Бір ұлттың тілінде
сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі бар...
Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты,
«Қазақ филологиясы» кафедрасы
п.ғ.д., профессор Т.Р.Әбдіқадырова
Қазақ халқы табиғатынан қарапайым,
кешірімді, сөз құдіретін білетін, сөз
құдіретіне үлкен мән беретін, түсі жылы,
табиғатынан қайрымды да ақылды, жайдары халық.
Халқымыздың мінез-құлқындағы бұл
ерекшеліктері оның іс-әрекетінен, табиғи
қарапайымдылығынан көрініп тұрады. Бойында пайымдылық,
кешірімділік, ата-баба дәстүрін құрметтеушілік
қасиетін ұрпақ бойына сіңіре отырып, оларды
жалқаулық пен тоғышарлықтан арылтып,
нарықтық экономика талаптарына сай етіп, бәсекелестікке
қабілетті ұлттық қасиеті бойында бар, білімді,
жан-жақты дамыған ақылды ұрпақ тәрбиелеу
кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Адамзат өмірінің барлық кезеңдерінде тарихи
мұраға, өткен өмірге көзқарас үнемі
бірқалыпты болмағаны белгілі.
Тарихи оқиғалардың қоғам дамуымен бірге
өзгеріп отыратындығы да анық. Адамзаттың өркениетінде,
ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мәдени-рухани
мұраларын зерттеу барысында жетістіктер мен кемшіліктер де
баршылық. Оларды саралай отырып, рухани өміріміздің дамуына
мұрындық болатын өзекті мәселелерді, ізгі ойларды,
ұлы адамдардың есімдерімен байланысты іс-әрекеттерді зерттеп,
сөйтіп ғасырлар тереңіне бойлау, мақтануға
тұрарлық. Сондықтан тарихымыздағы осындай игі істерді
кейінгі ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану қажеттілігі
туындайды. Өйткені, өркениетті дамыған қоғам болу
үшін оған лайықты ұрпақ тәрбиелеу
міндеттері жаңарған уақытта өмір сүріп отырмыз.
Адами болымыстың жоғары қасиеттеріне
парасаттылық, білімділік, Отанын сүю, имандылық пен
ғылымды меңгеруін, туған тілін құрметтеуін
жатқызамыз. Тәуелсіз мемлекетіміздің мемлекеттік тілі -
қазақ тілінің тарихына үңіле отырып,
қазіргі жағдайын сараласақ, ұлттық
тіліміздің болашағына көз жіберсек бабалар
еңбегінің құндылығына бас иеміз. «Тілі
жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген
ақын, жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың пікірлері ойымыз бен
санамызды толғандырады. Тілімізді гүлдендіретін де, болашағын
көркейтетін де ұлтын сүйетін ұлт жанды жас
ұрпақ болмақ.
Сөз тарихы
халықтың \сол тілді қолданушылар\ тарихымен ғана емес,
оның ой-сана, тарихымен де байланысты. «Ойдың тікелей
шындығы» ретіндегі тілдік көрініс ғасырлар бойғы
адамның тану, ұғыну, қоршаған ортаны
бағалауы сияқты әрекеттерді тұтас бойға
жинақтаған құбылыс деуге болады. Тіл - халықтың және
оның мәдениетінің, өзін-өзі
көрсетуінің мәнді тәсілі. Әр бір тіл өз
қалпында бағалы, себебі ол әлемді, дүниені тек
өзіне ғана тән қайталанбас тәсілдермен
айшықтайды. Жеке адам мен халық тағдыры, олардың
адамдық қасиеті туған тіл тағдырынан тыс емес, сонымен
тікелей байланысты [1; 99].
Тілдің қадір-қасиеті жөнінде
айтылған Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың,
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов және
Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Шахановтардың ой-пікірлеріне
тоқталып көрелік.
