Сарқытбаева
Анар Болатовна
Қазақстан
Республикасы, Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласы
«№ 1 жалпы орта білім
беретін мектеп» КММ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ОҚУШЫЛАРДЫҢ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛЫ
Ғалымдар мен тәжірибелі мамандар
педагогикалық технология бұл – үнемі өзгеріп отыратын
оқу процессінің жағдайларында болжамдалған
нәтижеге жетуді құралдық тұрғыдан
қамтамасыз ететін әрекеттер, операциялар мен шаралардың
ойластырылған жиынтығы деп санайды. Жалпы мектеп жасындағы
балаларды дарынды, дарынсыз деп бөлуге болмайды. Көркемдік
қабілеттің барлық адамға тән екендігін
мойындауымыз керек. «Әрбір бала – болашақ данышпан» деген
қағидаға сүйену керек, өйткені баланың
ең болмаса өнердің бір түріне қабілеті болады.
Шығармашылық - бүкіл болмыстың, қозғалыстың,
дамудың және тіршіліктің қайнар көзі.
Табиғатта, қоғам құбылыстарында, жеке
адамның ақыл-санасында, іс-әрекетінде, ішкі жан
дүниесінде - бәрінде шығармашылықтың табиғи
процестері үздіксіз жүріп жатады. Және ол процесс бей-берекет,
жүйесіз жүрмейді, белгілі бір табиғи
заңдылықтармен, табиғи жүйемен дамиды.
Оқыту мен тәрбиелеу процесінде
оқыту шығармашылығын дамытудың қажеттілігі
қоғам талабынан туындайды. Қоғам қашанда дарынды,
қабілетті адамдарға мұқтаж болып келген, болып отыр
және бола береді де. Түр сипаты мүлдем жаңа дәуір
туып келеді. Ендеше сол дәуірге сай өзгеше қабілет-қасиетке
ие жаңа адам пайда болады.
Оқушыларды шығармашылық процеске
араластыру үшін сол арқылы баланың бойында
шығармашылық қабілет-қасиеттерді қалыптастырып,
дамыту үшін шығармашылық процестерді тудыратын сәттерді
жасауға, ой ұшқырлығын талап ететін жағдайларды
тудыруға, сын, пікір, дәлелдеме, қорытынды жасап,
сөздік қорларын дамыта алатындай кездерді тудыруға тиіспіз.
Қазіргі бастауыш мектептегі
жаңа өзгерістер әлемдік білім беру тәжірбиелерін
пайдалана отырып, баланың жеке дара дамуын қамтамасыз ететін
жаңа бағытты, жобаны іздестіру және оны қолдануға
бағытталған. Шығармашылық қабілеттінің
қалыптасуы, дамуы туралы және оның қоршаған орта
мен тәрбиеге тәуелділігін, сондай-ақ
қабілеттіліктің дамуында іс-әрекеттің құрал
ретіндегі рөлін көрсетуге
арналған ғылыми зерттеулер бастауыш сынып оқушыларын
шығармашылыққа баулу процесін ілгерілетеді.
Пролемалық
оқыту теориясын жасаушылар (А.М.Матюшкин, Т.В.Кудрявцев, М.И.Махмутов,
И.Я.Лернер) проблемалық оқытудың мақсаты ғылыми
таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгертіп
қоймай, сонымен бірге оқушының танымдық дербестігін
қалыптастырып, оның шығармашылық қабілеттерін
дамыту екендігін баса айтады. Бұл сұрақтар С.Жиенбаев,
Ғ.Бегалиев, Ә.Қоңыратбаев сияқты әдістемешіл-ғалымдардың
педагогикалық қызметтерінде бастау алып, бүгінгі күні
бастауыш білім сатысында өзіндік ізі бар С.Рахметова,
Т.Әбдікәрімова сияқты ғалымдардың зерттеулерінде,
еңбектерінде тәжірибелік нысанда шешу жолдары көрсетілген.
Профессор
С.Рахметованың зерттеулерінде бастауыш сынып сабақтарында
ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыс түрлері,
оларды өткізудің жолдары кеңінен сипатталған.
Ғалымның бастауыш сынып оқушыларын
шығармашылыққа баулу идеясы оқулықтары мен
оқу құралдарында көрініс тапқан.
Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру
тұжырымдамасында: «Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда
адам жай зерттеу обьектісі ретінде ғана емес, ең алдымен шығармашылық
пен таным субьектісі, құдыретті мәдениет үлгілерін
дүниеге әкелген әрі өзінің
щығармашылыққа деген құлшынысымен
оқушыларды баурап әкететін субьект ретінде белсенді», - делінген.
Сабақ үстінде оқушының шығармашылық
белсенділігін арттыру жағын ойластыру керек. Халық
даналығында әдеп, нақыл сөздер өте көп.
