Педагогика ғылымдарының кандидаты Қуанова С.Б.,

«Педагогика және психология» мамандығының магистранты Бекназарова Ұ.Ө.

«Болашақ» университеті, Қызылорда, Қазақстан

Ағылшын тілі мұғалімін даярлауда қолданылатын

ақпараттық технологиялардың ерекшеліктері

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шындауға бағытталған білім беруде қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғалымдық, коммуникациялық желілерге қосылуы, білім беру жүйесін одан әрі дамыту» [1] міндеттері көзделген. Тек қана білім, білік пен дағдыны беру емес, өз бетінше ақпараттық ресурстарды тауып, пайдалана білетін, талдай алатын және жедел өзгеріп отыратын әлем жағдайында дамитын, өзін-өзі көрсете алатын білікті маманды қалыптастыру қажеттігі туындап отыр.

Ақпаратық технологияларды ағылшын тілін оқытуда пайдалану білім алушыларға жан-жақты жол ашып, мемлекеттің «Тілдің үш тұғырлығы» саясатының дамуына ықпал етіп оқыту барысындағы мәселелерді оңтайлы шешімін табуға мүмкіндік береді. Көптеген зерттеушілердің пайымдауында ағылшын тілін оқытуда ақпараттық технологияларды қолдану білім берудің интерактивті сипатын арттыра түседі деп түйінделген. Ғалымдар В.И.Солдаткин, В.П.Кашицин, А.Андреев шетел тілін оқытуды ақпараттандыруды жан-жақты зерттей отырып, мұғалімдер мен оқушылардың өзара әрекетінің жолдарын сипаттайды,  білімнің әлеуеті белсендіріледі және сөйлеу мен тыңдау дағдыларын үйрену, білім алушылардың коммуникативті құзіреттілік дағдыларын сәтті дамытады деп тұжырымдама жасайды. Бұл заманауи әлеуметтік шарттарға бейімделу қабілеттілігі, яғни білім ортасындағы қоғамға жаңа әлемдегі құбылыстарға тез хабардар болатын, өз бетімен шеберлігін арттыратын және жаңа талаптарға бастама жасай алатын, өз әрекетінде жетістікке жете алатын мұғалім қажет.

В.Г.Лаврентьев білім алушылардың білім деңгейінің көптеген жағдайда төмен болуы, ол оқытушылардың кәсіби тәжірибесінде ақпараттық технологиялардың қолданылмауын ең басты себебі ретінде көрсетеді. Компьютерді мұғалімдер ақпаратты көрсетуші немесе басқарушы құрал ретінде қолданады, ал мұғалімнің нағыз атқаратын қызметі ақпаратты – таңдаушы, басқарушы, жаттықтырушы, бағыттаушы, кеңесшілігі т.б. ретінде қолданылмайды [2]. 

Ағылшын тілі мұғалімдерінің ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесінің әлі де болса жеткілікті дәрежеде өңделмеуі, ақпараттық дайындығында коммуникативті мүмкіндіктерінің сәйкес болмауы, ақпараттық техникалармен жұмыс дағдыларының болмауы және үйлерінде компьютерлері бар интернетке қосылған едәуір бөлігі жаңа технологияларды меңгеруге кедергі келтіретін мұғалімдердің ерекше ойлау стилі, психологиялық кедергілер кездесетіндіктен ЖОО-ның ағылшын тілі мұғалімдерін дайындауда АКТ-ның ерекшеліктерін үйрете отырып, білім беруге дағдыландыруды көздедік. 

Зерттеулерге сүйенер болсақ, болашақ ағылшын тілі мұғалімі АКТ-ды пайдалануда төмендегідей құндылықтарға қол жеткізуіне болады [3]:

- ақпараттық сауаттылықтарын қалыптастыру мен оңтайлы дағдыларды меңгеру (іздену, ақпараттарды жинастыру және талдай білу, ақпарат көздерін үйлесімді пайдалану, өз білімін өз бетінше құра білу мен ақпараттық кеңістікке бағдарлана білу);

- оқу материалдарының көптүрлілігі және бір мезетте көру, тыңдау, сөйлеу және жазу дағдыларын қалыптастыру;

- әр түрлі тапсырмалар ұйымдастыру арқылы тілдік коммуникативті қабілеттерді қалыптастыру;

- ақпараттық қолжетімділігі, яғни аз уақытта бір оқу ақпаратынан келесіге өту мүмкіндігінің болуы (бағдарламамен жұмыс барысында сабақ басындағы көрсетілген мәліметтерді қайта еске түсіру).

