Бейсембаева Әлия Байхановна, Ошақбаева Жаңыл Тұрдығазыновна

 

«№36 және № 34 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ

Семей қаласы

 

ФИЗИКА  ПӘНІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

 

«Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс»

                   Н.Ә.Назарбаев

 

Қазіргі мектеп өмірінде жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың өрісі кеңейіп, маңызы артып отыр. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту туралы тұжырымдамада «орта білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында алынған терең білімінің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген.

Мектептегі оқу пәндері қатарындағы күрделі және қиын  пәндердің бірі бұл - физика. Қазіргі заман бұл физика ғылымы мен оның салаларының жан-жақты тараған кезеңі. Жаратылыстану бағытындағы жетекші пәндердің бірі бола отырып физика оқушылардың ақыл-ойын, логикасын және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға ықпал жасайды. Технологияның озық жетістіктерін физика сабағында қолдану арқылы танымдық іс-әрекеттерді тиімді ұйымдастырудағы оқушылардың құзыреттілігін (өз бетінше жұмыс істеу, есептерді шығара білу, шапшаңдылық, шеберлік дағдылары, оқушының ой-өрісі) жан-жақты дамытуға болады. Сабақта ақпараттық технологияны тиімді пайдалану білім сапасының артуына әкеледі, оқушының логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, интернет желісінен сабаққа қажетті деректерді өз бетімен іздеуіне және компьютерлік сауаттылықтарына жол ашады. Дәстүрлі оқыту әдістері мұндай нәтижеге қол жеткізуге кепілдік бермейді. Сол себепті қазіргі білім жүйелерінде жаңа технологияларды пайдалану педагогикалық практиканың жарқын болашағына негіз болатын бағыт.

Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз оқу болғандықтан қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндеттің бірі-оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын мен қабілетін қалыптастыру. Оқушы қабілеті дегеніміз оның педагогикалық ықпал аясында білім алу әрекеті, жеке тұлға ретіндегі шығармашылық қабілетінің дамуын қамтитын өзекті мәселе.

Физика пәнінің даму тарихы ірі жаңалықтардың эксперимент нәтижесінде ашылғанын көрсетеді. Есептер шығару барысында оқушы физикалық шаманы есептейді және заңдар мен заңдылықтарды тағайындайды. Оқушыларды олимпиадаларға дайындауға эксперименттік есептер беріледі. Қайталау-пысықтау сабақтарында оқушылардың білімін бағалау үшін сөзжұмбақты пайдаланамыз. Үлкен тақырыптар мен тарауларды қайталағанда оқушыларға үйде осы тақырып пен тарау бойынша сөзжұмбақ құрастырып әкелуді тапсырамыз. Мұндай тапсырманы оқушылар бар ынтасымен орындайды. Мұндағы ең басты мақсат:

1)     оқушылар сөзжұмбақты құрастыруда өз бетінше ізденеді.

2) әр түрлі ғылыми-техникалық басылым мен анықтамаларды қарайды, олармен өздігінен жұмыс істеуді үйренеді.

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі- жаңа технология негіздері болып табылады. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың ақпарат құралдарымен жұмыстана білуіне назар аударған жөн. Дамыта оқыту жүйесі оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтауын белсенділігін, дағдысын білім саласының дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі шәкірт ертеңгі күнгі әр түрлі саланың маман иесі. Мұндай сабақтарда оқушылардың тапсырылған жұмыстарға іскерлігі қалыптасады. Болашақ өміріне қажетті белгілі бір кәсіби мамандықты таңдап алуға септігін тигізеді.

Оқытудың жаңа ақпараттық- коммуникациялық технологияларын меңгеру – қазіргі заман талабы. ХХІ ғасыр – ақпараттық технология ғасыры. Қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың маңызы зор. Білім беруді ақпараттандыру және пәндерді ғылыми – технологиялық негізде оқыту мақсаттары алға қойылуда. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті жұмысшы мамандарын даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.

Қазіргі білім жүйесінің ерекшелігі – тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыру. Бiлiм беру саласында инновациялық үрдiстi жүзеге асыру мұғалiмдерден өз мінез – қылықтарын, ұстанымдарын, мүмкіндіктерін түрлендiрудi талап eтедi.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада «Е-learning» электронды оқыту жүйесі бойынша білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу процесін автоматтандыру, педагогтар мен оқушыларды ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаты атап көрсетілді.

Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру енгізілді. Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Білім беру саласында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін модернизациялаудың тиімді тәсілдері пайдаланылуда және одан әрі жетілдірілуде.

Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практика тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың құштарлығы оянады.

Шығармашылық - өте күрделі психологиялық процесс. Мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы шығармашылығын ұйымдастырады. Мақсат - оқушыға оқу үрдісін ұйымдастыру барысындағы шығармашылықтың маңызын түсіндіру, баланың басқаға ұқсамайтын қабілетін ашу.

Физиканы оқытудағы интернет-технологиялар білім ортасын айтарлықтай кеңейтуге және танымдық іс-әрекеттерді арттыру үшін қосымша дидактикалық жағдайлар жасауға, оқыту процесіне қатынасын өзгертуге, өзін-өзі тану және өзін өзі-дамыту дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білімнің жоғары деңгейге шығуы қоғам үшін де, қоғамның мүшесі болып саналатын оқушы үшін де аса маңызды болып келеді. Жаңа білімді тиімді іс-әрекет, жаңа технологиялар, ақпараттық дүниемен қарым-қатынас жасау арқылы оңай меңгеру әдістерін дамытуға болады. Мұның бәрі  ақпаратпен жұмыс жасау және оны байыпты ұғыну жолдарын іздеуге, оған сыни тұрғысынан қарауға, өз пікірін дәлелдей алу қабілетімен қатар шығармашылығын да дамытуға бағыт береді.

Шығармашылық ақпаратты оқушы баспасөз беттерінен, аудио-видео құралдарынан да алады. Алайда бүгінгі күні, әрине, басымдылық пен маңыздылық компьютер мен телекоммуникация құралдарына беріліп отыр. Физика сабақтарында интернеттің көмегімен оқытудың жаңа құралы ретінде оқушылардың жеке қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып, олардың ақпараттық-коммуникативтік және шығармашылық іс-әрекетін ынталандыруға үлкен септігін тигізетін біркелкі емес дидактикалық жағдайларды ұйымдастыра аламыз.

Әдістемелік технологиялар мен сабақ үйрету шеберлігін жетілдіру үшін мынадай жұмыстар жүргізу қажет:

- үздіксіз біліктілікті көтеріп отыру;

- арнайы әдебиеттерді оқу;

- оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын ендіріп отыру;

- өзіндік сараптама жүргізу арқылы ұстаздық шеберлікті жетілдіру.

Физика сабағында оқу сапасын арттыру арқылы оқушылардың дамуына ықпал ету – әрбір мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен құзіреттілігіне тікелей байланысты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы»

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі-жаңа  Қазақстан» атты Жолдауы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз” атты Жолдауы.

А. Салихова  «Оқушылардың шығармашылығын дамыту». «Математика және физика»  ғылыми-әдістемелік  журналы №5-2009 ж.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.

Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.  

“Информатика негіздері” журналы №1, 2010 жыл.

«Физика және астрономия» журналы №4, 2007 жыл.

«Физика» журналы №6, 2006 жыл.