Әлем таныған тұлға

 

Оразбекова Үлде Ердаулетовна, №11орта мектебінің

тарих пәні мұғалімі, Қызылорда қаласы

 

                 Сенің өз елің үшін жан қиюға дайын болуың маңызды, одан да                         

                              маңыздысы- сенің сол үшін өмір сүруге дайын болуың.

                                                                                    Теодор Рузвельт

 

     Алаш алыптары шоғырына жататын арыс­тарымыздың әрқайсысының тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі неде дейтін болсақ, ең әуелі, Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер. Саяси көзқарас кеңістігі тұрғыластарынан әлдеқайда кең болған ол қазақтың тәуелсіздігін күллі Түркістанның тәуелсіздігінен   бөліп қарамаған.
     Екіншіден, Алаш арысы - көреген көсем. Көптеген қайраткерлер большевиктермен ымы­раға келуге болады деп шешкенде, Шоқай жаңа биліктің алдамшы уәделеріне сенбеген. Тіпті Ташкентте билікті қолға алған большевиктер Шоқайдың Түркістан Халық комиссарлары кеңесінің (Үкімет) төрағасы болуын сұраған. Алайда, олардың түпкі пиғылын ерте аңғарған Шоқай бұл ұсыныстан бас тартқан. Кейінірек Тбилисиде, Ыстамбұл мен Еуропада жүргенде де большевик терден арнайы шақыр­ту алғанына қарамастан, олармен ымыраға    келмеген.
     Шоқайдың тағы бір қыры, ол – қазақтың, тіпті Түркістанның тарихында саяси эмиграция­ны алғаш бастаған тұлға. Оған дейін біздің тарихымызда шет елдерге шыққан адамдар бол­ғанымен, саналы түрде, күрес жүргізу үшін эмиграцияға кеткен тұлғалар болған    емес.

М. Шоқайды ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының идеясын шет мемлекетте жалғастырған, оның тек қазақ халқы ғана емес, түркi тiлдес Ресей үкiметiне бодан халықтардың бостандығы жолында күрескен, бiртұтас түркi халықтарының мемлекетiн құруға бастамашы болған күрескер тұлға және әмбебап публицист, тарихшы екендiгiн жан-жақты дәйектi түрде таныта бiлген тарихшы ғалым ағамыз Көшiм Лекерұлы Есмағамбетов .Ол кісінің пайымдауынша :  “Отаршылдықтың ойраны мен қайғы-қасiретiн бастарынан өткерген қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. халықтардың тағдыры өз тағдырымен бiте қайнасқан, ұлт мүддесi өз өмiрi мен күресiнiң мақсат-мұратына айналған, жиырма жыл бойы Еуропа төрiнде Алаш идеяларын жалғастырып, тәуелсiздiк туын көтерген сондай тұлғаның бiрi де, бiрегейi де – Мұстафа Шоқай”-деп, ұлт мүддесi жолында патша саясатына қарсы шығып, Мемлекеттiк думаларға қатысып, мерзiмдi басылымдар арқылы жер, тiл, дiн мәселесiн көтерген, патша өкiметi құлағаннан кейiн Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiн құрып, оның алға қойған мiндеттерiн жүзеге асырудағы iс-әрекеттерi, кеңес өкiметiмен арада туындаған түсiнiспеушiлiк пен қарама-қайшылықтан азамат соғысы жылдарында жау күштермен одақтас болып, үкiмет билiгiне қарсы шыққан, 30-шы жылдары қуғын-сүргiнге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, И. Әлiмбеков және т.б. қазақ зиялыларының ой-пiкiрлерiн жиырма жылдай насихаттауын дәлелдi түрде айқындаған.

Екiншiден, оның қазақ ұлтынан басқа өзбек, түркiмен, әзiрбайжан және т.б. түркi-мұсылман, басқа да грузин, украин, араб, ауған, парсы халықтарының мұң-мұқтажын жоқтаған, осы халықтардың отар елдерге айналмай, тәуелсiз мемлекет болуы жолында күресуге, әрi Түркiстан халқының басым көпшiлiгiн автономия идеясының төңiрегiне топтастыра отырып, ұлттық мүдденi қорғауға шақырған сара саясаткер екендiгiн нақтылай көрсеткен.

