Досанова Алтынай Жапаровна
тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының академигі
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент
Мажимова Айжан Зиеддиновна магистрант
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
ОЙ-ПІКІРЛЕРІНДЕГІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Oқу-ағарту жүйесінің дамуы мен
пайда болуы орта ғасырлар заманындағы ғұлама
оқымысты, ұлы энциклопедист Әл-Фарабидің ғылыми
мұраларымен тығыз байланысты. Оған американдық
ғалым Николас Решердің еңбектері дәлел. Ол
ұзақ ізденістің нәтижесінде 1962 жылы ағылшын
тілінде «Фарабидің аннотацияланған библиографиясы» деп аталатын
Әл-Фарабиді зерттеулер үшін құнды кітап жариялады.
Мұнда мың жыл бойы Әл-Фараби жөнінде кім не жазды,
оның шығармалары қай тілге аударылды, оның мұрасы
жайында алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстар
жөнінде айтып мәселелер қойылды.
Қоғамды гуманитарландыру жиырма бірінші
ғасыр бастамасындағы өркениетті дамудың талабы.
Гуманитарландырудың талабы, басты міндеті – тәрбие, білім беру,
оқу-ағарту мен мәдениет кешендерін гуманистік
бағдардағы адам тәрбиесіне жұмылдыру болып табылады.
Сондықтан Әл-Фарабидің мұрасындағы гуманизм –
қазіргі заман талабындағы көкейкесті мәселе.
Фараби мұрасын
зерттеуші өзбек ғалымы М.М. Хайруллаевтың айтуынша, ойшыл
бабамыздың шығармаларын барынша толық тізімін, яки 160
еңбектің атауын түрік ғалымы А. Атештің
еңбектерінде айтылды. Әл - Фараби трактаттарының
қолжазбаларын Каир, Дамшық, Бейрут, Ыстамбұл, Лейден, Париж,
Мадрид, Лондон, Тегеран, Нью-Йорк және басқа да қалалардың
кітапханаларынан кездестіруге болады [1].
Бұлардың
арасында «Әріп кітабы», «Субстанция туралы сөз», «Заңдар
жайлы кітап», «Логиканың қысқартылған үлкен
кітабы», «Философияны меңгеруге дайындық», «Физика негіздері»,
«Птоломейдің «Алмагеске» түсіндірмелері», «Ғылымдардың
классификациясы жайлы сөз», «Ізгі қаланың
тұрғындарының көзқарастары туралы»,
«Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайлы» секілді
еңбектері бар. Әл - Фараби мұрасын зерттеумен
шұғылданатын арнайы шығармашылық топ 1991 жылы
философия және саясаттану институты фарабитану бөлімі болып аталса,
қазір бұл бөлім фарабитану және Шығыс философиясы
деп аталады [2].
Қазақстанда,
алыс-жақын шетелдерде Әл-Фарабидің энциклопедиялық
мұрасын игеру барысында философия және саясаттану
институтының қызметкерлері іске асырған жарияланымдардан
бөлек тағы да бірқатар монографиялар дүниеге келді.
Олардың қатарында А. Көбесовтің
«Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» (1974), С. Қ.
Сатыбековтің «Әл-Фарабидің гуманизімі»,
Әл-Машанидің «Әл-Фараби мен Абай» (1990), Қ.
Жарықбаевтің «Әл-Фарабидің психологиялық
көзқарастары» (1998) секілді еңбектері бар [3].
Белгілі тарихи
жағдайларда ғана көрініп және жойылып отыратын
басқа қоғамдық құбылыстарға
қарағанда тәрбиенің мәңгібақи
категория қатарына жататындығы ғылымда әбден
нақтыланған. Сонау Орта ғасырларда адамзат| ілімінің
молайып, ақыл-парасатының жетілуін, оқу-ағартудың
қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтауда
орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі,
еңбек тәрбиесінің және оның теориясын
жасаушылардың бірегейі Әбу Насыр Әл-Фараби екені мәлім
[4].
Әл-Фараби
тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің
теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол
ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі
түрде құрылған білімнің жоғарғы
формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген
дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол
оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті
туралы ілім жасады. Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек
тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке
баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету
дағдысьн қалыптастырады, – деген болатын Фараби. Ол еңбек
өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің
мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Адам
еңбегі бағытталған нәрсенің бәрі
еңбек заттары деп аталады. Оның еңбек туралы бұл
тұжырымдарын күні бүгінге дейін жалғастырып келе
жатқан ғалымдар бар.
