Тойбек Ж.,Шаяхметова М.Н.
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Қазіргі
таңда мүмкіншілігі шектеулі балаларды оқыту,
қоғамда алдыңғы қатардағы
мәселелердің бірі болып табылады. Дені сау, қалыпты
дамудағы балалармен дамуында ауытқушылығы бар балалар бірге
оқитын болса, үлкен табыстарға жетуге,
шығармашылықпен айналысуға, денсаулығын
нығайтуға, өзіне және қоршаған ортаға
ойын өзгертуге, рухани-адамгершілік тұрғыда дамуына мүмкіндік туады. Сондықтан,
мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту кезінде қолданылатын
оқыту әдістері, соның ішінде теориялық және
практикада қолданылатын оқыту әдістеріне ерекше
көңіл бөліну керек.
«Инклюзивті
оқыту», «инклюзивті білім беру» термині қазіргі таңда
еліміздің білім беру жүйесінде кеңірек қолданысқа
ие болып жүр. Ең алдымен, осы сөздің мағынасын
ашып алатын болсақ, инклюзив
латын тілінен аударылғанда inkludio
– кірістіремін, қосамын деген сөзді білдіреді.
Инклюзивті оқыту
«барлық
адамдарға бірдей білім
беру» деген мағынаны береді. Инклюзивті оқыту негізінде
балалардың жынысы, тегі, дене бітімі, болмысы болмаса қандай да
бір кемшілігін жоққа шығару,
барлық адамдарға деген
теңдік
қатынасты
қамтамасыз ету, оларды
кемсітпеу, барлық балалардың жаһандану заманында білімге
қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, бәсекелестікті
арттыруда ықпал етуге бағытталған жағдайлар жасалады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы»
Заңының 1-бабында «инклюзивті білім беру – оқытудың
тиісті білім беретін оқу бағдарламаларына білім алушылардың
өзге де санаттарымен тең қолжетімділікті, арнайы
жағдайларды қамтамасыз ету арқылы дамытуға
түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдауды
көздейтін, мүмкіндігі шектеулі адамдарды
бірлесіп оқыту және тәрбиелеу» деп түсіндірілген.
«Инклюзивті оқыту – ерекше
мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін
мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады.
Инклюзивті оқыту негізінде балалар құқығын
кемсітпеу, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты
қамтамасыз ету, сонымен бірге ерекше оқыту қажеттілігі бар
балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр» .
Егеменді елімізде
әрбір баланың мектепке
дейінгі және жалпы білім беретін оқу орнында қажетті білім
алуына жағдай жасалған. Инклюзивті
білім беру ерекше балаға білім беру саясатының бір түрі болып
табылады.
Баланың мектепке дейінгі мекемелерде, орта мектептерде оқып,
қажетті білім нәрімен сусындауы үшін елімізде
мүмкіндіктер қарастырылған. Мектепте оқуға
мүмкіндігі жоқ, атап айтқанда денсаулығы бойынша
мүмкіндігі жоқ балалар арнайы мамандардың көмегімен
үйден оқытылады. Не болмаса арнайы мамандандырылған
мектеп-интернаттарда оқытылады. Бұл ретте әлеуметтік педагогтар мен әлеуметтік
қызметкерлердің, психолог, дефектолог мамандардың
қызметі ауадай қажет. Қазіргі таңда осы мәселені
шешу барысында көптеген мамандар, оның ішінде: дефектолог, психолог,
логопед мамандары даярлануда. Бұл мамандықтар қазіргі
өркениетті заманымызда өте тапшы екенін аңғаруға
болады.
Бала өз
бойындағы кемшілігін сезініп, өзін басқа балалардан білімі
мен мәдениеті жағынан кем
санамауы үшін арнайы мамандар олармен көбірек жұмыс жасап,
психологиялық тұрғыдан көмектесіп отырады. Бұл ретте ата-аналардың да
балаларына моральдық жағынан қолдау көрсетілері қажет. Мысалы, өз
бетімен жүріп оқу оқи алмайтын балаға үйге келіп
арнайы мамандар түрлі көрнеліктерді қолдана отырып, оны
қызықтырып, түрлі сабақ жүргізеді. Оның өмірге деген
қызығушылығын, өз бойындағы дискриминация бойынша
бөлінбеушілікті сезіну, дүниетанымдық көзқарасын
арттыру, қазіргі жаһандану заманында білім қорымен
уақытында өз деңгейінде сусындату басты міндет болып
табылады.
Әр
баланың табиғаты әр түрлі. Әр баланың
қабілетіне қарай
мүмкіндігі де түрлі болып келеді. Кей бала ғылыми
жұмыстарға, кей бала шығармашылық
жұмыстарға, көркем сурет, музыкаға бейім болып келеді. Осы
ерекшеліктері бойынша педагог, психолог мамандар жұмыс жүргізу
керек. Осы ретте инклюзивті білімі берудің тетігі қажет.
Тек үйден
ғана оқытып қоймай, жалпы білім беретін оқу орындарда,
мектепке дейінгі тәрбиелеу, медициналық – психиологиялық
жағынан қолдау көрсететін ұйымдарда осы инклюзивтік
оқыту бойынша жағдайлар жасалуы керек.
