БОЛАШАҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ МАМАНДАРЫН КӘСІБИ ДАЙЫНДАУДАҒЫ, ОҚУ ПРОЦЕСІН ТИІМДІ БАСҚАРУ МЕН ҰЙЫМДАСТЫРУ НЕГІЗІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР

 

САФАРГАЛИЕВА Г.Н. –дене мәдениеті және спорт кафедрасының аға оқытушысы

 

ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жоғары мектептің алдына жаңа міндеттер  қойып отыр. Осыған орай, бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай бейімдеп білім алу, жалпы ғаламдық танымды, ойлауды дамыту, өзінше ғылыми тұжырым жасауға, олардың қажетіне қарай ғылым жетістігін сұрыптауға, студенттің өзінің іс әрекетінің субъектісі болуына мүмкіндік туғызу - көкейкесті мәселе. Өйткені, тек жоғары білімді маман ғана қоғам мен экономиканың, әлеуметтік және мәдени өркендеудің  көшбасшысы бола алады.

Жоғары білім - маманға білім, іскерлік және дағды ғана беріп қоймайды, ол жеке тұлғаны қалыптастырады.  

Заман талабы өзгерген сайын жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгерді.

Еліміздегі жоғары білімді дамыту стратегиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидаларына, Білім туралы заңға, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстан - 2030» жолдауына  негізделеді. Бұл құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мемлекеттің ұзақ мерзімдік бағдарламасы арқасында ерекше орын алады.

Бүгінгі таңдағы жоғары білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты стратегиялық бағдары - өмірге жауапкершілікпен қарайтын, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, шығармашылық ойлауға дағдыланған, іскерлік қабілеттілігі биік, гуманистік ойлауы басым, кәсіби  ілімімен қаруланған, адамгершілік қасиеттері мол білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру болып табылады.

Жоғары оқу орнының басты мақсаты- алдыңғы қатарлы жастар тәрбиелеу,  адамзаттың мәдени және өнегелілік  деңгейі мен оның ой-өрісін арттыру, жоғары білімді маман иелерін даярлау. Білім саясатының  өзекті мәселелері – кәсіптік даярлаудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін өзгерту, педагогикалық ғылымдарды ұйымдастыруды қайта құру, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен  қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етуде оның рөлін арттыру.  

Мамандар даярлау жүйесінде білім берудің сапасын қамтамасыз етуде жоғары білімді дамытудың негізгі жолы мамандарды кәсіби даярлау сапасын арттыру болса, қазіргі кезде жоғары оқу орындарында кәсіби білікті мамандар даярлаудың жаңа тәсілдері ұсынылып, жаңа талапқа сай мамандар даярлаудың үлгісі жүзеге асырылатын болады.

Денсаулығы мықты, дене сапалары, дене бітімі қалыптасқан адам ғана өз қимыл-әрекетін өмірлік маңызды міндеттерді шешуде шығармашылық бағыт ұстана отырып, белсенді өмір сүруге қабілетті болады. Дене мәдениеті білім мен тәрбие беру саласының басты міндеттерінің бірі бола отырып, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне себепші болады.

ХХІ ғасырдың басында ғылыми техникалық прогрестің және ақпарат көлемінің өсуі жоғары оқу орындарындағы алынған білім қорының белсенді кәсіби іс-әрекетінің барлық кезеңіне емес, тек қысқа уақытқа ғана оның мұқтаждығын қанағаттандыратындығын көрсетті. Болашақ дене мәдениеті саласындағы мамандардың кәсіби міндеттерді шешу үшін өз бетінше ізденуге және білімді игеруге даярлау қажеттігі туындайды.

