Психология/ Психология
развития
Психол.ғ.кандидаты,
доцент Орманова З.Қ.
Абай атындағы
Қазақ ұлттық университеті, Алматы қаласы
Аға оқытушы, магистр Кошкимбаева Р.
Қазақстан Республикасы, Семей қаласы
МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ
ӨЗІН ДАМЫТУЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Тәуелсіздікті туған
жердің рухына айналдыру әр азаматтың сана-сезіміне, болмысына
орнықтыру бүгінгі дәуір ұрпақтарының
төл міндеті. Уақыт пен заман лебі қазақ халқының
өркендеуіне мүмкіндіктерді беріп отырған кезеңде
өзгелерге ұлт екенімізді таныту үшін
ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын
іргелі дүниелерді, ұлттық қазыналарды есепке алып,
оларды жан-жақты дамытып, жаңа жағдайларға сай
қайта түлетудің қажет екенін өмірдің
өзі дәлелдеп отыр.
Қоғам қай заманда да
өз азаматтарының нені меңгеріп және қалай
оқып-біліп жетілгенін жіті қадағалап отырған.
Өйткені, қоғам мүшелерінің өздерінің
әл-ауқаты мен игілігі ғана емес, сонымен қатар
бүкіл мемлекеттің қуаты мен игілігі де түптеп келгенде
сол қоғам мүшелері алатын білімнің деңгейіне
байланысты. Осынау ақиқатты терең сезінгендіктен
Қазақстан Республикасы дамуының 2050 жылға дейінгі
межелеген стратегиясында білім саласына айрықша басымдықпен
мемлекеттік мән берілген. Қазіргі кездегі білім беруді
мәдениеттің саласы ретіндегі көзқарас орнығып
келеді, соған байланысты білім
берудің жаңа парадигмасы білім беру саласына қатысты
проблемаларды шешудің ғана емес, сонымен бірге әлемдік
жалпымәдени дағдарыстан шығудың кілті ретінде
қарастырылады. Осымен байланысты белгілі «ғылым – өндіріс –
білім» макромоделінің орнына «мәдениет – білім» еніп келеді. «Осы макромодельден туындайтын
білім беруді мәдениет саласы ретінде қарастыратын
көзқарас жалпы, білім беру үрдісін ізгілендірудің
маңызын және гуманитарлық білім берудің рөлін
күшейтеді» [1].
Адамзат үшінші
мыңжылдыққа қадам басып отырған шақта,
ең бастысы, танымның
өзегінде ұлттық рухани құндылықтарды игеру
арқылы жалпы адамзаттық тұрғыдан өрлеу
қажет. Халықтың рухани
құндылықтарының ақпараттар ағынына
төтеп беруі және жан-жақтан еніп жатқан жат
түсініктер тасқынына ілесіп кетпеуі үшін
оқушылардың білім сапасы мен білігі заман талабына сай болуы
қажет.
Оқу-тәрбие
үрдісіндегі ең өзекті мәселе – оқушыларда санасын қалыптастыру. Нақ
осы сана этникалық та,
жалпымемлекеттік те сананың негізі болып табылады. «Тарихи сана,
адамдардың өзінің өткеніне деген көзқарасы
мен түсінігі сол қоғам дамуының айқын
өлшеуіші болып табылады» [2].
Ұлттық менталитетті,
этностың мыңдаған жылдық тарихында
қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді,
ұғымдарды тек халық тарихын білу арқылы ғана
тануға болады. Мұндай ауқымды сана әлемдік және
отандық тарих үздіксіз соғыстардың, шапқыншылықтар
мен жаугершіліктердің тарихы сипатында емес, сауда мен
қолөнердің, қалалар мен жолдар
құрылыстарының тарихы, этноаралық байланыстардың,
мәдениеттер алмасуы, т.б. сипатында оқытылса пайда болады.
Бұл жан-жақты мәдениетті тұлғаны
қалыптастыру міндеттеріне өте-мөте жоғары
дәрежеде сай келеді.
Жалпы білім беретін мектепте оқыту ерекше маңызға ие.
