Молдазимова А.Е.
Еркебаев Д.Қ.
М.Х. Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университеті, Қазақстан
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ІЛІМІ
Адамгершілік
– барлық қаламгерлерге ортақ тақырып. Әйтсе де
сол қаламгерлердің бәрі де бұрыннан айтылып келе жатқан
дәстүрлі тақырып – адамгерішліктің өзіндік
жүйесін, қалыбын, танымын жасай бермеген. Абайдың өзге
ақын-жазушыдан бөлек болатын жағдайы да осы адам болу мен
адамгершіліктің жүйелі жолын, өзіндік танымын жасай білуімен
байланысты. Ол адамгершілікті көркемдік тұрғыда суреттеумен
шектелмей, оны ілім, таным, ойшылдық деңгейіне көтере
жырлайды. Абай өзіне дейін негізін Аристотель қаласа да,
шығыста әл-Фараби бекіте түскен ғылымдар жүйесіндегі
«практикалық философия» тұрғысында толғанады.
«Практикалық философия» мемлекет пен жеке адамның игілігі мен
бақытын, кемелділікке жетуін сөз ететін саясат пен этиканы
қамтиды. Абай да – этикалық мәселені, мораль философиясын
тереңдеп сөз еткен ойшыл ақын. М.Әуезовтың: «Ол
адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары
қойды»,-деген ойы ақын танымын терең танудан туған.
Абай үшін ақындық қана мұрат емес, оның
ақындығы – адамгершілік танымының құралы. Ол
белгілі бір адамгершілік қасиеттерді іш тартып қана қоймай,
сонымен бірге адамгершіліктің, адам болу мен кісіліктің өзі
тапқан қалыбын, жүйесі мен жолын жасайды. Адам тану мен
адамгершіліктің мәніне, сырына үңіле түседі.
Қайтсем адам атын асқақ, асыл етем деп шарқ
ұрады. Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам»
ұғымының алатын орны орасан зор десек те, оны белгілі бір
жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көшбасы
болған философ – Сократ. Абайдың толық адам туралы танымы сол
Сократтан басталатын, Платон, Плотиндерді сүюді сүйеніш, тірек еткен
адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам,
шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили нисани мен бенделіктің
кәмалаттығына ұмтылған адам туралы ілімдер мен
төркіні түркілік жәуанмәртілікпен сабақтасып,
туыстатып жатады. Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты
жаңалығы да осы. Абайдағы адамгершілік мәселесі
құбылыс ретінде толық адам арқылы көрініп,
ең түпкі мәні махаббат пен әділет, ізгілікке дейін
дамып, ұштала береді. Толық адам мен оның өзегі мен
негізі – махаббат, әділеттің аралығында адамгершілік асыл
қасиеттің қыр-сыры ашыла түседі. Абай бізге Платонның
жолын қуған шәкірті Плотин айтқан
адамдықтың мүсіншісіндей көрінеді.
Әдебиетші
ғалым Мекемтас Мырхазметұлы «Мұхтар Әуезов және
Абайтану проблемалары» атты монографиясында Абай
шығармашылығындағы таным жайын хауас арқылы, ізгілік
сырын жүрек, жәуанмәртілік, үш сүю арқылы
жан-жақты таратып айтқан. Абайдағы толық адам –
тәні, жаны, ақыл-ойымен де жетілудің шыңына жетіп,
кемеліне келген адам.
Абайдың
адам болу жайындағы жүйелі де желілі танымы «Қартайдық,
қайғы ойладық, ұййқы сергек» өлеңінен
басталады.
Ер ісі
ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің
қылығы өле көрмек.
Шыға
ойламай, шығындап қылық қылмай,
Еріншек
өздігінен көпке көнбек.
Ақынның
сөз қолданысында «Ер» сөзі көбінесе кісілікті кісі
бейнесіне келеді. Ал кісілікті кісі ақын армандаған толық
адам ұғымымен төркіндес. Осы бір шумақта кісілікті
кісінің әдемі-ақ бейнесі берілген. Әрбір сөзді
ерекше електен өткізіп барып айтатын ақынның «бойды
жеңбек» тіркесінің мән-жайы Орта ғасырдағы
шығыс ойшылдары мен ақындарында молынан сөз болған.
Олардың ойынша, адам болудың жолына түскен кісі ең
алдымен тәндік тілегін тежеп, жанының зиянды құмарын
шектей білуі керек. Абай «бойды жеңбек» деп осыны айтып отыр. Ақын
өлеңіндегі «көпке көнбек» сөзінің де тарата
түсуді тілейтін төркіні бар.
