Сейітқұлова Ж., тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
М.Х.ДУЛАТИДІҢ
«ТАРИХ –И РАШИДИ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР
Мұхаммед
Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі құнды
мәліметтердің бірі этнографиялық деректер. Еңбекте баланың
дүниеге келуіне байланысты жасалатын әдет-ғұрыптар
мен салт-дәстүрлер туралы
деректерді М. Х. Дулати тікелей өз өмірінен жазған 3-тараудан
оқимыз. М.Х. Дулати өмірге
келгенге дейін, ата-анасының одан
үлкен төрт қыз баласы болыпты. Ата-анасы барлық
әулиелі жерлерге түнеп, дұға етіп, құдайдан
ұл бала беруін тілеген екен. «Осыншама тілек-мінәжаттан кейін мен
пақыр дүниеге келген екенмін», - деп жазады ол [1.108].
Халқымызда қуанышты сәттерді
алғаш хабарлаушының сүйінші сұрайтын салты сақталған. Бұл туралы М.Х.
Дулати өзінің сәби күнінде қатты ауырып, ешбір дәрігерлерден ем қонбай
Хазірет Маулана оқып, тек ағарған ішуге кеңес беріп, қайтып кетіпті. Бірде Хазірет Маулана таң
ата қызметшілеріне баланың жазылатынын айтып сүйінші
сұратқаны туралы жазған [1.178]. Сондай-ақ, дүниеге сәби келгенде туған-туыстарынан
сүйінші сұрау әдеті туралы, Бабыр туылғанда 1483
жылдың 14 ақпанында Жүніс хан мен Омар шейх мырзаның сүйінші сұрауы, шілдехана той жасауы жайлы еңбекте
келтірген. Нәрестеге ат қою рәсімін Хазірет ишан Қожа Ұбайдолладан сұрайды. Ол
Захираддин Мұхаммед деп ат
қояды. Шағатайлар көшпелі ел болғандықтан,
бұл атауды «Бабыр» деп
өзгертіп айтқан. Ұлықбектің білімділер
ғұламаларының бірі Маулана Мунир Марғинани оның
туған күнінің хронограммасын жасайды. Осындай деректі тағы
да М.Х. Дулати - «Бабырдың шашын алғанда әкесі Жүніс ханмен
Омар Шейхтің екі жақта той жасауы бұрын-соңды
ешқашан болған емес», - дейді
[1.192]. Сұлтан Саид ханның баласы сұлтан
Ибраһим дүниеге келгенде де шашу шашып, той жасайды [1.415]. Шілдехана
тойы, азан шақырып
ат қою, сәбиді қырқынан
шығарып, қарын шашын алу бүгінде тарихи
сабақтастықпен ежелден желісін үзбей жалғасып келеді.
Үйленуге
байланысты деректер туралы, құда түсу дәстүрін [1.132], атастыру,
«қалың мал» беруде моғол салты бойынша қанша мал
жиналса, соны алып құда түсетін
қалыңдықтың әкесіне беруі [1.482], ұзату, некелестіріп
той-думан жасау, неке қию [1.174], үлкен сыйлы кісілердің ақ батасын беруі, «Фатиха» сүресін оқылуы
туралы [1.393,394-395] М. Х. Дулати еңбегінде жан-жақты берілген. Некелесу
жйлы айтар болсақ, М.Х. Дулати өзін он бес жасында некесін
қиып, хан гурган атағын берген [1.333].
Жесірді
жылатпау, жетімді шеттетпеу мақсатында жасалатын ертеден келе
жатқан, қазақтың «әмеңгерлік» салты да еңбекте
келтірілген. Мырза Әбу Бәкірдің әйелі Ханзада бегімді
«Йангалик» жеңге жесірді әмеңгерлік жолмен М. Х.
