Түйте Е.Е, Смаилова А.Ш.

 

                                                               Академик Е.А.Бөкетов атындағы

                                                        Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Когнитивтік лингвистика – жеке ғылым саласы

 

«Жеке сөздер жеке ұғымдарды білдіреді.

ұғымдардың өзі айналадағы құбылыстың,

жаратылыстың, әрекеттің санадағы сәулесі»

Н.Сауранбаев

 

Қоғам мен ғылымның қазіргі уақыт сұранысына сәйкес дамуы лингвистика ғылымына өзіндік ықпал етіп, тіл білімінде жаңа ғылыми бағыттар мен көптеген тоғыспалы ғылыми пәндерді дүниеге әкелуде. Тіл білімінің когнитология ғылымымен тоғысуы когнитивтік лингвистика ғылымын дүниеге келуіне себеп болды. Когнитивтік лингвистика саласындағы негізгі бағыт тіл мен адам санасын, тіл мен таным жүйесін біртұтас жүйе тұрғысынан қарастыру болып табылады. Когнитивтік лингвистика дегеніміз – танымдық құрылымдардың лингвистикалық сәйкестіктері мен мүмкіндіктерін анықтау, белгілі бір тілдік жағдайды қойылатын мақсатқа, әсер етуші себеп-салдарға орай әр түрлі тілдік құралдар арқылы сипаттау, олардың әркелкі деңгейде қабылдану өзгешелігін зерделеу. Когнитивтік лингвистика – тілді жалпы танымдық механизм ретінде қарастыратын бағыт [1]. Мұнда тілді философиялық, логикалық және танымдық қағидалармен өзара біртұтастықта қарастырады. Е.С.Кубрякованың анықтамасы бойынша, когнитивтік (лат. когнито білім, түсінік) тіл білімі дегеніміз: «Лингвистическое направление, в центре внимания которого находится язык как общий когнитивный механизм, как когнитивный инструмент – система знаков, играющих роль в репрезентации (кодировании) трансформировании информации» [2, 53]. Демек, когнитивтік тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизмін түсіндіруді және ақпараттық білім алудың негізі болып табылатын тілдік модельді жасауды мақсат етеді.

Ғылым үздіксіз дамып толығып отыратын күрделі үдеріс болғандықтан, қазақ тіл білімінің әлі де түпкілікті зерттеуді қажет ететін салалары мен мәселелері баршылық. Сол салалардың бірі когнитивтік лингвистика мәселелері. Когнитивті лингвистика ғылымына қатысты айтылатын «когнитология», «когнитив» терминдерін қазақ тілінде «таным» термині арқылы беріліп жүр. Танымды танымдық ғылым немесе тілдің танымдық сипатын зерттеуші антропоцентристік бағыттағы тіл біліімінің үлкен бір саласы деп атауға болады. Когнитивтік лингвистика – тілдің танымдық табиғи болмысын зерттейтін ғылым және бұл – бүгінгі күні ғылыми айналымда жүрген танымдық тіл білімінің термині. Таным дегеніміз адамның ішкі мүмкіндіктерін сыртқы әсер етуші күштермен байланыстыратын, оның қоршаған әлеммен тұтасқан болмысын сипаттауға мүмкіндік беретін және аралық қатынасты табиғи заңдылық ретінде немесе заттар мен құбылыстардың өзара әсер етуінің салдары деп дәйектейтін маңызды ұғымдардың бірі болып табылады. Танымның негізгі мақсаты – ғаламдағы құбылыстардың ішкі және сыртқы табиғатын адам санасы мен таным білігі жеткенше жетік меңгеру, соны суреттеу және оның қорытындысы ретінде адам баласы іс-әрекеттерінде, көрген, білген, түйсінген, таныған дүниесін өмірде өз қажетіне жарату. Ал когнитивтік лингвистиканың теориялық ұстанымдары осы танымдық элементтердің адам санасында жүзеге асу, қызмет ету өзгешеліктерін зерттеуге айтарлықтай үлес қосты.