Ағылшын тілі үйренушілерге негізгі халықаралық тіл, ғылыми ізденіс тілі, шет ел адамдарымен қарым-қатынас тілі ретінде үйренушінің қызығушылығын арттырады.

Ағылшын тілінде білім беруде АКТ-лар шетел тілі мәдениеті мен қарым қатынас әрекетін қалыптастыруда педагогикалық құрал болып табылады. Қазіргі заманғы негіздемелерде өздерімен бірге АКТ-лар сандық технологиялардың ақпаратты жасау, жіберу, тарату және қызмет көрсету үшін (компьютерлік құралдар, бағдарламалық қамсыздандыру, телефондық желі, ұялы байланыс, электрондық пошта, ұялы және спутниктік технология, мультимедиялық құралдар, сонымен қатар Интернет) кең түрлерін ұсынады. 

Оқытудың компьютерлік құралдары негізінде құрылған заманауи білім беру парадигмасы дайын білім беруді негіздемейді, керісінше өздігінен білім алу қабілеттілігіне бағытталады. Осы бағытта оқушылардың интерактивті компьютерлік бағдарламалар мен аудиовизуалды құралдармен жұмыс жасауы мұғаліммен қарым қатынасты сипаттайды.

Есте сақтайтыны, мұғалімді ешқандай жаңа ақпараттық коммуникативті технологиялар сабақ үстінде орнын баса алмайды. Яғни, мұғалім ғана оқу процесін дұрыс ұйымдастыра алады, оқушыларға әр түрлі режимде жұмыс жасауға бағыт, ұсыныс береді, сабақтың мақсатын оқушылар жететін дәрежеге бағыттап қояды, және сол мақсатқа жетуге көмектеседі. Оқушының мұғаліммен қарым-қатынасының ләззаты мен қуанышын ешкім бере алмайды. Ал компьютер – құрал, мұғалімнің қолындағы оқу процесін қызықты, мақсатқа жету үшін  ұйымдастыруға арналған қосымша мүмкіндік.

Әдіскерлер АКТ-дың бірнеше түрлерін ерекшелеп, білім беру үдерісінде қолданылатын түлерін екі типке бөледі: құралдар (компьютер, принтер, сканер, фотоаппарат, видеокамера, аудио және видеомагнитофон, суреттер мен иллюстрациялы DVD және CD дискілер және т.б.) және бағдарламалар (компьютер мен мультимедиалық проектордың көмегімен көрсетілетін электрондық оқулықтар мен құралдар, мультимедиялық оқулықтар, электрондық энциклопедиялар мен анықтамалар, тесттік бағдарламалар мен тренажерлар, ақпараттық сайттар, Интернеттің іздеу жүйесі мен білімдік ресурстары және т.б.)

Қазіргі қоғамдық талапқа сай әр ағылшын тілінен білім алушы компьютерлік технология негізінде интернет, skipe, электрондық пошта арқылы дүниежүзілік білім кеңістігіне еніп, онда өзінің қажетін өтейтін ақпаратты толығымен алуға, қажетті мәліметтерді, ғылым саласына байланысты озық тәжірибелерді, ізделіп отырған мәселені шет елдегі жағдайымен танысуына толық мүмкіндікке жетеді. Сонымен қатар ақпараттық технология құралдарының жаңа заман талабына сай саналатын түрлері – мультимедиалық энциклопедия, электрондық оқулықтар, электрондық кітапхана мен түрлі бейне, дыбыстық таспа материалдары бүгінгі таңда ағылшын тілінен білім алушыларға тез әрі терең, шығармашылықпен жұмыс жасауына мейлінше қолайлы жағдай тудырып отыр.

Ағылшын тіліне оқытудың мақсаты – оқушылардың қарым–қатынасты әрекеті, нақтырақ айтқанда практика жүзінде тілді меңгеру. Мұғалімнің мақсаты – оқыту үдерісінде әрбір оқушының әрекетін белсендіру, шығармашылық әрекетіне жағдай жасау, жеке тұлға қалыптастыру, қарым–қатынасқа ынтасы бар және оны қалайтын, өзіндік білімін дамытуға ынталы тұлға қалыптастыру.

