Филологические науки

 

Мукушева Жұлдыз (аудармашы)

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасы, Қазақстан

 

Мақалада әдебиеттану ғылымының бір саласы болып табылатын қазақ әдебиеті сынының тарихына шолу жасалып, оның қалыптасу кезеңдері қарастырылған. Ұлттық әдебиетіміздің әртүрлі мәселелері жайлы өз ойларын ортаға салып, әдеби өмірде белсенділік танытқан зерттеушілер, олардың еңбектері туралы айтылған. Қазақ әдебиетінің  тарихына, теориясы мен сынына қатысты зерттеу еңбектер талданады.

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ СЫНЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

 

        

Жалпы қазақ халқы сөз өнеріне ерекше мән берген. Шешен, билері күрделі әлеуметтік мәселенің шешімін қиыннан қиысқан бір-ақ ауыз сөзбен айтып отырған. Орынды айтылған сөзге, уәжге  тоқтау – қазақ халқының ұлттық ерекшелігі. Тұрлаулы мәселелрді шешуге ел билеген  әкімдерден гөрі  сөздің майын тамызған шешендер, көркем сөзден кесте тоқыған ақын-жыраулар көбірек танымал болған. Ел билеуге  сөздің құдіретін түсінетін «аузы дуалы» азаматтар араласқан. Сөйтіп сөз өнерін қадірлейтін ақын-жыраулар халықтың ұлттық талғамымен бірге эстетикалық көзқарастарын да дамытқан.

Сыни пікірлердің негізі көркем әдебиеттен, оған деген көпшіліктің көзқарасынан, қоғамдық өмірдің рухани қажеттілігінен туындайды, яғни сын халық талғамынан бастау алады.

Кейін жазба әдебиет дамыған кезде әдеби сынның рөлі арта түсті. Ол тек әдеби процесте ғана емес, жалпы қоғамдық ой-пікірдің өсуінде елеулі орын алды. Сөз өнерін шын сүйіп, бағалай білетін, көркем шығармамен арнайы шұғылданатын талант иелері, қаламгерлер шыға бастады. Әдеби сынға тұңғыш еңбек арнағандар Платон, Аристотель, әл-Фарабилер еді. Кейін сыни бағыттар, мектептер пайда болды [1, 5-6].

Қазақ әдебиетінің  тарихына, теориясы мен сынына қатысты зерттеу еңбектер жазған  А. Байтұрсынов, М.Әуезов, С. Мұқанов, С.Қирабаев, Р.Бердібай, Т, Кәкішев, А.Нұрқатов, Б. Сахариев, Н. Ғабдуллин, Р. Нұрғали, С. Әшімбаевтардың сын-зерттеу еңбектерін ерекше атап өтуге болады [2, 8].

Қазақ әдебиеті сынының тарихы әдебиеттанудың маңызды арналарының бірі болып табылады. Әдебиеттің зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процесі бар.

Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқауға болады. Бірінші кезең – қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл прцесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең – қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-1985 жылдар аралығы.

Сынның негізгі мақсаттарының бірі – ажарсыз бен келіссізді мінеу емес, ең алдымен адамның жан дүниесін, талап-талғамын әсемдік пен сұлулыққа, ізгілікке тәрбиелеу [3, 5-7].

