М.Ш. Мыктибекова

 «Даму мүмкіншілігі шектелген балаларға арналған балалар үйі» КММ

Даму мүмкіншіліктері шектелген балаларды адамгершілікке тәрбиелеу

 

   Адам тарихында құндылықтар қалыптасуының негізі ерте заманнан-ақ ойшылдар, ғұламалардың назарында болды. Олардың тәрбиелік негіздері атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ізгі қасиеттер мен сезім ниеттерден тұратындағы туралы көптеген шығармалар өмірге келді. Мәселен Әл-Фараби өз заманында «Адам көп заманында «Адам көп нәрсеге мұқтаж болғандықтан, өзіне керегін қоғамдасқан ортадан ғана таба алады. Жеке жан иесі адамдар бірлестігінің арқасында жетіліп, өз қабілетін шыңдай түседі. Осыдан келіп олардың өмірге деген қызығушылығы қалыптасады»,-деген болатын.

   Рухани адамгершілік құндылық-белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйелі, ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе.

   Олай болса, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізі ізгілікті, ақылды, адамгершілік, парасаттылықтың міндеттерін ажырата біліп өзіне таңдау жасады. Яғни рухани-адамгершілік құндылық-адамдық қасиеттің өлшемі-оның жақсылыққа талпынуы, өзге адамға жанашырлық білдіруі, айналадағы адамдарға қайырымы, өмір сүру мәселелері жайында іздену, өзін-өзі танып сол арқылы дүниені – әлемді тануы.

   Тәрбиенің маңыздылығы сондай, біздің болашақ ұрпағымыз тәрбиеден ғана рухани байлық алып, тәрбие арқылы ғана Адам болып қалыптасады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады.

   Қазір ортамызда «Қиын балалар», жасөспірімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар немесе түрлі тағдырға душар болған жастарымыз көп.

   Біздің мақсатымыз-тәрбиеленушілерімізді мүмкіндігінше жан-жақты тәрбиелеу.

   Егер жабайы аңдар Адамға мейірімділік көрсетсе, адамдар неге бірін-бірі тәрбиелемеске?

   Мен тәрбиелеп отырған бір топтың балалары жеке бір отбасы сияқты.

   Белгілі педагог А.С.Макаренко «Ата-анаға арналған кітабында» «....Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірінің әр сәтінде, тіпті сіз үйде болмаған кезде де іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, қалай газет оқығаныңыз, өзгелермен қалай сөйлесетініңіз, олар туралы не ойлайтыныңыз, қалай күлетініңіз, осы іс-әрекеттеріңіздің бәрі де балаңыз үшін маңызды.тіпті дауыс екпінінің өзгеруінде бала сеөінеді, сіздің барлық ойыңыз баланың көкейіне беймәлім жолмен жетіп жатады, сіз оны байқамайсыз да...,»-дейді. Тәрбиеші балаға осындай өзінің іс-әрекетімен үлгі болу керек.

   Ендеше, тәрбие ауадай қажет. Даму мүмкіншілктері шектелген балалалардың бойын адамгершілік қасиеттерге баулу жолында мына бағыттарды жүзеге асыруға болады.

-  Өзіндік сананы дамыту

-  Жеке тұлғаның әдеп ұстанымы

-  Қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерін қастерлеу

-  Адамгершілік әдептерге байланысты ақпаратты пайдалану

-  Эстетикалық тәрбие беру арқылы көркем мәдениетті, халықтардың әлемдік деңгейдегі құндылықтарын зерделеу

   Жалпы адамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін әрбір ұстаз-тәрбиеші халық педагогикасын, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды терең біліп, оларды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, тәлім-тәрбиеге пайдалануға халық алдында жауапты.

   Дегенмен де, ересектер мен балалардың өнегелі істерден тұрмайтыны белгілі, кейде олар шалыс басады, кейбіреулер қылмысқа барады. Сондықтан есею жолындағы бастысы – баланы парасатты іске, адал қылыққа үйрету. Жақсы іс атқару, онан қуаныш сезімге бөлене білу, өзгені де, ұстазды да, таныстары мен достарын да қуанта білу.

