Психология/Формы работы психолога-практика

 

Психология  ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы

Жигитбекова Б.Д.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.                                                                   

 

 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГТІҢ ОҚЫТУ ІС-ӘРЕКЕТІ

АЯСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕСІ

 

        Топ – бұл әлеуметтік психологияның негізгі түсініктерінің бірі. Зерттеу тақырыбы және нысаны ретінде ол көптеген белгілі ғалымдардың және практиктердің назарында болған, бірақ бұл құбылысты белсенді түрде зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысында жүзеге асырыла бастаған еді.  Дәл осы кезеңде психологияның қолданбалы және тәжірибелік салаларында тренинг түсінігі пайда болды және кеңінен қолданыла бастады.

Адамдарға психологиялық көмек көрсету тәсілі ретінде топтық тренинг алғаш рет шет ел психологиясында қолданылды.  К. Левин қалыптастырған негізгі ой: «Адамдар өздерінің бойындағы барабар емес белгілерді анықтау және мінез-құлықтың жаңа түрлерін қалыптастыру үшін өздерін басқалардың көзқарасымен көре білуді үйренуі қажет» - деген мазмұнда болды [8,136].

Алғашқы  тренингтік топты (Т-тобын) жаратылыс ғылымдары саласындағы бірнеше мамандар құрған, олар 1946 жылы негізгі әлеуметтік заңдарды (мысалы, жұмысқа алу заңы) зерттеу, шешімдердің оңтайлы варианттарын іздеу және оларды қолданумен байланысты әртүрлі жағдайларды «ойнату» үшін  іскер адамдар мен кәсіпкерлерді жинаған.  Нәтижесінде, алға қойылған мақсаттармен бірге, топтың әрбір мүшесі  кері байланыс алу көмегімен өз-өзін жаңа қырынан ашу және өз-өзін түсіну тәжірибесін игерді. 1947 жылы Бетеле қаласында (Мэн штаты)  тренингтің ұлттық зертханасы құрылған болатын.  Алғашқы тренингтік топтар «базалық ептіліктердің тренингтік тобы» деп аталды.  Т-топтың негізгі міндеттері оған  қатысушыларға өзара жеке тұлғалық қатынастың негізгі заңдарын, қиын жағдайларда жетекшілік ете білу және дұрыс шешім қабылдай алуды үйрету болды.  Кейінірек мұндай топтар міндеттері бойынша бөлшектене және белгілі бір категорияларға бөліне бастады:

1)     икемділік топтары (жетекшілерді, іскер адамдарды дайындау);

2)     өзара жеке тұлғалық қарым-қатынастар топтары (отбасы мәселелері);

3)     «сенситивтілік» топтары (жеке тұлғаның өсуі және өзіндік жетілуіне, жасқаншақтықты жеңуге және т.с.с. бағытталған топтар).

Бірақ та ұзақ уақыт бойында мұндай топтар негізінде дені сау адамдарды әр түрлі рөлдік қызметтерге үйретуге бағытталған болатын:

·        басшылықпен және қол астындағы қызметкерлермен қатынас;

·        қиын жағдайларда тиімді шешімдерді өндіру;

·        ұйымдастырушылық іс-әрекетті жақсарту әдістерін іздестіру және т.с.с.

Адамдардың кез-келген тобы шынайы өмірді, қарапайым адамдардың өмірінде бар қарым-қатынастарды бейнелейді. Алайда жасанды түрде құрылған зертхана шынайы өмірден келесі белгілерімен ерекшеленеді:

·         әркім тәжірибеші және тәжірибенің нысаны бола алады;

·        шынайы өмірде шешілуі мүмкін емес міндеттерді шешу мүмкіндігі туады;

·        топтағы дәрістер «психологиялық қауіпсіздікті» ұйғарады, бұл тәжірибенің «тазалығын» қамтамасыз етеді.

Психологиялық тәжірибе саласында белгілі мамандар Т-тобының басқа түрдегі топтардан айырмашылығы қалай үйрену қажеттілігін баулуға негізделеді деп жазады.  Мұнда топтың мүшелерінің барлығы жалпы өзара үйрену процесіне тартылады және сондықтанда олар әдетте жетекшіге емес бір біріне сүйенеді.  Т-тобында оқыту жетекшінің түсіндіруі және нұсқауларынан бұрын, топтың өз тәжірибесінің нәтижесі болып келеді.

Т-тобының басқа да басымды жағы:

·        өз-өзін таныстыру;

·        кері байланыс;

·        эксперименттеу    

 сияқты элементтерді шамалаған процестің сипаттамасына байланысты. [4,374].

Топтық психологиямен және «топ нәтижесін» жеке тұлғаға арнайы әсер ету құралы ретінде пайдалануға байланысты нәтижелі жұмыстар қатарына көп жағдайда А.Адлердің, К.Левиннің, Дж. Мореноның, Дж. Праттаның, К.Роджерстің еңбектері жатады.

