Жұмабаева Ж.А.
п.ғ.м., оқытушы
Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ,
Қазақстан
ҒАЛИ БЕГАЛИЕВТІҢ «ӘЛІППЕ»
ОҚУЛЫҒЫ ЖӘНЕ САУАТ АШУ ӘДІСТЕМЕСІ ТУРАЛЫ
ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫНЫҢ, «ҚАЗАҚ ТІЛІ», «ӘДЕБИЕТТІК
ОҚУ» ПӘНДЕРІН ОҚЫТУ ТУРАЛЫ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ
БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІН ДАЯРЛАУДАҒЫ
МАҢЫЗЫ
Болашақ бастауыш саты мұғалімінің
бойында болатын білім, білік, дағды және қарым-қатынас
мәдениеті педагогикалық университет табалдырығында
қалыптасып жүйеленуі тиіс. Жеке тұлғаның
қоғамның дамуы мен тарихи үрдістерінде ерекше орын
алатыны анық. Отандық тарихта өзіндік орны бар
қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бірі,
қазақ тілін оқыту әдістемесіне өз үлесін
қосқан аса көрнекті өкілдердің бірі Ғали
Бегалыұлы Бегалиев болып табылады.
Ғали Бегалыұлы - бастауыш мектептегі
қазақ тілінен берілетін білім мазмұнын анықтау мен оны
оқытудың әдіс-тәсілдері жайында құнды
ой-пікірлер айтқан, жалпы ана тілінде сауат ашу мәселелерімен
жүйелі түрде айналысып, соған көп күш-жігер
жұмсаған педагог.
ХІХ ғасырдың аяғы ХХ
ғасырдың басындағы педагогикалық ой-пікірлер,
соның ішінде Ғали Бегалиевтің әдістемелік
мұралары болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда
маңызды болып табылады.
Ғали Бегалиев жалпы тіл мәселелері,
әдістеме мәселелерімен бірге осы тілді үйретуші маман
мұғалімінің біліміне, әдіскерлік шеберлігіне да баса
назар аударады. Сайып келгенде, пәннің оқушылар
арасындағы беделі де оны оқытушы мұғалімнің
шеберлігіне байланысты, мұғалім өз пәнін қалай
жолға қойса, оған деген көзқарас та соған
икемделе қалыптасады. Бастауыш сынып оқушыларына жүйелі білім
беру- Бастауыш сынып мұғалімінің методикалық шеберлігі
мен біліміне тікелей байланысты. Бастауыш сынып мұғалімі өз
пәнін және оның әдіс-тәсілдерін
неғұрлым терең біліп, оқыту сапасын жақсарта
түссе, пәннің беделі де артады, оқушылардың
үлгерімі де жоғары сатыға көтеріледі.
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін
кәсіби қызметке даярлауда әдіскер ғалымның
«Әліппе», «Қазақ тілі», «Ана тілін» оқытуға
байланысты еңбектерін атап көрсетуге болады. Олар:
-«Бастауыш мектепте қазақ тілінің
методикасы» , «Құрмалас сөйлем», «Әріп, дыбыс, буын»,
«Жаңа алфавит», «Қазақ тілінің грамматикасы»,
«Оқу кітабы. Бастауыш мектептің 4-класына арналған»,
«Бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың әдісі»,
«Қазақ тілінің әліппесі мен емлесі», «Бастауыш мектепте
бірнеше класты бір уақытта оқыту туралы», «Қазақ тілін
оқытуға методикалық нұсқаулар. 2- класс
үшін», «Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері»,
«Әліппе», «Ш кластың «Ана тілі» кітабына методикалық
нұсқаулар», «Сауат мектептерінің программасы»,
«Қазақ тілі», «Грамматика таблицаларына нұсқау»,
«Құрмалас сөйлем. Оқытушыларға көмекші
материал» т.б.
Ғали Бегалиевтің бастауыш саты үшін
жазған негізгі төл туындыларының бірі – «Әліппе»
оқулығын зерделесек, оның әліппелерінің негізгі
ерекшеліктері:
-Сөз оңнан солға қарай жазылады
және оқылады.
-Бас әріп болмайды.
-Әріптер «екі таңбалы» және «төрт
таңбалы» болып бөлінеді. Екі таңбалы әріптер тек
сөз соңында ғана өзге әріпке қосылып
жазылады, сөз басы мен ортасында жеке тұрғандағы
қалпында таңбаланады.
-Кейбір әріптер жол үстіне ғана
жазылса, кейбірі жолдан түсіріліп таңбаланады (бұл ерекшелік
сабақ үлгілерінде көрсетіліп отырады).
-Жазу барысында әуелі сөз тұтас
таңбаланады, сонан соң асты-үстінен ноқаттар
қойылатынын байқаймыз. Оның алғашқы беті
Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңіне
ұқсас жырмен басталады.
