Экономические науки/9. Экономика промышленности

 

Э.ғ.к. Елпанова М.А., э.ғ.к. Казбекова Л.А., магистрант Даден А.А.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Мұнай-газ саласының табиғи ортаға әсерінің экономикалық мәселелері

 

Қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру, соның нәтижесінде халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту өндірістің еңбек, материалдық және табиғи қорларын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Қазіргі кезде және болашақта өндіріс қорларының барлық түрін кешенді, үнемді пайдалану мәселесін шешкенде ғана экономиканың даму қарқынын арттыруға болады.

Бұл мәселенің шешімі ең алдымен табиғаттың қалыпты жағдайын сақтап, оның ресурстарын тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Өйткені табиғат өндіріс қорының көзі, әрі өндірісті орналастыру ортасы ретінде өндірістің барлық саласына қатысты. Өндірістің даму қарқыны артқан сайын табиғат байлығын пайдалану мөлшері де өсіп келеді. Соған байланысты әсіресе қалпына келмейтін табиғат байлығының тиімді қорының азаюы немесе сапасының төмендеуі қоғамның өндіріске жұмсалатын шығынының артуына кері әсер етуде.

Өндірісте қолданылатын табиғат қоры сапасының төмендеуінен туындайтын өндіріс тиімділігіне кері әсерді ғылыми-техникалық жетістіктер нәтижесі де жоя алмай отыр. Екінші жағынан, өндірістің кері әсеріне табиғи ортаны қорғау ісі де күрделене түсті. Сондықтан да табиғат байлығын кешенді, үнемді пайдалану кезек күттірмей шешімін табуға тиіс мәселеге айналып отыр. Оған табиғаттың және қоғамның даму заңдылықтары негізінде, олардың үйлесімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Табиғатты пайдалану мен қоршаған табиғи ортаны қорғауды мемлекеттік басқару қоғамды әлеуметтік басқарудың бір саласы болып табылады. Басқарудың мақсаты – экологиялық бағдарламалардың, жоспарлардың және шаралардың орындалуын қамтамасыз ету, қоршаған табиғи ортаны қорғау, табиғи қорларды тиімді пайдалануды және салалардағы заң ережелерінің бұзылмауын қамтамасыз ету, адам өмірі мен денсаулығына табиғи ортаның қолайлы болуына жағдай жасау.

         Табиғи ортаның тіршілікке қолайлы болуы – қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ететін қажетті шарт. Экологиялық ахуалдың төмендеуі адамдардың тұрмыс деңгейін анағұрлым нашарлатады.

Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған табиғи ортаны қорғау өндірісіндегі мемлекеттік басқарудың бірден-бір маңызды функциясы экологиялық бақылау болып табылады. Экологиялық бақылаудың міндеттеріне сай қабылданған заңдар бойынша оның ұғымы, қоршаған табиғи ортаның және оның өзгеруіндегі жиынтығы, сондай-ақ барлық кәсіпорындардың, мекемелердің қызмет иесі адамдарының және азаматтардың экологиялық талаптарының орындалуын тексеру. Экологиялық басқарудың объектілеті болып, бір жағынан – қоршаған табиғи орта болса, екінші жағынан меншіктік органдарда, кәсіпорындарда, мекемелерде, қызмет иесі адамдар мен азаматтардың қызметінде экологиялық ережелер мен нормативттердің сақталуы [1].                                                                                                                                     Табиғат пайдалану және қоршаған табиғи ортаны басқарудың тағы бір маңызды тетігі – бұл экологиялық сараптама.

Экологиялық сараптама дегеніміз – шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған орта сапасының нормативтері мен экологиялық талаптарға сәйкес келуінің, осы қызметтің қоршаған ортаға жасалуы мүмкін теріс әсерлерінің және оларға байланысты зардаптардың алдын алу мақсатында сараптама объектісін іске асыруға жол берілуінің анықтамасы. Экологиялық бақылаудың жүйесі келес суретте көрсетлген (Сурет1).