Ағылшын тіліндегі компьютермен оқытатын бағдарламалармен жұмыс келесі дағдыларды дамытады:

-       сөздіктермен жұмыс;

-       сөйлеу дағдысын қалыптастыру;

-       дилогты және монологты дағдыға үйрену;

-       жазуға үйрену;

-       тыңдап, есту дағдысына қалыптасу.

Ағылшын тілін үйретуде АКТ-мен оқытудың бір түрі – Интернет желісі. Интернет – қолданушыларды өзінің бай бояуларымен, мультимедиалдық мүмкіндіктерімен, өздеріне қажетті әнші, жазушы, т.б. туралы ала алатындығымен қызықтырады. Интернет жүйесінде білім алушыға арналған бағыттар: даму, сөйлесу, іздеу, керекті мәтіндерді өз бетімен алу, лексикалық қорды дамытуға, оқуға деген қызығушылығын арттыратын, жер шарының түпкір-түпкіріндегі адамдармен байланыс жасау арқылы тіл аралық кедергілерді жою, коммуникативті іскерліктерді дамыту т.б. мүмкіндіктер тілді терең меңгеруге жол ашады.

Интернет оқытудың ең жақсы құралының бірі болып табылады. Оны оқыту үдерісіне ендіруді қажет етеді. Бірақ мұғалімге кезігетін бір кедергі – оқушыларды артық, қажетсіз немесе жеткіліксіз ақпаратпен қалай қауіпсіздендіру. Мұғалімнен тапсырманы алған оқушы нақты мәліметті, өмірбаянды, суретті т.б. мәліметтерді интернеттен алу үшін ол  көптеген керексіз ақпараттардың шырмауына түсіп, шатасуы мүмкін. Осы олқылықты болдырмау үшін мұғалім алдымен берілетін нақты тапсырманың тақырыбымен көптеген сайттарды объективті тексеріп, тексерілген сайтқа ғана кіру керектігімен үйретілу керек. Сонда ғана оқушы өз бетімен бағытталған мәліметті табуға жеңіл үйренеді. Интернет – тілді дамытатын материалдардың қайнар көзі (ағылшын тіліндегі мәтіндер, аудиозаписьтер).        

Сонымен қатар, Интернет шетел тіліндегі тек қана қарым-қатынасты меңгертпейді, тағы да үйреніп жатқан тіл еліне виртуалды саяхат мүмкіншілігін де береді. Осындай саяхатта оқушылар шетел тілін өзінің мақсатына жету үшін де пайдаланады. Виртуалды саяхат оқушының өз бетімен қосымша мәліметті табуға, мәдениеттің пайда болуы, ескерткіші жайлы өз бетінше тұжырым жасауға мүмкіншілік береді.

Электрондық пошта – Интернет желісі арқылы ағылшын тілі мұғалімдері мен қашықтықтан білім алушылар арасындағы ақпарат алмасудың тиімді тәсілі. Оқу үдерісі кезінде оқу курстарының мазмұндық жағын жеткізу, мұғалімнің оқушымен кері байланысын қамтамасыз ету үшін қолданылды.

Телеконференция – алыс қашықтықтағы мұғалім мен оқушыларға бір-бірімен оқу үдерісін жүзеге асыруға, оқушылардың топтық жұмысын ұйымдастыруға, іс-қимыл әдіс-тәсілдерін жүзеге асыруға Интернет желісінің көмегімен мүмкіндік береді.

Интернеттің электрондық телеконференциялары қызметі электрондық поштаның өзіндік дамуы болып табылады. Оны пайдаланушының компьютерден мәтіндерін, «конференцияны» бір-бірінен әр түрлі қашықтықтағы қолданушының беруімен, алуына мүмкіндік береді. Бейнеконференциялар да орта сапалы арзан бейнебайланысты іске асыруға мүмкіндік береді. Бейнеконференцияларда бес, он адамнан тұратын топтарда семинарлар, консультациялар өткізу, өтіліп жатқан курстың күрделі сұрақтарын талқылау үшін, сонымен қатар, қашықтықта суреттер мен шетел тіліндегі бейнефильмдер мен бейнесюжеттерді компьютер экранын бірігіп басқару арқылы іске асырылады.