Дене мәдениеті, дене жаттығулары мен кимыл-қозғалыстары арқылы, сонымен бірге табиғаттың табиғи күштерін, тазалығын және еңбек тәртібін, тұрмысын, демалысын ескере және тиімді пайдалана отырып, адамдарды өмірге және еңбекке баулып дайындауға бағытталған. Дене мәдениетінде қызметтік (саналық, педагогикалық, ұйымдастырушылық, шаруашылық және т.б.) және нәтижелік (спорттық жетістіктер мен табыстар, дененің шынығу дәрежесі мен көрсеткіштері, әдістік тәсілдері мен амалдары және т.б.) жақтары бар. Дене мәдениеті және спорт белгілі мағынада бүтін бір қоғамның жағдайына әсер етеді және оның әлеуметтік, саяси және адамгершілік құрылымын көрсететін бір түрі болып табылады.

Дене мәдениеті саласында ерекше және жалпы мәдени мұрат-мақсаттары бірге орындала береді. Солардың ішінде, мысалыға, халықты мәдени кұндылықтар өндірісі ортасына (қатысушы, жасаушы) тарту, білімді, білікті мамандарды дайындау мен тәрбиелеу, белгілі бір көпшілік пен қауымды білімге, ептілікке, дағдыға, кажеттілікті дамытуға, өзін жеке тұлға ретінде танытуға және көрсетуге, шығармашылықты, тарихты, ұлтаралық қарым-қатынасты және т.б. көрсету үшін, әртүрлі шарттарды, әдістерді, жолдар мен амалдарды пайдалануға жұмылдыру сияқтылар бар.

Сонымен бірге, дене мәдениеті қызметінде тәжірибенің жинақталуы мен оның кейінгі ұрпаққа таралып отыруы, жаңа әдістердің, амалдар мен тәсілдердің жарыққа шығып пайдаланылып жүзеге асырылуы, адамдардың ақыл-ойына, психологиясына ықпал етілуі үнемі айқын көрінетіні байқалады.

Жеке тұлғаның рухани дамып жетілуі, оның жұмыс уақытындағы кызмет түрінде ғана емес, сол сияқты бос уақытында да анықталады. Адамның мәдени деңгейінің қаншалықты екені оның демалыс уақытының өзін ұтымды, әрі тиімді және толыққанды пайдалана білуінен байқалады. Дене мәдениеті және спорт, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени қызметтер жүйесінде бос уақытты тиімді пайдалануды қамтамасыз етуде маңызды орын алады.

Дене мәдениетінің адам қызметтерінің әртүрлі саласымен күрделі, әрі жан-жақты байланысы, өзінің ой-санасы мен даму заңы, өзара ішкі күрделі байланысы мен өзара тәуелділігі, өзінің әдісі мен тарихы бар.

Дене мәдениеті адамдардың ақыл-ой қабілетін тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады, себебі ол ғылым мен техниканың әртүрлі саласында терең білімді талап етеді. Осыдан барып жеке тұлғаға қажетті дене мәдениетінен білім алу, дене дайындығын жетілдіру, денсаулығын нығайту, спорттық жетістіктерге қол жеткізу сияқты мүдделер мен құндылықтарды қалыптастырады.

Адамдарды жоғары өнімді шығармашылық еңбекке және Отанды қорғауға дайындау дене мәдениеті және спорттың әлеуметтік қызметіне жатады. Сондықтан, тек қана дене сапаларын емес, сонымен бірге, қимылдық және кәсіби-қолданбалы дағдыларды дамытудың әртүрлі амалдары мен әдістері пайдаланылады.

Ең маңызды әлеуметтік қажеттілік, қатынастық қызмет– адамдармен қарым-қатынас қажеттілігін қамтиды.

Дене мәдениеті, біздің қоғамымыздың мәдениеті ретінде, өзінің табиғи болмысынан адамдардың бір-бірінің мүддесі негізінде, көпшілікпен кең ауқымда байланыста болу сияқты, қарым-қатынас қасиеттері мен сапаларын дамытуға мүмкіндіктер туғызады. Көпшілікпен қатысу процесінде адам тек өзінің рухани және дене қабілетін дамытып қоймай, сонымен бірге, адамдарды бір-бірімен біріктіріп, ұйымдастыратын жарыстастыққа тарту, көмек беру, жеке тұлғаның ұжым алдындағы, ұжымның жеке тұлға алдындағы жауапкершіліктерін дамыту, бір-біріне сену және бір-біріне көмек беру, қол жеткізген тамаша жетістіктерінен бірлесе отырып, қуанып ләззат алу сияқты, қоғамдық мүдделер, құндылықтар мен арман-мұраттар пайда болады және қалыптасады. Жеке, тұлғаның мәдени дамуының ең қажетті түрі-қатынас болса, ол жеке тұлға арқылы-барлық қоғамға қатысты болады.

