ӘОЖ 930.85 (574)

 

Тарих сахнасындағы Ұлттық өнер мәселесі

 

Жұман Саят Әлдібайұлы - т.ғ.к., Каспи Қоғамдық Университеті, Алматы қаласы.

 

Қазақстан тарихындағы ұлттық театр өнерінің құрылу ерекшелігімен, мәдениетіміздегі алар орны қарастырылған. Сонымен қатар тарихтағы тарихи тұлғалардың театр қойылымындағы бейнесінің сомдалу ерекшелігі жан-жақты талданған.

 

В статье анализируются проблемы изображения истории и исторической личности в современной казахской драме. Выявлены особенности художественной концепции, эстетических исканий писателей.

 

The article analyzes the history image problems and historic figures of modern Kazakh drama. Art concept features and writers’ aesthetic searches are revealed.

 

Театр өнері мыңдаған тарихи жылдар бойы мәдениетпен бір-біріне ықпалдық жасап, әрі санаткерлік категориялар ретінде бірін-бірі байытып келеді. Қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуы, тарихының негізі тұрақты идеологиялық қысымға қарамастан, ғасырлар бойы тарихи шындықтарды ашуға ұмтылудың үзіліссіз жолы екендігі белгілі. Тарихи мәселеге арналған драмалық шығармалар қоғамда тарихи сана қалыптастырды. Ол өткен тарих тәжірибесін ескере отырып, қазіргіні ұғыну мен болашақты жоспарлаудан тұрды. Ұлттық театрымыздағы маңызды үрдістің бірі – тарихи тұлғалар бейнесіне арналған бірқатар шығармалардың жазылуы қазақстан тарихын жаңа қырынан зерделеуге жол ашты.

Бүгінгі таңдағы қазақ театрында қазіргі өмір мен өткен қазақ тарихының негізгі кезеңдерін көркемдік тұрғыдан суреттеу байқалады. ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ жазушылары пәлсәпалық ойға бай, тілге жүйрік қазақ хандары мен би-сұлтандарының, батыр-бағландарының, ділмар-діндарларының көркемдік архетиптерін тудырды. Қазақтың алғашқы мемлекеттік театры құрылғанда бұл архетиптер бірден сахнаға жол тартты. «Қазақтың театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуанамыз. Бірақ сол қуанышпен бірге бұл сияқты ірі өнердің келешегі үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеге үлкен сақтықпен кірісіп, көп ойланып, ептеп бастау керек» [1, 36 б.] – деп, сахна өнеріне аса жауапкершілікпен қараған М.Әуезов, шын мәнінде қазақ драматургиясының, театр сынының, сахна өнері теориясының негізін қалаушылардың бірегейі болды. Ұлттық театрды қалыптастыруда оған арқау-негіз болар рухани көздерді іздестіре келе, М.Әуезов ондай рухани арнаны фольклордан тапты. «Жалпы театр өнері және қазақ театры» атты мақаласында ол – «…Шынында, ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын көп ақындар өз заманында театр жасамай, не жасады?....тапқыштық, шешендікпен аты шыққан Жиренше, Алдаркөсе бар, бұлардың барлық өмірі толып жатқан комедия. Ел сауығына ақыл, өсиет сияқты ой-санаға дем беретін үлгіні кіргізу керек болса, ертеде заман шерін айтып зарлаған Асан қайғы, толғау айтқан Бұқар сияқты жырауларды тірілту керек. Соларға болымсыз мәдениет исін сіңірсе, әрі ел өнері тіріліп, әрі театрдың іргесі құрылады.» [1, 37-38 б.] – деп қорытады.

