды іске асуы үшін отбасы мен балабақша тәрбиесі арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс қажет. Бала тәрбиесіндегі осы байланысты жүзеге асырудың дәнекерлеушісі деп «Өзін-өзі тану» пәнін айтуға болады. Сондықтан да әрбір ата-ана отбасында «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығын қолға алып, онда айтылған тағылымдар мен құндылықтарды балаларының оқып-үйренулеріне ықпал етулері керек.

Бұл пән болашақ ұрпақтың бойына рухани - адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнімен өткізуге жетелейді.

«Өзін-өзі тану» пәні арқылы балалар өз ойы мен сезімдерін еркін білдіруге, өзін-өзі бағалауға ұмтыла бастады. Өзін қоршаған ортаға, табиғат аясындағы жанды-жансыз заттарға көңіл бөліп, қамқорлық жасауға, айналасындағы балалармен достық қарым-қатынас орнатуға тырысатын болды. Мінез - құлық пен іс-әрекеттегі жағымды және жағымсыз әдеттерді ажыратып, өз қателіктерін дер кезінде мойындауға дағдыланды.

«Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың адамгершілік - рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл білім мектепке дейінгі балалардың бойында ең басты қажеттілік өзін-өзі дамытушылық қажеттілігін қалыптастыруы тиіс.

«Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Баланың өзін тануы әлемді тануымен, ортаны тануымен, адамды тануымен ұштасып жатыр. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда барлық адамзат үшін маңыздылығы өте зор.

Алайда, мектепке дейінгі тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Мектепке дейінгі шақ – бала бойына рухани-адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап жоғары руханилық құндылықтарды: мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік, өмір мәні т.б. қалыптастыру тәрбиеші- педагогтардың және ата-аналардың міндеті.

Рухани - адамгершілік тәрбие беру балабақшада балалармен, ата- аналармен жүргізетін барлық - тәлім тәрбие, білім беру жұмысының барысында жүзеге асады.

Ата - ана - бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.

Қорыта айтқанда, адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата-ана мен тәрбиеші-педагогтардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы - тхалқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс – тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.

Рухани - адамгершілік тәрбие екі жақты үдеріс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, тәрбиеші-педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан-тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Демек, балаларға арналған «Өзін-өзі тану» пәні рухани - адамгершілік білім берудің алғашқы кезеңі болып табылады.

 

Әдебиеттер:

 

1. Журнал «Бала тәрбиесі»  № 2. 2006 , № 4. 2008.

2. Журнал «Өзіндік таным» № 2. 2007,  № 5-6. 2006.

3. Назарбаева С.А. Өмір әдебі:  Әдебі  эссе; толғаныстар - Алматы, 2003.-104б.

4. Журнал  «Самопознание kz»  №8. 2011

5. Журнал «Самопознание kz»  №7 (19) 2011