Когнитивтік терминдер сөздігінде когнитивтік лингвистикаға мынадай анықтама беріледі: «Когнитивная лингвистика – это «лингвистическое направление, в центре внимания которого находится язык как общий когнитивный механизм, как когнитивный инструмент-система знаков, играющих роль в репрезинтаций (кодировании) и трансформировании информации». Яғни, аталмыш ғылым саласы – әлемді, қоршаған ортаны тіл арқылы танудың басты құралы. Жай ғана таным арқылы объективті дүниені тану танымның төменгі сатысын құраса, оны (қоршаған ортаны) тіл арқылы тану танымның жоғарғы сатысын құрайды. Осыдан әлемнің, белгілі бір ұлттың тілдік бейнесі келіп шығады. Мысалы, бесік жай таным бойынша ағаштан жасалған, баланы тербетуге арналған құрал болса, оны тіл арқылы тану сол бесік негізінде санада сіңірілген қазақ халқының танымы, білімі, тәжірибесі болып табылады («тал бесік», «жер бесік», «ел болам десең бесігіңді түзе» т.с.с.).

Соңғы уақытта шыққан қазақ тіл білімі мен жалпы тіл біліміне қатысты терминдердің басын біріктірген үлкен еңбектердің бірі профессор Ғ.Қалиевтің: «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» адам танымын, танымдық механизмдерін, тіл мен танымның бірлестігін зерттейтін когнитивтік лингвистика ғылымына мынадай анықтама беріледі: «Когнитивтік тіл білімі орыс. – когнитивная лингвистика (лат. cognitіo білім, түсінік) – табиғи тілді сана әрекетінің көрінісі, ойдың тікелей шындығы ретінде зерттейтін тіл білімінің саласы. Когнитивтік тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизімін түсіндіруді және соған лайық оның моделін жасауды мақсат етеді. Ол үшін ниет, ес, еске сақтау, түсінік, жоспарлау, басқару сияқты сөйлеуге қатысты тілдік, психологиялық, физиологиялық т.б. ақпараттардың басын біріктіретін когнитивтік категориялар пайдаланылады. Когнитивтік тіл білімі тілдің көмегімен ақпараттың берілу, сақталу тэсілдері мен құрылымы жайында түсінікті кеңейтеді және машиналық аударма, ақпараттық-ізденіс, есептеу жүйесімен т.б. байланысты бірқатар қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді» – деген анықтама береді.

Алғаш «когнитивтік лингвистика» деген термин 80-ші жылдары М.Бирвиштің еңбегінде сөз болған. Дегенмен, тілдік құбылысты когнитивтік тұрғыдан зерттеу 60-70-жылдары амеркандық Хомский, Лакофф, Коок т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады.Сонымен қатар когнитивтік тіл білімінің жаңа бағыт ретінде зерттелуінде В.Гумбольдт, Э.Кассирер, Л.Витгенштейн, Дж. Миллер, Ф.де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ, Э.Сепир, Б.Уорф т.б. ғалымдардың ықпалы күшті болды. Орыс тіл білімінде когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселелері Ю.А.Сорокин, Е.С.Яковлева, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия, А. Вежбицкая, А.П.Бабушкин, С.А.Аскольдов, А.Н.Баранов, Д.О.Добровольский, И.Д.Арутюнова, Н.Н.Болдырев, Э.Д.Попова, И.А.Стернин, Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова сияқты зерттеушілердің еңбектерінен көpiнic табады. Аталған ғалымдардың зерттеу еңбектерінде когнитология ғылымының нысаны, бағыт-бағдары, зерттелуі негізгі ұғымдары сөз етіледі.

Ал осы когнитивтік лингвистика ғылымының маңызы туралы В.А.Маслова мынадай ой айтады: «Когнитивная лингвистика доплняет анализ языка анализом речи, различных контекстов употробление соответствующих лексем, зафиксированных в текстах суждений о концепте, его определений в разных словарях и справочниках, анализом фразеологии, пословиц, поговорок, афоризмов, в каторых концепт репрезентирован» [4, 29].