Есімі
қазақ тарихында халықтың рухани өркендеуімен
тығыз байланысты ғалымдарымыздың бірі – Ахмет
Байтұрсынов. Оның шығармалары мен жалпыхалықтық
“Қазақ” газеті қыр қазағының елдік сезімін
оята білді. Қашан да ұлттық сана-сезімінің өрлеу
дәуіріндегі зиялы қауымның саясаттан тыс қалуы мүмкін
емес екендігі белгілі. Сондықтан да ол әрдайым ұлтының
ұлы мұраты жолында аянбай еңбек етті. Әсіресе,
оның тіл ғылымындағы теориялық, психологиялық
қисындары, әдістемелік ой-пікірлері өзінің
құндылығымен ерекшеленді. ”Әліппе-таңбалар
жұмбағы” атты еңбегінде ол араб әрпінің латын
таңбасынан әлдеқайда ұғымды да жеңіл
екендігін дәлелдейді. Ол араб әрпін Орта Азия халықтары
қолданып жүрген тәжірибеде қазақ тіліне
ыңғайлап, жетілдірудің әдістемесін жасады.
Оның
еңбектерін қазақ тілінің лингвистикасының негізін
салушы ғалым ретінде, ана тіліміздің ұлттық
мәдениетін көтеруде ерен еңбектер, деп айтуымызға болады.
Араб алфавиті негізінде қазақтың жаңа (төте)
жазуын жасаған реформатор, аса көрнекті түркітанушы, осы
замандық қазақ тіл білімі мен әдебиеттану
ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынов
“ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын
нәрсенің ең қуаттысы-тіл” болатынын асқан
сұңғылалықпен сезіп, ана тілімізді дамытуға зор
үлес қосқан қайраткер болды.
“Жаңа жазу,
Жаңа әліппе. Тұңғыш емле.
Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика.
Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен
әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар.
Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар
мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың
талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді
бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын
жәйт”,- деп жазады Ә.Кекілбай [2; 89].
Тілдің адам өміріндегі, һәм
ұлт өміріндегі ұстаған орны жайында Мағжан былай
дейді: «Тіл - адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі
бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық
көрмей қор болып қалар еді... Адам тіл арқылы
ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан
сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып,
басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар?
Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа
шығара алады деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор
болғаны. Қысқасы, адамның толық адам аталуы тілі
арқасында»,-дейді Мағжан Жұмабаев. Ол - тіл әрбір
адамға осылайша қымбат екендігін, тілінен айрылған
ұлттың дүниеде ұлт болып қала
алмайтындығын, ондай ұлттың құритындығын,
ұлттың ұлт болуы үшін ол ұлттың бірінші
шарты - тілі болу керектігін, ұлттың тілі кеми бастауы, сол
ұлттың құри бастайтындығын анықтаған.
Мағжан ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе
болуға тиіс емес дей отырып: «Бір ұлттың тілінде сол
ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп
тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран
даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай
екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы,
асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп
тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы
күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай,
орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін
деген түрік балалары
күндерде бір күн айналып, қазақ тіліне келмекші.
Қазақ тілін қолданбақшы»,- деп қазақ
тілінің ерекшелігіне, оның орамдылығына, бай тіл екендігіне,
сол тілде ұлттың бүкіл болымысы жатқандығына,
оның болашағына тоқталады. Тілдің адам өміріндегі
орнын, қоғамдағы міндетін ашып көрсетеді:
Жарық көрмей жатсаң да
ұзақ, кең тілім
Таза, терең, өткір күшті, кең
тілім.
Таралған түрік балаларын баурыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен тілім, -
деп қазақ тілінің келешекте төрден орын
алатындығына кәміл сенеді [3; 25].
Қазақ зиялыларының ішінде ұлт
руханиятының қай саласында болмасын халқымыз үшін
берекелі еңбек еткендердің бірі - Мұхтар Әуезов.
Мұхтар Әуезов көркем әдебиет, әдебиеттану
ғылым салаларында ғана емес қазақтың жазба
тілінің бүгіні мен ертеңіне көз тастап, тың
пікірлер айтқан. Ол – қазақтың жазба тілі, әдеби
тілі, ғылыми тіл, терминология
мәселелері бойынша ой қозғаған ғалым.
Оның Абай және тағы басқа да ақын
жазушылардың тілі жөніндегі пікірлерін де құнды
пікірлер деп қарастыруға болады. Сонымен қатар ол -
ұлттық мәдениет пен ұлттық тілді қатар
қарастырған, ол жайында келелі мәселе көтерген.