Абай
үнемі ебін тауып кісінің адамгершілігін ұштай түсумен
болады.
Адамзат
тірлікті дәулет білмек,
Ақыл
таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Ақынның
өзі айтқандай, адамда екі түрлі қуат бар: жан
қуатымен ақыл таппақ та, тән қуатымен де мал
таппақ, еңбек етпек. Ақын екеуінің де адалдықпен
болғанын қалайды.
Махаббат –
өмір көркі, рас...
Махаббатсыз
дүние бос,
Хайуанға
оны қосыңдар...
Жүрегі
жұмсақ білген құл,
Шын дос
таппай тыншымас.
Ақын
айтып отырған «Жүрегі жұмсақ білген құл» -
сүюді өмірінің мәніне айналдырған ізгілікті жан.
Ал «дос» деп отырғаны – өте кең ұғымдағы
сөз. Абайдағы досты аңсау тақырыбын өз алдына
әңгіме етуге болады. Махаббат, достық, Абай
ұғымында, төркіні бір туыс түсініктер. Сүю мен
достық адамдық ерлік екенін Абай әр кезде де айтып отырады.
Абайдағы адамгершілік
мұраттың шыңы – иманигүл танымы «Алла деген сөз
жеңіл» өлеңіндегі ақынның өзі ерекше
ықыласпен жырлайтын «Тәңіріне жасаған махаббатынан»
туындап отыр. Ал, Құдайды сүю – сопылық танымның
ең негізгі тірегі. Құдайға деген құрмет
кемелділік күйінде Шығыс ойшылдарында да кездеседі. Абай таратып,
көп айтатын толық адам – шығыс ойшылдары мен сопылық
танымдағы кемеліне келіп, әбден жетілген адаммен төркіні бір
таным. Барлық жақсылық пен ізгілік Құдайдан деп
түсінген әрбір кісі өзінің адамгершілік қасиетін
жетілдіру арқылы өз қиялындағы Құдайындай
ізгілікті, рахымды, мейірімді болуға тырысады.
Сөйтіп,
ақын құбылыс күйіндегі толық адам танымының
өзегі мен мәнін – әділет, сүю, ізгіліктен табады.
Абайды қай қырынан тануға тырыссақ та, оның
сүю танымына тап боламыз. Ол өзінің сүю танымын
ашық та айтады, астарлап та жеткізеді. Тек «Егер ісім өнсін
десең, ретін тап» деп, ақынның өзі айтқандай,
жүйесін тауып, сонымен ған жүріп отырмасаңыз, оны
өзі қалаған деңгей-дәрежеде тани қою
қиын. Ақын өзінің тірнектеп жинаған мол танымын
шашыратып жібермей, әдемі бір қалыпқа салып, жүйелі
жеткізеді. Ақын сөзінің түйіні –
«Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім». Өзіне
дейінгі ізгілік, қайырымдылық туралы танымды әрі алып барушы
әл-Фараби: «...әділеттілік сүйіспеншілктен туады.
...сүйіспеншілік әуелі қайырымдылыққа
қатысы болуынан туады» дейді. Төркіні мыңдаған
жылдардың ой қазынасымен табылатын таным-тарихындағы осы
дәстүрлі тақырыпты Абайдың да жүйелі сөз
етуі – біз үші зор мақтаныш.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Абай Энциклопедия – Алматы.
«Қазақ энциклопедиясының»
2.
Бас редакциясы, «Атамұра»
баспасы. 1995 ж.
3. М.Мырзахметұлы. М.Әуезов және Абайтану проблемаларыАлматы 1997 ж
4.
Абай және заман. (Мақалалар жинағы). Алматы. 1995 ж.
5.
М.Әуезов. Абай мұрасы жайында. Қазақ ССР
Ғылым Академиясының хабаршысы, 1951 ж. №2.
6.
М.Мырзахметұлы. Абайтану. Алматы. 1993 ж.
7.
М.Мырзахметұлы. Абай жүрген ізбенен. Алматы.
1985 ж. Ә.
Қоңыратбаев. Абайдың философиялық
көзқарасы. Социалистік
8.
Қазақстан. 10 тамыз. 1945 ж.
9.
М.Әуезов. Абай
Құнанбаев. Монография. Алматы. 1993 ж.
10.
М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы. 2002 ж.
11.
М.Бейсенбаев. Абай және оның заманы. Алматы. 1998 ж.
12.
М.Әліпхан. Қазақ
әдебиетіндегі адамгершілік ілімі. Монография. Алматы. Абай атындағы ҚазҰПУ. «Ұлағат»
баспасы. 2013 ж.
13.
Абай Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы.
І том. Алматы.
«Жазушы». 1986 ж.