 Топтың жеке тұлғаға кәсіби әсер ету құралы ретінде, отандық психологиялық көмек тәжірибесінде, ХХ ғасырдың басыннан бері қолданылады деп айтуға болады. Дегенменде топтық жұмыстар әдістемелеріне деген ғылыми және тәжірибелік қызығушылық Ресейде тек осы ғасырдың 90 жылдарында ғана арта бастады. Ресей ғалымдарының арасынан топтық жұмыстардың мәселелерін теориялық және әдістемелік жағынан талдаған алғашқы ғалым ретінде Лариса Андреевна Петровскаяны атауға болады, оның монографиясы 1982 жылы жарық көрген [6,160]. Өзінің еңбектерінде ол  тренингті (нақтырақ айтқанда, әлеуметтік-психологиялық тренинг-ӘПТ) қатынас саласындағы білімге және жеке қабілеттерге үйретудің өзіндік түрі, сондай-ақ оларды түзетудің сәйкес формасы ретінде қарастырды. Бұл формалардың алуан түрі  үлкен екі класқа бөлінеді:

а) арнайы қабілеттерді дамытуға бағытталғандар;

б) қатынас жағдайында талдау тәжірибесін тереңдетуге мақсатталғандар;

Әрине отандық тренинг мектептерінің көбі батыстан келген теориялық тұжырымдамаларға сүйенетін, әрі топтық психологиялық жұмыстардың формаларының өзі бүгінгі күнге дейін шетелдік үлгілердің өзгертулері болып табылады.  Дегенменде, соңғы уақытта  әлемдік деңгейдегі мамандар жетілуде, олардан шетелдік психологтардың да алар тәлімі мол.

Топтық психологиялық тренинг практикалық психологияның өзін-өзі тану және өзін-өзі жетілдіру дағдыларын қалыптастыру мақсатында қолданылатын белсенді әдістерінің бірігуі болып табылады.  Сонымен бірге  тренингтік әдістердің клиникалық психотерапия аясында неврозды, алкоголизмді және бір қатар соматикалық ауыруларды емдеу кезінде қолданумен бірге, психикалық жағынан сау, алайда жеке басында психологиялық проблемалары бар адамдармен жұмыс істеу кезінде, оларға өзін-өзі жетілдіруде көмек көрсету мақсатында қолданылатындығында баяндайды [4,22].

Психологиялық тренинг – топтық жұмыстың кез-келген түрі емес, бұл өзінің мүмкіндіктерімен, шектеулерімен, ережелері және мәселелерімен топтық жұмыстың ерекше түрі. Тренинг өзінің мәні бойынша оқытудың түрі, жаңа дағдыларды игеру, өзінің бойынан жаңа психологиялық мүмкіндіктерді  ашуды білдіреді.  Оқытудың бұл түрінің ерекшелігі  дәріс алушылар онда белсенді бағыт  ұстанады, ал дағдыларды игеру өмір сүру барысы, мінез-құлқының, сезінулерінің, әрекеттерінің жеке тәжірибесі процесінде жүзеге асады.

Яғни, екі түсінікті: психологиялық тренинг және оқыту іс-әрекеті аясында жүргізілетін тренингтік дәрістерге, бөлетіндігін ескерейік.

Оқыту іс-әрекеті барысындағы тренингтік дәрістер (мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында):

а) барлық оқу тобына;

б) міндетті тәртіпте;

в) аптасына бір рет қысқа кездесулер тәртібінде;

г)  оқу орындарына тән өте төмен психологиялық қауіпсіздік жағдайында-  тренингті пайдалануға болатын тренингтік әдістемелердің және процедуралардың маңызды өзгертулері.  [1.8].

Тренингтің мәніне түсінік беретін көзқарастарға шолуды түйіндей келе, аталмыш түсінікке жалпылама анықтама берілетін тағы да бір көзқарасқа тоқталсақ. Этникалық толеранттықтың және осы контексте тренингтік топпен жұмыс жүргізу әдістері мен шарттарын ұйымдастыру мәселелерін шеше келе Н.М. Лебедева, О.В. Лунаева, Т.Г. Стефаненко тренингті белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған арнайы үлгіде ұйымдастырылған топтық жұмыс ретінде қарастырады. [5,56].

 Жоғарыда келтірілген көзқарастарды және анықтамаларды жалпы қорытындылай келе  практикалық психологияның бұл түрін оқыту аясында да   қолдануға болады.

 

          Әдебиеттер:

1.Зайцева Т.В. Теория психологического тренинга. - СПб., М., 2002. - с.35-42.

2.Петровская Л.А. Теоретические и методические проблемы социально -психологического тренинга. - М., 1982. - с.160-171.

3.Сартан Г. Подготовка профессиональных тренеров /Вестник практической психологии образования. 2004. - №1. - с.56-63.

4. Жігітбекова Б.Д. Топтық психотерапия. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ. – 2008. 128 б.