Түр-түс атауларының шығу төркіні

Абай атындағы Қазақ Ұлттық

Педагогикалық Университеті

және PhD докторантура институты,

Аударма ісі 1 курс магистранты

 Ақбердіқызы Улпан

Ғылыми жетекшісі:

 ф.ғ.д профессор Жұмабекова А.Қ

 

 

       Түр-түстердің шығу төркіні жайлы мәселеге байланысты ғалымдар тарапынан әр түрлі көзқарастар айтылып, қилы-қилы болжамдар жасалған еді. Ғалымдардың кейбіреуі түр-түстерді қытай сөзінен алынған десе, кейбіреуі монғолдан кірген кірме сөз, кейбіреуі өзіміздің түркінің төл сөзі деген пікірді білдірген еді.  Ғалымдар түр-түс атауларын адамның тану әрекетімен, мәдениетімен, сол халықтың өзімен байланыста қарап, түр-түстану деген бір саланың негізін қалап, тың зерттеулер жүргізіп жатыр. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан сарқылмас қазынасы болып табылатын өзіндік тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Міне, осы мәдениетті, тарихты, дәстүрді түр мен түссіз елестету мүмкін емес. Мысалы, тарихтан белгілі Көк түрік, Ақ Орда, Көк Орда, бала алғаш жүргенде аяғына ала жіп байлау – бәрі түр-түспен байланыстыболып табылады. Тіпті, тұрмысқа жаңа шыққан қыз баланың ата-анасына орамал тігіп, өз мұңын, жағдайын, қуанышын, шат көңілін,  жіптің түр-түсімен жеткізіп отырған. “Егер орамал қызыл жіппен кестеленсе, оның әке-шешесі бұл хабарға өте қатты қуанып, барған жеріне риза болған. Өйткені қызыл жіп қуанышты, шат көңілді, бейбіт өмірді білдіреді де, ал сары жіп – керісінше, уайым-қайғының белгісі болғандықтан, қыздың әке-шешесін сағынып жүргендігін білдірген”.

         Түр-түс атаулары – ең көне әрі қарапайым, танымдық қызметі зор, тілде жиі қолданылатын логикалық теңеу тәсілі болып табылады. Шындық әлемді танудың ұтымды құралы бола тұрып, түр-түс атаулары мейлінше мазмұнды, көп қырлы тілдік құбылысты білдіреді. Түр-түс атауларының ойлау өрісінің бір формасы ретінде дүниені эмоционалды түрде қабылдаудағы және ондағы кейбір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі орны ерекше.

Түр-түс мәселесін арнайы қарастырған шетелдік, отандық лингвист ғалымдар қатарында А.Н.Кононов, Ұ.Серікқалиева, Қ.Қайырбаева, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков, Б.Хасенов,  А.Әділова, Н.Аитова т.б. атап көрсетуге болады. Түр-түс атауларының тұлғалық ерекшеліктері, символикасы т.б. бойынша зерттеулер жүргізілді. Түр-түс атаулары қазақ тілінде басқа тілдер сияқты біршама зерттелген категория. Кейбір түс атауларының шығу тарихы мен тілдік табиғатын қарастыратын зерттеулерді, көбінесе, Орхон-Енисей және орта ғасырлық жазба ескерткіштерге арналған еңбектерден де кездестіруге болады. Бекешева Р.Е. «Түр-түс атауларының мақал-мәтелдегі концептілік негіздері» деген мақаласында түр-түстің мақал-мәтелдерге қатысты концептісін анықтайды.

       Табиғаттағы түр-түстің барлығы әрқашанда бір заттың, құбылыстың түр-түсін, өң-реңкін, сыртқы сипатын ғана анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар түр-түс атаулары мүлдем түр-түске қатысы жоқ, немесе одан бүгінде өте алыстап кеткен ұғымдарды, мағыналарды, жөн-жосықтарды білдіретін де қасиеттерге ие. Солардың бірі – символикалық қасиеті. Символика алғаш көне гректің «символ» (symbolon – «белгілі бір қоғам мүшелері мен әлеуметтік топтар үшін ғана түсінікті шартты белгілер») сөзінен шығып, бүгінде «әр түрлі идеяны,  түсінікті ұғымды, ойды, сезімді, іс-әрекетті білдіретін шартты белгілердің жиынтығы» деген мағынаны білдіреді.