Дулатидің немере ағасына екінші әйелі ретінде
алғызғаны [1.360], әмеңгерлікпен Сұлтан
Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды
қазақ ханы Жәнібек ханның баласы Әдік
сұлтанға күйеуге беруі, Әдік сұлтан қайтыс
болған соң, оның бауыры Қасым хан некелеп алуы [1.413] туралы
деректер жазылған.
Жалпы отбасына байланысты әдет-ғұрыптар
мен салт-дәстүрлер этнографиядағы ең толымды,
құрамы жағынан ең күрделі мәселе болып
табылады. Саяси идеологиялық өзгерістер бұл саладағы әдет-ғұрыптар
мен салт-дәстүрлерге көп жағдайда тікелей әсер
ете алмайды, жанама әсері болады. Сондықтан бұл
саладағы ғұрыптар өзгеріске аз ұшырайды,
тұрақты келеді. Отбасылық
әдет-ғұрыптардың тағы бір ерекшелігі – той жасау,
өлікті жөнелту сияқты қалың көпшілік
қатысатын ғұрыптық шаралардан басқалары
көбінесе шектеулі адамдар ортасында іске асады. Бұл
ғұрыптық шаралардың көпшілігі отбасылық
ауқымда іске асқанымен, түптеп келгенде олар
қоғамдық-әлеуметтік мәні бар шаралар. Бұл
ғұрыптар адамдардың рухани кеңістігін толтырады,
өздеріне түсініксіз құбылыстарға осы
ырым-жоралғылар арқылы олар жауап береді, алдын-ала «шара»
қолданады.
Сонымен,
этностың негізгі қасиеттерінің бірі болып табылатын
әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, оның
ішінде отбасылық ғұрыптарды зерттеу этнография
ғылымының қай заманда болса да өте маңызды
мәселесі болып есептеледі. Орталық
Азия мен Қазақстанның тұрғылықты
халықтарының әдет-ғұрыптарын осындай
тұрғыда зерттеу мәдени-тектік (культурогенез) мәселелерді
шешуге мүмкіндік береді. Қазақ халқының
салт-дәстүрлері көрші халықтар
дәстүрлерімен жалпы нұсқасы жағынан бірегей
болғанмен, өзіндік ерекшеліктерімен де,
әдет-ғұрыптарындағы кейбір өзгешеліктермен орындалады. Бірнеше ғасырлар өтсе
де, үйленіп, отбасын құруға байланысты сол
дәуірдегі жосын-жоралғылар жүйесі тарихи даму сатыларындағы
символдық, функционалдық ерекшелігіне, менталитеттің негізіне
орай сақталған.
Өлікті
жөнелтуге байланысты әдет-ғұрыптар мен
салт-дәстүрлерге тоқталар болсақ, естірту, сүйекті
қарсы алу, қара жамылу, жоқтау айту, көрісу, азасына орай
қайтқан адамға кедей-кепшіктерге садақа беріп,
мүскіндер мен пақырларға тағам жасатып, дастархан жайып
тарату, жерлеп, Құран хатым оқытуды, қабірінің
басына кесене орнату, ас беру туралы Әмірзада Жаһангирдің
қайтыс болуына байланысты жазылған
әңгімеде 22-тарауда жан-жақты келтірілген [1.86].
