Филологические науки/8. Родной язык и литература
филолог.ғ.к.,
доцент Шаридияр Валиханов
Ы.
Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық
институты
(Арқалық
қ. Қазақстан )
Портрет және кейіпкер
Тұтас бір
дәуірдің тірек тұлғаларының көркемдік
бейнесі сомдалған кең тынысты
«Дауылдан кейін» романындағы Аман, Шәкен образы туралы әдеби
сында қадау-қадау ой айтылды.
Қаламгер Ғабиден
Мұстафиннің шеберлік сырының бір қыры – осы портрет
жасау. Жазушы өз кейіпкерін қилы сәтте, түрлі
жағдайда, ішкі толқын, тыс қимыл ауқымында ашуында
нақтылы адам кейпін аша түсіп, оның
түр-тұлғасын айнытпай жеткізерлік бейнелеу, суреттеу амалдарын
өзіндік оңтайлы тәсілдеріне жүгініп отырады.
Ә дегенде аңға
шыққан Аманмен жүздескен оқушы жігіттің сырт
келбет, бет бітім, дене пішімімен біршама танысып алады.
«Ол – әдетте аз
сөйлеп, көп тыңдайтын бұйығылау,
ұялшақ жігіт. Әйтсе де, бойында қайрат бары
өңінен анық байқалады. Қалың
дөңестеу біткен қабағы, байсалды бүркіт
көзі жұқалаң ақшыл жүзіне айбат та, келбет
те беріп тұр» [1, 6 б.].
Аманның
әкесінің портретін жазушы Аманның көзімен береді.
«Сапар сөзін бітірді де,
суыған шайын жұта салды. Шайға турап салған дөңгелек
езіліп, былбырап кеткен екен. Тіссіз аузын қомпаңдата, толғап
отыр. Аман әкесіне қарап қалыпты. Мұрынды, ұзын
кірпікті бетін түк басқан, өңі суық, сары кісі.
Бас, бет бітімі тіпті мол. Көзі көкпеңбек. Күнде
көріп жүрсе де, әкесінің бұл тұлғасын
Аман жаңа анықтады» [1, 25 б.].
Кейіпкер бейнесін біреудің
көзімен кейіптеу, көру – көркем
шығармашылықтағы өнімді тәсілдердің бірі
екендігі белгілі.
Ғабиден Мұстафин
оқиға барысы, баяндау бағытына орай адамның бет-бітім,
сырт пішінін бірте-бірте, қилы сәтте, там-тұмдап кіріктіріп
отырып ашуды жөн көреді. Алғаш Аманның
дөңестеу қабағы мен бүркіт жанарын,
аққұба жүзін ашса, енді бір тұста оның
өзге бауырларының барлығының Амандай
аққұба емес екендігін айту арқылы, Аман сипатын
тағы бір айқындай түседі.
Бір сәтте тұтас
портрет жасап барып оқиға өрбіту тәсіліне де
қаламгер қаламы әбден төселген. Кең
құлаш, қазақ даласының жиырмасыншы ғасыр
басындағы байтақ өмірін суреттеген кесек шығармада
белгілібір жағдайлар аясына тартылған көпшілік қауымның
қажет жерінде бет-жүзін көрсете отырып баяндау өрісін
ұзарту – шығармашылық еңбектің ең бір бейнетті
тұсы.
Жазушы үшін
кейіпкерінің оқырманмен мейлінше жүзтаныс қалыпта,
жатырқамай білісіп-танысып кеткені керек. Сол себептен де қаламгер
қажетті жерінде елеулі, елеусіз тұлға деп бөлектеп
жатпай, кімнің болса да қалыпты қимыл-әрекет,
болмыс-бітімін мейлінше өмірдегідей, айқын, нақты суреттеуге
жақын тұрады.
«Үй-іші шала-бұла
жиыстырылып, төр алдына жалғыз алаша жайылған кезде
сәлем беріп орысша киінген қазақ жігіт енді. Сапарға
екі қолын, Аманға бір қолын беріп амандасты. Орта бойлы, қамыт
аяқ, ақ шұбар жігіт екен. Сақал-мұртын
қырып тастапты, жасы отыз бес, қырық арасында болар. Сырт
киімін шешіп барып отырды. Белінде наган. Бірақ өңі жылы,
амандығы сыпайы көрінеді. Өзін еркін ұстап, үлкен
көзімен өте байыпты қарайды» [1, 32 б.].
Аман портреті бір сәтте
емес, бірте-бірте ашылуы оның орталық тұлға
мәнінде жатыр. Қою оқиғалар, кеңістік пен
уақыт аясындағы адамның мың-сан күйдегі жаратылыс
болмысы ауық-ауық айналып отырып ашылуы – көркем
туындының айтулы, түбегейлі табыстарының бірі болып
танылмақ. Аманның толғаныс, ашу, қуаныш, ақыл
билеген қилы сәттегі бет құбылысы сырт сипаттауға
берілмейтін күрделі шындық. Жазушы қаламы Аманды бар
сәтте, бар қалыпта тұтас көрсетуді байыппен, баяу,
барлай отырып икемге көндіреді.