Кез-келген мемлекеттің азаматы өз елінің, мемлекетінің
тарихын білуге міндетті екендігі белгілі. «Өз халқының,
елінің тарихын, мәдениетін
сүйе білмеген адам, басқа халықты, оның
мәдениетін сыйлай да, құрметтей де алмайды, оларды білуге
ұмтылмайды.
Өзінің қызметтері
бойынша ерекшеленетін білім берудің мына түрлерін ескерген
және бөліп көрсеткен орынды: негізгі ұғымдар мен
терминдер; фактілер; ғылым заңдары; теориялар; идеялар; іс-әрекет
тәсілдері жайлы білімдер; әдіснамалық білімдер;
бағаланатын білімдер[3].
Білім – фактілер, түсініктер,
ұғымдар, заңдар, ережелер, теориялар жүйесі ретінде
көрінетін адамдардың рухани және практикалық
қызметінің нәтижесі.
Фактілер нақты шындықты
көрсететін болғандықтан, олар білімнің басқа
компоненттерінің базасы, негізі болып табылады.
Түсініктер объектілердің
қандай да бір түрін көрсету үшін қолданылады.
Олар арқылы заттардың болмысы, олардың жалпы және
елеулі, мәнді, маңызды ерекшеліктері көрсетіледі.
Ережелер, заңдар фактілер мен
түсініктердің шектелген жиынтығының маңызды,
мәнді, елеулі байланыстарын көрсетеді.
Теориялар фактілердің
едәуір жиынтығын және оларды байланыстыратын заңдарды
қамтиды, сәйкес топқа жататын нақты
құбылыстарды жалпы ортақ түсінік негізінде
жинақтайды [4].
Көрсетілген элементтерден
өзге И.Я. Лернер кезінде методологиялық және бағалау
білімдерін бөліп көрсеткен болатын.
Методологиялық білімдер
ғылымның нақты әдістері жөніндегі білімдер,
әрекет етудің тәсілдерін қамтитын білімдер.
Бағалау білімдері адамның
өз-өзіне деген, өз әрекетінің мазмұны мен
үрдісіне, адамдарға, табиғатқа, еңбекке
және т.б. қатынасы нормасын білдіреді.
«Білім» ұғымы
педагогикалық әдебиеттерде үш маңызды мағынада:
ғылым ретінде; оқу мазмұны ретінде; оқу мазмұнын
меңгерудің нәтижесі ретінде қолданылады. «Оқушылардың
білімі – оқу үрдісінің нәтижесі, ол алдымен оқу
мазмұнын игеру (есте сақтау, түсіну, қолдануы
және т.б.)».
Білім сапасы қазіргі
кезеңде қоғам дамуының негізгі
көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Философияда сапа дегініміз
белгілі бір зат немесе құбылыстың басқа зат пен
құбылыстан ерекшелейтін қасиеттері, олардың
байланыстары мен қарым-қатынастарының біртұтас
жиынтығы. «Қандай да бір объектінің – нәрсенің
немесе құбылыстың сапасы деп, оның осы объект ретінде
көрсетіп тұрған негізгі, орнықты қасиеттерін
атаймыз. Қасиеттер объектіден бөлінбейді және одан тыс
болмайды»Білімнің әр түрі білім сапаларының
қалыптасуына әртүрлі әсер етеді .
Осыған байланысты «білім сапасы»
деп оқушылардың оқу-танымдық қызметінің
нәтижесін білдіретін білімнің орнықты
қасиеттерінің тұтас жиынтығын түсінеміз.
Білім беру практикасында оқушылардың жетістіктерін
біржақты бағалау – оқушылардың меңгерген
білімдерінің толықтығын ғана бағалау кең
етек алған. «Тұлғаның толық білім сапасына
білімнің толықтығы мен тереңдігі,
шапшаңдығы мен икемділігі, нақтылығы мен
жалпыламалылығы, орамдылық пен тармақталғандық,
жүйеленгендік пен жүйелілік, саналылықпен түсінуі мен
беріктігі жатады» [4].