Қазақстан республикасының мәдени мұрасының бастау бұлағының көзін ашып, кейінгі ұрпақтарына аманат етіп қалдырған қазақ театр өнерінде М.Әуезовтің 1928 жылы жазылып, 30-шы жылдардағы тұңғыш қойылымынан кейін коммунистік идеологияның қуғынына ұшырап, ұмытылып қала жаздаған шығармаларының бірі – «Хан Кене» пьесасы бойынша еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш рет Талдықорған облыстық қазақ драма театрының сахнасына режиссер Қадыр Жетпісбаевтің сахналануымен шықты. “Хан Кене” спектаклі Талдықорған драма театрының тарихындағы елеулі кезең, маңызды оқиға, ұжымның жаңа бір қырынан көрінген салмақты дүниесі болды. Қойылымның режиссері мен оған қатысушылар Кенесары тағдырынан жеке адамның трагедиясын ғана көрмей, оған қоғамның тарихи дамуындағы түрлі тенденциялардың шарпысуын тану спектакльдің идеялық нысанасы екенін түсініп, соны айқын ашуға тырысқан. Бұл спектакльде жеке орындаушылардың трактовкасы қойылымның тұтас пластикалық шешіміне бағындырылып, сахналық бейненің жан-жақты шығуына режиссура барынша шығармашылық жетістігімен көрінді.

Актер М.Әжібектегінің бас кейіпкердің күрделі жан күйзелісін шынайы бейнелегені жан-жақты талданған. Талдықорған облыстық қазақ драма театрының сахнасында қойылған спектакльде жақсылық пен жауыздық, адалдық пен азғындық, шындық пен жалған, махаббат пен өштік шарпысады. Қойылымда Кенесарының өмірі мен өлімі жеке адамның ғана тағдыры болудан жоғары тұр. Оның тағдырынан ғасырдың маңызды белгілері мен қайшылықтары айқын көрінеді. Режиссер хан Кене тұлғасының мәнділігі осында деп түсінеді. Трагедиялық тартыстың қоғамдық маңызын өсірітұрған қасиеті де осында деп тұжырымдайды автор. Қазақ драматургиясының даму жолдарын ой елегінен өткізгенде, бұл саладағы М.О.Әуезовтің еңбегін ерекше атаған жөн. Оның драматургиясында жоғарыда аталған екі үрдіс те көрініс тапқан. М.Әуезов тарихи кезеңнің диалектикасы мен динамикасын беретін образға әкелген идеялық-көркемдік ізденістері жоғары бағаланды. Тарихи тұлға тағдырын ол өмір сүрген дәуір табиғатымен бірге қарастыра зерттеген жазушы драматургияда Кенесары Қасымовтың, Абай Құнанбаевтың күрделі бейнелерін жасады. Образды жасау барысында жазушының азаматтық болмысы мен көркемдік шеберлігі көрінді. М.Әуезовтің жаңашылдығы – қазақтың бұрыннан келе жатқан әдеби дәстүрін реализм әдісімен байыта түсуінде, тарихи тұлғаны дәуір ерекшелігіне сай суреттеуінде. Ол қолданған көркемдік әдістер кейінірек қазақ әдебиетінің трагедия, роман-эпопея, кинодрама, сценарий сияқты жаңа жанрларынан өз көріністерін тапты. М.Әуезовтің көркемдік әдісі өткен әдеби кезеңнің тәжірибесін бүгінгі күнге икемдеді. Тәуелсіздік жылдары М.Әуезов дәстүрін жалғастырған автор, режиссерлердің халқымыздың ұлы тұлғасы, данышпан ақыны Абай туралы көптеген драматургиялық шығармалары мен спектакльдеріне талдау жасаған. Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрында Р.Сейтметовтың режиссурасымен қойылған “Қалың елім, қазағым” (1990), Н.Жақыпбаевтың “Желсіз түнде жарық ай” (1995), Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Б.Атабаевтың “Абай десем...” (1995), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрындағы “Жұмбақ жан” (2005) символикалық драмаларына, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында Ж.Хаджиевтің режиссурасымен К.Ахметовтың “Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым” (1995), Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрында Б.Римованың “Абай – Әйгерім” (2003; реж. Б.Атабаев) тәуелсіздік жылдары жаңа қырынан танылды. Осы спектакльдердің барлығы әртүрлі қолтаңбамен, түрлі трактовкамен қойылған Абай бейнесі туралы сахналық жүйелер, режиссерлік талпыныстар өзінің мақсаты мен эстетикалық, методологиялық деңгейі жағынан түрлі болып келеді. Абай өміріне байланысты жазылған пьесалар мен инсценировкалар ұлттық театр тарихының репертуарынан түспей, әр кезеңнің талап-талғамына сәйкес қайталанып отырды.          Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бейнелері Қ.Бекхожиннің тарихи трагедиясы «Ұлан асу» мен Т.Ахтановтың «Ант» атты драмалық шығармаларына арқау болды. ХХ ғасыр кеңістік пен мезгілдегі халық, тұлға, қоғам тәрізді үш категорияның басын біріктіріп, олар жөнінде туындаған сұрақтарға жауап іздеумен келеді. Бұл үш категория қазақ драмасының дамуындағы негізгі бағыттар болып табылады. Қоғамдағы идеологияның ішкі қайшылықтарын көрсете отырып, тарихи тұлғалардың көркем образын меңгеру қазақ ұлтының тарихында жаңа тұжырымдардың қалыптасуында негізгі рөл атқарады.