Мұхтар Әуезовты артына мол мұра қалдырған
көркемсөздің алыбы ретінде де, қазақ
тілінің мәдениеті мен дамып қалыптасуына үлкен
ықпал еткен қайраткер-қаламгер ретінде де
қарастыруымызға болады. Оның тіл мәселесін
көтерген алғашқы мақалаларының бірі -
«Қайсысын қолданамыз?» мақаласы Сарыарқа
газетінің 1917 жылғы қазан айының 9-да, ал «Ғылым тілі» мақаласы
Абай журналының 1918ж 7-санында жариялаған. Бұл
мақалаларында жиырма жастағы жас дарын сол кездегі
қазақ тілінің, оның мәдениетінің
көкейкесті мәселелерін қозғайды. Мысалы, «Ғылым
тілі мақаласында»: Қазіргі қазақ тілінде оқу екі
ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылмандарша
оқығандардың жолы. Ғылым тілін арабшаға,
мұсылман негізіне тартады. Мұсылманша оқыған
мұғалім Еуропаның ғылыми тілін білмейді, орысша
оқыған учитель мұсылманшаны білмейді. Осыдан
ошақтың үш бұтын үш жаққа
қаратып отырғандық – ғажаптанарлық нәрсе
емес. Бірақ салыстырып, осы екі жолдың бірін алып,
бәріміздің бетіміз бір жөнге сайып келуі мұқтаж.
Бұл мұқтаждық ұғым бәрімізге парыз,-
деп жазады. Ұлы жазушы мәдениет пен тілді тұтас алып
қарастыра отырып: «Өз тілін білмеген адамдарды мәдениетті
адамдардың қасына қосуға болмайды»- деп тілін білмеген,
оның қыр-сырын жетік меңгермеген, адамдарды мәдениетті
адамдардың қатарына қоспаған. Туған тілін білген
және оны құрметтеген адамды ғана мәдениетті,
бойында тұлғалық қасиеті қалыптасқан адам
деп есептеген.
Қазақ тілінің табиғи
қасиетін жойып алмауға, оның қырының сынбауына,
оның оралымсыз болмауына үлкен еңбек
сіңіргендердің қатарына Ғабит Мүсіреповты де
жатқызамыз. Ғабит Мүсіреповтың бес томдық
шығармалар жинағы мен мақалаларында және де басқа
еңбектерінде тіл туралы толғанбаған тұстары кемде-кем
екендігін байқауға болады. Ғ.Мүсірепов: «Біздің
ең үлкен трагедия, басшыларымыз әдебиетімізді ана тілінде
оқи алмайды, орысша аудармадан оқиды (онда да оқыса).
Орысшасы арқылы бағалайды»,- деп басшылардың ана тілімізді білмейтініне,
әдебиетіміздің табиғатын түсінбейтініне
қынжылады. Ғабит Мүсірепов - ана тіліміздің келешегіне,
бүгіні тағдырына арнайы тоқталып, ой
қозғаған, түбегейлі пікір білдірген жазушы. Оның
алпысыншы жылдардың басында жазылған «Әдебиет тілі жайында»
атты мақаласында ол: «Соңғы кезде белді-белді тіл
ғалымдарының (І Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев,
Ә.Әбдірахманов, Т.Қордабаев) орфография, емле,
мәселелеріне тағы да бір оралғандарын мәдениет
жұртшылығы қатты ұнатып қалғандығына
тоқтала отырып, көптеген көркем шығармаларда орын алып,
өрбіп бара жатқан келеңсіз жайларды талдап көрсетеді.
Тіліміздің шұбарланбауын қадағалау керектігін
өзекті мәселе етіп, дер кезінде қозғайды. «Тіл – аса
қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Тілді ешкімге
түрпілетпеуіміз керек»,- дейді. Ғабит Мүсірепов. Ол
ұлттық тілдің қадір қасиетіне тоқтала
отырып, тіл майданында жүрген тілші ғалымдардың тілге
мұқияттылықпен қарап, оның терең
мағынасы мен маңызын оқырман қауымға сауатты
жеткізуіне үлкен мән береді.
Кезінде үлкен қоғамдық пікір
туғызған дүниенің бірі – Ғ.
Мүсіреповтың: «Авгейдің ат қорасынан бастайық»
атты мақаласы еді (мақала 1976 жылы, 28 қарашада «Социалистік
қазақстан» газетінде жарияланған). Мұнда ол негізгі
ойын ана тіліміздің тарихи мәнін ашып, бағалаудан бастайды.