Бейнефильмдер мен бейнесюжеттер – ағылшын тілі пәні үшін қашықтықтан білім беруге өте тиімді құрал. Көп шығын жұмсалмайтын оқу бейнематериалдарын көбейтуге ыңғайлы бейнемагнитафондармен, CD, DVD-дискілер көп білім беру мекемелерінде қолданылады. Әдетте бейнефильмдер дәстүрлі лекциялардың орнына оқу материалдары жиынтығының бөліктері ретінде қолданылады.

Европалық елдермен ағылшын тілі сабағы барысында тікелей байланыс жасау мүмкіндігіне  Skype, ICO, Yahoo massager, Google Talk және т.б.  ақпараттық технологиялардың көмегімен қарым қатынас жасай отырып, ағылшын тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, білім деңгейін жоғарылату. Бұл құралдар арқылы ара қашықтықтың алыстығын жақындатып, ағылшын адамдарымен, тіптен әлемдегі ағылшын мұғалімдерімен тілдік, әдістемелік  тәжірибе алмасуға болады.

Skype бағдарламасы интернеттік телефон жүйесі. Ол – веб–камера арқылы әлеммен еркін қарым–қатынас жасауға үлкен септігін тигізеді. Ағылшын мұғалімі үшін әлемнің қандай да бір бұрышынан дыбыс, бейне жазбалардың байланысының тегін қызметін көрсетуі қызықтырарлық құрал. Кез–келген көлеміндегі құжаттар максималды жылдамдықта жету мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар телефондық конференцияны он қатысушымен құруға болады. Мәтіндік Skype-чат 100 қатысушыны байланыстыра алады. Бұл бағдарламаны http://skype.com сайтынан тегін жүктеп алуға болады. Сонымен қатар оны қолдану нұсқаулықтары мен кеңестерін алуға болады. Ағылшын тілі мұғалімі Skype бағдарламасын өз сабағында қолдануға шешім қабылдаса сабақты ұқыпты жоспарлау мен дайындықты қажет етеді. Оқушыларды компьютер алдына отырғызып қойып, интернет қосып бере салу аздық етеді. Мұғалім чаттың жаңа үлгідегі дағдыларын меңгеруі, чатты ұйымдастыру мақсатын қоюы және оған жетуін жоспарлы болуы керек.

Электрондық оқулықтар – ғылыми педагогикалық құрал. Оның жасалуы модульдік оқытудың педагогикалық теориясы деп саналады. Электрондық оқулықтар мемлекеттік оқу бағдарламасының негізінде жасалады. Ағылшын тілін оқытуда электрондық оқулықтар білім алушылардың өз бетінше білім алу жұмыстарын және олардың жоғары танымдық белсенділігін арттырады, терең де тиянақты білім алу сапаларын көрсетеді, сонымен қатар коммуникативті-практикалық мақсатты көздей отырып, сауатты болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін әдістемелік тұрғыдан даярлайды, сөйлеу мәдениетін жетілдіреді, коммуникативтік қарым-қатынасты жандандырады, интелектуалдық шеберлікті арттыруды басшылыққа алады. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы кезеңінде электрондық оқулықтардың ерекшелігі – үлгіге сәйкестілігі мен жоғары мобильділігі, оқуға, үйренуге бейімділігінде болып табылады. Электрондық оқулықтар оқу және зерттеу материалдарын толықтыратын, қосымша қолдануға толық жарайтын қажетті құрал болып есептеліп, білім алушылардың өз білімдерін толықтыруларына, өз бетінше жұмыс жасауларына арналған қосымша теориялық материалдар, түрлі тақырыптарға арналған сабақ жоспарлары, олардың үлгілері беріледі. Мысалға, тілдік материалдарды пайдалануға арналған сабақтар; сөз әрекеттерін дамытатын сабақтар; аралас сабақтар; сөз әрекеттерін тығыз байланысьыратын сабақтар; білім, білік, дағдыларды дамытатын сабақтар; сөз әрекеттерін дамытатын практикалық сабақтар; сөйлеу дағдыларын қалыптастыратын, жетілдіретін сабақтар; біріккен сабақтар, кешенді сабақтар; бір немесе көп мақсаттық сабақтар т.б. түрлер.  Осындай жоспарланған электрондық оқулықтардағы сабақтар оқушылардың жаңа және бұрынан таныс сөздік қорларды пайдалана отырып, сөздік тәжірибеге жаттықтырады, сөздік қор көлемін мүмкіндігінше ұлғайтады, сөздікпен, гипермәтінмен, өз бетінше жұмыс жасау дағдысы мен іскерліктерді жетілдіреді.

