Aкадемик, п. ғ. к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна
Магистрант Жумабаева Клара Бердикуловна
«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан
М.МАҚАТАЕВ
ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЛЕКСИКАЛЫҚ
АНАФОРА МЕН
ЭПИФОРАЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Көркем шығармада көп
мағыналы сөз өте көп қолданыста жүреді. Суреткер көркемдік үшін ойын айқын жеткізуде стильдік
бояуы бар көп мағыналы сөздерді
қолданып, контекст ішінде бір сөздің бірнеше мағынасын ашып береді. Ақын өлеңдерінен сөздің
негізгі мағынасынан басқа туынды мағынасында
жұмсалған коннотативтік қызметін
айқын көруімізге болады. Сонымен әр
түрлі мағынасы бар сөз көп мағыналы сөзекені бізге мәлім. Полисемия – барлық тілдерде
қолданылатын құбылыс. Бір сөзге
бірнеше мағына беру арқылы берілген сөздер ақын лирикасында кең орын алады. Көп мағыналы
сөз тек тілдік құбылыс қана
емес, көркем дүниедегі бейне сырын ашудың көрсеткіші.
Лексикалық анафора мен эпифора
М.Мақатаевтың өлеңдерінде
ерекше орын алады. Лексикалық анафора мен эпифора
– қайталама түрлерінің ішіндегі ең
толымдысы, қызмет ауқымы орасан кең болып келетіні және әдеби тілдің стиль түрлерінің
барлығында дерлік қолданылатыны.
Өлеңнің мазмұнын аша түсетін, әр
түрлі сипаттағы іс-әрекеттерді
бір арнаға жинақтайтын, ең алдымен бір жайтқа ерекше назар аудартуды көздейтін
лексикалық анафора мен эпифора поэтикалық
мәтіндерде жиі қолданылады. Лексикалық қайталамалар қазақ тіл білімінде қалған
қайталама түріне қарағанда көбірек зерттелген түрі болып саналады.
Көркем мәтінде қолданылатын
лексикалық анафора мен эпифора шартты түрде үшке
топтастырылады:
- көркем мәтінде таза
стильдік қызмет атқаратын лексикалық
анафора мен эпифоралар;
- көркем мәтінде аралас қызмет атқаратын лексикалық анафора мен эпифоралар;
- көркем мәтінде
құрылымдық-композициялық қызмет атқаратын лексикалық анафора мен эпифоралар.
Лексикалық анафора мен эпифоралардың
қайталама ретінде сан алуан түрлері
бар: дистантты, контактілі, сатылы, көп сатылы, саңылаулы, тұйық,
семантикалық, күшейткіш қайталамалар. Ақын
қаламынан туған образды, соны тіркестерде сөз де тіптен тың, мағыналық жаңа реңке ие болуы
мүмкін. Яғни, сөздердің
реңін кіргізіп, ажарлап көркемдік жасап үйлесімге келтіретін тіл байлығының көріктеу құралдары,
тәсілдері бар. Омоним, көп мағыналы
сөз, антоним, фразеологизм сияқты экспрессивтік-эмоционалдық сөздер – М.Мақатаев
шеберлігінің негізгі арқауы,
өлендерінің тілін танытудың ең бір өзекті
тұсы болып саналады. Омонимия мен полисемияны бір-бірінен ажырата білу
керек. Омонимдердің полисемиямен бір
ұқсастығы бар: омонимдер де, полисемия да бірдей дыбысталып, айтылады, жазылады. Омонимдердің
полисемиядан басты бір айырмашылығы: омонимдер бірдей дыбысталып, айтылып, бірдей жазылса да, мағыналары әр
түрлі болады да, мағыналар арасында байланыс болмайды. Ал полисемия, яғни көп мағыналы сөз, бірдей
дыбысталып, бірдей жазыла отырып, мағыналары
жағынан жақын, байланысты болып келеді.
Мәселен, адамның басы, таудың басы, жұмыстың
басы деген сөз тіркестерінде келген бас
сөзі көп мағыналы сөз, өйткені бұлардың
арасында мағыналық байланыс бар. Ал, аяғыңды бас, жұмыстың басы деген сөз тіркестерінде келген бас сөзі
омонимдер. Бұлардың
мағыналары арасында байланыс жоқ. Көп мағыналы сөзде мағыналық бірлік болса, ал
омоним сыртқы тұлғасымен ғана ұқсас болып келеді.