Әдебиет сыны – әдеби сын, көркем әдеби сын – әдебиеттану ғылымының бір саласы. Ол өмір шындығы мен әдеби шығармадағы көркем шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Әдебиет сыны – аса күрделі сала. Оның негізгі зерттеу объектісі –көркем әдебиет, әдеби процесс. Ал сыншы дегеніміз – белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиеттану ғылымының зерттеу әдістерін, методологиясын қолданады. Әдебиет сынының басты ерекшелігі, көбінесе, қазіргі әдебиеттің жай-күйін қарастыруында, әдеби мұраларды бүгінгі заман тұрғысынан пайымдауында. Әдебиет сыны әдебиеттің теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге сүйенеді. Көркем шындыққа айналатын өмір — аса күрделі құбылыстардың біртұтас жиынтығы. Міне, сол сан қырлы өмір оқиғаларының көркем әдебиетте қалайша көрініс тапқандығын анықтап отыратын Әдебиет сыны да оларды түрлі жақтарынан зерттейтін ғылым салаларының жетістіктерін қажетінше пайдаланып отырады. Әдебиет сынында берілген баға сол кезеңдегі әдеби процестің үні. Онда пікірлер қайшылығының кездесуі заңды да. Әдебиет сыны көркем шығармашылыққа дер кезінде үн қосып, сыр-сипатын айқындайды, баға беріп, пікір білдіреді. Әдебиет сынының тарихы ертеден басталады. Қазақ ауыз әдебиетінің көркемдік, идеялық сапалары аса жоғары классикалық үлгілерін парықтауда Әдебиет сынының рөлі зор болды. Ол жазба әдебиетінің, ғылымның дамуымен бірге өрбіп отырады. Отырарлық ғұлама Әбу Наср әл-Фарабидің, Махмұт Қашқаридың, Жүсіп Баласұғынның сөз өнері жайлы жазған пікірлері, Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің, А. Құнанбаевтың әдебиетке қатысты айтқан ойлары қазіргі қазақ әдеби сынының бастау алар қайнар көзі деуге болады. ХІХ ғасырдығ ІІ жартысында “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты” газеттерінің бетінде әдебиетке қатысты материалдар жиі көріне бастады. Әдебиет сыны тарихындағы жаңа кезеңнің басы болды. “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті беттерінде жаңа кітаптардың шығуы туралы хабарлардан бастап, жекелеген жазушыларға арналған ғұмырнамалық мақалалар, әдеби шолулар, түрлі тақырыптағы мақалалар көптеп көріне бастады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров т.б. қазақ әдебиеті жайлы құнарлы пікірлер айтты. ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ әдебиеті жаңа дәуірде қандай бағытта дамуы керектігі, көрнекті әдебиет қайраткерлері жайлы қызу пікір алысулар болды. Әсіресе Абай, Мағжан шығармашылықтары жайлы айтыстар 20 жылдардағы әдеби сынның орталық мәселелеріне айналды. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышы” (1927), Х. Досмұхаметовтің “Қазақ халық әдебиеті” (1928), Ғ. Тоғжановтың “Мағжанның ақындығы мен Жүсіпбектің сыны” (1926), “Әдебиет және сын мәселелері” (1929) сияқты еңбектер қазақ Әдебиет сынының жаңа биіктерге бет алғанын байқатты. Ұлттық әдебиетіміздің түрлі мәселелері жайлы С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Тоғжанов, Н. Төреқұлұлы, С. Қожанов, Ы. Мұстанбаев, Досмұхамедов, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ә. Бәйділдин, Х. Жүсіпбеков, Е. Бекенов, Ш. Тоқжігітов, Б. Кенжебаев т.