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Сурет 1 - Экологиялық бақылаудың жүйесі

Мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектілеріне мыналар жатады: құқықтық актілердің жобалары, нормативті-техникалық және методикалық құжаттар; техникалық-экономикалық негіздеу және құбылыстар, қайта құру, шарашылық объектілерін тарату жөніндегі жобалар; халықаралық шарттық жобалар; табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі шарттарды негіздеу құжаттары; жаңа техника, технология, материалдар, заттар, тауарлар және қызмет көрсетуге байланысты құжаттар, жобалар; айрықша қорғалатын табиғи территорияларға, сондай-ақ, экологиялық апатқа жататын зоналар құруды анықтау жөніндегі негізделген құжаттар; табиғи ортаға ықпал тигізуге қабілеті бар басқа да іс-әрекеттерге байланысты құжаттар.

         Экологиялық жағдайдың қазіргі ерекшелігі – ол ұлттық экологиялық жүйеге, сол сияқты халықаралық өмірдің әр түрлі саласына арттырушы ықпалын тигізеді. Қоғам мен табиғаттың бір-бірімен келісілген әрекеттері тек өндіргіш күштердің табиғатқа технологиялық әсері ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік факторлары да алдын ала анықталады.

Бүгінде экологиялық қауіпсіздікке және оны тұрақты дамытуға өту Қазақстанның стратегиялық дамуының бірден-бір басты бағыттары болып саналады. Негізгі ойы мен мақсаты – қоғам және қоршаған ортаның бір-бірімен келісілген әрекеттеріне қол жеткізу, сол сияқты қолайлы экологиялық ортаны тұрақтандыру болып табылады.

2030 жылдарға дейін қоршаған ортаны жақсарту жөнінде төрт басым бағыттар белгіленіп отыр: 1) қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігін жасау; 2) табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды іске асыру; 3) түрлі-түрлі жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтап қалу; 4) экологиялық білім беру.

Ұзақ мерзімді стратегия төрт кезеңге бөлінген: бірінші кезең - 1998-2000 жылдар аралығы; екінші кезең - 2001-2010 жылдар аралығы; үшінші кезең -2011-2020 жылдар аралығы; төртінші кезең -2021-2030 жылдар аралығы.

Табиғат байлығын экономикалық бағалаудың мәні ерекше артып отыр және біздің экономикамызда әлі толық зерттелмеген мәселе. Өйткені көп жылдар бойы табиғат байлығын тегін пайдалану принципі үстемдік етті. Тегін затты экономикалық бағалаудың қажеттігі де жоқ еді. Дегенмен белгілі бір мақсаттар үшін (оптималдық болжамдар, жобалау, жоспарлау, т.б.) экономикалық бағалаудың теориялық негіздері, әдістемелері зерттеліп келді. Бірақ экономикалық бағалау іс-тәжірибеде қолданбағандықтан теориядан қолданысқа жеткізілмеді.

Қазір табиғат байлығын экономикалық бағалау не үшін керек, қайда қолданылады, десек төмендегі негізгі бағыттарды атау керек:

1                         ұлттық байлықты есептеу;

2            табиғат байлығын игерудің оптималды мерзімін анықтау, қай түрін, қандай кезекпен, қан-ша мерзімде игеру қажеттігін анықтау;

3            ренталық табыстарды (пайданы) және төлемдерді анықтау;

4            өндіру салаларының өнімдерінің өзіндік құнын, бағасын дұрыс есептеу;

5            табиғат байлығын пайдаланушы кәсіпорындардың шаруашылық есеп мүмкіндіктерін есептеу;

6            жеке экономикалық аймақтардың экономика-лық мүмкіндіктерін есептеу және болжау;

7            табиғат байлығын пайдалануды болжау, жобалау және жоспарлау;

8            жеке кәсіпорындарды жобалау және экономикалық тұрғыдан жобаны дәлелдеу;

9            арендалық, концессиялық тағы басқа төлемдерді есептеу;

10        табиғат   байлығын   игергенде  табиғи   ортаға келетін  экономикалық  зиянды  есептеу және табиғат  қорғау   шараларының  экономикалық тиімділігін бағалау.

