Жанабаева С.К.

№23 орта мектеп, Тараз қаласы, Қазақстан

 

XVIII-XIX ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ  ОРТА АЗИЯ ХАНДЫҚТАРЫМЕН МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

 

Қазақ халқының ықылам замандардан армандаған ізгі тілегі жүзеге асып, еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алысымен өшкеніміз қайта жанып, тарихи ақтаңдақтар өз бағасын алып, бұрмаланып келген қазақ тарихы өз бағасын алып отыр.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көрші мемлекеттермен шекарамызды шегемдеп, көршілерімізбен татулық пен бейбітшілік орнаттық. Еліміз сондай - ақ оңтүстік өңірдегі көршілермен де қарым-қатынасымызды қайта қарап, бекіттік.

Осы жағдайлар жалпылама алғанда тек қазіргі кезеңде ғана емес, отандық тарих алдында жаңа міндеттер мен талаптар қойды. Соның бірі халқымыздың ежелгі дәуірден, ғасырлар қойнауынан бастау алатын шежірелі тарихын бүгінгі биік талаптар тұрғысынан зерделеп, оны шындықты күтіп отырған барша қауымға боямасыз, бүкпесіз жеткізіп, жаңа қоғамға сай баға беру.

Жалпы алғанда, қазақтардың Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтармен XVIII-XIX ғасырлардағы қарым-қатынастары мен байланыстарының тарихын біржақты, этноцентристік тұрғыда қарастыруға болмайды, өйткені ол байланыстарда әрқашан қайшылықтар да, өзара түсіністік те байқалып отырған. Әсіресе ұлы державалардың «бөліп ал да билей бер» саясатын ескеру қажет. Көршілес халықтардың арасындағы қарым-қатынастарды жан-жақты, яғни саяси, этникалық, экономикалық, мәдени тұрғыда және аймақтағы отарлық империяның саясаты контексінде қарастыру керек [1, 61].

Қазақ-Хиуа қатынастары, Қазақ-Ресей және Орта Азияның қарым-қатынастарына байланысты жаңа әрі шынайылық тұрғысынан тұрғысынан қарастырған У.Х.Шәлекенов, Ж.К.Қасымбаев, С.Мадуанов, С.М.Мәшімбаев, М.У.Шәлекенов сияқы ғалымдардың зерттеулері баспаға шықты.

Қазақ халқының Орта Азия халықтарымен қарым-қатынасы ұзақ тарихи оқиғаларды қамтиды, сонымен қатар саяси және экономикалық маңызы зор мәселелердің тетігі болып табылады. Өзара қарым-қатынас екі жақты сауда- саттық айырбас әрекеттерінен көрініс табады.Көшпелі қазақтардың мал шаруашылығы  қалалық өңірдің тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін таптырмас шикізат көзі болды  [2].

Дегенмен, жұт, жайылымдық жерлердің тапшылығы салдарынан көшпелі қазақ қоғамы  күрделі қиын жағдайларға тап болды. Орта Азия хандықтары мен қазақ жүздерін қызықтырып жүрген Сырдария аудандары мен Амударияның төменгі алқаптары болды. Орта Азия хандықтары үшін бұл аудандар Орта Азияның отырықшы территорияларын көшпелілерден қорғайтын маңызды аймақ болды. Қазақ хандығының дәл осы Орта Азия хандықтарымен көршілес аймаққа көз тігуінің басты себебі, осында отырықшы және жер өңдеуші аудандардың сауда-саттық байланыстары жүргізілетін басты орталықтардың бірі болуында [3].

Тарихи деректерде көшпелілер мен отырықшы Бұқар хандығы арасындағы сауда байланыстары туралы мәліметтер өте аз кездеседі. Дегенмен де, шығыс авторларының еңбектеріндегі үзінді мәліметтерден, сауда қатынастарының әрдайым жүріп отырғандығын байқауға болады. Көшпелілер мен Бұқар хандығы арасындағы сауда қатынас соғыс жағдайында да жалғаса берген.

Қазақстан Бұқар хандығы үшін Ресеймен сауда байланысын жүргізетін аймақ ретінде қызмет етті. 1766 жылы мемлекеттік комерцколлегия Сібір генералы поручик И.Шпрингердің рапортын қарастырды. Онда бұқаралық көпестердің Семей және Ямышевск қамалдары сауда жүргізуге дайын екендігін жазды. Сонымен қатар Орта жүз ханы Әбілмәмбет хан II Екатерина императрицаға осы қамалдарда сауда жүргізу үшін рұқсат жолдаған. Бұл өтініш қабыл алынып, рұқсат берілді.