Балалар, бұл
жол басы даналыққа
Келіңдер,
түсініп байқап қаралық-та
Бұл жолмен
бара жатқан өрендер көп
Соларды көріп,
-тұра қалалық па?
Даналық
жарық кен-байлық
Жүріңдер
азық тауып алалық – та?
«Әліппе» оқулығында ұлттық
тіліміз бен дініміздің бай мұралары оқушының жас
ерекшелігіне байланысты айқын таңдалып берілген. Онда
мақал-мәтел, жаңылтпаш, жер-су, үй хайуанаттары,
ыдыс-аяқ атаулары өте қызықты әрі балаға
түсінікті тілмен берілген.
Ғали Бегалиев оқулықтарындағы
білім мазмұнын қамтитын мәтіндер мен әңгімелер
бастауыш сынып баласының бойында
жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруды
көздейді. Ондағы түрлі танымдық сұрақтар
мен тапсырмалар қалыптан тыс ойлауға, өз бетімен
жұмысқа, ғылыми көрегендікке баулуға және
жоғары қиындыққа негізделе
құрылғанына көз жеткіземіз.
Сонымен қатар, Ғали Бегалиев оқушыны
мезі ететін орынсыз сұрақтар бере бергеннен гөрі,
мұғалімнің мәтінді өзі оқып, ішіндегі
түсініксіз атауларға сілтеме жасағаны орынды деп санайды.
Демек, шәкірттің оқуға ұмтылысының
алғашқы сатыларында басы тасқа тиіп, тауы шағылмауын
ерекше ескерген. Ғалым сабақ үрдісінде кері байланыстың
жүйелі жүзеге асуын қатаң талап еткен, жаңа
материалды меңгертуде ауырлық, салмақ түсірмеу, жеңілден ауырға
қарай жүру және жылқыдан жалпыға
ұстанымдарын қатаң сақтауды ескерген. Оқушыны
«тоты» болудан сақтап, шығармашыл тұлға ретінде
қалыптастыруды көздеген.
Әдіскер Ғали Бегалиев
мұғалімдердің оқытудағы әдістемелік
шеберлігін жетілдіру үшін іске асырылуға тиісті шаралар ретінде
мыналарды көрсетеді:
1.Тіл және әдебиеттен тәжірибелі
мұғалімдердің сабақ беру процесін киноға
түсіріп тарату, өйткені «кино-методиканы үйрету үшін
көрнекіліктің ең сапалы түрі.» Ғали
Бегалиевтің пікірінше кино таспасынан методикалық кітаптан табыла
бермейтін сабақтың қалай берілуі,
мұғалімнің балалар алдындағы тәрбиелік такті,
дидактикалық шеберлігі, жүріс-тұрысы, даусы,
түсіндіруі, ойлатуы, оқытуы тәріздес көптеген
мәселелер ап-айқын байқалады.
2.Педучилищелер мен педагогикалық жоғары
оқу орындарында тіл және әдебиетке арналған
әдістеме пәнінің сағаттарын көбейту,
өндірістік (педагогикалық – А.О.)практиканы бірнеше айлық
ету.
3.Әдістемелік оқулықтар жазу. Автор
пікірінше, тақырыптық және тақырыпшалық
әдістемеге баса назар аудару керек. Өйткені тіл мен әдебиетке
байланысты әдістемені жалпы меңгеру мүмкін емес және
жалпылама білудің пайдасы да шамалы, «сондықтан мұғалім
тілдің бір тақырыбын не тақырыпшасын оқытпақ
болса, ол жазылатын оқулықтан сол тақырыпшаны
оқытудың методикасын бірден тауып алатындай болсын».
4.Әдістеме сабағын мұғалім
жүргізуі тиіс, мұның шарасын халық ағарту
орындары ойластыруы керек; педагогикалық жоғары оқу
орындарындағы курстық жұмыс тақырыптары тізіміне
әдістемелік тақыптарды көбірек енгізіп, ғылыми
конференцияларда әдістемелік мәселелер де талқылануы тиіс.
Педагогикалық оқу орындарын бітіруші студенттер әдістеме
бойынша мемлекеттік емтихан тапсырсын.