Көпшілік бұқара халықтың әлеуметтік белсенділігін көтеру осы заманға тән құнды қасиеттердің бірі болып табылады, яғни күнделікті еңбекте, танымда, қоғамдық қатынас ортасында, дене мәдениеті мен спортта байқалады. Еліміздің дене мәдениеті қозғалысын дамытудағы нәтижелі еңбегінің арқасында көптеген Республика тұрғындары, осы қызмет түрінде өздерінің қабілетін ашуға, мемлекет мүддесі мен мақсаттарын, міндеттерін шешуге белсене араласып ат салысуға көптеген мүмкіндіктер алды.

Дене шынықтырушылар мен спортшылар қоғамдық-саяси жұмыстардың науқанына белсенді түрде қатысады. Олар Отанды қорғаудағы әскери істерде ерлік жасайды, адамгершілікте, сонымен бірге, дене шынықтыру және спорт дайындығында, еңбекте және өмір кезеңдерінде басқаларға үлгі болады. Сонымен бірге, белсенділік дене мәдениеті мен спорт ортасынан бөлек дүние емес. Ол қоғамдық-саяси және еңбек белсенділігімен тығыз байланысты.

Мектептегі дене шынықтыру пәні мұғалімінің, баланың, жеткіншектің тұлғалығын калыптастыруда, келешек өміріне, денсаулығының мықты іргетасын қалаудағы еңбегі орасан зор. Бірақ, дене мәдениеті және спорт маманы қай жерде жұмыс істесе де ол, оқытып үйрету және тәрбие процесімен жұмыс істейді. Сондықтан, оқытушы тұлғалылығының тәрбиеге әсері болуы мүмкін. Сол әсердің мәні мамандардың дайындық дәрежесін, білім мен жеке сапаларының деңгейіне байланысты болады.

Осы заманғы дене мәдениеті мен спорттың әдісі мен тәсілін жетік меңгерген, білімдар жаттықтырушының, педагогтың өзінің жеке тұлғалылығының тәрбие беруде маңызы орасан зор. Ол өсіп келе жатқан жасөспірім ұрпақты дене даярлығының тез жетілуіне ең тиімді мүмкіндіктерді жасайды, адамдардың әлеуметтік және психологиялық сұраныстарын нақты түрде қанағаттандырады. Мұндай педагогтар өзінің оқушыларына күнделікті дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдануды, өз мамандығы мен пәніне деген сүйіспеншілігін арттыруды үйретеді, өз шәкірттерін жеке-жеке жақсы білуге тырысады, дүние танымы мен адамгершілік кескінін қалыптастырады.

Дене мәдениеті және спорт саласының маманы кең де, терең білімді меңгеруі керек. Мұны, қазіргі өмірдің бүкіл үрдісі мен әдеп-ғұрпы талап етеді. Дене мәдениеті үдерісі кезінде әртүрлі жастағы және дене  дамуының әртүрлі дәрежесіндегі адамдармен сабақ өткізуге тура келеді, сондықтан білім беру және дене мәдениеті ұйымдары жүйесінің барлық бөліміндегі жұмысқа болашақ маман дайын болуы тиіс.