«Сапырулы сары қымыз
қарын тойдырып, шеке қыздырғанмен, мырзаның
тәкаббар мінезі Малқарды мазақтап, Малқардың
оған кәрі жыны қоза жаздап отырғанда, сырттан естілген
айғай-шу лап беріп үйге енді. Аман мен Шөгенге дүрліге
қарады бәрі. Ашылмаған қыз мінез Аманның
өңі енді тіпті суық: қанын ішіне тартып алған,
сұп-сұр, қызғылт көзінде нажағай ойнайды,
қалың қабағы жауар күндей түнеріп кетіпті.
Дәл қазір іштемеден тайылар емес, төрдегілерге тайсалмай,
тура қарап тұр» [1, 51 б.].
Жазушы шығарма
кейіпкерлерінің жүрісі қалай, дауысы қандай, қимыл-қозғалысы
нені байқатады – байқампаздықпен бақылайды. Басқа
байқай бермейтін иірімдерін барлайды.
Ғабиден
Мұстафиннің жазудағы өзіндік тәсілінің бірі
– адамды әрекет-қозғалысымен, киім-киіс,
жүріс-тұрысымен көзбен көргендей анық ашу.
«– Оңаша шығып,
жүре әңгімелесейін, – деді де, Алексей Аманды көшеге
ертіп шықты. Даусы баяу, қоңыр, жүрісі жай, лебізінен,
қимылынан салмақты адам екені байқалып тұр. Жасы
әлі қырыққа жете қоймаған, самайына
ақ ене бастапты. Әдеті болса керек, тығыз сары, шалғы
мұртының ұшын ширата береді. Аздап темекі жөтелі бар» [1, 59 б.].
Ғабиден
Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романында қазақ
әйелінің әр кезең, әр жастағы келбеті
табиғи ашылған. Жазушы көзі әр әйелдің
бойынан басқа байқамас бір сұлулықтың сынын
көре қояды. Тәрбие, таным, өскен орта, өрісіне
қарай сипаттауы өзіндік, дара жазу мәнерінің аясында
мейлінше жатық, нанымды, табиғи.
«Айша күліп жіберді. Тынысы
кең, мөлдір, кербез күлкі. Ортадан жоғары бойы бар,
тіп-тік, қағылез ақсұр әйел. Жасы отызды
орталаған. Мол жаулығының алдын иығына дейін
қайрып тастапты, іске де, сөзге де үйіріліп тұр» [1, 82
б.].
«Маржан шай құя
алмай, сылқ-сылқ етеді. Жұқалақ ақсұр
жүзінде қан ойнап, қанмен бірге мөлдір қара
көз ойнап, жас маралдай сүйкімді көрінді Аманға» [1,
120 б.].
«Құшақтай келіп
отырғанда Шолпан оның кеудесіне басын сүйеді. Көзі
жұмулы, шырайлы жүзі сонша момақан, бірақ сонша
сезімтал, ұйқыда жатқан жас марал тәрізді. Ерге
шыққалы екі жылдан асса да, жасы әлі жиырмадан аспаған
жаулықты әйел бірде бала, бірде сұңғыла.
Қазір балаша еркелеп жатып, күрсінеді [1, 179 б.].
Сонау, жиырмасыншы
ғасырдың жиырмасыншы жылдарында-ақ кейіпкер даралығын
ең әуелі оның сыртқы бітімі, көзге ұрып
тұрған жаратылыс ерекшеліктерінен бастап, бірте-бірте жан
дүние күйін көтеріп отырып, сырт құбылыс пен іш
күйзеліс, тебіреніс сәттерін сезімтал
аңғарымпаздықпен суреттеуден бастаған жас жазушы
Ғабиден Мұстафиннің қазақ
көркемсөзінің биігіне көтерілген уақыттағы
кең даладай тынысты туындысы «Оянған өлкеде» бұл
тәсіл мейлінше елеулі жүк көтеріп тұр.
Ғабиден Мұстафин –
өзі суретін сипаттап, болмысын ашқан толып жатқан
адамның тумыс-табиғатына сай сөз таңдауда, сөз
талғап, сөз табуда алдына жан салмағандай жүйріктік танытатын
майталман.
ПАЙДАЛАНҒАН
ӘДЕБИЕТ
1 Мұстафин Ғ.
Дауылдан кейін. – Алматы, 1962. – 428 б.
РЕЗЮМЕ
В статье говорится о мастерстве
писателя Т. Мустафина как стилиста-портретиста в романе «После бури».