Лексикалық омонимдер бір ғана сөз табына қатысты
болады да, барлық жағдайда
бірыңғай тұлғаға ие болып тұрады. Ал
лексика-грамматикалық омонимдер
әр сөз табына қатысты болады, осыған орай, олар бір тұлғасында бір-бірімен
сәйкес келіп, басқа тұлғаларында
ажырасып кетеді. Аралас омонимдік қатар лексикалық омонимдерді
де, лексика-грамматикалық омонимдерді де қамтиды.
Мұқағалидың
өлеңдеріндегі өте жиі қолданылған, көп мағыналы
сөздердің бірі – ақ
сөзі. Бұл сөзді автор әр түрлі мағынада жұмсайды, бір өлеңнің
немесе шумақтың ішінде бірнеше рет қайталап, жаңа бояу, жаңа реңктер береді.Мұқағали жырларында
"ақ" сөзі мынадай тура және ауыспалы мағынада сөз тіркестерінде
кездеседі: ақ бастау, ақ жан, ақ жалын, ақ кимешек, ақ
қар, ақ бала, ақ ұлпа, аққа оранған көшелер, ақ мамық, ақ
тұман, ақ тау, ақ сәуле, ақ таң, ақ шымылдық, ақ нөсер, ақ
бұлт, ақ тас, ақ аспан, ақ үміт, ақ
қайың, ақ көңіл,
ақ жүз, ақ гүл, ақ түтек, ақ сай,
ақ қырау, ақ тозаң т.б.
Ақынның "Естелік" деген
өлеңінде "ақ" сөзі тура мағынада, сындық қызметте жұмсалған. Мұнда автор "ақ" сөзін бір шумақта
бірнеше рет қайталайды, кейіпкер өз бетін
ақ бастауда жуғанда өзінің өтіп кеткен
жастық шағын еске алады. Бұл
жерде "ақ" сөзі таза, күнәсіз, тамаша, керемет балалық шақтың күндерін, зымырап ұшып
кететін қарқынды сәттерін, бақытты
кездерін сипаттауда қолданылған. Нәресте
кез өтсе де, бірақ кез келген адамның есінде ол туралы естелік қалады. "Ақ бастау" сөз тіркесі лексикалық
анафора жасайды. Сондай-ақ "бастау"
деген сөз омоним болады. "Бастау" сөзінің бірнеше
мағынасы бар. Мысалы, "бір істің бастауы", "кірісу", "сөз бастауы", "жалыға
бастау" т.б. Ал мына өлеңде "бастау" сөзі "бұлақ, қайнар"
мағынасында берілген.
М.Мақатаевтың өлеңдеріндегі
түсті білдіретін көп мағыналы сөздердің қайталануы өте маңызды бейнелі
компонент. Лексикалык бірліктердің қайталануы
мәтіндегі эмоционалдық айшықты сөздердің
тойымдылығын, бейнелі айбындылығын көтереді. Мысалы,
"Жаздың таңы" өлеңінде "ақ"
сөзінің анафоралық қайталануы басты рөл
атқарады, автор осы түсті аяулы және нәзік таңның
түсімен байланыстырып отырады.
Ақ тауға асылғанда ақ
таң келіп,
Ашылған ақ шымылдық мақпал
дерлік.
Ақ сәуле ұяма кеп
ұйығанда,
Ақ таңға қанатымды
қаққам келіп [1].
Бұл өлеңде автор "ақ" көп
мағыналы сөзін 8 рет қайталайды. Осы бір-ақ омоним сөзі арқылы Мұқағали
жаздың таңының сұлулығын, қайталанбас көрінісін сипаттайды. Келесі үш жолда:
"Ақ таудың бөлеп мен
бесігіне, ақ таңның сүтіменен асыраған, Күн
– менің асыл анам, асыл анам", - деп,
автор "ақ таң" сөз тіркесін, "күн" сөзін асыл ана бейнесімен салыстырып отырады, "ақ
тау" оны бесігіне бөлеп,
"ақ таңның сүтіменен" асырайды.
Анафора қолданылуымен бірге өленде тұйықты
қайталама кездесіп отырады. Бұл жердегі "ақ таң" сөзі
қайталанып отыратын сөздердің қатарында бастамасы
және аяқталуы ретінде беріледі. "Ақ
таң" сөзінің мағынасы өлеңнің
негізгі тақырыбы, автор ақ таңның
келгендігін сипаттайды.