   Баланың мінез-құлқындағы адамгершілік, қайырымдылық, достық жайлы жиі әңгімелесу, бақылау қажет.

   Себебі, бала үшін олар «үлгі-өнеге»

   Тәрбиеленуші жақсы, кішіпейіл, мәдениетті болсын десең әуелі осы ұғымдарды өз бойыңнан ізде, өзің мәдениетті бол, өтірік айтпа, содан кейін баладан талап ет.

   Тәрбиеші ретінде менің түйіндегенім де осыған  сай келеді. Айтар болсақ өзім қызмет етіп жүрген балалар үйінде түрлі тағдыр тәлкегіне түскен балалар тәрбиеленуде. Топта 14 ұл бала бар. Жас ерекшеліктері әртүрлі. Оның ішінде 11 бала психикалық дамуы тежелген, 2-і арнайы көмекші мектепте, 1-і жалпы білім беретін мектепте оқиды.

   Әр баланың мінезі әрқилы. Біреуі тез ашуланса, біреуі кекшіл, енді біреуі тұйық, бірі шыдамсыз болса бірі ақкөңіл. Осы балалардың әрқайсының көңілін тауып, бір-біріне дұрыс қарым-қатынаста болуына көп көңіл бөлемін. Әр баламен жекелей әңгімелесіп, сырласып, олардың пікірін жоққа шығармауға тырысып, қателіктерін жоюға өз тарапымнан әр түрлі жұмыстар жасаймын.

   Балалар үйінде тәрбиеленушілердің адамгершілік тәрбиесінің мазмұны апта сайын екі рет өтетін тәрбие сағаттары мен мерекелік іс-шараларда қалыптасады. Өз тәжірибемде ойын, пікірталас, сауалнама, әдептілікке байланысты әртүрлі жағдаяттарды талдаумен оң нәтижелерге жетемін. Әр баланың жеке басы- оның моральдық дамуы үшін қамқорлық жасау- бүгінгі күннің және алдағы күндердің талабы, оған тәрбиешінің күнделікті көңіл бөлуі талап етіледі.

   Балалармен жұмыс істеу барысында олардың болашақта  адамгершілік қасиеті бар, қайырымды, кішіпейіл, жарқын, биязы мінездерді тәрбиеленушінің бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттің берік ірге тасын қалағанымыз.

   Адамгершілікке тәрбиелеу баланың жас және дербес ерекшеліктеріне байланысты болғандықтан мынандай талаптарға тоқталдым: әдептілікке үйрену, мейірімді болу, елгезек, тілалғыш болу, адал, шыншыл болу, үлкенді сыйлай білу, кісі айыбын бетке баспау, яғни, табиғи кемдігін көрсетпеу, ел қорғаны батыр болу. Осыған дәлел ретінде топта өткен «Әдептілік-әдемілік», «Адамгершілік-асыл қасиет», «Отан отбасынан басталады», «Мен Отанның болашағымын» атты тәрбие сағаттары дәлел бола алады.

   Ендеше адамгершіліктің өрісі кең. Адамгершілігі мол адам бақытты, ел-жұртына қадірлі, қоғамға да пайда келтіреді, яғни маңындағыларға үлгі-өнеге көрсете алады. Сондықтан баланы жас кезінен адамгершілік қасиеттерге баулу олардың келешекте азамат болып қалыптасуына кепілдік береді.

   Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады.

Қолданылған әдебиеттер:

1 Мен-адаммын. Жеке тұлғаның рухани- адамгершілігін дамытуға арналған әдістемелік құрал.\ құраст. Игенбаева Б.К.-Алматы, 2000

2 Утебаева А.Т. Жеке тұлғаны рухани-адамгершілікке тәрбиелеу// Хабаршы. Абай атындағы ҚазҰПУ - 2006. - №1. - Б. 70-72.

3 Рахметова С. З. Адамгершілік — рухани тәрбиенің маңыздылығы

4 «Өзіндік таным» №2, 2007ж. №5-6, 2006ж.