Қоғамдық
орындарда, жалпы білім беретін білім орындарында және
қоғамдық мәдени-спорттық, дәріхана, сауда және тағы да басқа
мақсаттағы ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі
жандарға арналған арнайы қозғалыс орындары, яғни
пандустар орнатылып, олардың еркін қимыл қозғалыстары
қамтамасыз етілуде, мемлекеттік бюджет есебінен
протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедек
балалар техникалық көмекші (компенсаторлық)
құралдармен (протездік-ортопедиялық бұйымдармен,
сурдотифлотехникамен, кресло-коляскалармен) қамтамасыз етілуде. Сондай
–ақ, тек пандустар ғана емес, ішкі жүріп-тұру
құралдары қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ,
елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спорттық жарыстар да
жиі өткізілуде. Бір жағынан, спортпен шұғылдану бала
денсаулығы үшін бірден бір қажетті дағды болып
саналады. Екінші жағынан, дене бітімі мен ерекшелігі ескеріле отырып,
олардың қай спортқа деген қызығушылығын
арттырып, ынта-жігерін нығайтады.
Бұл инклюзивті
оқытудың бір көрінісі болып табылады. Қазіргі кезде мүмкіндігі
шектеулі балалар болсын немесе ересектер
болсын қандай да бір бекітілген
спорт түрлерімен өздері үшін шұғылданып,
жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік белестерден
көрініп жатыр. Олардың еркін қимыл қозғалыстары
үшін арнайы спорттық
құрылғылар қамтамасыз етілген. Білім саласындағы
мүгедектерге берілетін жеңілдіктер қарастырылған.
Заман талабына сай
қашықтықтан оқыту да қолға алыну
үстінде. ХХІ ғасыр талабын ескеретін болсақ ғаламтор
жүйесі арқылы да мүмкіндігі шектеулі жандар өз
мақсаттарына қол жеткізуге болады. Бұған мысал ретінде
қарапайым ғана күнделікті қолданыстағы ұялы
телефондарды айтуға болады. Электронды оқулықтар арқылы
қажетті ақпараттарға қол жеткізуге болады. Немесе
сезіну құралдары арқылы байланыс орнатып,
құрылғыларды қолдану мүмкіндіктері бар.
Инклюзивті білім
беру саласындағы өзара әрекет тетігі Қазақстан Республикасының
«Білім туралы» Заңына, «Бала
құқықтары туралы» конвенцияға, «Кемтар балаларды әлеуметтік және
медициналық –педагогикалық түзету арқылы қолдау
туралы» Заңдарына сай басшылыққа алады.
Мүмкіндігі
шектеулі балаларды жалпыға білім беру ортасына қарай бейімдеу 2002 жылдан
басталып қолға алынуда. Қазақстан
Республикасы ТМД елдерінің ішінде
алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды
әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан
қолдау туралы» Заң қабылданып, сол бойынша осындай
балаларға қатысты олардың әлеуметтік
ақталуы мен бейімделуіне, қоғамдағы
толыққанды
өмірге дайындалуына жағдай жасалуда.
Қазақстан Республикасы
Президентінің 07.12.2010 жылғы
№1118 Жарлығымен
бекітілген білім беруді
дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы инклюзивті
білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруді
қарастырады. Инклюзивті
білім беру тетігін одан әрі жетілдіру, дамыту, қоғамдық өмірде даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беру
процесіне қосу, оларды қолжетімді ортамен қамтамасыз ету,
білім берудегі кедергілерді жеңу тетіктерін анықтап, осы
бағыт бойынша келелі жұмыстар
атқарылады.
Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында
инклюзивті білім беруді одан әрі жетілдіру мақсатында келесі мәселелер
қарастырылған. Инклюзивті
білім беру шеңберінде жалпы және арнайы білім берудің
өзара әрекетінің тетігі әзірленеді, мүмкіндігі
шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік
бағдарламалары әзірленеді, мүгедек балаларға
қашықтықтан білім беруді ұйымдастырудың
тәртібі әзірленеді. Осы ретте жоғарыда аталғандар ескеріліп,
қолдау тапса жоғары инклюзивті оқыту өз мақсатына
жетеді.
Сонымен қорыта
айтқанда, инклюзивті оқыту- оқушылардың тең
құқығын анықтайды және ұжым
іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен
қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға
мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық
балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше
қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін
жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі
түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды
ығыстырмайды, қайта
жақындатады. Инклюзивті оқыту бағыты арқылы
мүмкіндігі шектеулі балаларды
оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір
сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. «Тірі адамның
жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың
жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа
жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды.
Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам
баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі
еді демек, бұлар – жүрек ісі» деген А. Құнанбаевтың ұлы сөзі тегін
айтылмаған. Еліміздің
қазіргі заманғы жан- жақты дамып жатқан білім беру
жүйесіне инклюзивті оқыту бағытын енгізу тек қана білім
беру саласының көркеюіне ғана септігін тигізбейді, сонымен
қатар еліміздің әлеуметтік- экономикалық
жағдайына да көп үлесін қосады. Мысалы,
мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті оқытса, болашақта олар да белгілі мамандық иесі
болып, еліміздің көркеюіне өз үлестерін қосады. Осы
бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды
адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей
аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды бірлікке,
татулыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.