Т.Ахтановтың «Ант» атты трагедиясы, қазақ драматургиясы дамуының логикалық сатысының бірі ретінде танылады. Өйткені драматург бұл шығармасында қазақ халқы тарихының қайшылықтарын анықтауда көркемдік құралдарды шебер қолданудың үлгісін көрсетіп отыр.

Авторлық ойды түсінуде Әбілхайыр хан бейнесінің алатын орны маңызды. Дәуір тынысына тән идеологиялық шарттар негізінде қалыптасқан қазақ қоғамы дамуындағы хандық биліктің орны, хандық құрылымда қалыптасып қалған көзқарастарды жеңе білуден драматургтың жаңашылдығы айқындалады. Өткен тарихтың шынайы жолдарын біле отырып, драматург тарихи оқиғаларды да, тарихи кейіпкерлерді де идеал ретінде суреттемейді.

Хандық құрылыс өкілі арқылы көрінген көркем бейнедегі батырлық бастауының өзектіленуі аталған көркем туындылар жасалған кезеңдегі уақыт идеологиясына қарама-қарсы тұрды, сөз шеберлерінің көркемдік концепцияның қалыптасуына негіз болған тарихи шындықпен қоса шыңдала түседі. Т.Ахтановтың көркемдік ізденісі Әбілхайыр ханды нағыз батыр ретінде танып қана қоймай, ұлттық тарихта осы тұлғаның алатын орнының маңыздылығын ұғынуға алып келеді. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы отандық тарихымыздағы Қазақстанның егеменді және тәуелсіз ел болып жарияланғандығын айқындаған айрықша оқиғаларға толы болды. Осы сәттен бастап қоғамның саяси, әлеуметтік және рухани өмірінде жаңа кезеңдер басталды. Көркемдік - эстетикалық және адамгершілік ізденістерді айшықтауда тарихи түлға - Абылай хан бейнесі басты тақырыптардың біріне айналды. Қазақ драма әлемі жазушы – драматург С.Жүнісовтің «Абылай хан», М.Байсеркенің «Абылай хан», Ә.Кекілбайұлының «Абылай хан» драмалық дастанымен толыға түсті. Аталған шығармалар, бейне тұжырымы, тарихи материалдарды берудегі көркемдік-эстетикалык шешімдер драматургтердің көркемдік тәсілдерді қолдана білудегі даралықтарын байқатып, қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа жанрлық қатынастарды іздестіруде батыл тәжірибелерге бара білгендіктерін аңғартады.