Білімнің сапалылығы
білімдер арасындағы байланыстарды түсінумен, елеулі және
елеусіз байланыстарды ажырата білу білігімен, осы байланыстардың
байқалуы мен жүзеге асырылу механизмін түсінумен, білімдерді
меңгеруде қолданылатын тәсіл мен оны қолдану үшін
негізге алатын принциптерді ұғыну аймағын анықтаумен
сипатталады, осы білімнің сапалылығы белгілерін қалыптастыру
біртіндеп жүзеге асады. Білімнің сапалылығының негізгі
формасына оқушының алған білімін өз ойымен жеткізе білу
білігі мен мазмұндауда білімдер арасындағы байланыстарды ауыстырып
реттей алуы енеді. Оның келесі формасына берілген
сұраққа оқулықта дайын жауап берілмей, осы
сұраққа жауаптың басқалай түрде берілуіне
байланысты оқушының білімді топтау мен жүйелей алуы енеді.
Білімнің жүйелілігі мен тереңдігі білімдердің
берілуінің арасындағы байланысқа қатысты
болғандықтан сапалылықтың қалыптасуына
әсерін тигізеді. Біртұтас теорияда жүйелілік білімнің
орнықтылығын анықтайды. Оқушының білімді
меңгеру орнықтылығы деп ойында ұмытпай сақтау
ұзақтығы мен есінде қалдыра алуы, білімді толық
жүйелілігімен қайталай алуын айтамыз. Білімнің меңгеру
орнықтылығы елеулі білімдер жүйесін есте сақтау мен оны
қолдану тәсілдерін білуден тұрады. Ұзақ
уақыт бойы мектептің оқыту тарихында оқушыға
білімді меңгерту орнықтылығы білімді бір немесе бірнеше
формада бір мазмұнды жиі қайталап оқыту арқылы
қамтамасыз етіліп келді. Жиі қайталап оқыту білімнің
сапалы меңгерілуін барлық уақытта қамтамасыз ете бермейді,
ал керісінше, білімді жүйелі ұғынып меңгеру, оны
талдауға үйрену білімді орнықты меңгеруге септігін
тигізеді және білімнің орнықты меңгерілуін іске асыру
арқылы оқытудың тиімділігін арттыруға болады.
«Білімнің саналылықпен меңгерілуі мен беріктігі материалды
оқушылардың өзі меңгеруге белсенді қатысқан
және қызығушылық танытқан жағдайда
қамтамасыз етіледі» [13].
Оқыту үрдісінде
білімнің сапалылығын жүзеге асыратын барлық элементтері
кейде бір мезгілде, ал кейде қабаттасып жатады. Осы проблема бойынша біз келесі үш негізгі білім сапасын
бөліп көрсетеміз.
Бірінші сапа – білімнің
жүйелілігі.
Бұл интеграцияланған білім
сапасы (білімнің маңызын түсінуі, білімнің
толықтығы, реттілігі, тереңдігі, нақтылығы,
жалпыламалылығы сияқты сапа түрлерінің өзара
әрекеттесуінің нәтижесі) оқушы санасында ғылыми
теорияның құрылу байланысының болуын білдіреді
(фактілер – түсініктер – заңдар – теория – салдары мен
қосымшалары).
Екінші сапа – білімнің
әрекеттілігі.
Сапаның бұл түрі
оқушылардың өз білімін оқу және практикалық
мәселелерді, сонымен бірге өмірлік мәндегі мәселелерді
шешу білігін көрсетеді. Білімнің әрекеттілік сапасы да
интеграцияланған сапа яғни, ол білімнің маңызын
саналылықпен түсінуі, толықтығы мен
шапшаңдығын білдіреді.
Үшінші сапа – білімнің
беріктігі – ол білімнің маңызын саналылықпен түсіну,
білімнің орамдылығы мен тармақталғандығы
қасиеттерінің жиынтығын көрсетеді.
Білімнің жүйелілігі,
әрекеттілігі және беріктігі оқушы білімінің
құндылығын қамтамасыз етеді.
Оқытудың мақсатын
белгілеу – оқушылар меңгеруге тиіс біліктер жүйесін
анықтау мен қалыптастыру. «Оқыту мақсаты – бұл
түбінде бірдеңе жасай білу білігін қалыптастыру» [5].
