Ләззат Махайқызы Әділбекова,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,

Қазақстан

 

Афоризмдерді әдеби жанр ретінде зерделеудің нақты мәселелері туралы

 

     Тәуелсіз мемлекетіміздің бай, кемел де көркем  әдебиетінің  бар екендігіне  ешкім де шек келтірмейді. Республика көлеміндегі  бұрыннан және жүздеген  жана ашылған баспаханалардан шығып жатқан  түрлі саладағы әдеби, ғылыми, мәдени еңбектерге  күніне  толығып жататын  ақпаратты басылымдарды  қоссақ, интернет пен технология  заманы саналатын   XXI  ғасырда оқырман назары әлі де  кітапта екендігіне көз жеткізу  киын емес. Осы бір ақ қағаз бетіне теріліп, сан мыңдаған тиражбен таралып жатқан ағымды жарияланымдарда тақырыбына,  мазмұны мен құрылымына, яғни жанрына қарамастан  кеңінен қолданылатын бір үрдіс бар. Ол қанатты сөздерді қолдану үрдісі. Сіз оны көркем әдебиеттен де, ғылыми жұмыстан да, әкімнің баяндамасынан да, басшының есебінен де, тіпті күнделікті оқитын газетіміздің бетінен де  кездестіреміз.

    Әсіресе, алматылықтардың «Ақшамның афоризмдеріне» көзі үйренген,  2006 жыл көлемінде үзбей шыққан  белгілі ақын Кадыр Мырзалиевтің «Алмас жерде қалмас»  кітабынан алынған үзінділерді де жылы қабылдап, «Алматы Ақшамының кітапханасы»  айдарымен берілген бұл сөздерді  қалың оқырман сүйсіне оқып отырды десек кателеспейміз. Әйтсе де, қолына қалам алғанның қолданысына еркін түсетін бұл сөздер  қай жағынан болмасын, тақырыптық тұрғыдан да, жанрлық тұрғыдан да  әдебиет  ғылымында  арнайы  зерделенбеген. Сондықтан да мақала қазақ әдебиетіндегі тақырыптық жанрлық аясы  күні бүгінге дейін арнайы қарастырылмаған, сонда да  адамзат ақыл-ойының  квинтэссенциялық көрсеткіші болып табылатын қанатты сөздер  мәселесіне арналды.

     Қанатты сөздердің ауқымы  қанша кең болса, тарихы да сонша терең. Адамзат тарихында қанатты сөздер  - өз дәуірі тудырған замана таңбасын арқалайтындығын, оған қатысты барлық проблемаларды  көтеретіндігін, кейде тарихи оқиғаларға  нақты әсер ететіндігін ғылыми дәлелдеп шығуға болады. Өмір туралы , оның негізгі тірегі «Homo sapiens» - ой иесі, сөз иесі адам  туралы жанр болып табылатын қанатты сөздер әдебиеттің бір қарағанда көне түріне жатқанмен де, интеллектуалдық өнердің теңдессіз түрі ретінде бүгінгі қоғамда нағыз ғұмырлы жанрға жатады. Бүгінгідей ақпараттар ағымы айрықша ағылған заманда , қашанда « тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» бере білетін «оймақтай ой»  - афоризимдердің мәні артуда десек қателеспейміз.

     Ағылшын, неміс, француз, орыс әдебиеттеріне сүйенсек,  қанатты сөздерге  берілген нақты тұжырым әзірге жоқ. Ой тереңдігі мен кемелдігіне қатысты философтар, тілдік бірлік ретінде лингвистер, поэтикалық сұлу, әрі ықшам  көркем сөз тіркесі ретінде   әдебиетшілер афоризмдерді өз аясына тартып, өз тұрғысынан бағалауға тырысып келген, әрі бұл үрдіс жалғасуда. Әйтсе де, орыс филологтары тұжырымына сүйенсек, афоризм, ең алдымен әдеби жанр екендігін мойындауымыз керек.

·       Афоризмнің бірінші ерекшелігі ақиқатқа ұмтылған терең ой.

·       Афоризмнің екінші ерекшелігі олардың қысқалығы, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» екендігі.

·       Афоризмнің  үшінші ерекшелігі қосымша түсініктемені қажет етпейтіндей, аяқталған ой екендігі.

