Студенттердің мамандық таңдау үрдісіндегі ішкі тұлғалық кикілжіңінің критерийлері

Критерии внутриличностного конфликта у студентов в процессе выбора профессии

Criteria of intrapersonal conflicts at students in the choice of profession

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті,

Педагогика және психология кафедрасының магистранты

Ташимова Т.М.

Мамандық адам өмірінде маңызды орын алатын қызметтің бірі. Қазір көптеген талапкерлер мамандық таңдау кезінде үлкен ойға кетеді: қандай мамандық таңдарын білмейді. Бір жағынан, ата-аналар қысым жасайды, екінші жағынан мектеп қысым жасайды. Соның салдарынан болашақ студент шығатын есігі жоқ қақпанға тап болғандай, не айналасындағы адамдардың сөзін тыңдайды, не өзі қандай мамандық таңдағанын білмейді, «бір нәрсесі болар» деген оймен жоғары оқу орнына түседі. Бұл, әрине, дұрыс емес жағдай. Мектеп бітірген талапкер қандай мамандыққа түсетінін анық біліп тұруы керек. Өзінің мамандық таңдау кезіндегі іс-әрекетін саналы бағалауы, түсінуі қажет. Осындай білместіктің салдарынан қазіргі студенттердің жартысынан көбі өздері қалаған мамандықта оқып жүрген жоқ. Сондықтан, темперменті бойынша кейбір студенттердің бойында өкініш, ренішпен байланысты ішкі тұлғалық кикілжіңдер орын алады.

Ішкі тұлғалық кикілжіңмен байланысты мамандық таңдау саласының психологиялық сипаттамасы өте күрделі болып табылады. Мамандық таңдау адамның қабілет және мүмкіндіктерімен тығыз байланысты. Ал ішкі тұлғалық кикілжіңде адамның мотиві, қажеттіліктері және құндылықтары, мақсаттары бір-бірімен сай келмей, шиеленіске түседі. Өзінің мамандығын дұрыс таңдамаған студенттің бойында қажеттілік, мақсат және мотивтің арасында қарама-қайшылықтар туады. Себебі бірінші курсқа келге студент алдымен өз мамандығынан әлі де болса беймәлім болады. Бұл уақытта студенттің бойында тек мотив пен мақсат қана бір бағытта жүреді, студент бойында ішкі тұлғалық кикілжің әлі болмайды. Ал кейін студент өзінің оқып жүрген мамандығын толық білгеннен кейін, оның бойында үрей, сенімсіздік, өкініш, және әрекетсіздік, енжарлық сияқты қасиеттер пайда бола бастайды. Бұл бірінші курстың екінші семестрінде пайда болуы мүмкін. Үрей мен сенімсіздіктің себебі студенттің болашақта өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмау қорқынышынан пайда болады. Өкініш уақытты өз қалауына басқармауынан туындайды, ал әрекетсіздік пен енжарлық өмірлік мәнді жоғалтудан пайда болады, себебі ол осы мамандықты ұнатпайды. Осы кезде студенттің бойындағы мотив пен мақсатқа қажеттілік келіп, студенттің ойын шиеленістіреді, яғни студенттің қабілетіне, мүмкіндігіне байланысты қажетті қызмет түрі қажет, ал бұл қызмет түрінің орнына ол басқа қызметтің оқуын оқып жатыр. Осы уақытта студентте ішкі тұлғалық кикілжің орын алады.

Ішкі тұлғалық кикілжіңнің критерийінің бірі қорқыныш болып табылады. Ол адам ішкі жан дүниесінің бірқалыптылығын сақтауға тырысуынан пайда болады. Адам ойына өзі қалайтын идеалды бейне қалыптастырып, сол ойындағы бейнедей болуға тырысады. Қорқыныш идеалды бейне мен шынайы бейне бір-бірімен сәйкес келмей қалып, әлеумет алдында өзін ұятты сезінуінің әсерінен алдын ала пайда болады. Бұл қасиеттің жалпы сипаттамасы сенімсіздік, өз күшіне көнбеу арқылы көрінеді, ал тұрақсыздық сезімі адамның жүрісінде, немесе тұрған тұрысында, немесе физикалық теңдікті қажет ететін барлық іс-әрекеттерде ептіліктің болмауымен көрінеді.

Ішкі тұлғалық кикілжіңнің тағы бір салдарының көрінісі әр еңбектің өнімсіздігі болып табылады. Мұнда адамның белгілі бір қызметке жарамсыздығы айтылып тұрған жоқ, немесе қызығушылықтан және дағдының болмауынан жұмыс жасай алмау емес, бұл ішкі қарама-қайшылықтың әсерінен адам өзінің барлық күшін көрсете алмауынан туатын өнімсіздік туралы айтылады. Егер көлікті тежегішті басып тұрып жүргізсе, онда көлік баяу қозғалады. Сол сияқты адамның ішкі тұлғалық кикілжіңдері оның іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын баяулатады. Адам барлық жасай алатын әрекеттерін өзінің қабілетінің деңгейінен әлдеқайда ақырын жасай алады [1].