Электрондық оқулықтарда мультимедиа технологиясы кеңінен пайдаланылады. Біртұтас бағдарламалық басқару ортасында әр түрлі ақпарат түрлерін бейнелеу, анимация, дыбыстаулар жазылады. Оларды сабақта қолдануда әртүрлі оқыту әдістері, яғни ағылшын тілі сабағында тек қана айтып түсіндіретін тәсілдер түрленіп, көрсету арқылы білім беру сапасы артады.    

АТ арқылы білім алудың негізгі ақпарат көзі болатын электрондық білім порталдары дүниежүзілік білім ордаларына жол ашуда. Ол өзіндік білім деңгейін кеңейтуге, біліктілікті көтеруге көмектеседі. ХХІ ғасырда Қазақстанның электрондық кітапханасы он-лайн режимінде заманауи тұрғыда қажетті мәліметке қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттық технология. Кредиттік жүйеге көшкен көп ЖОО-да кітапханалық ақпарат желілерін құру шешілуде. Кітапханалық-ақпараттық жүйені қолдану, білім алушылардың электрондық каталогтарда жарыққа шыққан кітаптармен жұмыс жасауға оқырмандарға жаңа мүмкіндік береді. Онда ғылымның барлық жетістіктерін, соңғы жаңалықтарын, ғылыми диссертациялар жобасын, жас ғалымдардың ғылыми жобаларын табуға болады және оларды қолданушыларға қолжетімді етіп орналастырылған. Өйткені ғалымдар әлемнің соңғы жаңалықтары мен олардың жетістіктеріне сүйене отырып, жоба жасауы мүмкін.   

Электрондық кітапхананың басты, негізгі міндеттерінің бірі – оқырмандардың оқуға құштарлығын арттыру арқылы мемлекеттің тұрғындардың кітап оқуда электронды кітапхананың беделін көтеру. Жас жеткінжек ұрпақты оқуға тарту, төлтума мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалу. 

Интерактивті технологиялар - ағылшын тілін оқытуда әдістер мен түрлерін интерактивті мүмкіндіктердің байланысымен іске асыра отырып оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттырады. Мұғалім мен оқушы арасында интерактивті байланысты орнатады, пән бойынша білім мен дағдыны өз бетінше игеруге мүмкіндік тудырады. «Интерактивтік» термині ағылшынның interaction  – өзара белсенділік деген мағынаны білдіреді. Интерактивті дәрістер өткізу барысында мультимедиалық технологияларын қолдану ұтымды сәйкестік. Ағылшын тілін оқытуда ақпараттық технология рөлін мультимедиалық технология атқарады. Электрондық сөздіктің анықтмасы бойынша «Multimedia» - көптүрлі орта, яғни ақпаратпен ғана таныстырмайды, сонымен қатар дыбыспен бірге мәтіндік, бейнефрагмент, мультипликацияны береді. CD-де мультимедиалық материалдарды қолдануға біз ғылыми-әдістемелік мақсаттар негізіне арқа сүйейміз: көрнекілік, қарым-қатынастық, тұлғалық.

Білім беру үдерісіне мультимедиалық интерактивті технологияны енгізу және қолдану білім сапасын кеңейтіп, мазмұнын құнарландырып, білім алушылардың тілге деген қызығушылығын артып, мұғалім мен білім алушының қарым қатынасын нығайтады. Мультимедиалық технологиямен дәріс бергенде ағылшын тіліндегі мәліметтерді мұғалім алдын ала дайындап, өңдейді. Мультимедилық технология ақпараттық және бағдарламалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын құралдар, тәсілдер мен әдістер жиынтығы. Мультимедиалық бағдарламалардың  негізгі атқаратын қызметтерінің бірі – басқаруды қамтамасыз ету, яғни қажетті ақпаратқа ешқандай кедергісіз ауысу мүмкіндігінің бар болуы. Мультимедиалық өнімдер – бағдарламалық жабдықтар мен құралдар арқылы жасалынатын ақпарат [4].

Қазіргі уақытта білім беруде көптеген мультимедиалық құралдар пайда болды. Солардың бірі әмбебап техникалық құрал – электрондық интерактивті құрал, мысалыға Smart board.