М. Шоқайдың шетелге кетiп “Түркiстан Ұлттық бiрлiгi” ұйымының қызметiн жандандырып, Еуропаның жоғары оқу орындарына бiлiм iздеп келген түркiстандық жастарды қамқорлыққа алуды көздеген және Германияда оқып жүрген мұсылман жастарын жұмысқа тартқан.

Үшiншiден, Түркiстан Мұхтарияты құлағаннан кейiн “Бiрлiк туы” арқылы большевиктiк үкiметтiң ұлттардың өзiн-өзi билеу құқығы жөнiндегi ұрандарының алдамшы, жалған екендiгiн дәлелдеп жазғанын, шет мемлекеттерде жүрiп, баспа беттерi арқылы түркi халықтарын бодандық бұғауында ұстап отырған большевиктерге қарсы дамылсыз күрес жүргiзiп, Түркия, Ауғанстан, Шығыс Түркiстан, Еуропа сияқты елдердегi түркi-мұсылман халықтарының басын бiрiктiрiп, тәуелсiздiк жолында күресуге шақырғандығын оның “Яш Түркiстан”, “Йени Түркiстан”, “Прометей” және тағы басқа басылымдарда жарияланған мақалалары дәлелдейдi. Жалпы баспасөздiң М. Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметiн айқындауда аса маңызды екендiгi автор “Ұлттық қозғалыстың мақсаты, мұраттарын түсiндiрiп, түркiстандықтарды тәуелсiздiк идеялары төңiрегiне топтастыруда баспасөздiң орны ерекше” деп жазуынан белгiлi.

М. Шоқайды публицистiк қырынан таныту  үлкен жетiстiк деуге болады.
Төртiншiден,
алаштың ардақтысы, көреген саясаткер - Мұстафа Шоқай қазақ елінің, түркі тектес халықтардың бостандығы жолында күрес жүргізген қайраткер ғана емес, өте сауатты, әлемдегі саяси жағдайларға биік деңгейде сараптама жасап, , батыс елдердiң шығыс халықтары жөнiндегi саясатын жетiк бiлген, халықаралық жағдаймен жете таныс халықаралық жағдайдың қилы бетбұрыстарын көрегеңдікпен болжай алатын сарабдал саясатшы болғандығын    нақтылайды.

Ең күрделі мәселе – «Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұт­қындарды кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионы» деген жасақ құруға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан» деп кеңес өкіметі таққан айып. Бұл айып шындықты бұрмалау екендігі қазір дәлелденіп отыр.  М.Шоқай қызметін жөнімен әділ бағалау тұрғысында, бұл тақырыпқа сонау кеңес зама­ны­ның өзінде-ақ алғаш түрен салған жазушы Әнуар Әлімжанов еді.   Жазушы, қоғам қайраткері Ә. Әлімжанов «Мұстафа Шоқай. Ол кім?!» деген мақаласында «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығар­маларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде» деп жазған екен. Әнуардай көрнекті қайрат­кердің бұл тұжырымының дұрыстығын өмірдің өзі көрсетті.

Алаш азаматы М.Шоқай­дың ұлты үшін төккен терін тек Қазақстан мұрағатынан емес, шетел асып, ондағы тарихи құжаттарды құнттап, ғылыми, саяси құжаттарға негізделген­ нақты деректерді жинап, сол негізінде еңбек жазып жүрген шоқайтанушы  саяси ғылымдардың докторы, доцент, дипломат, ҚР Журналистер Одағының лауреаты, Еуропа мен қазақ,орыс тілдерінен аудармашы Садықова  Бақыт­  Исайынқызы.

Бақыт­  Исайынқызы -«Зар немесе  Отанынан шеттетілгендер» фильмінің сценарий авторы, «Я пишу Вам из Ножана» атты кітапты орыс, қазақ және түрік тілдерінен аударушы,  «История Туркестанского легиона в документах», «Мустафа Чокай­», «Mustafa Tchokay dans le mouvement prometheen», «Политическое значение идеи Мустаф­ы Чокая для  консолидации туркестанского общества (стран Центральной Азии)» диссертациясының, «Мустафа Чокай в эмиграции» кітабының  және жүзден астам Қазақстан мен шетел басылы­мында қазақ, орыс, француз тілдерінде шыққан­  мақалалар авторы .Зерттеушінің айтуы бойынша  Мұстафа  өзін халқын­ан ешқашан бөліп алған емес. Тек  оның Түркістан автономиясының тәуелсіздік алуы үшін жасаған еңбектері зая кетті. Украина Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Шульгиннің «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, Мұстафа Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар­ еді» деп пікір білдіруінің өзі оның жұмысына берген баға болып есептеледі.

Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионын құруға қатысы болмағанын, нацистермен де сыбайлас болмағандығын да Ресей ғылым академиясы мойындап, Бақыт­  Исайынқызының  төрт кітабына сілтеме жасап, Ресей саяси энци­клопедиясына Мұстафа Шоқайдың атын енгізген. Ол энциклопедияға тек үш орыс емес қайраткердің атын кіргізіпті. Олар  – қазақ Мұстафа Шоқай, татар Садри Максуди, әзірбайжан  Мемет Расулзаде.

Мұстафа Шоқайға­ қойған айыптарды Германия мен Франция архивте­рінен алынған және басқа да құжаттар теріске шығарады. Оны, жоғарыда айтып кеткендей, Ресей ғалымдары мойындады. Ғалымдармен қатар Ресейдің 30-40-жылдары Еуропада Шоқайға қарсы әрекет жасаған барлаушылары да үнсіз қалды.­ Себебі деректер Шоқай өлімі нацистердің қолынан емес, Сталин барлаушыларының қолынан болғанын көрсетеді.

Ал шын мәнісінде, архив деректерінен белгілі болғандай , Түркістан легионы мен Түркістан ұлттық комитеті ол жұмбақ өліммен қайтыс болғаннан кейін, 1942 жылдың басынд­а құрылған. Мұстафа Шоқайды­ң көздеген мақсаты – мұсылман мемлекетін орнату емес, Батыс және дүниежүзілік қоғамның кеңестік тоталитаризмге көзқарасын қалып­тастыру арқылы Түркістан халқын Сталиндік езгіден құтқару еді.

Мұстафа Шоқай Еуропаға Алаш арыстары Әлихан­  Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың кеңесімен Түркістан ұлт-азаттық күресінің шетелдік тармағын ұйымдастыруға барды. Еуропада 20 жыл бола тұра, Мұстафа Шоқай Алаш арыстарымен тығыз байланыста болды. 1917 жылдың 27 қарашасында Түркістан автономиясы жарияланады да, үкімет басшысы болып Мұхамеджан Тынышпаев  тағайындалады. Кейін басшылыққа М.Шоқай келеді. Мұстафаның басшылығы кезін­де үлкен жұмыстар атқарылады. Бірақ көп ұзамай­ қызылдар ол үкіметті құлатады. Екі ай ғана өмір сүрген Түркістан автономиясы туралы Мұстафа: «Ұзақ уақыт қараңғыда қалған адамның бірден жарыққа шыққан­ кезінде көзі шағылысып, аша алмай қала­тындығы секілді, ұзақ уақыт патшалық Ресейдің отарлық саясаты­ның қараңғылығында жер бауырлап, еңбек­теген түркістандықтардың төңкеріс әкелген азаттық жарығына шығысымен көздері шағылысып, алдын көре алмай қалған еді. Шағылысқан көздердің адасулар­ы түркістандықтардың өз қараңғылықтарын одан ары арттыра түсті. Осы себептен құрған үкіметіміз 1-2 айдан ұзаққа бара алмады», - деп түсіндірген.

Түркістан ұлттық ұйымдарының тапсырмасымен 1918 жылдың 1 мамырында Мұстафа Шоқай Ташкенттен кетті. Челябин­ск, Уфа, Баку, Тифлис арқылы Ыстамбұлға, одан әрі Францияға жеткенше, сол қалалардағы пікірлес ұлт-азаттық күрескерлерімен кездесіп, болашақ қозғалыс туралы ойларын ортаға салады. Мұстаф­а Шоқай жұбайы Мария Яковлевнамен екеуі Париж түбіндегі шағын ғана Ножан-Сюр-Марн деген қалашыққа қоныс тебеді. Сонда ол өз пікірлестерімен бірге еуропалық мерзімдік басылымдармен байланыс орнатуғ­а  тырысады.