«Когнитивтік лингвистика» қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары ғана зерттеле бастаған ғылым саласы. Когнитивті лингвистика антропоцентристік парадигма шеңберінде қалыптасқан тіл білімінің жаңа саласы. Қазақ лингвистикасында антропоцентристік бағыттың алғашқы нышандары қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов , С.Аманжолов, І.Кеңесбаев Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, Н.Уәли т.б. еңбектерінде қарастырылып, тіл мен ойлау арасындағы сабақтастық мәселесі сөз болды. Бұл кезеңде жалпы тілтану ұғымы алғаш қолданысқа ене бастаған кезең, дегенмен, қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың қалыптасып, алғаш танымдық тұжырымдар жасалған. Бүгінгі күні бұл лингвистикалық бағыттың өзіндік ұғым-бірліктері,ұстанымдары,ғылыми-теориялық негіздері дамып отыр. Антропоцентризм – грекше «anthropos» – «адам», ал «сentrum» латын сөзі – «орталық» дегенді білдіреді. Яғни, адам болмысын табиғат әлеміндегі өзге де болмыстарға қарсы қоя отырып қарастыру, өмірдегі болып жатқан құбылыстарды адам факторымен байланыстыратын ғылыми бағыт, тілді адам болмысымен өзара бірлікте қарастыруды мақсат етеді. Тілді антропоцентризм тұрғысынан қарастыру адамның ақыл-ойы, санасы, дүниетанымы, көріп білген өмір тәжірибесі, т.б. әрекеттерін тіл арқылы жеткізу болмақ. Антропоцентристік парадигма өз шеңберінде лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвопсихология сияқты жаңа бағыттарға жол ашады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулер төмендегідей когнитивтік құрылымдарға ерекше мән береді: қабылдау, ойлау, тіл, есте сақтау, әрекет ету т.б.

Когнитивтік лингвистиканың зерттеу мен оқыту барысында әлем елдері алдыңғы қатарға шығып, озық нәтижелерге қол жеткізуде. Ал қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыт бүгінгі күннің сұранысын өтеуден туындаған және алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге деген талпыныстан туындаған қажеттілік [5]. Тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика – ғылымының өзіндік қалыптасу тарихы, ғылыми мақсаты мен белгілі бір зерттеу нысаны бар ғылым саласы. Бүгінгі күні бұл саланың бағыты біршама қалыптасып өз арнасын айқындап алды. Тілдің жүйелі-құрылымдық сипаты қазақ тіл білімінде де мейлінше жан-жақты зерттелді. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасуында Э.Д.Сүлейменова, Н.Ж.Шаймерденова, Г.Г.Гиздатов, Ж.Манкеева, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Б.Хасанов, Б.Қасым, А.Ислам, Э.Оразалиева еңбектерінің маңызы зор.

Сонымен қатар, қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистиканың қалыптасуын Э.Оразалиеваның бес парадигмаға жіктеп қарастыруы көптеген ғалымдар мойындаған концепциялардың бірінен саналады. Ғалымның қазақ тілтаным ғылымының даму кезеңдерін:

І кезең: «тілтану»парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20-45 жж,негізгі өкілдері: А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов және т.б.

ІІ кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45-70 жж, негізгі өкілдері: Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев; М.Балақаев, І Кеңесбаев.

ІІІ кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы – ХХ ғасырдың 65-85 жж, негізгі өкілдері: К.Аханов, Т.Қордабаев, Ә.Хасенов т.б.

ІҮ кезең: тілтанымдық этюдтар парадигмасы – ХХ ғасырдың 70 жылдары мен аяқ шені, негізгі өкілдері: Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақ, С.Исаев, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ж.Манкеева т.б.

Ү кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер деп бөледі [6].

