1Ильдербаев О.З., 1Пахрідін Ж., 1Талдықбаев Ж.С., 2Нурмуканов Д.К., 1Нурмухамбетова Г.С.

1Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан

2Семей қ. мемлекеттік медицина университеті, Қазақстан

Көмір шаңы мен иондаушы сәуленің қосарлы әсерінің иммундық жүйенің көрсеткіштеріне әсері

Пневмокониоздар - өкпенің кейінгі уақыт бойы шаңдардың әсерінен дамитын диффузды интерстициалды фиброздарды кәсіптік ауру. Бұл ауру тау-кен, таскөмір, асбест, машина жасау өндірісіндегі жұмысшыларда кездеседі. Жұтылған ауадағы шаңдардың физикалық-химиялық ерекшеліктеріне байланысты. Пневмокониоздар кезінде өкпеде интерстициалды немесе гранулезді үдерісті сипатта болатын созылмалы бронхо-бронхолиттер, альвеолиттер болады. Бос кремний қос тотығының альвеолалық макрофагтарды зақымдауы және олардың әсерінен фиброгендігі жоғары заттар мен цитокиндердің пайда болуы өкпеде антракозды пневмосклероздың дамуына ықпал жасайды [1]. Эндогенді қосылыстардың босрадикалды тотығу үдерісі аутоантигендердің екі түрін тудыруы мүмкін. Егер ақуыздармен қосылысы жүрсе, коньюгирленген антиген түзілуі мүмкін, ол өзі организмнің аутоиммунды жауабын береді. Мұндай құбылыстың жүруін И.Е. Ковалевтің, О.Ю. Полеваяның және басқалардың эксперименттік зерттеулерінде айтылған [2].

Иммундық жүйе ішкі ортаның генетикалық тұрақтылығына иммундық бақылауды қамтамасыз ететіндіктен егеуқұйрықтардың иммундық жүйесіне көмір шаңы мен гамма-сәуленің қосарлы ықпалын зерттеу жұмыстың мақсаты болды.

Жұмыс 2 сериядан тұратын салмағы 200-250 грамды аталық егеуқұйрықтарға  эксперимент жүргізілді: I – бақылау тобы (n=10) және II – көмір шаңы мен 6 Гр гамма-сәулесінің қосарлы әсеріне ұшыраған топ (n=10). Эксперименттік антракозды моделдеуде патогендік шаңдарды арнайы берілетін камерада 50 мг/м3 концентрацияда күніне 4 сағаттан 12 апта бойы көмір шаңы берілді. Жануарларды сәулелеу Чехиялық «Теragam» қондырғысымен сублеталдық 6 Гр γ-сәулесі берілді. Сәуле көзі ретінде Co60 радиобелсенді элементі қолданылды. Жануарларда В-лимфоциттердің шамасы, айналыстағы иммундық кешендер, иммуноглобулиндер және фагоцитоз көрсеткіштері анықталып, нитрокөк тетразоль тестісі жүргізілді. Зерттеудің нәтижелеріне статистикалық өңдеу жүргізіліп, салыстыру t-Стьюдент критерийі ретінде саналды.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей тәжірибелік II топта  бақылау тобына қарағанда лейкоциттердің саны төмендегені анықталды. Лейкоциттердің абсолюттік көрсеткіші бұл тәжірибе тобында 4,55±0,32×109/л болды, бақылау тобындағы көрсеткіш 6,59±0,187×109/л құрады, р<0,05. Тәжірибелік топта жалпы лимфоциттердің де саны төмендегені анықталды: бақылау тобында лимфоциттердің абсолюттік саны 2,85±0,12×109/л құраса, II топта 2,11±0,13×109 /л болды (р<0,01). Лимфоциттердің пайыздық көрсеткіші бақылау тобындағы жануарларда 39,11±3,25% болса, II топтағы жануарларда бұл көрсеткіш 34,34±2,27% құрады (р>0,05). В-лимфоциттердің абсолюттік саны 0,43±0,03×109/л құраса, II топта 0,58±0,03×109/л болған (р<0,05). Ал пайыздық көрсеткішін алатын болсақ көмір шаңымен уланып гамма-сәулесіне ұшыраған жануарларда бақылау тобымен салыстырғанда айқынды өзгеріске түспегені белгілі болды: 7,31±0,60% құраса, II топта 10,67±0,75% болған (р>0,05). В-лимфоциттердің артуы аясында АИК мөлшерінің 1,37±0,03-тен 0,89±0,08-ге дейін төмендеуі (р<0,001) жүрген. Ал, енді көмір шаңы мен 6 Гр гамма-сәуленің қос әсерін алған тәжірибелік жануарлардың қанындағы фагоцитарлық белсенділігіне келсек, фагоцитоздың пайызы 25,68±2,07%-ға төмендегені тіркелсе, ал бір фагоциттің фагоцитарлық саны II топтағы тәжірибелік жануарларда бақылау тобымен салыстырғанда артқаны анықталды: бақылау тобында латекс саны 1,69±0,25 болса, II топтағы жануарларда 1,85±0,08 шамасында болғаны анықталды, яғни белсенділігі кеми түскен (р>0,05).

НКТ бойынша оттекке тәуелді фагоцитарлық киллингті есептеу - нейтрофилді гранулоциттердің фагоцитарлық және зат алмасуы белсенділігінің көрсеткіші бола алатыны белгілі. Зерттеу мәліметі бойынша  көмір шаңы мен 6 Гр гамма-сәуленің қос әсерін алған жануарларда НКТ көрсеткіші 4,97±0,56-тен 4,18±0,32-ға дейін тежелген (р>0,05), бұл мәлімет нейтрофилдер функциялық белсенділігінің тежеле түскенін көрсетіп отыр, ағзаның бейспецификалық қорғанысының төмендей түскенін баяндайды. Алынған нәтижелердегі фагоцитоздың, фагоцитарлық санының  және НКТ тестісі көрсеткішінің төмендеуі тәжірибеге алынған жануарларда иммунитет жүйесін қорғаныш ретінде қос фактордың патологиялық әсеріне жұмылдырылуының нашарлай түсіп, ағзаның адекватты жауаптары болмағанын ақындайды. Көмір шаңы мен 6 Гр гамма-сәуленің қос әсерінің иммуноглобулиндерге ықпалын зерттеу үшін тәжірибелік жануарлардың қан сарысуы алынып анықталды. Иммуноглобулин A-ның  мөлшері 3,31±0,30 г/л-ден 1,93±0,22 г/л-ге (р<0,05), ал иммуноглобулин G концентрациясы 5,27±0,72 г/л-ден 4,46±0,37 г/л-ге дейін (р>0,05) төмендей түскені жүрген. Иммуноглобулин M мөлшері айқынды түрде 4,27±0,30 г/л-ден 5,68±0,42 г/л-ге (р<0,05) артқаны жүрген.

Зерттеу мәліметтері бойынша көмір шаңы мен 6 Гр сублеталды дозалы гамма-сәуленің қосарлы әсерінен эксперименттік жануарлардың перифериялық қанында айқын лейкопения, лимфопения тіркелді. Көмір шаңы мен сублеталды дозалы гамма-сәуленің қосарлы фактордың гуморалды иммундық жүйеге әсерінде В-лимфоциттердің шамасын айқын өзгеріске түсіріп, Ig М мөлшерін арттырып, Ig А мөлешірн төмендеткені тіркеліп отыр. Алынған мәліметтер негізінде көмір шаңы мен сублеталды дозалы гамма-сәуленің қосарлы әсерінен гуморалдық буын көрсеткіштерінің түрлі деңгейдегі фазалық өзгерулері белгілі болды. Бейспецификалық  фагоцитарлық жүйе жасушаларының метаболизмді белсенділіктерінің де тежелгені жүрген.

Әдебиет:

1. Величковский Б.Т. Экологическая пульмонология. – Екатеринбург: Издание ЕМНЦ ПОЗРПП Минздрава России, 2003. 141 с.

2. Ковалев И.Е., Полевая О.Ю. Биохимические основы иммунитета к низкомолекулярным химическим соединениям. – М.: Наука, 1985. 340 с.