Істің өнімсіздігі тек баяулықта ғана емес, сонымен қатар ебедейсіздіктен, ұмытшақтықтан көрініс табады. Мысалы, болашақ биология пәнінің мұғалімі болатын студент бала кезінен журналист болуды армандаған, оқу барысында ол өзін мұғалім деп есептемейді, әлі де болса журналист мамандығы оны қызықтырады. Сол себепті оның оқу үлгерімі төмен болуы мүмкін, бірақ оның қабілеті үздік оқуға жарамды. Тіпті ертен оқуын бітіріп, жұмыс істеген уақытта да, студент өз жұмысын толыққанды орындамайды. Сондай-ақ істің өнімсіздігі тек бір қызметтік саламен шектелмей, ол адамның барлық талпыныстарына әсер етеді. Субъективті көзқарас бойынша, бұл өзін қинау арқылы жұмыс істеуді білдіреді: соның салдарында адам тез шаршап, ұзақ ұйқыны қажет етеді. Осындай шарттардағы әрбір жұмыс адамнан үлкен шығынды талап етеді.

Адам өз болмысынан бөлек кеткенде және өмірлік мақсатынан айырылғанда, ынтасы мен іс-әрекеті жансызданады. Адамға ешқандай көңіл рахатын бермейтін жұмсалған күш тек немқұрайлылық пен апатия сезімін тудыртады. Оған, әсіресе, идеалды бейне мен садизмге бейімділік факторлары әсер етеді. Садизмге бе         йіміділік, әсіресе оның ығыстырылған формасында, адамды агрессиямен байланысты барлық жағдайдан қашуды мәжбүрлейді.

Ішкі тұлғалық кикілжіңнің шешілмеуі күштің ыдырауына ғана емес, сонымен қатар моральды құндылықтардың бөлшектенуіне әкеледі, яғни моральды принциптер, қарым-қатынас мен мінез-құлық формаларында өзгеріс болады. Ол моральды құндылықтардың бірлігін, адамгершіліктік бүтіндіктің бұзылуына әкеледі. Адамгершіліктік бүтіндіктің бұзылуының сипаты шынайылықтың азаюы және эгоцентризмнің күшеюі болып табылады. Ішкі жан дүниесі бөлінген адам ешқашан толық шынайы бола алмайды екенін клиникалық бақылаулар көрсеткен.

Бірбеткейлік, яғни алдамау, бір нәрсеге бар болмысымен берілу дегенді білдіреді, мұнда ештеңе де кейінге шегерілмейді, ештеңе де жасырын формада айтылмайды, ештеңе де тектен текке жұмсалмайды. Адам осындай жағдайда өмір сүрген уақытта ерліктің, ақкөңілділіктің, бүтіндіктің белгісіне айналады. Сол сияқты өз мамандығын өз қалауымен таңдаған студент оқуды бітіріп, жұмысын адал әрі ұқыпты, үлкен жауапкершілікпен орындаудың мүмкіндігі жоғары [1].

Ішкі тұлғалық кикілжіңнің әсерінен студент үміттен айырылады. Ал үмітсіздік сезімі шешілмеген кикілжіңдердің соңғы нәтижесі болып табылады. Адамның бойында үміт болмаған уақытта ол ішкі бүтіндіктен айырылады. Сол себепті адам өз болмысынан, табиғи мінез-құлқынан алыстатады. Осыған байланысты философтар өз-өзіңдей болу адам өмірінде аса маңызды екенін және осы жолда өкініш сезімі оған кедергілік болатынын баса айтып отырады.

Сонымен, адам өмірде өз орнын табу үшін өзін-өзі тануы керек. Өзін-өзі тану адамның дұрыс таңдау жасауына септігін тигізеді. Егер студент өзінің қабілеті мен мүмкіндігін білсе, алдына қойған мақсаты айқын болса, оның ішкі тұлғалық кикілжіңге ұшырауының ықтималдығы төмен. Сол себепті, қазіргі таңдағы өмірлік қызметте адамның өзін-өзі тануы аса маңызды болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Наши внутренние конфликты. Конструктивная теория невроза / Карен Х. / Пер. с англ. Старовойтов В.В. – М.: «Канон +» РООИ «Реабилитация», 2012. – 256 с.

2.     Дифференциальная психология профессиональной деятельности / Ильин Е.П. СПб: Питер, 2008. – 432 с.