·       Афоризмнің төртінші ерекшелігі айтылған ойдың анықтығы, дәлдігі.

·       Афоризмнің бесінші, әрі негізгі ерекшелігі ойдың көркемдігі, адамзат ақыл ойының асыл қазынасының сыртқы сұлу сымбаты, эстетикалық тартымдылығы.

      Афоризмдер туралы анықтамаларға бір мақала аясында шолу жасау мүмкін еместігін ескере отырып, 1998 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан Әдебиеттану терминдер сөздігінің1  206-бетінде берілген,  белгілі ғалым,филология ғылымдарының докторы С. Негимов берген анықтаманы келтірейік.

  «Қанатты сөз жанрлық белгісі жағынан мақал-мәтелдерге өте ұқсас. Айырмашылығы, мақал мәтелдердің  авторы белгісіз, шыққан тегі белгісіз, халық шығармашылығына жатса, қанатты сөз авторы бар не нақты болмаған күнде аңыз күйінде ауызша болса да бүгінгі күнге жеткен  қанатты сөздің мол болуы сол тілдің сөз байлығын, тіл орамдылығын және ұлттық бейнелік ерекшеліктерін байқатады».

     Бұл анықтамадан  фольклор мен афоризмдер арсындағы ұқсастық нақты көрсетілген. Әйтсе де «ауызша болса да бүгінгі күнге жеткен» деген пікірдің себебін әдебиетіміздегі бұл жанрдың арнайы қарастырылмағандығына, афоризмдердің өміршең жанр ретінде күннен күнге толығып келе жатқандығының ғылыми түсініктемесі қазақ әдебиетінде әлі жасалмағандығынан деп білуіміз керек. Ауыз әдебиетіндегі мақал- мәтелдердің қысқалығына, ритмділігіне, мағыналығына қарап орыс ғылымының бір топ ғалымдары оларды афоризмдерден мүлдем ара жігін ажыратып қараса, екінші бір ғалымдар тобы, керісінше, мақал-мәтелдерді афоризмдермен бірге қарастыруды ұсынады. Ал әдебиеттің кейбір жанрлық түріне арналған  сөздіктерде афоризмдерді тек тақырып аясына қатысты ғана алып, анықтама беруге тырысады. Мысалы А.Квятковскийдің «Поэтикалық сөздігін2» алайық.

    « Афоризм (греч.)  изречение, выражающее с предельной лаконичностью в отточенной форме какую-либо оригинальную мысль. Афористические строки нередки в стихах русских поэтов. 

      Привычка свыше нам дана,

       Замена счастию она.

                                      (А. Пушкин)

      Поэтом можешь ты не быть,

       Но гражданином быть обязан.

                                        (Н. Некрасов)

   Мысль изреченная есть ложь.

                                        (Ф. Тютчев)

     Ненавижу всяческую мертвечину,

      Обожаю всяческую жизнь.

                                          (В. Маяковский)

   Чем продолжительный молчанье,

   Тем удивительнее речь.

                                        (Н. Ушаков)

     Смелого пуля боится,

    Смелого штык не берет.

                                      (А. Сурков)

 Афоризмами  насыщена комедия А. Грибоедова «Горе от ума», например 

  «... Счастливые часов не наблюдают...

   ... Служить бы рад, прислуживаться тошно.

  ... Блажен, кто верует  тепло ему на свете.

      Сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштері мен көне түркі жазба ескерткіштеріндегі, бертін келе жыраулар поэзиясы мен қазақ әдебиетінің ХІХ, ХХ ғасырлардағы  мол мұрасында кездесетін қанатты сөздер қазақ әдебиетіндегі бұл жанрдың тамырының тереңдігін, ауқымының кеңдігін көрсетеді. Қазақ халқының қаһарман ұлы, жазушы Бауыржан Момышұлының  қанатты сөздері халық арасында кең тарағаны белгілі. Бұл туралы ізденушінің бірнеше мақалалары жарық көрді. Оқырман қауымға Құлмат Өмірәлиевтің «Абайдың афоризмі» (Алматы: Қазақстан баспасы, 1993, 124 б.), Әбділхамит Нарымбетов дайындаған « Ғабит Мүсіреповтің күнделігі»  (Алматы. Ана тілі баспасы. 1997, 288б.)  жинақтары кеңінен таныс. Бұл тұрғыда баспасөз бетінде соңғы уақыттарда осы жанрда жиі көрінген Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев қаламынан туған  қанатты сөздерді айту орынды. Ұлттық  «Ана тілі» газеті арамыздан озған ұстазымыз, академик ғалым, сөз өнерінің жүйрігі Зейнолла Қабдоловтың біраз қанатты сөздерін  келтіре отырып, редакция атынан  оқырманнан  ел арасына кең тараған  басқа да ғалымның қанатты сөздерін білетіндердің хабарласуын сұрайды. Міне бұл үрдіс негізінен кемеліне келген әдебиеттерде қалыптасатын үрдіс.