Міне, көріп отырғанымыздай, әдістеме
саласындағы істелінуге тиісті қыруар жұмысты айқын
сезіне білген ғалымның жоғарыда санамалап көрсетіп
берген маңызды шаралары қазірде толығымен жүзеге асты
деп айтуға ерте.Тіпті керек десек, сөз болған
өндірістік практика жөнінде ғалым өзінің ертеректе шыққан «Жоғары
оқу орындарында тәжірибе сабақтарына байланысты өзекті
проблемаларды қозғай отырып, «Бастауыш мектепке
көңілдегідей мұғалім әзірлеу үшін оқытушылар даярлайтын жоғары
оқу орындарының өздеріне дербес бастауыш мектеп керек.Ондай
бастауыш мектептерде мұғалім болып шығатын студенттер
үнемі сабақ беретін болуы қажет. Ол студенттердің
жұмысын тәжірибелі оқытушылар үнемі басқарып отыратын болуы керек» деп,
батыл ұсыныстар жасайды.Өйткені студенттердің бір-бір жарым
айлық тәжірибе сабақтарының уақыт
қысқалығы былай тұрысын, өз дәрежесінде
көңіл толтырарлықтай
болып өткерлуінің өзі әр кез бола бермейтіндігі
әдіскер қынжылысын туғызбай қоймайды. Әрине,
кейде бір мектепте әр түрлі жоғары оқу орындарынан
келген студенттердің бірінің үстіне бірі шоғырланып
қалатындығы да құпия емес. Сондықтан
әлгіндегідей батыл ұсыныс-пікірге бұрын қолданыста
болмағандықтан көпшіліктің тосырқап
қарайтындықтарын да жақсы білген ғалым Ғ.Бегалиев
қайткенде де студенттердің теориялық білімі өз алдына,
тәжірбені де жинақтап, мектепке «көзі қарайып» баруының
жолдарын тынымсыз іздестіреді [4].
Ғали Бегалиев еңбектерінің
әдістемелік, дидактикалық ерекшеліктерін сол
оқулыққа көмекші құрал ретінде
жазылған әдістемелік нұсқаулар, әдістемелік
еңбектер анықтап береді. Бастауыш сынып мұғалімдерін
дайындауда мұндай әдістемелік еңбектердің көмегі
шексіз. Әдістемелік еңбектер белгілі ғылым негізіне
сүйеніледі. Ғылым негізі іс-тәжірибелермен түйіледі.
Ендеше Ғали Бегалиевтің әдістемелік мұралары
бүгінгі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда
құнды баға жетпес құндылық болып табылады.
Бүгінде әдістемелік нұсқауларда
берілген материалдардың бәрін бұлжытпай қолдану
міндетті емес. Әрбір ұстаз өзінің
педагогикалық-әдістемелік шеберлігіне, әдіскерлігіне
қарай қалауынша түрлендіріп, жан-жақты
толықтырып, нақты пайдалану қажет. Бұрындада солай
болса керек. Жалпы, әдістемелік еңбекте оқулықта
берілген тіл материалдарының бәріне арнайы тоқталып,
олардың әрқайсысының әдістемелік нұсқауын
беру де мақсат емес. Оқулықтағы оқушылардың
меңгеруіне күрделі-ау деген тақырыптардың оқытылу
жүйесіне нендей жолдар, амал-тәсілдер арқылы
мақсатқа жетуге болатыны турасында бағыт сілтеніп,
мұғалімдердің жұмыстарын жеңілдету жағы
көзделеді. Демек, Ғали Бегалиевтің еңбектері мен
бүгінгі қазақ тілін оқытуға арналған
әдістемелік нұсқаулардың жалғастығы,
принциптігі, сабақтастығы осы арада анық
байқалады.Ендеше, бүгінгі қазақ тілін оқыту
әдістемесі ілімінде Ғали
Бегалиевтің «Әліппе» оқулығы және сауат ашу
әдістемесі туралы ой-тұжырымдарының, «Қазақ
тілі», «Әдебиеттік оқу» пәндерінен әдістемелік
мұралары әдістемелік кітаптары өміршеңдігін,
сабақтастығын, құндылығын жоймаған
еңбектер. Ал оқыту ісінде әдіскер ғалым
еңбектерін болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін
даярлауға пайдалану бұл ұтпасақ, ұтылмасымыз
сөзсіз.
Тәлім-тәрбиелік мәні зор, өмірлік
асыл қазына Ғали Бегалиев мұрасына жаңаша
көзқараспен қарап, оқу-тәрбие үдерісіне
енгізудің бүгінгі күнде маңызы мен мәні өте
зор. Бастауыш сынып мамандарының кәсіби шеберлігін
қалыптастыруда әдіскердің мұралары «Бастауыш мектепте қазақ тілін
оқыту әдістемесінің тарихы» пәніне кіріктіріліп
жүргізілді. Студенттердің ХІХ ғасырдың аяғы ХХ
ғасырдың басындағы педагогикалық ой-пікірлерді,
соның ішінде Ғали Бегалиевтің әдістемелік
мұралары болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда
маңызды болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.«Алаш және тәуелсіз Қазақстан:
идеялар мен ұстанымдар сабақтастығы» атты
ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Алматы, 2008. -476 б
2.Бегалиев Ғ. Бастауыш мектепте қазақ
тілінің методикасы. -А., 1940.ҚР ОҒК, 2-қор, 1а- тізбе,
1728-іс, 381- бет.
3.Бегалиев Ғ. Ана тілі сабағын қалай
жүргізу керек?. Ауыл мұғалімі, 1936, № 10, октябрь.