Білік дегеніміз – адамның
қандай нәрсені болмасын орындай білу қабілеті. «Білік
ұғымын тұлғаның қойылған
мақсатқа сәйкес, бар білімдері мен дағдыларының
негізінде белгілі амалдар мен операцияларды орындауға дайындығы деп
қарастырамыз. Білік субъектінің белгілі-бір мақсат пен
жағдайға сай іс-әрекет жасау мүмкіндігі ретінде де
қарастырылады». Білік білім мен тәжірибе негізінде
қалыптасады және дамиды. Кімнің білімі мен тәжірибесі
көбірек болса, сол адамның білігі де артық болады. Білік –
белгілі бір дағдылар мен білім жүйесін практикада пайдалана
алудың көрінісі болып табылады. Білік – бірқатар
іс-әрекеттен тұратын күрделі қызмет. Біліктер
дағдылар сияқты білім негізінде қалыптасады. «Біліктің
дағдылардан ерекшелігі, ол белгілі бір амалды орындауда арнайы
жаттығуды қажет етпейді, өйткені ол ұқсас амалды
орындауда қолданған дағды мен білімге сүйенеді».
Алғашқыда саналы орындауды қажет ететін іс-әрекет
бөліктерінің қайталап жаттығудың
нәтижесінде автоматталынуын дағды деп атайды. Дағдылануда
іс-әрекеттің тұтас өзі емес, жеке компоненттері
ғана автоматталынады. Дағдыны қалыптастыру үшін адам
сан рет жаттығады, есепсіз қайталайды. Дағды, білім
және білік бір-бірімен тығыз байланысты. Адамның үйрену
тәсілінің жетіктігі оның дағдыға тезірек
машықтануынан туған қажетті білімдерді тезірек
меңгеруге жәрдемдеседі. Екінші жағынан, адамда дағды
мен білімнің жетіспей жатуы оның білігінің арта түсуіне
кедергі келтіреді.
Қорыта келе осы мәселені
зерттеген барлық психологтар біліктің елеулі қасиетін –
жалпылығын ескереді. Зерттеуші ғалым П.И. Пидкасистый және
тағы басқалары өз еңбектерінде дербес сипаттағы
біліктермен қатар, әртүрлі өзгермелі жағдайларда
қолданыстары бар және түрлі мәселелерді шешуге
мүмкіншілік беретін жалпы сипаттағы біліктерді атайды.
Психолого-педагогикалық зерттеулерде қарапайым және
күрделі, арнайы және жалпылық біліктерді ажыратады.
Адамның білім алу әрекетінде оқу біліктерінің
маңызы зор. Оқушылардың өздігінше жұмыс жасауы
мен танымдық белсенділігін арттыру шарттарының бірі – оқу
біліктерін қалыптастыру. «Ғылым негіздерін игеру барысында
қалыптасатын және оларды игеруге қажет біліктер оқу
біліктері деп аталады. Сонымен, оқу біліктері дегенде оқу қызметіне
қажет ойлау тәсілдерін меңгеруі деп түсінеміз».
Бұған оқу материалын түсінуі, оны меңгеруі
және оны логикалық түрде қолдануы, сонымен қатар
оны шығармашылықпен пайдалана алу біліктері жатады. Осы
біліктердің қалыптасуы нәтижесінде оқытудың
дамыту мақсаты жүзеге асады.
Қазіргі мектепке қойылып
отырған басты талап – оқушыларға тиянақты білім беріп,
әрі оларды оқыта отырып, жан-жақты дамыту. Ол үшін
біліктер мен дағдыларды қалыптастыру жұмыстарының зор
пайдасы бар.
·
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешеннің
құрамы мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге
және сараптауға қойылатын дидактикалық талаптар. –
Алматы: Ы. Алтынсарин
атындағы ҚБА, 2000. – 16 б.
2. Джадрина М.Ж. Дидактические аспекты дифференциации содержания школьного
образования. – Алматы: РИК КАО имени Ы. Алтынсарина, 2000. – С. 86.
3. Жадрина М.Ж. Жалпы білім берудегі жаңа үрдістер // Открытая
школа. – 2004. – № 5. – 7 б.