ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ МЕДИЦИНА ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ     ЖӘНЕ АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Боранкулова Бакигуль Ержигитовна

Абай атындағы

Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің

«Аударма ісі» мамандығы

1-курс магистранты

 

Тезис

 

Кез-келген тілдің лексикасын байырғы халық тілі, әдеби және ауызекі сөздер, кірме сөздер, қоғамдағы шаруашылық, мәдени және технологиялық үрдістерге байланысты пайда болатын неологизмдер мен термин сөздер құрайды. Соның ішінде терминдердің пайда болуы ғылым мен техниканың дамуымен байланысты.

Қазақ және ағылшын тілдерінің заманауи ғылыми терминологиясы – бұл ғылым тілінің тарихи дамуының ұзақ процесінің нәтижесі болып табылады. Тіл білімі саласында «медициналық лингвистика» ғылымы болмағанымен, медицина тілі оның тарихын зерттеуші ғалымдар мен тіл мамандарын ерекше қызықтырады.

Классикалық ғалымдар көне заманғы медицина жазбаларының мазмұны мен тілін егжей-тегжейлі зерттеді.

Қазақ тілі медицина терминологиясының дамуына қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов зор үлес қосты. Кейбір деректерге жүгінсек, қазақ медицина лексикасы қолданыс аясының басталу кезеңін бұдан бес ғасыр бұрын шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлының  «Шипагерлік баян» атты еңбегіндегі медицина туралы тәжірибесі дәлелдейді.

Қазақ медицина лексикасының пайда болуы және дамуы кезеңі туралы К.Аяпбергенова «Қазақ тілі сабағында медицина лексикасын мамандыққа сәйкес оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбындағы авторефератында 3 кезеңге бөледі: революцияға дейінгі,1926-1950ж.ж. және 1950ж. бастап қазіргі заманғы кезеңдерге бөледі.(Аяпбергенова К., 2009)

Соңғы ғылыми жаңалықтармен байланысты терминдердің қосылуы өте қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын медициналық сөз қорына жүздеген жаңа атаулар қосылады. Олардың ішінде өзге тілдерден, әсіресе ағылшын тілінен енген сөздер көп. Дүниежүзінде басылып шығатын медициналық ғылыми еңбектердің 60 пайыздан астамы ағылшын тілінде жазылады.

 Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі. Қазіргі таңда көпшілік медициналық материалдар ағылшын тілінде және ағылшын тілі ғылыми конференция тіліне айналды.

Ағылшын медициналық терминологиясы қалыптасуы мен даму жолы халықаралық медицина терминологиясының құрамды бөлігі ретінде өзінің 2500 жылдық тарихы бар(Dzuganova B.,2002).

Жалпы медицина тарихы ежелгі грек және латын тілінен бастау алады.

Мысалы, грек тілінен шыққан, халықаралық қолданыстағы терминдер: arthritis, articulus, oculus, cirrhosis, leukaemia және тағы басқалар; сондай –ақ латын тіліндегі терминдер: acutus morbus – аурудың жедел түрі, cancer – қатерлі ісік, febris - безгек, tumor - ісік, және тағы басқалар.

Ағылшын медицина тілінің даму барысын елдің тарихымен және жалпы тіл тарихымен байланыстырып,  бірнеше кезеңдерге бөлуге болады:

1)       “ежелгі ағылшын” кезеңі; V – XI ғасырларды қамтиды;

2)       “ортағасырлық ағылшын” (Middle English); XII ғасырдың ортасы – XVI ғасырды қамтиды;

Бұл кезеңде латын (femur, placenta), француз (migraine, nurse) және араб (alcohol, alcali) тілдерінің де ізі қалды.

3)       “Жаңа ағылшын” кезеңі (Modern English); XVI ғасырдың соңы – XIX ғасырды қамтиды;

4)       “Қазіргі заманғы ағылшын” кезеңі(Today’s English); XX – XXI ғасырларды қамтиды (Andrews,1947).

Медицина ғылыми-техниканың қарқынды дамуы нәтижесінде жыл сайын жаңа терминдермен толығып отыратын ғылым саласы.

Соңғы 2 ғасыр ішінде медицина саласы дами келе, өз ішінде тармақтарға бөліне бастады. Нәтижесінде ағылшын тіліне жаңа терминдер енгізуге тура келді. Егер жоғарыдағы аталған кезеңдер бойы терминдер латын- грек тілдері немесе басқа да кірме тілдер және латын-грек тілдерінің  қосымшалары арқылы жасалса, қазіргі таңда ағылшынның өз жаңа сөздері пайда болды. Мысалы: AIDS, shock, stress,screening және тағы басқа.

XX ғасырда экономикалық және халықаралық қарым-қатынастың жаһандану жағдайында ағылшын тілі әлемде болып жатқан ғылымның әр саласындағы жаңалықтарымен «ақпараттандыру құралына» айналды. Ағылшын тілі басқа да тілдердің тілдік жүйесіне ықпал етуде. Қазақ тілі де солардың қатарында. Мысалы, скрининг, компьютерлік томография, тест және басқа жаңа медициналық терминдер. Алайда, бұл салалық терминдер жалпы халыққа түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан терминдер аудармасы туралы мәселе туындайды.

Бүгінгі күні аударманың қажеттілігіне ешкім күмән келтірмеуі керек. Өйткені біз мәдениетаралық коммуникация заманында әлемнің көптеген халықтарымен аралас-құралас тіршілік етіп отырмыз.

Терминология аудармасы өте күрделі мәселе болып табылады. Терминдерді аудару үшін термин-сөздердің морфологиялық құрылысы, семантикалық –құрылымдық ерекшеліктерін және салалық қолданысын білуді қажет етеді.Сонымен қатар терминдерді аудару барысында ең маңызды факторлардың бірі – сарапшылар және сол саланың мамандарымен жұмыс. Өкінішке орай, аудармашы білімнің әр саласының маманы бола алмайды. Сол себептен, “техникалық редакция” түсінігі мамандармен кеңесуді, осының нәтижесінде алынған ақпараттарды өңдеуді және мәтінге керекті өзгертулерді енгізуді білдіреді.

      Қорытындылай келе, термин сөздер аудармасын жасамас бұрын дұрыс сөздікті таңдап   алу керек. Осылайша сөз таңдай отырып, аудармашы контексттің де маңызды екендігін естен шығармауы керек. Аудару барысында сөздіктермен жұмыс жасаудың маңыздылығы зор. Кейде бұл жұмыс сөздік сәйкестіктерін қойып қана қоймай, олардың айырмашылығының деңгейін анықтауды талап етеді. Сөздіктерден бөлек, қиын жағдайларда аудармашының қиялы, ішкі түйсігі  және мәдени жан-жақтылығы қол ұшын беретіні анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                 Аяпбергенова К.Қ. (2009).Қазақ тілі сабағында медицина лексикасын мамандыққа сәйкес оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.Алматы: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

2.                 Dzuganova, B. (2002) A brief outline of the development of medical English. Bratislava: Bratisl Lek Listy

3.                 Andrews, E. (1947) A history of scientific English. The story of its evolution based on a study of biomedical terminology. New York: Richard S.Smith