Электрондық интерактивті құрал оқу материалдары мен мультимедиалық материалдарының электрондық жүйеге әсерлі енуі болып табылады. Сабақ материалдары көрнекіліктері интерактивті тақта экранында толық, айқын, жинақы көрсетіледі және әрбір оқушының белсенді дамуы жетістігі үшін қызмет етеді. Ағылшын тіліндегі алдын–ала дайындалған тақырыптық мәтіндер, дамытатын және тексеретін жаттығулар, әр түрлі характердегі суреттелген бейнелер, ағылшын тіліндегі мультимедиялық дискті материалдар, аудио–, видеоматериалдар білімнің жетістікке жетуіне, тілдің дамуына қызмет етеді. Лексикалық бірліктерді, грамматикалық құрылымдарды қайталау және бекіту ағылшын тіліндегі алған білімді өзіндік тексеру болып табылады. Smart тақтасымен жұмыс жасағанда оқушылар бір мезетте көру, есту, айту, жазу дағдыларын жетілдіреді, олар материалдарды жақсы меңгеруге мүмкіндік жасайды. Smart board интерактивті тақтамен бірге Smart Notebook бағдарламалық құрал жұмыс жасайды. Ол түрлі ақпараттық (мәтін, бейне, сызба, белгі, сурет) түрлі көріністерді өзінің ішінде жасауға мүмкіндік беретін, және дайын тақырыптық суреттер жинағы бар бағдарлама.

Қазіргі уақытта ағылшын тілінде барлық жас ерекшеліктер үшін жеткілікті жаттығулары бар мультимедиалық оқулықтар бар. Олар фонетикаға, лексикаға, грамматикаға, оқуға, сөйлеуге, тыңдауға, жазуға үйретуге арналған мультимедиалық оқулықтар: Oskar’s word bank, Way Ahead, Talk now!, Encyclopedia Britannica, English learning course, Витаминный курс, Bridge to English және т.б.

Болашақ ағылшын тілі мұғалімі сабақ барысындағы АКТ құралдарын қолдану арқылы барлық мәселелер шешілді деп ойлауына болмайды. Оларды оңтайлы қолдану ғана нақты ұтымды нәтижелерге жеткізеді:

-            оқыту үдерісін жеделдетеді;

-            мәліметті қабылдау сапасын жақсартады;

-            оқушылардың пәнге деген қызығушылығын тездетіп көтереді;

-            оқушылардың оқу мәнерін және жеке ойлау жүйесін дамытады, қабілетін түрлілендіреді;

-            талдау жасауға, деректерді салыстыруға үйретеді;

-            өздігінен білім алуға үйретеді;

-            күнделікті өмірде алынған білімін қолдана алады (ағылшын тілінде қатынасу, өлеңдер аудару, кейіпкерлердің мультфильмдер мен кинофильмдердегі диалогтарды түсіну).

Ағылшын тілі мұғалімін дайындауда оқытудың мазмұны мен әдістемесіне енетін өзгерістерге сыни тұрғыдан қарап, баға беруі, жаңашыл ақпараттық технологияларды игеру қажеттігі анықталды. Бұл үдеріс жоғарыдан төмен, әрі төменгі деңгейлерден жоғарыға қарай екі бағытта да жүзеге асқанда ғана жемісті болмақ. Шебер ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің ақпараттық технологияларды меңгеруіне ішкі психологиялық кедергісі бар екенін ескере тұра, жаңашыл технологиялардың насихатшысына да айналдыру керек. Қорыта келгенде болашақ ағылшын тілі мұғалімін ақпараттық технологияларды шебер меңгертуге, оны оқу үдерісінде тиімді пайдалануға бағыттау арқылы ғана заманауи мұғалім деңгейіне жеткізуге болады.

 

Әдебиет:

1.        ҚР «Білім туралы» заңы, 11-бап, 9-бөлім. –Астана, 2007.

2.        Лаврентьев Г.В. Психолого-педагогическое условия подготовки преподавателей для преминения образовательных инновацией в вузе. Сайт http:enit.ulsu.ru\d\011.

3.        Титова С.В. Некоторые теоретические проблемы исследования компьютерных технологий в образовании. //Вестник МГУ. Сер.19. лингвистика и межкультурная коммуникация. -2005ж. 42-50б.

4.        Киселёва Н.Е. Использование мультимедиа-технологий на уроках английского языка.//Вестник КАСУ №1 – 2009г