КИГІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН ЗАМАНАУИ ЭКСКЛЮЗИВТІ-ДИЗАЙНЕРЛІК АЯҚ КИІМДЕР

 

Исаева Назым Мархабаевна-магис  М.Ауезов атындағы ОҚМУ

 

Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздап, егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды, ырым-наным, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жандандырып, қазақ қолөнері кайтадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгілерімен еніп, оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беруге, жаңаша еңбек етуге талпындырып отыр.

Табиғат адам өміріндегі ең керекті қазына көзі. Табиғи материалдармен жұмыс шәкірттердің ой-өрісін дамытуға, әсемдікке дене бітімінің сымбатты болып өсуіне психологиялық дамуына және отаншылдық рухқа баулуда үлкен әсерін тигізеді.Табиғи материалдардың түрлері өте көп, оны пайдаланып өңдеу, оқушылардың жұмыс барысында өз білімдерін кеңейтеді.

Болашақ ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оны ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Табиғи материалдардың бірі жүн. Жүнді пайдалану арқылы қолөнер бұйымдары: киіз басу, сырмақ сыру, текемет, алаша және ұлттық киімдер мен кілем тоқу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жаткан сондай дәстүрлі колөнер үлгілерін жаңаша әдіс-тәсілдерін үйрету - оқушыны еңбексүйгіштікке, әсемдікке талпындырып, халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулиды.

        Киізді қой жүнінен жасаймыз ғой, ал қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Дәрігерлердің пікірінше, құрғақ жылу суық тигенде бірден-бір ем. Жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі. Қой жүнінде ланолин деген табиғи май болады. Сондықтан киізден, анығы, жүннен жасалған киімдер тері астындағы қан айналысын жақсартады, адам терісінің қартаюын тежейді екен. Ланолин меринос қойының тері асты безінен бөлініп шығады, табиғи май косметикада кеңінен қолданылады.

       Киіз - шығыс халқының көшпенді тұрмысына орай колданылған мүліктің бірі. Киіздер негізінен: үй жабуға арналған киіз, сырмақтық киіз, түрлі киім-кешекке арналған жұка киіз, жабағы киіз деп өзіндік ерекшеліктеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді.

      Киізден жасалатын киімдер

1. Байпақ.2. Пима.3. Киіз етік.4. Саптама етік.5. Мықшима етік.6.Киіз қалпақ.

Байпақ — қыстың суық, боран кезінде саптама етіктің ішінен киетін ақ киізден жасайтын байпақ. Алыс жолға шыққанда ат үстіңде, шанада отырғанда жиі киеді. Жасалу әдісі киіз етікке жақын, тек былғары салмай тігеді.

          Байпақ тігудің екі тәсілі бар: табанын бөлек салып ұлтарып тігу, тұтастай қусырып тігу.

Жүннен тоқылатын байпақтардың қонышы қысқа болады. Аяққа батпас үшін тігісі сыртынан түседі. Ел арасында байпақтың іш байпақ, сырма байпақ, мәсі байпақ, байпақ етік, киіз байпақ, шәркелі байпақ сияқты түрлері мен атаулары кездеседі. Мәселен, киіз байпақ - киізден жасалған, етік ішінен киілетін байпақ; шәркелі байпақ - ішінен байпақ киілетін көннен тігілген шәркей; байпақ етік - жүннен басылған аяқкиім.

Байпақ басудың өзіндік тәсілі болған. Ол үшін майдалап түткен жүн сиректеле шиге жайылып, үстінен ыстық су құйып, жүннің қопсуын басады да, жалаңаш білекпен ысқылап пісіреді. Бұған нағыз шеберлік керек. Нобаймен ысқыланса, кеуегі бітеліп, жүн жабысып қалады. Сондықтан әр қимыл мұқият жасалып, жасау әдісінен ауытқымау керек. Байпақ басу ісі дамып жетіліп, пима басу кәсіпшілігіне ұласқан. Балаларға аяғына шақтап, кішкене етіп, тысы мен ішкілігін матадан салып, жүн, түбіт, жабағы, мақта тәрізділермен жылылап қауып, сырып тігеді

Пима — қойдың күзем жүнінен, қозы жүнінен басылатын қыста киетін аяқ киім.

Киіз етік — қыстыгүні киетін қысқы аяқ киім. Ақ киізден қонышы мен басын бөлек, екі бет етіп пішіп алған соң, тігістіктерінің ортасына былғарыдан жіңішке сызық салып, қусырып қайып тігеді. Етіктің басын былғарымен қаймалайды, калып салып, табанына қалың былғарыдан ұлтан, өкшесіне сірі салып бүрмеленеді. Қонышын жұмсақ былғарымен көмкеріп, өкшесінің сыртын, басының үстін өрнектеп қайып тігеді. Киіз етік өзінің жұмсақтығымен және сәндігімен, жеңілдігімен шаруада тұрмысқа өте қажетті аяқ киім.

Саптама етіктің бір түрі – шоңқайма етік. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден асады. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жақ жағынан жармаланып тігілген. Сондықтан оны кейде, «жарма қоныш» деп те атайды. Көмкерме байпақпен, шұлғаумен киеді. Шоңқайманы сәнге кию үшін, жай саптамадан көрі әдемілеп, өкшелігін, оймасын кестемен өрнектеп тігеді.

Мықшима етік- өкшенің түбі жуан, жер басар жағы жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы келген биік өкшелі саптама етіктің түрі. Оны да байпақпен, шұлғауиен киеді. Мықшиманы бұрын жас жігіттерге, ойын сауықшыл серілерге арнап тігетін. Оның қонышын өкшелігін көксауырлап тұмсығына қатырғы салады.

                                Пайдаланған әдебиеттер:

1.Арғынбаев. Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2005. ­  – 216 б.

2.Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. – 217 б.

3. Жәнібеков Ө. Қазақ киімі. – Алматы. «Өнер». 1996. – 152 б.

8.Мамбетова Угулъжан. Жаңа технология элементтерін

пайдалана отырып, ұлттық қолөнер негіздерін оқып үйрету әдістері.