Жекелеп оқыту технологиясы (Инге Унт, А.С.Границская, В.Д.Шадриков)

Жекелеп оқыту – оқу процесін ұйымдастыру  түрі, үлгісі, онда:

1).Мұғалімнің тек бір оқушымен ғана өзара іс-әрекеті;

2).Оқушының оқыту құралдарымен іс-әрекеті (кітаптар, компьютер ж.т.б). жекелеп оқытудың ең негізгі қасиеті, ол оқушының оқу қызметінде оның мазмұнына, әдістеріне және қарқынына бейімделуіне толық көмектесуге, нақты тапсырмаларды орындауда оның қызметі мен әрекеттерін қадағалауға, білімді қабылдау барысын қадағалауға, оқушының және мұғалімнің жұмысы барысында дер кезінде түзетулер енгізуге, бақылау және өзгерістер кезінде оған бейімделуіне ықпал жасайды. Осының барлығы оқушыға үнемді жұмыс жасауына, өз күшіне бақылау жасауға, өз уақытын үнемдеу арқылы жоғары жетістіктерге жетуіне себепкер болады. Жекелеп оқыту осы «таза» күйінде жалпы білім беретін мектепке шектеулі пайдаланылады.

1. Педагогиканың принципі бойынша, мұғалім оқу-тәрбие процесінде жеке оқушылармен олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің жеке үлгі жоспары арқылы өзара іс-әрекет жасайды;

2.  Оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай қарым-қатынас жасайды;

3. Оқыту процесінде баланың жеке ерекшеліктерін ескереді;

4. Жеке оқушының және барлық оқушылардың дамуына бірдей психологиялық-педагогикалық жағдай туғызады.

         Жекелей оқыту технологиясы, ол – жекелеп ықпал жасау және жекелей оқыту кезеңіндегі оқу процесін ұйымдастырудың басыңқы түрі. Дене шынықтыру сабақтарында жекелеп оқыту технологиясын көп жағдайда аса бір дарынды, спортқа қабілеті жоғары, өз сыныптастарынан тапсырманы ерте орындай білетін оқушыға тапсырманы күрделендіріп беру үшін және дене сапасы төменгі денгейде дамыған оқушыларды сабаққа ынталандыру мақсатында қолданғанда өз пайдасын береді. Осы жекелеп оқытудың бір саласына  деңгейлік саралау технологиясы жатады.

Саралай оқыту (оқытудағы саралау ыңғайы) – ол.

1.     Түрлі мектеп, сынып, топтар құрамының ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі оқыту жағдайларын жасау.

2.     Біржыныстық топтарда оқытудағы әдістемелік, педагогика-психологиялық және ұйымдастыру – басқару шараларын қамтамасыз ету.

Саралап оқытудың қағидалары, ол – педагогикалық процесі ретінде құрылған ереже. Саралап оқытудың негізі түрінің бірі – жекелеп оқыту. Балалардың жеке психологиялық ерекшеліктеріне қарай саралау түрлері бар:

1.     Жас ерекшеліктеріне қарай (мектеп сыныптары, параллель жастағылар, бір жастағы топтар);

2.     Жыныс айырмашылығы бойынша (ерлер, әйелдер, аралас сыныптар, командалар, мектептер);

3.     Ақыл-ойдың даму даму деңгейіне қарай (жетістік деңгейі);

4.     Жеке психологиясына қарай (ойлау, мінез, темперамент түрлері);

5.     Денсаулық деңгейіне қарай (дене шынықтыру тобы, көру, есту деңгейлері төмен топтар).

-         Әрқайсысының қабілітіне және мүмкіндігіне қарай оқыту.

-         Әр түрлі топ оқушыларының ерекшеліктеріне қарай оқыту.

Қазіргі педагогикада ақыл-ойдың дамуын деңгейлеп саралап бірыңғай баға алмай жатыр: оның ішінде ұнамды жақтарымен қатар кейбір ұнамсыз құбылыстары да кездеседі.

Ұйымдастыру деңгейі бойынша бір жыныстық топтарды саралау:

-         Аймақтық мектептердің түрлері бойынша (арнаулы мектептер, гимназиялар, лицейлер, колледждер, жекеменшік мектептер);

-         Мектепшілік (деңгейлер, бағдарламлар, бөлімдер, тереңдетілген бағыттар);

-         Әр деңгейдегі сыныптар мен топтар: (гимназиялар ж.т.б.);

-         Сыныпшілік немесе пәншілік (сынып ішіндегі топтар);

-         Сыныпаралық (факультативтік, қосылған, жасы аралас топтар).