Қазақ тарихында ерекше рөл атқарған тұлға Абылай хан туралы шығарма өтпелі дәуірдің келелі мәселелерін көркем бейнелей білді. Ә.Кекілбайұлының пьесасы және оның әдеби нұсқасы көрермендер мен оқырмандар қауымына 1997 жылы желтоқсанда ұсынылды. Ә. Кекілбайұлының «Абылай хан» пьесасында тарихи тұлғаның көркемдік концепциясы автордың дүниетанымымен, қоғамдық мақсат жүйесімен айқындалады [2].

Ә.Кекілбайұлы шығармасының көркемдік концепциясы өзіндік болмысымен ерекшеленеді. Шығармада ХХ және ХХІ ғасыр тоғысындағы адамзат қоғамын ізгілендірудегі динамикалық үдерістер кезіндегі оқиғалар нақты көрініс табады. Мемлекет қалыптасуы барысында өзекті болған қоғамдық уақыттың саяси мәселелерін, өз орнын саяси иерархия мен басқа да мемлекеттік білімдер құрылымы арасынан табуға алып келді. Сол уақытта көтерілген мәселелерге көркемсөз шеберінің жауап іздеуі батырлық тұлға бейнесін дүниеге келтірді.

Ә.Кекілбайұлы сынды көркемсөз шеберінің түпкі ойы - өзгерістер кезіндегі қажеттілік пен рухани әлемді жандандыру өзекті болып тұрған кезде қоғам өміріндегі қалыптасып қалған әлеуметтік-рухани бағдарлардың жойылуын сипаттайтын өтпелі кезең үшін идеал іздеумен байланысты болды. Қарастырылып отырған көркем тұтастықтың идеялық бағыттылығын талдай келе, сыншының сөзін келтірсек әділ болар еді: «Нағыз көркем шығарманың мазмұны -эмоционалды мазмұн» [3, 164 б.].

Ә.Кекілбайұлының пьесасындағы батырлықты суреттеудің көркем концепциясында жалпы адамзатқа және тапқа қарсы қою кездеспейді. Көркем синтез шығарманың поэтикасы мен көркем концепциясын айқындайды. С.Жүнісов өз шығармасының көркемдік тұжырымын эстетикалық тұрғыдан көрсете білуде өзін еркін ұстайды. Ол «әдебиеттің драмалық түрінің канондарынан, пьесадағы оқиғаның дамуына автордың араласпауы керек деген талаптардан батыл бас тартады. Абылайдың билерге қарсы шығатын тұсын суреттегеннен кейін, автор оқиға желісін бірден Санкт-Петербургке, сенатқа ауыстырады.

Қоқан-лоқылық көрсету, жемқорлық, қорқыту - мұның барлығы кең дала аймақтарын Ресейге қосудағы ресми қабылданған, қолданылған құралдар еді. «Дегенмен, - деп жазады Ж.Қасымбаев, - ¥лы даланың әдет-ғұрпын, тілін білетін, оны өзіне жақын деп есептейтін, бұрынғы татар мырзасы дипломатиялық қызметінде көрнекті старшындар, сұлтандар тарапынан туындаған қарсылықтармен кездесті. Олардың көпшілігі «барлық өтірікті» білгеннен кейін, орыс елшілігі туралы естігісі де келмеді, «ханды менсінбеді де». Ашық қарсылыққа қапаланған А.Тевкелев Әбілхайыр ханға «оның императрицаға баруы бүкіл «қырғыз-қайсақ халқымен» келісіле отырып қабылданған шешім»,-екендігін айтқызды [4,17].