Өлеңнің бірыңғай дауысты
"А" дыбысынан басталуы да сондай мәнерлі.
Бұл ассонанс қайталаманың
түрі стилистикалық тәсіл ретінде
өлеңге ерекше экспрессивтік-эмоционалдық әсер береді.
Лексикалық анафора мен эпифораны белгілі бір
өлеңде анықтау, айқындау ретінде пайдалануға
болады, ол арқылы автор поэтикалық
мәтіндегі авторлық ойды сергіте алады, баяндау жүйелілігін жүзеге асырады.
Сондықтан өлеңде түстің реңін, қоршаған ортадағы кездесетін
құбылыстардың қыр-сырларын бір тұтастыққа біріктіреді және
бір табиғат суретінің сипаттамасын көрсетеді [2].
Мұқағали поэтикасында түс –
заттардың, нәрселердің шынайы
өңдерін суреттеумен қатар, ақынның сол
нәрселерге көңіл-күйін, ойын,
яғни эмоциялық бағасын білдіру үшін құрал
ретінде қолданылады, белгілі бір нәрсе
жайындағы жеке пікірді, субъективтік пайымдауды білдіреді. Мысалы,
"Сағындым ғой дедім-ау,
жаным" жырының "Сол менің ақ жанымның
ақ жалыны" деген
өлең жолында ақ сөзі – адал, күнәсіз,
әділетті, арамдығы жоқ мағынасында
жұмсалып тұр.
Анафоралық және эпифоралық
қайталамалар лирикалық кейіпкердің
көңілі мен ой дүниесінің диалектикасын сипаттайтын поэтикалық
әңгімелеуді ашу, айқындау үшін мүмкіндік
туғызады [3]. Мысалы,
Мұқағалидың төмендегі өлеңінде
"ақ кимешек" қайталанылатын анафоралық
сөз тіркесі символға айналдырылған. Автор "ақ кимешекті" көргенде, өзінің
ардақты, сүйікті әжесінің бейнесін көреді, таныс дауыс, таныс
сөз есіне түседі. Мұнда "ақ" – қасиетті аналарымыз бен аруларымыздың
басына салатын жаулығының түсі екені айтылған.
Әже, сен бірге жүрсің менімен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген
бір кемпір көрсем,
Ак кимешек астынан сені көрем.
.... Ақ кимешек көрінсе, сені
көрем,
Ақ кимешек жоғалса,...
Нені көрем???[1].
Сөйтіп ақын өлендерінде ақ сөзінің
мағынасы әр алуан екендігін және
өте көп ұшырасатындығын айқын көреміз. Қайталанатын көп мағыналы сөз де түрлі
реңкте жұмсалып өлеңнің қуатын арттырып, әрлендіре түседі. Ақ сөзі – адалдықты, тазалықты, әділеттілікті,
күнәсіздікті суреттеудегі пайдаланылатын бейнелі сөз. Ақ сөзі табиғат, құбылыс
атауларының бәрімен тіркесіп, ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Адам мен
табиғат тұтастықта жырланғандықтан,
сиқырлы сөздерді ұтымды қолданудағы тапқырлық десек те болады. Ақ
аспан, ақ қар, ақ таң, ақ бұлт, ақ тау, ақ бастау, ақ тас, ақ
нөсер, ақ тұман және
т.б. тіркестер бірнеше рет қайталанады.