 Осы келтірілген табиғат байлығын экономикалық бағалау  негізінде  шешілетін  мәселелер  оның  қан-шалықты маңызды екеніне және тез арада шешімін табу керек екеніне көзімізді толық жеткізеді.

Нарық қатынасына толығымен өткен кезде қандай да болмасын  шаруашылық  мәселелерін,  әсіресе өндіруші салаларында табиғатты пайдалануды экономикалық бағалаусыз шешуге болмайды. Өйткені барлық кәсіпорын табиғат байлығын пайдаланады, табиғи ортада жұмыс істейді және оған ықпал етеді. Біреулері табиғат байлығын өсіретін болса,  екіншілері оны зерттейді, барлау жұмыстарын жүргізеді, санын, сапасын зерделейді;  үшіншілері - табиғат байлығын өндіріп пайдаланады немесе пайдалануға әзірлейді; төртіншілері - табиғатқа ластаушы заттар шығарып ауаға, суға, жерге әсер етеді; бесіншілері - табиғаттың ассимиляциялық, рекреациялық потенциалын пайдаланады. Егер бұрын экономикалық бағалау оптималдық есептеулерде, жоспарларда, болжамдарда ғана қолданылып келсе, енді ол тікелей шаруашылық қатынастарда қолданылады, меншік иесі мен табиғат байлығын пайдаланушылар арасындағы экономикалық қатынастарды реттеуде, арендалық қатынастарда, мемлекеттік және жергілікті салық, қаржы-несие жүйелерінде толық қолданылады.

Табиғат байлығын экономикалық бағалау оның қоғамдық құндылығын анықтау, яғни нақты ресурстың адам қажетін өтеуге қосқан үлесін анықтау (кең мағынада). Ал таза экономикалық мағынада - табиғат ресурсын нақты пайдаланудан түсетін экономикалық тиімнің ақшалай өлшемін анықтау. Экономикалық тұрғыдан бағалағанда табиғатты пайдаланудың табиғи ортаға әсерін, соған сәйкес қойылатын талаптарды, шектерді ескеру керек.

Табиғат байлығының экономикалық бағасы - оның халық шаруашылық құндылығының табиғат қорғау, байлығын өсіру, жаңғырту, қалпына келтіру, игеру және ұқсату тиімі арқылы анықталған шамасы.

Табиғат байлығын экономикалық бағалау негізгі екі қызмет атқарады: есептеу және ныталандыру. Табиғат байлығы - ұлттық байлық, қоғамдық еңбекті үнемдеуші фактор, өндіріс қоры ретінде есемптеледі. Құндылығын анықтау арқылы табиғат байлығын тиімді, үнемдеп пайдалану ынталандырылады, табиғатты қорғау жауапкершілігі арттырылады. Сапасы, орналасу тиімділігі әр түрлі табиғат байлығын пайдаланушыларға біркелкі бәсекелестік жағдай туғызылады.

Әдебиет:

1. Гирусов Э.В., Бобылев С.Н., Новоселов А.Л., Чепурных Н.В. Экология и экономика природопользования. М.: ЮНИТИ, 2002.

2.      Шалболова У.Ж., Казбекова Л.А. Современное состояние внедрения логистики на предприятиях нефтегазовой отрасли Кызылординского региона. /Монография. – Ставрополь: Секвойя, 2015

3. Шалболова У.Ж., Елпанова М.А., Казбекова Л.А. Экономическая оценка ущерба от загрязнения окружающей среды нефтегазодобывающими предприятиями Кызылординской области /Вестник Национальной инженерной академии Республики Казахстан №4 (50). – Алматы, 2013

4. Глазырина И.П. Природный капитал в экономике переходного периода. М.: НИА-Природа, РЭФИА, 2001.