Сондай-ақ қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика ұстанымдарын бүгінгі күні жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың бірі – Э.Д.Сүлейменова. «Когнитивтік лингвистикада тіл адамзат ақыл-ойының ажырамас бөлшегі ретінде білім қабылдау, түсіну, ойлау секілді ұғымдармен қатар тұратын құрылым тұрғысынан қарастырылады» – деп айқындайды [7].

Қазақ тілін когнитивтік зерттеуге арнаған алғашқы жұмыстардың бірі ретінде Қ.Ә.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясын атауға болады. Бұл жұмыста тілдік сана құрылымы, гештальт теориясы, тілдік сана және мәтін құрылымы, тілдік модельдер, мұң концептісі т.б. когнитивтік мәселелер қарстырылған [8]. Профессор Ж.Манкеева да М.Бирвиш, Хомский, Лакофф, Коок, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян және тағы басқалардың есімдерімен байланысты когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен дамуына тоқталып, аталмыш ғылымның маңыздылығын айрықша атап өтеді [9].

Когнитивтік бағытта Г.Гиздатовтың «Сөйлеу қызметіндегі когитивтік модельдер: типологиясы мен динамикасы» атты докторлық диссертациясы қазақ тіліндегі  алғашқы зерттеу болып табылады. Докторлық диссертацияда адам санасындағы білімнің көріну деңгейі, берілу тәсілдері, құрылымы мен динамикасы қарастырылған.

Когнитивтік тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизімін түсіндіруді және соған лайық оның моделін жасауды мақсат етеді. Ол үшін ниет, ес, еске сақтау, түсінік, жоспарлау, басқару сияқты сөйлеуге қатысты тілдік, психологиялық, физиологиялық, т.б. ақпараттардың басын біріктіретін когнитивтік категориялар пайдаланылады. Когнитивтік тіл білімі тілдің көмегімен ақпараттың берілу, сақталу тәсілдері мен құрылымы жайында түсінікті кеңейтеді және машиналық аударма, ақпараттық-ізденіс, есептеу жүйесімен т.б. байланысты бірқатар қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Когнитивтік лингвистика ғылымы тек лингвистика мен когнитология ғылымының байланысынан ғана емес, логика, философия, психология, физиология секілді күрделі ғылым салаларымен де тығыз байланысты. Ғалымдардың пікірінше, әлемдік тіл білімінде әлем бейнесін когнитивтік тәсілдердің көмегімен зерттеудің мүмкіндігі мол екендігі айтылады.

Қорыта келгенде, когнитивтік лингвистика – жеке ғылым саласы. Тіл динамикалық құбылыс болғанннан кейін, ол заман ағымына сай түрленіп, толығып отыратыны сөзсіз. Когнитивтік лингвистиканың пайда болуы адам санасы негізінде қордаланған білімнің танымдық сипатының тіл арқылы көрініс табуының  нәтижесі деп білуге болады. Бұл жаңа ғылыми парадигма тұтас ұлтты тануға, адамзат танымының тамырластығын білуге, осы арқылы белгілі бір ұлттың немес әлемнің бейнесін жасауға жәрдемдесетіні сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.   Демьянков В.З. Когнитивизм, когниция, язык и лингвистическая теория. – М., 1992.

2.   Краткий словарь когнитивных терминов. //Под общей ред. .С.Кубряковой. – М., 1996.

3.   Қалиев Ғ. Қазақ тілі терминдерінің түсіндірме сөздігі

4.   Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. – Минск, 2004. – 265с.

5.   Жиренов С.А. Когнитивтік лингвистика. Оқу құралы. – Алматы, 2010. 110 б.

6.   Оразалиева Э.Н. Когитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы, 2007. – 312б.

7.   Сулейменова Э.Д. Казахский и руский языки: основы контрастивной лингвистики. – Алматы: Демеу, 1996. – 208 с.

8.   Жаманбаева Қ.Ә. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. –Алматы: Ғылым, 1998. – 140 б.

9.    Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным. — Алматы, 2001. № 4. –Б –39-43.