з.ғ.к., доцент Ильясова
Г.А., 3 курс студенті Қазым С.
Академик Е.А. Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Авторлық
құқық және сабақтас
құқықтарды қорғау бойынша
халықаралық келісімдердің рөлі
Қазақстан Республикасы тәуелсіз
мемлекет және халықаралық қатынастардың дербес
субъектісі болып табылады, Қазақстан халқының
мүддесін көздей отырып, Қазақстан Республикасының
Конституциясы негізінде және халықаралық шарттары мен
заңдарына сәйкес өзге мемлекеттермен
ынтымақтастық пен тату көршілік саясатын іске асырады.
Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын
халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының
шешімдері, Қазақстан Республикасы ратификациялаған
халықаралық шартта осы шешімдердің Қазақстан
үшін міндетті сипаты тікелей көрсетілген жағдайда, Республика
ратификациялаған халықаралық шарттың заңдық
сипатын алады. Халықаралық ұйымдар мен олардың
органдарының, Республиканың егемендігі оның бүкіл
аумағын қамтитындығы, және Конституцияда белгіленген
мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық
тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге
болмайтындығы туралы Конституцияның 2-бабы 2-тармағының
және 91-бабы 2-тармағының ережелерін бұзатын шешімдері
Қазақстан үшін міндетті деп танылмайды [1].
Қазір Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ)
барлық мүшелерін байланыстыратын айрықша маңызды
және көптарапты халықаралық келісім болып Зияткерлік
меншік құқықтарының сауда аспектілері туралы
келісім (ЗМҚСА) табылады. Бұл келісім ДСҰ-ның
мүшелерін біріктіретін он сегіз келісімнің бірі болып саналады.
Бүгінгі күні ДСҰ-ның құрамына 149 мемлекет
кірді, оның ішінде Қазақстан да бар. Сондықтан
ұлттық заңдардың сәйкестігі және ең
төменгі критерий ретіндегі тәжірибесін бағалау үшін
ЗМҚСА Келісімінің талаптарын қолдануға болады.
Авторлық және сабақтас құқықтарды
қорғаудың ең төменгі халықаралық
талаптарын белгілейтін бірнеше конвенциялар бар. Олардың ең
маңыздысы «Әдебиет, ғылым және өнер туындыларын
қорғау жөніндегі Берн Конвенциясы» (Берн, 9.09.1886 ж.).
Сондай-ақ Қазақстан үшін ерекше
қызығушылық тудыратын халықаралық келісімдердің
қатарына «Орындаушылардың, фонограммалар және хабар таратушы
ұйымдары өндірушілерінің құқықтарын
қорғау жөніндегі Рим Конвенциясы» (Рим, 26.10.1961 ж.)
және «Фонограмма жасаушылардың мүдделерін, олардың
фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау
жөніндегі Женева Конвенциясы» (Женева, 29.10.1971 ж.) кіреді.
Сонымен бірге, Қазақстан қатысушы болып табылатын
«Авторлық құқықтар туралы»
Дүниежүзілік Конвецияны атап айту керек. Конвенция © белгісін
енгізумен танымал, яғни Конвенцияға қосылған
барлық мемлекеттердегі туындылар қорғалатындығымен
белгілі. Конвенция бұдан басқа авторлық
құқыққа иеленушінің аты-жөні,
туындының бірінші жарияланған жылы мен күнін көрсету
міндеттемесін жүктейді.
Женевада 1996 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған
Дүниежүзiлiк зияткерлiк меншiк ұйымының авторлық
құқық жөнiндегi шартына 48 мемлекет
қосылған, Дүниежүзілік зияткерлік меншік
ұйымының орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі
шартына 44 мемлекет қол қойды. Қазақстан Республикасы
аталған келісімдерге 2004 жылдың 12 тамызында қосылды.
Бернде 1886 жылғы 9 қыркүйекте қол
қойылған «Әдеби және көркем туындыларды
қорғау жөніндегі Берн конвенциясы» авторлық
құқықтарды қорғаудың негізгі
санаттары мен авторлық құқықты қорғау
мерзімінің ұзақтығын анықтайды. Конвенция
қатысушы мемлекеттердің авторлық
құқық туралы заңдарын нақты
сәйкестендіруді талап етеді [2, 50-52]
Авторлық құқық және сабақтас
құқықтардың әлемдік жүйесіне
Қазақстанның халықаралық көп жақты
және екі жақты шарттарға қосылу арқылы енуі –
қазақстандық авторлардың құқығын
шетелдерде барабар қорғауды қамтамасыз етумен қатар,
зияткерлік меншік құқығын мойындайтын, әрі
қорғайтын мемлекет ретінде республикамыздың
халықаралық беделін арттырып, инвестиция тарту ахуалын
жақсарта түседі.
ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік
құқығы Комитеті өзіне жүктелген
шаралардың қай-қайсысын да абыроймен атқарып келеді
деген сенімдеміз. Мәселен, Комитет 1998 жылы «Евразия» кинофестивалі
шеңберінде дыбыс-бейне саласындағы авторлық және
сабақтас құқықтарды қорғау
проблемалары бойынша өткен халықаралық конференцияны ұйымдастырушылардың
бірі болды [3]
Қазақстан
ТМД деңгейіндегі көпжақты және екіжақты
келісімдерге де белсене қатысуда. Солардың бірі ТМД-ның 9
мемлекет басшылары 1993 жылғы 24 қыркүйекте Мәскеу
қаласында қол қойған «Авторлық құқық
және сабақтас құқықтарды қорғау
саласындағы ынтымақтастық туралы» келісім. Енді бірі
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшылары
кеңесінің шешімімен 2010 жылғы 19 қарашада
Санкт-Петербург қаласында жасалған «Зияткерлік меншікті
құқықтық күзету мен қорғау
саласындағы ынтымақтастық және Зияткерлік меншікті
құқықтық күзету мен қорғау
мәселелері жөнінде мемлекетаралық кеңес
құру туралы келісімді бекіту туралы» қаулы [4].