«Оқу өрге тартады, надандық жерге тартады», «Тіл –
ақылдың өлшемі», «Тіл жеткенше нұсқаған
көсем» деген этикалық сөздердің тәрбиелік
мәнін аша отырып оқыту бастауыш сынып оқушыларын тілге,
ғылымға құрметпен қарауға үйретеді.
Эстетикалық
қызығу - адамға қажетті эстетикалық
құндылықтар мен құбылыстарды танып-білу
мақсатымен өз қалауы бойынша өмірде, болмыста жасалатын
нысаналы іс-әрекет. Эстетикалық
қызығушылықтың негізгі эстетикалық
қажеттілік болып табылады, ал бұл екеуінің бір-біріне ауысуы
кезінде адам үшін осы қызығу обьектісі маңызды
эстетикалық құндылыққа ие болады да, онымен
қайта кездесуге асығады, эстетикалық
қызығушылығы арта түседі. Эстетикалық
ләззаттанған оқушының шығармашылық іс-әрекет
тәжірибесін игеру процесінде ақыл-ойы толысады, сөздік
қоры дамиды. Оқушының танымдық шығармашылық
іс-әрекетінің табысты өтуі мұғалімге, оның ізденіс әдістерін
дұрыс таңдап алуына байланысты. Алғашқы
педагог-ұстаз Ы.Алтынсарин мұғалім туралы:
«Мұғалім балалармен істес болады: егер олар нәрсені
түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кіналамай,
оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін
өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен
сөйлескенде, ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлықпен
сөйлеп, шұбалыңқы сөздер мен керексіз терминдерді
қолданбастан, әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен
түсіндіруі керек», - деп ұстаздың бала алдында биіктен
көрінетін тұлға болу керектігін ескертеді. Бұл пікірдің
шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыруда, яғни
шығармашылық тапсырмаларды іріктеуде қойылатын
әдістемелік талаптар тікелей қатысы бар:
-
Шығармашылық
тапсырмалар мазмұнының пән бағдарламасында белгіленген
оқу материалынан асып кетпеуі керек.
-
Шығармашылық
тапсырмаларды орындау үшін пән бағдарламасында
көрсетілмеген ұғымдар мен заңдылықтардың
қажет болмауы шарт.
-
Шығармашылық
тапсырмалар мазмұны танымдық сипатта, яғни
оқушының ой-өрісін, қиялын, т.б. дамытатындай,
соған байланысты іс-әрекеттің түрлі амалдарын
қолдана алатындай білік қалыптастыру көзделуі қажет.
-
Шығармашылық
тапсырмаларды құрастыруда оқушының дара ерекшелігін,
әдебиетке құштарлығын есепке алу қажет.
-
Шығармашылық
жұмыстарды орындау нәтижесі оқушының пәннен
алатын білімін тереңдетуге, пәнге қызығушылығын
арттыруға бағытталуы тиіс.
Ойлауды
сөзден бөлуге болмайды. Сондықтан да балалардың тілін
дамыту әрқашан ой операцияларын орындаумен бірге
қарастырылады. Оқушылардың салыстыра, топтастыра,
жүйелей, қорытынды шығаруы, олардың ауызша және
жазбаша сөзінің логикалық дәлдігінен, бейнелілігінен
көрінеді. Оқушылардың сөздік қорын байытумен
байланысты жүргізілетін жұмыстарда балалардың жас
ерекшеліктері мен жеке бас ерекшеліктері, олардың зейін, ерік,
қиял, т.б. әрекеттері ескеріледі. Бастауыш сынып
оқушыларының сөздік қорын байыту мен сөздерді
үйретудегі ескерілетін ұстанымдар қатарына сөздің
күнделікті өмірмен байланыстылығы, жеңілділігі,
ұғымға сай келуі, тақырыптармен байланыстылығы,
тәрбиелік, ізгілік ұғымға сәйкестілігін есепке
алуды жатқызуға болады. Сөйлеуге мынадай талаптар
қойылады: мазмұнды
сөйлеу, дәл сөйлеу, жүйелі сөйлеу,
мәнерлі сөйлеу.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Әбдікәрімова Т.М. «Бастауыш сыныпта мәтін арқылы
тіл дамытудың ғылыми негіздері мен оқыту әдістемесі»
Алматы, 2002 жыл.
2.
Байтұрсынов А. «Тіл тағлымы» Алматы, 1992 жыл.
3.
«Білім. Образование» Ғылыми-педагогикалық
журнал, 2003 жыл, №3, С.Серімбетова «Оқушылардың
шығармашылық қабілетін дамыту».
4.
Жұмабаев М. «Педагогика» Алматы «Ана тілі, 1992 жыл.
5.
Жампейісова М.М. «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту
құралы ретінде» Алматы, 2002 жыл.
6.
«Қазақстан мектебі» журналы, 2002 жыл №1,2 Ә.
Мүсілімов «Қабілеттілікті дамыту»
7.
Құлмағамбетова Б. «Қазақ тілі
сабақтарында тіл дамыту» методикалық нұсқау, Алматы,
1989 жыл.