1917 жылдың 7 қарашасынан бастап шетелге кеңес үкіметінің рұқсатынсыз кеткендерді, сондай-ақ ақ гвардияшылар сапында болғандар мен контрреволюциялық ұйымдарға қатысқандардың бәрін Ресей азама­ттығынан айыратынын мәлімдегеніне қарамастан, кеңес үкіметі Мұстафа Шоқайға КСРО-ның шетелд­егі бір өкілдігінің (атап айтқанда кемалшыл Түркияның) қызметкері болуға бірнеше рет ұсыныс жасайды. Мұстафа Шоқай одан бас тартады. Осы себепте­н Мұстафа мен Мария Шоқай Франция азаматтығын қабылдады.

- Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1923 жылы Парижден Германияға көшіп барып, сол жақта 6 ай тұрып, кейін қайта Парижге көшіп келгендерін жазады. Бар өмірін «Бір Түркістан» идеясын іске асыруға арнаған Мұстафа Шоқай 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтты соғыс тұтқындары жағдайымен танысу сапарынан қайтарда кенет ауырып, 1941 жылы желтоқсанның 28-і күні Берлинде қайтыс болды. Денесі сол Берлин қаласындағы түрік зиратына жерленген.

 Шетелде, атап айтқанда Түркияда, басқа да Еуропа­ елдерінде Мұстафа Шоқай  есімін атап, ол туралы ең алғаш жазған франциялық Александр Беннигсен атты мырза мен Шанталь Лемерсье-Келькеже атты ханым. Бұл екеуінің де есімі дүниежүзіне белгілі, олар кеңестік Орта Азия елдерінің тарихын 1964 жылдан бері зерттеп келеді. Профессор Александр Беннигсен дүние салды, ал оның шәкірті Шанталь Лемерсье-Келькеже  ханым  Француз  академия­сында­ қызметте. Олар Алашорданың тарихын да, 1986 жыл­ғы жағдайды да талдап, тарихи баға берген ғалымдар.­

      Кеңес өкіметі тұсында М.Шоқай туралы бар шындық айтылмады. Ұзақ жылдар бойы оны негізсіз «халық жауы» қатарына қосып келді. М.Шоқайдың елінің бостандығы үшін күрескенін, Кеңес өкіметінің екі жүзді сааясатын әшкерелегенін дүние жүзі білгенімен, өз Отандастары естімеді, білмеді. Оның еңбектерінде, тіпті атын – атауға қатаң тыйым салынды. «Алаш» қозғалысының қайраткерлері де бірінен кейін бірі  ақталып жатқан тұста да   Мұстафа Шоқай  тарихтан өз бағасын алмай қалды.

 1993 жылы 5 қарашада Қазақстанның халық жазушысы Ә.Тәжібаев, атақты академиктер Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев және елді аса жоғары құрметтейтін бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мырзаға Ашық хат жолдап, Мұстафа Шоқайдың еңбегіне әділ баға беріп, оны еске алу жайлы шараларды жүзеге асыруды сұрады.                           1993 жылы 25 қарашада Қызылорда облыстық Кеңесінің ХІІІ сессиясы Мұстафа Шоқайды Қазақстан Республикасының азаматы деп тану туралы Республика Жоғарғы кеңесіне ұсыныс жасады. Барша жұрт оны ризашылықпен қабылдады.

 Өмір өзі көрсетіп отыр, тарих алдауға көнбейді. Бірі ерте, бірі кеш, бірақ қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері өздеріне тиесілі орнын тауып отыр. 

    Мақала көлеміне М. Шоқайдың тарих бетіне таңбалы із болып қалған барлық қызметін түгелдеп беру мүмкін емес.1918 жылы Грузияда одан Түркияда кейін Париж бен Берлинге ұласқан қоғам қайраткерінің өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі жол.

 

                              Пайдаланылған әдебиеттер:

 

 

1. Есмағамбетов  К. Л.  «Әлем таныған тұлға», “Дайк-Пресс” баспасы,2008

2. Ибрашұлы С.  «Мұстафа  Шоқайұлы»,Тасбөгет-1993

3. Бәкірұлы  Ә. «Мұстафа Шоқай», Алматы «Бастау»1997

4.  Шоқай М. “Түркістан Кеңестер билігінде» ,Алматы, «Айқап»,1993 ,29бет                   5. Тарихи тұлғалар.  «Алматыкітап» ЖШС, 2006. – Мұстафа Шоқай- 68-69-бет

6. «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7

7. Кішібеков Д., Кішібеков Т. «Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар, қазақ тарихының ақтаңдақ беттері» http://www.alash.kz