    Келесі кезекте Қабдолов айтқан қанатты сөздерге тоқталайық3:

·       Әдебиет ардың ісі.

·       Жазушы талант, тағдыр.

·       Жазушы ұлттың ұяты, иманы, намысы.

·       Жазушы өз дәуірінің  ұлы, өз ғасырының  үні.

·       Махамбеттің әр сөзі құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Оны өңдеп жөндеймін деп жасытпақ керек.

·       Махамбет пен Абайға редакция жүрмейді.

·       Бүгінде Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.

·       Жазушының  ең жақсы шығармасы жазылмаған яки  жазатын шығармасы.

·       Жаза білу, жазғаныңды сыза білу шеберлік. Шеберліктен туатын шедевр осы әрекеттің  астында жатыр.

·       Ұлтсыздық имансыздық.

·       Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды.

·       Мүсіреповті мадақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек.

·       Талант деген қыран секілді қанатты нәрсе.

·       Ұстаз болу өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау.

     «Егемен Қазақстан» газетінің  2005 жылдың 6 қаңтар күнгі санының  төртінші бетінде жарияланған қанатты сөздеріне алғысөз ретінде Қадыр Мырзалиевтың  афоризмдер туралы ақтарыла айтқан  мына бір өзіндік пікірі  қашанда ақиқатқа ұмтылған  қанатты сөздің  шығу табиғатынан оқушысын хабардар ететіндей : Афоризм дегеніміз  - белгілі бір күні басталып, белгілі бір күні біте қалатын шығарма емес. Ол ғұмыр бойы айтылып, ғұмыр бойы қағазға түсіп, өмірдің  соңғы сәтіне шейін созыла беретін дүние. Афоризм қызық жанр. Ол негізінен, ауыз әдебиетіне жатады. Ауызша тарайды. Біреу айтады, біреу қағып әкетеді. Содан кейін қағазға түседі. Өкінішке орай, ауыздан шыққанның бәрі қағазға түсе бермейді. Қағазға түскеннің бәрі бірдей кітапқа кірмейді. Кіргеннің бәрі бірдей тарихта қалмайды. Олар да екшеледі... қанатты сөз болуға лайық, татымды тіркес менің аузымнан бірінші рет қашан шықты. Ол жағы маған беймәлім. Есімде жоқ. Адам өз сөзін өзі  бағалай бермейді. Сөзді қадірлеу қасиеті кейін, біраз кейін келді4

       Ойының тереңдігімен, құрылымының көркемдігімен ерекшеленетін қанатты сөздер қай әдебиеттің болмасын қаймағы болып табылады, әрі ол жеке жанр ретінде сындарлы зерттеуді қажет етеді.  Ал түркі тілдерінің ішінде тереңдігімен де, кемелділігімен де топ бастайтын қазақ әдебиетіндегі құнарлы қанатты сөздер ғылыми саралау мен бағалаудан кейін өз кезегінде орнын тауып, қазақ әдебиеттану ғылымының деңгейін әлемдік биік белестерге көтеруге өз үлесін қосатыны анық.

               Пайдаланған әдебиеттер: 

1.     Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Құрастырушылар  З. Ахметов, Т. Шаңбаев Алматы. Ана тілі.  1998. -384 б.

2.     «Поэтический словарь». А.Квятковский. Москва. Издательство «Советская энциклопедия»,  1996. -376 б.

3.     «Ана тілі» газеті. №50. желтоқсанның 14-і, 2006 ж., 6-бетте.

4.     «Егемен Қазақстан» газеті. 2005 жыл, 6 қаңтар, 4-бетте.