Ол: «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан
халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да
танытатын, сол халықтың мәңгілігінің
мәңгілік мәселесі. Ана тілін, тек өгей ұлдары
ғана аяққа басады», - дейді [4; 4].
Ұлттық тілдің тағдырын сөз
еткенде «Мемлекеттік тіл» қоғамдық
қозғалысының төрағасы, ақын
Мұхтар Шахановтың келелі ой
пікіріне, ана тіліміздің жанашыры ретіндегі қайраткерлік іс-әрекетіне
тоқталмай кетуге болмас. Оның:
«Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбеудің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді
тапқырлық?
Ол - рухани мүгедектік әрі ұлттық
сатқындық!
Аз қайғы ма талабыңды
түсінігің алдаса?
Мейлі он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің
далбаса
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой санаңа іргетас боп қалмаса»,- деп өз
ана тіліңде ойлаудан, сөйлеуден қалсаң, ұлттық
рухыңнан ажырайтыныңды, өз ана тіліне менсінбей, жерсінбей
қарайтындардың талайларының тағдыры тәлкектікпен
аяқталатындығын ашып айтады. Ұлттың ең ұлы
анасы тілі екенін, тілден ажыраған шақта ұлттың да
жойылатындығын оның «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы»
атты шығармасында анық айтылған. Ана тіліне деген
арсыздық пен сатқындықтың, рухани
мүгедектіктің, өз ана тіліңнін рухы санаңда
қалмаса жүз тіл білгенімен орны толмас, зор қайғы
екендігін ақын терең
толғанып жырлайды.
Белгілі шығыс танушы ғалым.Мелиоранский П.М.
(1868-1906) былай дейді: «Қазақ тілін зерттеушілеріміздің
барлығы да бір ауыздан бұл тілді ең бай, ең таза
түркі тілдерінің бірі» деп санаса, атақты
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақ
тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған
қазақ тілін білсе дін де, ғылым-білім де осында,
әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы
өткен бабаларымыздың бәрі жақсы болып, әулие
болып өтті»,-дегенді айтады. Радлов В.В. «Қазақ
тілі-исламның бүлдірушілік әсеріне ұшырамай,
түпкі таза түрін-түркілік сипатын сақтап
қалған тіл. Қазақ тілінің осы тазалығы мен
табиғилығы, сондай-ақ таралғандағы бұл
тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған
әдебиет нұсқаларынан құрастырған
жинақтардың толық бір томын арнауым себеп болды. Оның
үстіне қазақтың басқа бауырластарынан сөзге
тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті»,-деп
жазады [5; 6].
Халықтың түпсіз
даналығы, өмірден түйген өнегелері, этикалық
қағидалары, эстетикалық талғамы,
тәлім-тәрбиесі тілі арқылы сақталып, тілі арқылы
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататындығын
жақсы білеміз. Біздің тіліміздің байлығы мен
құнарлылығы кез-келген халықтың тіліндегі
шығармалармен салыстырғанда да анық байқалады.
Бұл тіл - ұлы Абай мен Мұхтардың сөйлеген тілі.
Даламыз кең, байлығымыз
мол. Халқымыздың саны, оның көбею үрдісі
оған сәйкес емес. Міне,
сондықтан да ата-баба құндылықтарын сақтап,
оларды жете біліп, терең меңгеру,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білу аға
ұрпақтың парызы. Даналардың даналығы тілі
арқылы жеткізіледі.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1 Махмуд Қашғари.
Түбі бір түркі тілі.\\Аударғандар: Қ. Бекетаев,
Ә. Ибатов.-Алматы: Ана –тілі, 1993.-192 б
2 Ә.Кекілбай.
Ұлттық рухтың ұлы тіні жинақ. ”Ұстаз
ұлағаты”. –Алматы: Ғылым, 1999.- 568 б.
3 Жұмабаев М.
Педагогика.-Алматы: Ана тілі, 1992.- 160 б
(Жазушы, 2005. -3т.-232 б).
4 Әбдуали Қайдаров,
Өмірзақ Айтбай. Ана тілін өгей ұлдары ғана
менсінбейді. –Алматы: Ана тілі, 2002, 14 наурыз.
5 Радлов В.В. Из сибири. –М.: Наука,
1989.- 361с.