          Түр-түстер қоғам өмірінде, дәстүрі мен әдет-ғұрпында, салты мен санасында, белгілі этностың, тіпті жеке адамдардың түсінігінде де осындай символикалық мәні бар. Түр-түске қатысты символикалық  сенімдер барлық халықтарда кездеседі. Бүгінгі таңда әлемдік лингвистикада түр-түс атауларының зерттелуіне айрықша мән беріліп келеді. Бұның себептері көп, ең алдымен, атап айтар болсақ, көптеген ғалымдар түр-түс атауларын бірыңғай психологиямен байланыстырады. Өйткені психологтар табиғатта түр-түс толқындары болады, түр-түс дегеніміздің өзі адамның миы мен көзінің жемісі.

     Физика саласындағы ғалымдар түр-түстің  энергетикалық табиғаты қызықтырады, физиологтар болса, адам көзінің түр-түсті қабылдау үдерісін зерттейді, психологтар түр-түс адамның психологиясына қалай әсер етеді, қандай эмоция туғызады деген мәселелерді қарастырады, гуманитарлық салаларда (көркем әдебиет пен көркем өнерде) түр-түстің эстетикалық қызметіне көңіл бөлінеді.

        Ал лингвистикада, оның ішінде, әсіресе, когнитивтік лингвистика саласында түр-түс атауларын сол тілді иеленушілердің әлем бейнесі тұрғысында жинақтаған өмірлік тәжірибесін, рухани болмысындағы ерекшеліктерді танытатын тілдік дереккөздер ретінде қарастыру қарқынды жүре бастады. Лингвистикада түр-түс атаулары американдық ғалымдар Л. Уорф, Э. Сепир еңбектерінде тікелей зерттеу нысанына айнала отырып, көптеген жекелеген тіл білімдерінде түр-түс атауларының концептуалдық, символикалық т.б. сипаттары туралы зерттеулердің туындауына түрткі болды. Мысалы, қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын осы тұрғыдан зерттеу нысанына айналдырған еңбектер қатарында Н.Н. Аитованың,  Ш.Қ.Жарқынбекованың зерттеулерін  атауға болады.

       Жалпы тілді ұлттың таным-түсінігі, сана құрылымы, ойлау механизмі туралы мәліметтердің көзі ретінде қарастыру тілді белгілі бір ұлттың рухани-мәдени коды ретінде танытуға бағытталатын В. фон Гумбольдт концепцияларымен іліктес жатыр деп ойлаймыз.

       Түр-түс атаулары – әрбір халықтың өзіндік феноменін танытатын күрделі құбылыс. Осыған байланысты қазіргі кезде жедел даму үстіндегі тілдердің қолданылуының когнитивті және прагматикалық аспектілерінің зерттелуінің аясында түр-түс атаулары да жиі қарастырылып келеді. Өйткені түр-түс атауларының лингвистикасы «тіл және ойлау», «тіл және қоғам», «әлемнің тілдік бейнесі» сияқты іргелі мәселелердің жаңа қырларын таныта алады. Сонымен қатар түр-түс атаулары мәдениетаралық коммуникацияда да ерекше маңызға ие. Түр-түс атаулары этномәдени жағынан барынша байлаулы. Түр-түс атаулары – мәдениеттің жемісі, әрі мәдениетті жасайтын фактор; ұлттық мәдениетті танып-білудің негізгі құралы. Зерттеушілердің бұл салаға қызығушылықпен қарауының басты себебі осында.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кононов А.Н.Семантика цветообозначений в тюркских языках.М:, 1978. 

2. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негіздері // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршы. «Филология ғылымдары» сериясы. – Алматы, 2007 – №4 (22) – 59-62 б.
3. Күрделі жер-су атауларындағы түр-түс ұғымдары // «Жаңа ғасырдағы тілдік кеңістігі және әлемдік лингвистиканың өзекті мәселелері» Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. I бөлім, –Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты. 2008. – 565-571б.
4. Күрделі атаулардағы ұлттық дүниетанымның тілдік негіздері // «Тілтаным» №1 (29) А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, –Алматы, 2007.-132-135 б.
5. Б.Р.Хасенов, А.С.Әділова.
Түр-түс атауларының шығу туралы. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті