П.ғ.к. Қосанов Б. М.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университеті, Қазақстан
Оралдық Алаш қайраткері
К.Жәленұлының ағартушылық қызметі
Қоғамымызда жүзеге асырылып
жатқан жаңару үдерісі қазақ мектептерінде
математикалық білім берудің Кеңестер Одағы кезінде
қалыптасып, берік орныққан әдістемелік жүйесін
біршама өзгертіп, оны мемлекеттік құжаттарда атап
көрсетілген талаптар негізінде жетілдіре түсуді қажет етеді.
Осыған орай, өткен кезеңдердегі ұлттық сипатта
дамып өрістеген педагогикалық және әдістемелік ой -
пікірлерді қайтадан ой елегінен өткізіп, оларды бүгінгі
заманның талаптарына сай біршама өзгерген және жаңа
жағдайларда қолдану ерекше маңызға ие болып отыр.
Әсіресе, ХХ ғасырдың бас кезінде ұлттық білім
беру жүйесін қалыптастыру бағытында аянбай қызмет
жасаған Алаш зиялыларының мұраларын зерттеу өзекті
мәселелердің бірі болып табылады. Бұндай зерттеулердің
қазіргі және болашақ ұрпақ бойында
ұлттық рухты қалыптастыру мен жетілдіруде маңызы зор екендігі белгілі. Осы орайда
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих
толқынында» атты еңбегінде: «Ғасыр басында мемлекет
мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке
басының тағдыры
қасіретті болған. Алайда ұлттық жігер мен
толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ» деп
жазған болатын [1].
Қазақ мектебі үшін
математиканы оқытудың өзіндік әдістемелік жүйесін
жасау ісіне Алаш қайраткерлері орасан зор үлес қосты.
Олардың арасында көрнекті қоғам қайраткері,
әдіскер-математикКәрім Жәленұлыүлкен орын
алады. Алайда, қазақ әдістемелік‑математикалық
ғылымының осынау бір ірі, әрі тағдыры күрделі
тұлғасы туған халқына әлі де болса толық
танылмай және оның сіңірген еңбегі қазақ мәдениеті
тарихында өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Алаш
ардагері, К.Жәленұлының өмірбаяны мен шығармашылық
қызметі мүлде зерттелмеген аса күрделі мәселе болып
табылады. Осыны ескере отырып, қойылып отырған мәселені шешу
үшін біз мұрағат қорларында табанды түрде
ғылыми - зерттеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр
болдық. Ақыры, біздің ізденістеріміздің арқасында
мұрағат қорларынан әлі де болса ғылыми айналымға түсе
қоймаған аса құнды деректер табылды. Осы деректер
негізінде біз оның
қысқаша өмірбаянын құрастырдық.
Кәрім Жәленұлы 1888 жылы
бұрынғы Орал облысы Жымпиты уезіндегі Байқұтты
болысының 4 – ауылында дүниеге келген. 3
жылдық орыс – қазақ мектебін, 2 жылдық орыс –
қазақ училищесін, Оралдың шаруашылық мектебін
және реальдық әскери училищесін бітіріп, Воронеж ауыл
шаруашылық институтында оқыған. 1916 - 17 ж.ж. I
дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ол 1917 жылы
қазақ комитеті тарапынан майданнан
шақыртылып алынып, Жымпиты уездік атқару комитетінің
төрағалығына тағайындалады да 1920 жылға дейін
осы қызметте болады. Осы кезеңдерде Алашорданың Батыс
бөлімшесінің жүргізген саяси-қоғамдық
және ағартушылық жұмыстарына белсене араласады.1917
ж. Орынборда өткен Торғай және Орал облысы
қазақтары съезінің делегаты,
I Қазақ Орал облыстық съезінде Жайық сырты
қазақ комитетінің мүшесі, Мәскеуде өткен
Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің делегаты, 1918 ж. 21 мамырда Жымпитыда өткен Жайық
өңірі қазақтарының 4 - съезінде
төралқа мүшесі, ал Алашорданың Батыс бөлімшесі
құрылған кезде облыстық земство
басқармасының мүшесі болып сайланады.
К.Жәленұлы
Алашорда таратылғаннан кейін, 1920 ж.
маусым – қазан айларында Орынборда Қазревкомның хатшысы
қызметін атқарады және сол жылы Ташкенттегі Қазақ
халық ағарту институтына оқытушылыққа
шақыртылады. Осында жұмыс істей жүріп, 1922 - 1924
жылдары институт директоры қызметін атқарады. 1922 ж. халықтың мәдени
деңгейін көтеру мақсатында Халел Досмұхамбетовтің
бастамасымен Ташкент қаласында құрылған «Талап»
қауымына мүше болып, оның қызметіне белсене араласады.
Жәленұлы ұстаз - математик ретінде ана тіліндегі
оқу құралдарын дайындауға көп еңбек
сіңірді. 1923 ж. Ташкент қаласында оның «Есеп тану жобасы» және «Есеп тану. Бөлшек сандар»
атты еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектері
кейінірек қырғыз тіліне аударылып, қырғыз мектептерінде
де негізгі оқу құралдары ретінде пайдаланылды. Кәрім
Жәленұлы математиканы оқыту әдістемесі ғылымынан
басқа салаларда да жемісті еңбек етіп, сол кезде Ташкент
қаласында шығып тұрған «Сана», «Наука и просвещение» сияқты
журналдарға мақалалар жазып тұрған.
1923 – 24 ж. ауыл шаруашылық кооперациясында
оқып, білімін жетілдіреді. 1924 – 29 ж. Орал губерниялық және
Гурьев (қазіргі Атырау) округтік жоспарлау комитеттерінде экономист болып
қызмет істеген.1929 ж. 8 қаңтарда Гурьев қаласында
тұтқынға алынып, 5 жылға жер аударылды. Жазаны
өтеп келгеннен кейін 1937 ж. қайта тұтқындалып, 1938 ж.
ақпанда атылды [2].
Кәрім Жәленұлы Қазақстанда
математиканы оқыту жөніндегі ғылыми негіздегі
әдістемелік - математикалық ой - пікірдің қалыптасуында үлкен орын алады. Оның
бұл салаға зор үлес қосқанына
мына бағыттағы атқарған істері толық дәлел
бола алады:
Біріншіден,
ел басына қиын - қыстау күн түскен алмағайып
заманда ол қазақтың оқыған
азаматтарының жанынан табылып, Қазақстанның XX
ғасыр басындағы қоғамдық - саяси өміріне
белсене араласты, Алаш партиясының және Алашорда
үкіметінің атқарған ісіне зор үлес қосты. Сондықтан да біз оны ең алдымен мемлекет
және қоғам қайраткері ретінде танимыз.
Екіншіден,
ол қазақ арасындағы
халық ағарту ісін ұйымдастыру жағына басшылық
етумен бірге оқу - ағарту ісінің келелі мәселелерімен тынбай шұғылданып,
педагогикалық оқу орындарында ұстаздық
қызметтер атқарған.
Үшіншіден, алғашқы мерзімді
педагогикалық басылымдарда қазақ мектебінің тарихы
жәнеұлттық бастауыш мектепте
оқу-тәрбие жұмысын ана тілінде ұйымдастыру туралы көптеген мақалалар жазды.
Төртіншіден,қазақ мектебінде математиканы оқытудың теориясы мен тәжірибесін
қалыптастыру бағытындағы шығармашылық ізденістерінің жемісі
болып табылатын қазақ мектебіне арналған
тұңғыш оқу бағдарламасы мен бөлшек сандар
арифметикасынан алғашқы оқулықты жазды.
Бесіншіден, К.Жәленұлының
аталмыш еңбектері «Баштооч мектептерде эсеп
үйретүүнүн жолу» (1925ж.), «Эсеп тану» (1928ж.) деген аттармен қырғыз
тіліне де аударылып, қырғыз мектептерінде негізгі оқу
құралдарының бірі ретінде қолданылған [3].
Қырғыз педагогы Т.Абдукаримов өз зерттеулерінде
К.Жәленұлының бұл екі еңбегінің де «Мугалимдер
үчүнметодикалық
қолдонмо» болғандығын атап айтады [4].
Бұл
Кәрім Жәленұлының
Қазақстанның оқу - ағарту саласындағы аса ірі тұлғалардың бірі
болғандығын айқындайды.
Біздің ҚР
Орталық мемлекеттік мұрағаты, ҚР Ұлттық
кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар бөлімі, ҚР
Ұлттық Кітап палатасы және ҚР Ұлттық Кітап
музейі қорларында жүргізген ғылыми - зерттеу
жұмыстарымыздың барысында Кәрім Жәленұлының төмендегідей
педагогикалықеңбектері мен сол кездегі мерзімді педагогикалық
басылымдарда жариялаған мақалалары табылды:
1) «Есеп тану жобасы».-Ташкент, 1923 ж.;
2) «Есеп тану. Бөлшек сандар».-Ташкент, 1923
ж.;
3) «Қазақ – қырғыз
мектептері», (мақала, «Сана» журналы, 1923, №1);
4)
«Химиядағы өзгерістер» (мақала, «Сана» журналы, 1923, №1);
5)
«Киргизские школы»(мақала,«Наука и просвещение»журн.,1923, №2).
6)
«Өсімдіктердің түзілісі» (мақала, «Шолпан»журналы,
1923, №6 – 8).
К.Жәленұлының сіңірген
еңбегі мұнымен шектелмейді. Мұрағат мәліметтеріне
қарағанда,оған «Талап» қауымы тарапынан геометрия оқулығын жазып, тапсыру
жөнінде тапсырма берілген. Өкінішке орай,
оның жазылған - жазылмағанын анықтау әлі де болса
мүмкін болмай отыр [5].
«Есептану жобасы» - қазақ бастауыш мектебі
үшін математика пәні бойынша жасалған алғашқы
төл оқу бағдарламасы болып
табылады. Еңбектің көлемі 12 бет, «Есеп
ғылымының жобасы» және «Мұғалімдерге»
атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде
төртжылдық мектептің математика пәнінің оқу
бағдарламасы келтірілген. Оның түсінік - хат сипатында әзірленген
«Мұғалімдерге» атты екінші бөлімін қазақ
мұғалімдеріне арналған математиканы оқыту
жөніндегі тұңғышәдістемелік құрал деп бағалауға болады [6].
«Есептану.Бөлшек
сандар» кітабы бөлшек сандар арифметикасынан қазақ тілінде
жазылған алғашқы оқу құралы болып табылады.
Көлемі 58 бет, 94 параграфты қамтитын мынадай 5 тарауға
бөлінген: I. «Бөлушілер туралы»; II. «Жай бөлшектер»; III. «Ондық бөлшектер»; IV.
«Процент туралы»; V. «Метр өлшеуіштері».
Оқу
құралының түпнұсқасының сыртында
«Екінші бөлім» деген жазу бар [7]. Біздіңше, екі бөлімнен тұратын оқу құралын
дайындау мәселесі алдын - ала жоспарланып, оның 1 - бөлімін дайындауды аса көрнекті
қоғам және мемлекет қайраткері
С.Қожанұлы өз міндетіне алғанға ұқсайды. Алайда, 1 – бөлімкейбір
себептерге байланысты кешігіп, баспадан 1924 жылы шыққан. Демек, К.Жәленұлы мен С.Қожанұлы
қазақ халқы үшін сол кезеңдегі аса зәру міндеттердің бірін атқаруды
мойындарына ала отырып, арифметиканың толық курсын
қазақ тілінде ғылыми негізде, әрі жүйелі
түрде баяндайтын тұңғыш оқу құралын жазып
шыққан.
Сонымен қатар
оның мұқабасында: «Бастырушы:
қазақ - қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» деп көрсетілген [7]. Яғни оқулық сол
кезеңдерде Х.Досмұхамбетұлының басқаруымен
Ташкент қаласында жұмыс істеген «Талап» қоғамы тарапынан
басылып шыққан. Шынында да «Талап» қауымының
1924 жылғы 10 каңтардағы жалпы жиналысындағы басқарма есебінде «Жәленовтың
оқулығы «Талап»
қауымы бастырып шығаруға тиісті мектепте басшылыққа алынатын оқу құралдарының ең
алғашқысы» екендігі атап көрсетілген[8].
Жалпы
алғанда, К. Жәленұлының
еңбектері қазақ мектебіндегі оқытудың
әдістемесін қай пәннің қырынан болмасын сөз
етпесін, бұл мәселенің ұлттық табиғатын
жоғалтпай, өзіндік болмысын сақтауды көздейді. Ендеше,
бұл еңбектер осы мәселеге қатысты өз міндеттерін
толық атқарып, қазақ мектебінде пәндерді
оқыту жөніндегі ғылыми - әдістемелік ой - пікірді
жаңа бір белеске көтерді дей аламыз.
Әдебиет
1.Назарбаев
Н.Ә. Тарих толқынында. - А.,2005.
2. Қосанов
Б.М. Жәленов Кәрім// «Қазақстан». Ұлттық
энциклопедия. 3-том. –А., 2001.
3. История математического
образования в СССР. – Киев, 1975.
4. Абдукаримов Т. Математика жана кыргыз тилиндеги оқуу
құралдары // «Эл
ағартуу», №7 - 1974.
5. Қосанов Б.М. Қазақстандағы әдістемелік -
математикалық ой – пікірдің қалыптасу тарихы. – А., 1999.
6.
«Есеп тану жобасы».-Ташкент, 1923 ж.;
7. «Есеп тану. Бөлшек сандар».-Ташкент, 1923
ж.;
8. ҚР ОММ, 693 –
қор, 1 – тізім, 7 – іс.