«Абылай хан» киносценарийінде Қазақстанға қатысты дипломатиялық курс сипаты Орынбор комиссиясының бастығы генерал Неплюев пен Пенза гарнизонының полк майоры Миллердің арасындағы диалог арқылы дұрыс, нақты көрсетілген. Автор қоғамдағы жоғары билік құрылымдарының күші және саяси шешімдерінің ойы байқалатын Неплюев бейнесі арқылы әскер қызметіндегі ақсүйектердің жоғарғы шендегі бейнесін ашады. Сценарийдегі іс-әрекеттің даму ерекшеліктері, тарихи үрдіс дамуындағы кеңістік және уақыт бірліктері арақатынасының шығармашылық еркіндігі мен көркем тәсілдерді қолданудағы батылдығы, тарихи тартысты айшықтаудағы авторлық көзқарастың басым түсуі шынайы өмірдің көп қабатты, жарқын, көркем суретін жасауға негіз болды. Көркем тәсілдер арқылы тарихи шындықты қайта жасаудағы жаңа көркемдік-эстетикалық ізденістерді байқатты.

С.Жүнісовтің эстетикалық ізденістерінің даму жолы отандық тарихтағы күрделі кезеңдерді түсіну мен оны бейнелей білуге жаңаша қарау қажеттігінен туындаған еді. Абылай бейнесі, Қазақ ұлтының саяси тұрақтану мәселесі, мемлекет болып қалыптасудың жолдарын іздеу - бұл қазақ әдебиетінде, сондай-ақ драматургияда бірталай қайталанылып келетін бейне мен тақырыптар. Драманың эстетикалық мәселелерін, кино өнерінің театр өнеріне тигізетін игі әсерін зерттеп, талдаған А.Карягин монтаждың көркемдік күші мен тиімді әсері туралы былай дейді: «Екі түрлі бейнені салыстыру екеуіне де ұқсамайтын, сапасы жағынан екеуінен де ерекшелене түсетін үшінші бір бейненің туындауына әсер етеді. Бұл өнерді эстетикалық тұрғыдан байытады, құбылыс табиғатын тереңірек көре білу мүмкіндіктерін ашады, сырттай бір-бірінен алыс, байланысы жоқ болып көрінетін заттар арасындағы ішкі байланысты орнатады. Көрерменнің санасында болып жатқан монтаждық талдау адамның қоғамдық және көркем тәжірибесінің байлығына, ассоциациялы ойлай білу қабілетінің дамығандығына сүйенеді. Осы тұрғыдан келгенде кино өнері көркемдік сананың дамуындағы нақтылы

Өлі Шарыштың мумияланған басын көргендегі жоңғарлардың үрейі мен қорқыныш сезімін суреттей отырып, киносценарийдің авторы режиссерлық түсініктемені киноның техникалық құралдарын қолдана отырып береді: «Экранда: - Шарыштың көзі үлкейе-үлкейе келе түгел экранды алады. Оның жанарсыз өлі көзінде ақ шел сияқты көмескі бірдеңе әуелі бұлдырап, содан соң анықтала-анықтала үлкейген, біреуге шабайын деп тұрған жолбарыстай ақ көйлекті, айбатты Абылай тұлғасы...» [5,4]. Бұдан әрі өлген Шарыштың көзінде бейнеленген жауынгердің Тұлғасы Абылай бейнесіне айналып, бүкіл экран бетін жауып, тіріледі.

Кино өнерінің техникалық тәсілдері С. Жүнісовтің көркемдік әлемінде таңдалған такырыпты ұғыну мен бейнелеудің эстетикалық құралына айналды. Ол бейнеленіп жатқан оқиғаның тіпті, ең кішкентай бөлшегіне көрерменнің назарын аудару үшін кино-камера мүмкіндіктерін тиімді қолдана білген.

Қазіргі драматургияда шығармашылық тұлға тақырыбың көркем бейнелеу, атап айтқанда Дулат Исабеков шығармашылығынан ерекше орын алады [6]. Тарихи тұлға мәселесі қуыршақ театрының қойылымында іске асырылды. Екі түрлі стихиялық жағдайдың кездесуі жүзеге асты: күрделі мәселелер және ойын форматының эстетикасы. Көркем бейнелеу құралдарының тақырыбы мен дәстүрлерінің қарама-қарсылығы драматургты ойыншық көрінісінің сахна құрылысын, кішкентай көрермендердің қабылдау ерекшеліктерін ескеруге мәжбүр етті.