Еңбек
тәрбиесінің теориясын жасауда ол Аристотель негізін салған
теорияның анықтамасына сүйенеді. Демек, ол қандайда
болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған
ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының
мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық
түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең
жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы
басшылыққа алған Фараби еңбек тәрбиесінің
теориясын «Өзінің ішкі
құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын
біртұтас білім жүйесін құрайды» деп
тұжырымдайды.
Педагогикалық
тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым –
«оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы
қоғамдық еңбекке баулу» деген сөз. Фараби
еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін
еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін
маңызы зор екенін атап көрсетеді.
Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік,
ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» - деген
ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер
бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына
көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз
қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін
саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік
бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде
жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.
Әл-Фараби
тәрбие үрдісінде «Қатты әдіс» пен «Жұмсақ
әдісті» ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен
тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтап кеткен.
Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда
«қатты әдіс» деп отырғаны жазалау, ал «жұмсақ
әдіс» деп отырғаны-мадақтау. Демек, Фараби
педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш
ұсынған, оның тиімділігін дәлелдеп кеткен ғалым
[5].
Фарабиден
қалған ғылыми еңбектің саны жүзден астам.
Сол еңбектерді ғылымдар саласына бөлсек, олар мыналар:
математика, логика, музыка, астрономия, дәрігерлік, лингвистика,
поэзия-риторика, педагогика, т.б. (Фараби заманында бұлар
ағартушылық ғылым деп аталған.) Оның пікірінше,
оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу
адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты.
Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал
еңбекті тәрбиенің алғышарты етіп алады. «Тәрбиені
неден бастау керек», Философия-меңгеру, білім-тәрбие алу,
еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие
әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда
дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын
жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбегі», «Ғылымдардың
шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену, үйрету
реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде
еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін
болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп
қалдырады.
Әл-Фараби жас
ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке
үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық
ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша,
тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) – «мәңгі нұрдың
қызметшісі».
Фарабидің
шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн-Синаның
«Фарабидің тәрбие
тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды
еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбексүйгіштік,
еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу.
Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзіне пайда
келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана нағыз ел адамы
бола алады деген өмірлік өсиет қалдырып кетті» -деуі
бекер емес.
Ұлы ойшыл Фараби
тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде
еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін
қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын
Фараби (сол кездің өзінде) экономиканың, саясаттың,
мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің,
еңбек тәрбиесінің меселелеріне байланыстыра отырып аса
қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ ол
қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары
жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама ғалым.
Өйткені адам бақытты болуға лайық және сол
бақытын табуға тиіс. «Адам
өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын
қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір
сүре алады» дейді данышпан. Сөйтіп, Фараби адамның
өмірлік іс-әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек
қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау
көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат
қоғамының өмір сүруіне ең керектісі
оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінші
орынға қойып, осынау маңызды мәселе
төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді
жоққа шығарды.
Фараби адамдар бір-бірімен
келісіп, тіл табысып отыруы керек деп есептейді. Әділеттіліктің
қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажеттігін
ескерте келе, ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге
асатынын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз заң да,
қоғам да ілгері дами алмайды. Ұлы ойшылдың заң
күші туралы осы айтқандарынан қоғамдық келісімдер
туралы идеяның алғашқы ұрығы
жатқандығын аңғару қиын емес. Бұл идея
Еуропада кеңінен өріс алды. Кейбір шығармаларында Фараби
өз тұсындағы қоғамды астыртын ғана сынап
отырады. Ондағы етек алған озбырлықтар мен
қаталдықты, ақыл мен адамгершілік, еңбек тәртібі
ұстанымдарының орасан бұрмалануынан деп түсіндіреді.
Ол еңбек
тәрбиесін еркін еңбек негізінде жасаған «Үш білім
және оның тараулары» еңбегіне сүйеніп балаларға
қоғамдық тәрбие, бастауыш білім беруді жақтады,
оқудың ана тілінде оқытылуын қолдады. Ол дене
тәрбиесіне үлкен мән берді. Алғаш рет еңбекке
тәрбиелеуді ұсынды. Мор барлық балалар ауыл шаруашылығы
мен қолөнердің бір түрімен шұғылдануы керек
деп түйді.
