Қабул О. Қ.
аға оқытушы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай қ.
А.ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ
ӘЙЕЛ БОСТАНДЫҒЫНА ДЕГЕН РЕФОРМАТОРЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ
Абай өз шығармаларында қазақ әйелін бостандық
пен теңдікке жеткізуге кедергі жасайтын әдет-ғұрыптар
мен институттарды қатаң сынға алады. Оның ойынша,
әйелді рухани қамауда ұстап, құқын
аяққа таптау ескіліктің сарқыншағы,
өркениетті ел санатына қосылу үшін міндетті түрде
арылатын ең басты кемшіліктердің бірі ретінде танылады. Ол
өзінің көптеген пікірлерінде мал сияқты саудаға
түскен қазақ әйелінің көрген
қорлығын қазақ елінің сүйегіне батқан
қара тас ретінде сезінеді.
Абай тірлігі ортақ қоғамдағы әлеуметтік-саяси
өмірдің барлық саласында әйелдерге еркектермен тең
құқық берілуін талап етеді, қазақ
әйелінің өркениетті елдердегі сияқты бостандықта
өмір сүруін қалайды. Еуропа мәдениеті мен орыс
революционер-демократтарының саяси идеяларын бойына терең
сіңірген идеолог-реформатор ретінде қазақ әйеліне
жан-жақты білім беруді және оның интеллектілік, рухани
сана-сезімінің терең, өрісінің кең болуын
жан-тәнімен жақтайды. Оның ойынша білімпаз
әйелдердің саны көп болса, қазақ
қоғамында бала тәрбиесі де дұрыс жолға
қойылып, ұлттық намысты қорғайтын нағыз патриот
ұлдар тәрбиеленетініне көзі жетеді. Абай былай деп жазды: «...хәтта
қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп,
жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар
жетіп, бұл аталары қартайып, сөзден қалғанда
түзелсе болар еді».
Қазақтың әдеттегі
құқықтық жүйесіне реформаторлық
көзқарасын әлеуметтік практикадан мүлдем алшақ
тұрған тілек, теория деп ойлауға болмайды. Керісінше, Абай
жиырма жылдың аралығында өте жоғары дәрежеде
және сапалы түрде би қызметін ойдағыдай атқару
барысында қазақ әйелінің тең құқығы
мен бостандығын заман талабына сай келмейтін нормалардан
қызғыштай қорғап, өзінің шешендік
өнерін пайдаланудың нәтижесінде жеңістерге жеткен.
Нақтылы дәлел ретінде Мұхтар Әуезовтің "Абай
жолы" романында суреттелген Салиха мен Олжабай, Бипаның істерін алға
тартуға болады. Осы істер бойынша араласқан Абайдың
қимыл-әрекеті, шешендік өнері оның әділеттілік
құқық жүйесін жетік меңгергендігінің
биік шыңы болып табылады. Ол қатысқан барлық сот процесіндегі
істердің негізгі өзегі ретінде жаңа заманға сай келетін
құқық жүйесінің қажеттігі айқын
аңғарылады.
Дегенмен де қазақтың әдеттегі
құқықтық жүйесіне Абайдың
реформаторлық көзқарасы бір қалыптағы
аяқталған социологиялық теория немесе концепция ретінде
танылмайды. Ол тек ең кертартпа және қоғамдық
өмірдің дамуына сай келмейтін нормаларды ғана сынға
алады, оларды реформалаудың нәтижесінде әлеуметтік прогреске
жол ашу мақсатын көздейді.
Абайдың реформаторлық көзқарасының ең
негізгі идеясы – қазақ қоғамының әлеуметтік
прогреске ұмтылуы, гуманизм, адамгершілік және қазақ
әйелінің тең құқылық статусы деңгейіне
көтерілуі. Ол жазған ереже нормаларында ғасырлар бойы
қаймағы бұзылмай, бір орында сіресіп тұрып
қалған қазақ әйелінің саяси,
экономикалық, құқылық салалардағы
теңсіздігінің тамырына балта шапқаны анық
байқалады. Ереженің көптеген баптарында Абай батыл
түрде жалпыға міндет ретінде күйеуі қайтыс болған
жесірдің өз ықтиярымен болашақ күйеуін
таңдап алу құқын бекітеді. Ал бұрынғы
әдеттік құқық жүйесі бойынша күйеуі
өлген жесірге өз еркімен күйеуге шығуға, бостандық алуына заң жүзінде тыйым
салынғаны белгілі.
Жесір әйел неке
құқығы шарттарыньң талаптары бойынша міндетті
түрде бip жыл қаралы мерзімді сақтап, одан кейін міндетті
түрде күйеуінің бip бауырына, ол жоқ болған
жағдайда жақын туыстарының бipiнe тұрмысқа шығуға
тиісті болған.
Қазақтың әдеттегі құқығы
аталмыш институты әмеңгерлік деп атаған және әр халықтарда тарихтың даму
сатыларында таптық некенің сарқыншақтары ретінде
ұзақ уақыт сақталып ic жүзінде орындалып
отырған.
Абай
қазақтың некелік әдеттік
құқығына біршама реформаторлық өзгерістер
енгізе отырып, ерлі-зайыптылардың некеден ажырасу туралы
мәселелеріне де орасан зор көңіл бөледі. Бұрын ic
жүзінде пайдаланып келген әдеттік құқық
нормалары некенің бұзылуына әртүрлі негіздерді
пайдаланған болатын. Осыған байланысты қазақ
қоғамында әр жердің билері өздері әділ сот
атқарған аймақта жергілікті әдеттегі
құқық нормаларын қолданып отырған.
Соньң нәтижесінде некені бұзу себeптері мен оның
негіздері сот практикасында кеңейтіліп қолданылып, көп
жағдайда заңсыздыққа жол берілген еді.
Революцияға дейінгі қазақ қоғамыньң
оңтүстік аймақтарында ерлі-зайыптылардың ажырасу
процеci қазақтьң әдеттегі құқық
жүйесі негізінде емес, кepiсінше шариғат шарттары арқылы
шешіліп отырады. Осындай жағымсыз қимыл-әрекеттерді байқаған
Абай неке бұзылуының негізін өзі жазған
ереженің нормаларында бip жүйеге салу мақсатын көздеді.
Абайдың мұндай идеялары бүгінгі күннің
талаптарына дәлме-дәл сай келмегенімен ескі
құқық жүйесіне елеулі жаңарту идеясын
енгізу мақсатын көздегенің айқын аңғарамыз.
Бұл да әйелдің тең
құқықтыққа ие болуына қарай
жасалған реформаторлық қадам деп
түсінгеніміз жөн.
Жалпы
Абайдың әйел бостандығына деген реформаторлық
көзқарасының мағынасы өте зор.
Қарлығаш қанатымен су сепкендей қазақ
қоғамында алғашқылардың бipi болып әйел
бостандығына ара тұрып, сол идеяны әлеуметтік практикада
заң жүзіне асыру – оның асқан
көрегендігінің белгісі еді.