Ресей мен Бұхар хандығы арасындағы сауданы ұйымдастыру, қазақ байларына үлкен пайда әкеліп отырды. Керуен жолдарының қыр-сырын қазақтардан жақсы білетін ешкім болмады. Сондықтан керуендердің барлығына қазақтар жол көрсетуші болып қызмет етті.  Кейбіреулері үшін осы тұрақты кәсіптері болды. Жүк тасымалдау үшін түйені жалға алып отырды, ол үшін ақшалай түрде ақы төлеп отырды. Жол көрсетушілер де өз қызметтері үшін ақшалай көлемде ақыларын алып отырды [4].

Түрлі соғыстар мен басып алушылық жорықтарды айтпағанның өзінде XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Хиуа хандығы мен Кіші жүз арасында саяси-экономикалық қатынаспен қатар, мәдени байланыстар жақсы дами бастайды, ол осы аймақтың әлеуметтік өмірінің жандануына септігін тигізді. Түркі халықтарының ішінде көшпелі өмір салтын сақтап қалған қазақтар, Орта Азияның байырғы жер өңдеуші аудандарының тұрғындары Хиуалықтармен байланысы жүзжылдықтарды қамтиды. Осы кезеңдегі аймақтың даму тенденциясын ескере отырып, жеке зерттеушілердің айтуынша, «Мәдени тұрақтылықтың болуы-ол, мәдениеттің дәстүрлі мінез-құлқын күнделікті өмірде сақтау, бір сөзбен айтқанда, инновацияның болмауы, Еуропаның интеллектуалды және мәдени  жетістіктерімен сабақтасады».

Қазақ мәдениеті дәстүрлі қалпын сақтауы көшпелі өркениеттің әлемдік мәдениеттің қазына қорына үлесін қалдырды. Арал-Капий аймағында және Хорезм оазисінде XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтар, өзбектер және басқа да халықтар дәстүрлі қолөнерді дамытты, зергерлік өнермен айналысты, сонымен қатар халық ауыз шығармашылығын дамытты.XVIII ғасырдың аяғында Хиуа хандығының билеушілері Бұқар әмірлігі мен Қоқан хандығының басшыларымен бірге аймақтарда мұсылман мәдениетінің басты орталықтарын қалыптастыруды басты назарға алды. Екі халықтың мәдени өзара қарым-қатынасында XVIII-XIX ғасырларда Хиуаның Орта Азияның алдыңғы қатарлы мәдени орталығы болуы септігін тигізді. Өзара келісімді мәдени байланыстарыныңдамуы барлық мәдениет түрлерінде көрініс тапты. XVIII ғасырдың аяғында Хиуада халықтық шығармашылықтың дамуы байқалды, ол XIX ғасырға дейін жалғасты. Осы кезеңде цехтық бірлестіктер әр түрлі маман шеберлерін біріктірген. Әрбір қазақтың киіз үйінде, хиуалықтардың үйлерінде осындай шеберлердің қолынан жасалынған сандықтар тұрады.

Қазақтардың Орта Азия хандықтарымен сауда-саттық қорытындысы бойнша Ташкент қаласы үлкен маңызға ие болды. Қазақ далаларының Орта Азиямен аралығында орналасқан қала үлкен, әрі ерекше сауда орталығы ретінде көрсетілген. Онда тек қана көрші қазақ далалары мен хандықтарынан ғана емес, сонымен қатар алыс мемлекеттер Қытайдан, Индиядан, Ираннан тауарлар әкелінді. Ташкент арқылы ыңғайлы керуен жолдары Орта Азиядан Ресейге, Сібірге, Қытайға өтіп жатты. Қаланың Ресейге қосылуы қарсаңында (XIX ғасырдың 60 жылдарының басында) Ташкент базарында 4548 сауда қатары 16 керуен–сарай, бірнеше қонақ үйлер болған екен [5].

Орталық Азия ежелден Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды стратегиялық аймақ болып есептеледі. Бұл өңірді басып өтетін көне керуен жолдары байырғы замандардан осы жерлерді мекендеген қандас, бауырлас халықтардың өзара қарым-қатынас орнатуына жағдай жасаған. Сондықтан олардың сауда-саттық, тарихи, мәдени дамып өркендеуі бір-бірімен тығыз байланыста жүзеге асып келді. Сол себепті Орталық Азияны мекендеген халықтар тарихын бөлшектемей, біртұтас зерттеу қажет.

 

        Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.       Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.) –Алматы, 1999.

2.       Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы: «Санат», 1996.

3.       Мадуанов С. Взаимоотношения казахов с другими соседними Центральной Азии в XVIII начале XIX вв. –Алматы, 1995.

4.       Шалекенов У.Х. Казахи низовьев Амударьи.-Ташкент: Фан, 1966,

5.       Махаева А.Ш. Қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығы қызметіне тартылуы тарихынан. // Қайнар университетінің хабаршысы. – 2008. - № 1-2.