Бұл сөз тіркестері – тура және
ауыспалы мағынада беріліп, өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік
әсерін күшейтіп тұрған мағыналы, образды
сөз тіркестер [3]. "Қара"
сөзі көбінде сындық мағынада қолданылып, зат есімді анықтайды. Осы
өлеңде автор қара сөзін 11 рет қайталап,
өлеңге айрықша нәр беріп,
стильдік бояуын нақтылайды. Өлеңнің бірыңғай
дауыссыз қатаң
"қ" дыбысынан басталуы, яғни аллитерация тәсілін
қолданылуы ерекше
эмоциялық әсерге ие етеді. Шумақтың екеуінде "қап-қара" секілді
күшейткіш шырайда түрған сөз қара
өлеңнің салмағын
мығымдай түседі. Бүл жерде "қашпаңдар
қара бояудан"өлең
жолы, "қап-қара" сөзі лексикалық
анафораға айналған. Поэтикалық
мәтіннің мазмұнына қара түстің
реңктері әсер етіп, өлеңді қара түске
бояйды. Қара түс өлеңнің басынан аяғына дейін доминант түс ретінде
қолданылған. Өлең "қара" сөзімен басталып, "қара" сөзімен
аяқталады. Қара түс – әр түрлі киындықтардың түсі, адам
өміріндегі бүкіл қарама-қайшылықтың белгісі. Ақын осындай қайшылықты
сөздерді қолдану арқылы өмірде кездесетін келеңсіз жайттарды сипаттап жеткізуге
тырысқан. Адамның рухани
сезімдерін осы сөздерді қолдану арқылы сездірген. Бұл жерде автор анафорамен бірге сақина
қайталаманың түрін қолданады. "Қашпаңдар қара бояудан" деген қайталанып отыратын
сөйлемнің мағынасы поэтикалық
мәтіннің ішінде ашыла түседі, дамытып отырғаннан кейін, өлеңнің аяғында басқаша
естіледі, жаңа мағыналық реңктерді қабылдап, ұран, насихат сияқты
айтылады.
Қазақтың "қара
шаңырақ", "қара қазан" сияқты
берекелі ұғымдары қатарында
"қара шал", "қара шалғын",
"қара шалғы" да оқырман
танымына жаңа ою-айшықтарымен ой қосатын жанды, қимыл, суреттерге айналған" [4] – деп өте
дұрыс құнды тұжырым
жасаған. Қазақтың ежелгі
сөз ұйқасы, өлеңнің бастапқы
қалпы, байырғы өлең –
қара өлең. Қазақ халқының
фольклорындағы тақпақ, бір ауыз
өлендерінің көбі осы ұйқаспен
құрылған. Мұқағали
осы ұйқас жайында былай деген: "Қазақтың
қара өлеңі – құдіретім,
онда бір сұмдық сыр бар естімеген". "Қара"
бұл жерде "жай, қарапайым"
мағынасында жұмсалған. Жоғарыда келтірілген өлең үзінділерінде қара
сөзі лексикалық анафора мен эпифора
және аллитерация тәсілінде қолданылған.
Ойды өрбіту негізінде үстемелетіп, одан сайын асырмалатып суреттеу
басым. Мәтін ішінде қара сөзін құбылтып
түрлендіре отырып, бір ойды әр түрлі мағынамен беріп,
сырлы да сиқырлы сөздер тізбегін
тізіп, қазақтың қара өлеңінің
қүдіретін биіктете түседі.
Қорыта келгенде, М.Мақатаевтың
өлендеріңде тура және ауыспалы мағынада
беріліп, өлеңнің эмоциялық-экспрессивтік әсерін күшейтіп тұрған көп мағыналы омоним сөз
тіркестері көп колданылған. Көп мағыналы сөз, омоним тек тілдік құбылыс
қана емес, көркем дүниенің
бейне сырын ашудағы көрсеткіш екендігін байқаймыз. Ақын тіліндегі көп мағыналы
сөздер, түбір мен туынды омонимдердің
арасындағы кайталану, лексикалық анафора мен эпифора, сатылы, контактілі, дистантты, тұйықты, сақина, саңылаулы, симплока, күшейткіштік, семантикалық қайталамалардың түрлері, әуендік қайталама,
дыбыстық анафораның
қолданылуы өлеңнің көркемдігіне, мазмұнына,
мәнеріне, әсеріне
қызмет етеді.
Әдебиеттер:
1. Мақатаев М. Шығармаларының
толық жинағы: Төрт томдық.
Құраст. О. Асқар. - Алматы: Жалын баспасы, 2001. - 448
б.
2. Утанова А.Қ. Қазіргі
қазақ көркем
прозасындағы қайталамалар. Автореферат дисс.
Канд. Филолг. наук. - Алма-ата. 1992.-22 б.
3. Болғанбайұлы Ә.,
Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің
лексикологиясы мен фразеологиясы. - Алматы: Санат, 1997. -256 б.
4. Жұмабеков С. М.Мақатаевтың
«Соғады жүрек» атты екі
томдық шығармалар жинағы туралы), \\ Қазақ
әдебиеті, 1983.