Комитет
өз тарапынан тұрақты бақылауды қамтамасыз ету,
сондай-ақ нақтылы практикалық көмек көрсету
мақсатында өкілетті органдармен қатар, өзге де органдар
(кеден, ішкі істер, т.б. органдар) пайдалана алатын «Заңсыз
жазылған дыбыс және дыбыс-бейне өнімдерін анықтаудың
Әдістемесін» бекітті [5, 10-11]
Қазіргі
таңда республикада зияткерлік меншік объектілерін қорғау
авторлық құқық және сабақтас
құқықтар жөніндегі заңды сақтау
саласында өте төзімсіз жағдай қалыптасып отыр.
Республикадағы бейнетаспа базарлары заңсыз, лицензиясыз, оның
үстіне адамгершілік-этикалық мазмұны төмен
бейнетаспаларға толы. Қалалар мен елді мекендерде «Авторлық
құқық және сабақтас құқықтар
туралы» Заңға өрескел қайшы болып табылатын,
мемлекеттік бюджетке қаржылық шығындар келтіретін контрафактілі
дыбыс және бейне өнімдері, компьютерлік ойындар, лазерлік
компакт-дискілер еркін сатылуда. Алынған кірістерді жасырын салық
төлемеу салдарынан мемлекеттік бюджет айтарлықтай табыстан
құр қалуда. Туындылар және сабақтас
құқық объектілерін заңсыз пайдалану
Қазақстан Республикасының зияткерлік және мәдени
қуатының артуына кедергі жасап, оның халықаралық
беделіне нұқсан келтіреді, қоғамдағы
криминалдық жағдайды ушықтыра түседі.
Комитет пен
аумақтық әділет органдарының күшімен,
құқық қорғау, салық, кеден
органдарымен бірлескен дыбыс-, дыбыс-бейне өнімдерін өндірумен,
көбейтумен және сатумен айналысатын жеке тұлғалар мен
заңды тұлғаларға мақсатты, ішінара тексерулер жиі
өткізілуде. Осы құжаттар «қарақшылықпен»
күресті іс жүзінде барынша пәрменді жүргізуге жағдай
туғызды.
Сонымен,
қазақстандықтардың дүниежүзілік
деңгейде интеллектуалдық меншік объектілерін
құқықтық қорғауды қамтамасыз
етуде Қазақстан үшін халықаралық келісімдер мен
конвенциялардың атқаратын маңызы өте зор.
Авторлық құқық және сабақтас
құқықтардың әлемдік жүйесіне
Қазақстанның халықаралық көп жақты
және екі жақты шарттарға қосылу арқылы енуі –
қазақстандық авторлардың құқығын
шетелдерде барабар қорғауды қамтамасыз етумен қатар,
зияткерлік меншік құқығын мойындайтын әрі
қорғайтын мемлекет ретінде республикамыздың
халықаралық беделін арттырып, инвестиция тарту ахуалын
жақсарта түседі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы
ратификацияламаған халықаралық шарттар баршылық.
Бұндай халықаралық нормативтік
құқықтық актілер авторлық
құқық туралы куәліктерді, патентті алу мен оны
күшінде сақтау ережесін жеңілдету мен үйлестіруге
және халықаралық интеллектуалдық
құқығы нормаларын біріктіру мен жеңілдетуге
бағытталған.
Биыл Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев 2014
жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның
әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің
ұзақ мерзімді
басымдықтарының бірі ретінде зияткерлік меншікті
қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ
ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі
заңнаманы жетілдіру қажеттігі жөнінде атап көрсеткен
болатын (3-бағыт) [6]. Осыған орай, авторлық және
сабақтас құқықтарды халықаралық
деңгейде құқықтық қорғауды
қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнама мен халықаралық-құқықтық
нормативтік актілердің үйлесімдігін қамтамасыз етіп, бірегейлендіру
мәселесін де шешу қажет деп санаймыз.
Әдебиеттер:
1
Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының
нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың
органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста
ресми түсіндіру туралы» 2009 жылғы 5 қарашадағы №6
Нормативтік қаулысы // Егемен Қазақстан. - 2009 жылғы 8
желтоқсан. - № 408-409 (25806)
2
Доминик Де Ступ, Линда Скейлс және
Эдоардо Фано. Интеллектуалдық меншікті қорғау
саласындағы халықаралық стандарттары және
Еуропалық одақтың стандарттары. - Астана, 2004. - 356 с.
3
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің
Зияткерлік меншік құқығы Комитетінің вебсайты http://www.intellkaz.kz/
4
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Зияткерлік меншікті
құқықтық күзету мен қорғау
саласындағы ынтымақтастық және Зияткерлік меншікті
құқықтық күзету мен қорғау
мәселелері жөнінде мемлекетаралық кеңес
құру туралы келісімді бекіту туралы» 2011 жылғы 28
наурыздағы № 282 Қаулысы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1100000282/info
5
Қазақстан Республикасындағы авторлық
құқық [Электронный ресурс] = Авторское ...
Ақыпбекұлы Ө., құраст.Нұртазин М.,
құраст.Тұрлыбаев Д. - Электрон. текстовые дан. ... Алматы :
АлМУ басп., 2001.
6
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір
мүдде, бір болашақ». 2014 жылғы 17 қаңтар // http://www.akorda.kz/