2000 жылы М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасына қойылған “Томирис” атты траихи қойылымына талдау жасаған. Республика театрларының репертуарына оң әсер беретін бұл спектакль тақырып жағынан да, режиссерлiк, актерлiк шеберлiк деңгейi тұрғысында да көрермен мен талғампаз мамандардың көңiлiнен шыққан сүбелi шығарма болғанын дәлелдейді. Оның құндылығы – тарих тереңiне суреткерлiк көзбен қарай бiлуiнде ғана емес, режиссер мен актер шеберлiгi арқылы сол көне тартыстары бүгiнгi өмiрмен ұштастыра бiлуiнде. Драматург Шахимарденнiң пьесасы бойынша режиссер Тұңғышбай әл-Тарази қойған “Томирис” трагедиясының басты идеялық нысанасы – халықтың ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен бостандық жолындағы күресi. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi IV ғасырды сахнаға шығарған режиссер халқымыздың көне замандағы ерлiк iстерiн шынайы бейнелеген. Халқының бостандығы жолында жеке басының бақытын құрбандыққа шалған Томирис бейнесiн театрдың жас актрисасы Дария Жүсiп шығарды. Актриса бойында батырлық пен сұлулық бiрдей тоғысқан. Д.Жүсiп Томиристi әр қырынан көрсетудi меңзеген. Актриса соғыс апатына ұшыраған елiмен, өзiне жақын адамдарымен азапты өмiр кешкен сақ падишасы Томиристiң мiнез табиғатындағы адамгершiлiк, адалдық, ерлiк, тапқырлық сияқты асыл қасиеттердi өрнектi сахналық ойынымен жарқырата ашып көрсеттi. Томирис бойындағы қат-қабат сырды ашқан Дария Жүсiп ойыны – шын шеберлiктiң озық үлгiсi. Бүгінгі күнде қазақ театрының шығармашылық бағыттары мен ондағы тарихтан алатын орны тереңдей зерттеліп, театрдың тарихпен өзара сабақтастықтары, бір-біріне жасайтын ықпалды тұстары қарастырылуда. түсіністікпен қабылдай отырып, өзге халықтарда кездесе бермейтін табиғаты бөлек қазақтың сөз өнеріне аса мұқияттылықты, оның негізіне, тарихи маңызына сақ болуды аманаттағымыз келеді.

 


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.     Әуезов М. Жалпы театр өнері мен қазақ театры. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 1998. Т. 3. Мақалалар, әңгімелер, аудармалар, пьесалар. – 392 б.

2.     Құлбарақов С. Шығарма көркемдігі. –Тараз: ТарМУ, 2000. - 113 б.

3.     Кекілбайұлы Әбіш. Абылай-хан. // Жалын. 1997.- 4 -197 б.

4.     Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств (ХҮІІІ в) - А.: Білім, 1999. - 288с.

5.     Жүнісов С. «Абылай хан». Кинохикаят. Егемен Қазақстан, 8 сәуір, 1998 жыл. 46 б.

6.     Исабеков Дулат. Бес томдық шығармалар жинағы. Пьесалар. Алматы. «Өлке», 2003, 360 б.

 

Abstract

 

National theater and history of Kazakhstan

 

Zhuman Sayat AldebayulyPhD., senior teacher of Social disciplines department, AUPET, Almaty.

 

Nowadays the place of Kazakh theatre creation is being deeply studied in the history of Kazakhstan. History and history of theater are interrelated, and is considered as an influential opposite place. Taking into account the kind of Kazakh art, which we can't meet in other cultures, we would like to separately entrust a historic importance in depth. Forming the national theater, the base and plot are a spiritual source. Actors and writers take place in moral folklore, which is being spread by the historical data.