б. өз ойларын ортаға салып, әдеби өмірде белсенділік танытты. Әдебиет сынының аннотация, рецензия, мақала, айтыс мақала, шолу, шығармашылық портрет сияқты түрлері баспасөз бетінде жиі көрініп, жанр ретінде қалыптасты. Алайда бұл кезеңде көркем шығармаларды бағалауда партиялық принцип негізгі өлшем ретінде танылып, әлеум. тұрпайы сындар өріс алды. Мұндай сындар әсіресе ҚазАПП-тың (Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы) тұсанда барынша ушыға түсті. Әдебиет сыны партияның идеоллгиялық қаруына айналды. Оның негізгі міндеті қаламгерлердің қай тапқа, яғни байшыл, кедейшіл, жолбике сияқты топтардың қайсысына жататындығын анықтауға сайды. Әдеби күштерді ұйымдастырып, бағыт-бағдар беріп отыруға тиіс ҚазАПП (1925 — 1932) ұйымына он шақты ғана жазушы мүше болып, қалғандары идеялық тұрғыдан сыналып, саяси қуғынға ұшырады. Соңы 1929 ж. қазақ қаламгерлері көпшілігінің жазықсыз жазалануларына ұласты. Шығарманың көркемдік қасиеттерінен гөрі идеялық жағына маңыз берген солақай сындар бүкіл соғысқа дейінгі дәуір бойы үстемдік құрып, ақыры 1937 ж. жазушыларды екінші дүркін жаппай жазалауға ұрындырды. Соғыстан соңғы кезеңде Әдебиет сынының көкжиегі кеңіп, әдеби ой-толғамдардың ғылыми негізі арта түскенімен, әдебиеттің партиялық принципі барынша қадағаланып отырды. Көркем әдебиетте, сын-зерттеу саласында саяси қырағылықты күшейту мақсатында жүргізілген істердің барысында бірсыпыра қаламгерлер тағы да қуғынға ұшырады. “Ұлтшылдыққа”, “ескілшілдікке” қарсы саяси науқанның барысында әдебиеттің бүкіл тарихы Абайымен қоса теріске шығарылды. Алғашқы екі кітабы жарық көрген “Абай жолы” эпопеясында қазақтық өткен ғасырдағы өмірінің суреттелуінен бастап, бар қадір-қасиеті жоққа шығарылып, теріс идеялар береді деп танылды. Осы саяси науқанның салдарынан Ысмайылов, Жұмалиев, Қ. Мұқамедханов т.б. қудаланып, әдебиеттен шеттетілді. Кенжебаев, Т. Нұртазин, Қоңыратбаев т.б. қуғындалды. Тоқырауға ұшыраған қазақ әдебиет сыны 1955 ж. республика басшылығы ауысып, идеологиялық солшыл бағыттағы тоң ептеп жібіп, шығармашылық жұмысқа мүмкіндіктер туа бастаған кезде қайтадан жанданып, кең арнасына түсе бастады. Ысмайылов, Жұмалиев, Нұрқатов, А. Нұртазин, Қ. Нұрмаханов, М. Ғабдуллин, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Б. Сахариев және т.б. сыншылар қазақ әдеби сынын жаңа биіктерге көтерді. 60 жылдары көп томды қазақ әдебиетінің тарихын жасаумен бірге әдебиеттің ағымдағы күрделі мәселелерін терең талдаған мақалалар жарық көрді. Әдебиет сыны осы жылдары қарқынды дамып, баспасөзде қызу пікір-таластар болды. Әдебиет сыны саласында А. Сүлейменов, З. Серікқалиев, Р. Нұрғалиев, Тоқбергеновтер көрінсе, оған жалғаса 70-жылдары С. Әшімбаев,                               Б. Сарбалаев, Қ. Ергөбеков, Б. Ыбырайымов, Т. Шапаев т.б. келді. 70 жылдары әдеби сынның дамуына мол мүмкіндіктер жасалынды. Газет-журнал беттерінен сын бөлімі тұрақты орын алды; “Уақыт және қаламгер”, “Сөзстан” сын мақалалар жинақтары тұрақты шығып тұрды. 80 жылдардардың соңына қарай елімізде басталған түбірлі бетбұрыстар қазақ Әдебиет сынында да тың серпіліс әкелді; алға жаңа міндеттер қойды. Мұндай үлкен міндеттерді атқаруға сынның ғылыми сипаты артып, әдебиеттану ғылымының өрісі кеңейе түсті. Қазіргі кезде Әдебиет сыны жан-жақты өркендеп, жанрлық түрлері дамыды. Әдебиеттану ғылымының бұл саласында сын мақала, сын пікір (рецензия), шолу мақала, эссе (публистикалық немесе ғылыми очерк), сын-монография т.б. жанрлық түрлері дами бастады [4].

Көне заманда туған көрікті ойларлы қаза әдебиет сыны тууының бір қайнар көзі ретінде қарастыру ғылыми жағынан дұрыс, эстетикалық тұрғыдан өнімді жол болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Ысқақұлы Д. Сын шын болсын – Алматы, 1993. – 128 б.

2.     Қалыбекеова Қ. 1960 жылдардағы әдеби сын. Фил. ғыл. канд. дисс... авторефераты. – Алматы, 2007.

3.     Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы, 1994. – 448 б.

4.     Викепедия материалдары.