Еңбек және
еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдауда XII ғасырда
жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің
маңызы орасан зор. Әсіресе, мұның трактат ретінде
ғылым тарихында алатын орны айрықша. Бұл трактат
«Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар
классификациясы», т.б. аттарымсн Шығыс және Батыс елдерінде
өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп
ғұламалар тәлім алған.
«Фарабидің
энциклопедиясы» сол кездің өзінде (XII ғасырда) арабшадан
латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл
еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс,
ағылшын, француз, ислам, түркі, т.б. тілдерге
тәржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Әбу Әли Ибн
Сина (980-1037) және басқалар тікелей соның әсерімен
өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық
еңбектерін жазды.
Бұл
еңбектің құндылығы, оны басқа
халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек
заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына
саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті
дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке
құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты
көзделгендігінде.
Әл-Фарабидің философиялық
және натурафилософиялық еңбектерінде жаратылыстанудың
көптеген мәселелеріне
тоқталады. Ал ғылыми-философиялық еңбектері оқу-тәрбие мәселелеріне арналған. Оның пікірінше оқу, білім алу,
ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесі мәселелерімен
тығыз байланысты. Ол білім алу мен оқу еңбегін пайдалы еңбекке жатқызады.
Орта ғасырлық
ғұлама жалпы теориялық ой-пікірдің жетістіктерін
жаңғыртып, жетілдіре түсті. Халық даналығы
туғызған данышпандық пікірлерге ден қойды.
Нәтижеде өзінің философиялық тән тұжырымын
жасап, қоғам туралы ілімді, этика мен эстетиканы, этнопедагогиканы
дамытты. Аристотелдің еңбектеріне сүйене отырып, антика
заманының теориялық озат ой-пікірлерін сыннан өткізіп барып,
оның қажеттігін алды және заманның ілімін белгілі бір
жүйеге салды.
Фараби
мұрасының ішінде этнопедагогика үлкен орын алады. Ол
этиканың жақсылық пен жамандықты ажыратуға
мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырды. Этнопедагогиканы
халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін
кейінгі ұрпаққа жеткізетін ілім деп санады. Бұған
оқу, білім алу, тәрбие беруді жатқызды. Ұлы ғалымның
осындай этникалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол
адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік
шоқтығы деп түсіндірді. Бірақ, жамандықты
жақсылық жеңгенде ғана адам баласы игі мұратына
жетеді деп қорытынды жасайды.
Қорыта келгенде,
Фараби еңбектерінің тәжірибелік маңызы –
Әл-Фараби ілімі тәрбиенің әрбір қоғам
кезіндегі (феодализм, капитализм, социализм) әлеуметтік мәнін ашып,
еңбек, адамгершілік, ақыл-ой тәрбиесінің
теориялық негізін қалыптастырды. Ғылымдар тізбегін жасау, оны әрбір топқа
бөлу арқылы болашақ жасөспірімдерді жан-жақты
жетілдірудің қажеттілігін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.
Еңбектің, еңбек
тәрбиесінің ғылыми негізін сала отырып, оны өмірде
қолданудың тәжірибесін көрсетіп берді. Әл-Фараби ілімі шығыс халықтарының
педагогикалық ой-пікірінің дамуында төңкеріс болып
есептеледі. Демек, ол шығыс халықтарының салт-санасының,
әдет-ғұрпының ағартушылық,
тәлім-тәрбиелік ой пікірінің, ғұламалық
тағылымының дамуында жаңа кезең ашып,
халықтық педагогиканың негізін қалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Көбесов А. Әбу Насыр Әл – Фараби. –
Алматы, 2004.
2. Көбесов А. Әл -Фарабидің ашылмаған
әлемі. – Алматы, 2002.
3. Бейсенов А. Әл -Фарабидің
тұжырымдары. // Ақиқат. – 2006. - № 6. -70 -73б
4. Әуелбеков Ә. Әл-Фараби –
ұлы ұстаз
ғұлама. // Оңтүстік Қазақстан. 2006.
5. Көбесов А. Музыканың
ұлы кітабының тағылымдары. // Жұлдыз.- 1990.-№4.
176-182 б.