Қашқардағы мазарларға мұсылман
түріктердің аруағына жергілікті халық үлкен
құт-береке береді деп сиынатынын жазады [1. 328]. Жалпы
алғанда, қазақтардың жерлеу-еске алу
ғұрыптары бірқатар өзіндік ерекшеліктерге ие және
дәстүрлі қырларының тұрақтылығымен
өзгешеленеді. Қазақтардың өлікті жөнелтуге
байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері
исламға дейінгі және исламдық наным-сенімдермен астасып
кеткен. Жерлеу-еске алу ғұрыптары циклінде бүкіл
ритуалға қатысушылар құрамынан, әсіресе
марқұмның сүйегіне түсу мен ақыретке
ораудан байқалатын, рулық қатынастардың
сарқыншақтары көрініс береді және анық
сақталған; қайтыс болған адамды рулық
зиратқа жерлеуге ұмтылысы, жерлеу мен ас беруді ұйымдастыру
мен өткізуде генеалогиялық топтың өзара көмегі
байқалады. Жерлеу-еске алу ғұрыптарының
архаикалық қабаты, дәстүрлі-тұрмыстық
мәдениеттің күрделі компоненттерінің бірі ретінде
қазақтар арасында қазіргі күнде өз жалғастығын
табуда. Өлікті шығарып
салу салтындағы «қонақ асы», жетісі, қырқы, жылы
өзінің ғұрыптық рәсімдерінің
байлығы, күрделілігі, түрлілігі жағынан түркі
халықтарының, оның ішінде көшпелі-малшы
халықтардың дәстүрінде кең орын алады. Оның
өткізілуінің әлеуметтік-қоғамдық мәні
жағынан да осы түрік халықтарының ортасында ерекше
салтанатты. Бұл ғұрыптардың генезисінің
көне түріктік екендігінде дау жоқ. Сонымен қатар, М.Х.
Дулатидің еңбегіндегі келтірген деректер аймақтың
түркі халықтарының ішінде бұл
ғұрыптың ең шыңы болып есептелетін ас түрі негізінен тек
қыпшақ текті – қазақтар мен қырғыздарда
орындалады. Сондықтан бұл мәдени құбылыстың
төркінін түріктік–қыпшақтық десе де болады.
Туыс-бауырлар арасындағы әдет-ғұрыптар
бойынша Саид ханмен Мансұр хан арасындағы реніші мен татуласуы
туралы жан-жақты жазып өткен. «Кішілердің ізеті-тіл алу, ал
үлкендердің әдеті-ілтипат көрсету болып табылады.
Үлкен аға әкенің орнында. Әкеге қатысты
жіберілген кемшіліктер мен
ағаттықтардың орнын, біз оған қызмет
көрсету жолымен
толықтыруымыз керек »,- деп
Саид хан бауырымен сый сияпатпен қауышқан екен [1.366-367; 383-385]. Сондай-ақ, достық
пен адалдықтың кепілі ретінде әдет бойынша Мансұр хан
мен Саид хан сый-сияпатпен бірге, бір-бірінің киімдері мен аттарын
айырбастайды [1. 386].
XІV-XVІ ғ.ғ. Қазақстан халқы шаруашылығының басты саласы – мал
шаруашылығы болғанын айқын дәлелдейтін
мәліметтерді М.Х.Дулатидің еңбегінен кездестіреміз. Қой
шаруашылығының көлемі жөнінен М.Хайдардың
келтірген деректері бар, мысалы ол ұлысбек дұғлат Сайид
Әли әмірдің үш ұлына 500 мыңға дейін
қойды мұраға қалдырғанын хабарлайды [2.173].
«Тарих-и-Рашидиде» алғашқы бие байлау жөніндегі мейрам
(биебау) суреттеледі; биебауды «моғолдардың ескі әдет-ғұрыптары
мен заңдары бойынша» «Моғолстандағы әйгілі Көктөбе
деген жерде» 1405 жылы көктемнің басында Қызыр – қожа
хан мен оның маңындағы ақсүйектер жасаған көрінеді
[2.175]. Бұл қазақтардағы «Бие байлау» немесе
«Қымызмұрындық» деп аталатын салт-дәстүр
бүгінде өз жалғасын тауып жатыр. Қымыздың емдік
қасиеті туралы халық даналығын М.Х. Дулати еңбегінде
келтірген. Әмір Хұдайдадтың немересі Сайид Әлі
науқастанған кезеңде ешбір емшілерден ем қонбай, тек
қымыз ішкеннен кейін ғана аурудан айыққаны туралы
айтады [1.96]. Моғол ханы Саид Шу
бойындағы Қасымның Ордасына барғандығы туралы
М.Х.Дулати «Тарихи Рашиди» еңбегінде жазған. Саид ханның
М.Х.Дулатиге айтуына қарағанда Қасым хан Моғол ханын
өте жақсы қарсы алып қазақ халқының
қонақжайлылығын, қонақ күту
дәстүрін көрсеткендігін ұзақ жылдар бойына
өмірінің соңғы кезіне дейін айтып жүрді деп
жазады. Бұл тарихи дерек қазақ халқының өте
меймандос, қонақжай екендігін және ата-баба
дәстүрінің үзілмей тамырының тереңде
жатқанын дәлелдей түседі.
Азық-түлік
өнімдерін және үй кәсіптеріне арналған шикізат
алудың қосымша көзі жабайы аңдар мен құс
аулау, кейбір жерлерде балық аулау болды. М.Х. Дулати еңбегінде
хандардың немесе ірі
ақсүйектердің
аңдарда қаумалап аулауын суреттеу аз кездеспейді. М. Хайдар
соның ішінде Тоғылық -Темірдің, Уәйіс
ханның, ұлысбек
дұғлат Хұдайдаттың аң аулауы, Сұлтан
Саидтың аңға шыққандағы аң
таңдамай мүлт жібермейтіндігі мен ұрыстарда да мергендігі аңызға
айналғанын жазып өтеді [1.157;387-388]. Қоғамдық-әлеуметтік
ғұрыптар туралы да ғалымның еңбегінде деректер
келтірілген. Ол - «Моғол тайпаларында мынадай салт бар. Сол салт
бойынша елдің ержүрек жастары жалғыз біраз уақыт елді
мекеннен жырақта шөлейт, тау немесе орманда бөкеннің
терісі мен етін киім-кешек, тамақ етіп өмір сүреді. Бұл
рәсімді ерлік пен ержүректілікке санайды, шыныда да солай,
бұл қиын әрі қатерлі іс», [1.205-206] -деп сол
кезеңдегі заман талабына сай азамат болу үшін аңшылыққа,
әскери іске, батылдық пен өз бетінше жігіттердің
өмір сүру қиыншылықтарына дағдылануы туралы
сипаттап өтеді.
ХV-ХVІ
ғасырларда М.Х.Дулатидің өмір сүрген кезеңінде ислам
діні Орта Азия және Қазақстан аймағын мекендеген
халықтардың идеологиялық өмірінің маңызды
қағидасына айналды. Ежелгі жергілікті қалыптасқан дәстүрлермен
синкреттелген ислам діні оларды жайлап ығыстыра бастады. Ислам дінін
қабылдаған мұсылмандар дінді уағыздаушыларды пір тұтатын болды. Ислам
дінін қабылдау, оны таратушы,
ұстанған адамдарға құрмет әдет-ғұрыптың
белгілі бір атрибуты секілді қалыптасты. Жалпы ғасырлар бойы
сақталған әдет-ғұрыптар мен
салт-дәстүрлерде исламдану үрдісі кең етек алып, араласып кетті.
Қорытындылай
келе, М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінен Орталық Азия
халықтарының ХІV-ХVІ ғасырлардағы бір ғана
ғылыми бағыт этнографиясы тұрғысынан таптырмас дерек
көзі екендігіне жоғарыда келтірілген мәліметтермен көз
жеткіземіз. Еңбектегі этнографиялық деректерден
халқымыздың ежелден бері қалыптасып, ғасырлар бойы
сақталған әдет-ғұрыптары,
салт-дәстүрлері заманның ағымына қарай
өзгеріске ұшырап, ерекшеліктерге ие болғанымен, желісін
үзбей жалғасын тауып келе жатқанын байқаймыз.
Әдебиет:
1.
Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. – Алматы: М. Х. Дулати
қоғамдық қоры, 2003. – 616 бет.
2.
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес
томдық. ІІ том. – Алматы:
«Атамұра», 1998. – 640 бет.