Бірінші дүниежүзілік
соғыс жылдарындағы Сырдария және Жетісу облыстарындағы
қоғамдық-саяси жағдай
Тобаджанов
Р.Т.
Ескі
әкімшілік-территориялық басқару жүйесіндегідей
Түркістан өлкесінің және Сырдария облысының
әкімшілік-басқару орталығы біз қарастырып отырған
уақыт тұсында да Ташкент қаласы болды. Ал, Жетісу
облысының әкімшілік-басқару орталығы Верный
қаласы болды.
Бірінші
дүниежүзілік соғыс өлке халқының
жағдайын бұрынғыдан бетер ауырлата түсті.
Шаруашылық күйзеліп, егіс көлемі азайып, оның
өнімі күрт төмендеп, мал басы кеміді. Соғыс
қыруар шикізатты, азық-түлікті, малды, т.б. материалдық
игіліктерді қажет етті.
Т. Рысқұловтың
дерегі бойынша 1916 жылы соғысқа Түркістан өлкесінен 40
899 244 мың пұт мақта, 299 мың пұт сабын, 473
мың пұт балық, 300 мың пұт ет, 70 мың
жылқы, 12 797 түйе, 3 109 мың пұт мақта майы, 13
441 киіз үй алынған.
Соғыс
басталған 1914 жылы Жетісу облысынан 34 миллион сомның малы мен
шаруашылықтың өнімдері алынса, бұл көрсеткіш
кейінгі жылдары бірнеше есе көбейді. Уақыт өткен сайын
соғысқа байланысты отаршыл-әкімшілік мекемелері жергілікті
халық төлейтін салықтың санын көбейтіп,
көлемін өсірді. Мәселен, 1915 жылы Жетісу облысына Земский
ақша салығы 454 мың 850 сом болып белгіленсе, оның 324
мың 881 сомын қазақтар төледі, 37 мың 240 сомын
переселен шаруалар төлеген. Ә. Бөкейхановтың есебі
бойынша бұл төлемді әр адамға шаққанда
қазақтар 71 тиын, переселен шаруалар 8 тиын төлеген. Ал
Сырдария облысында переселен шаруалар 1 тиын, қазақтар 13 тиын
төлеген. 1914-1916 жылдар аралығында Жетісу облысында әр
түтінге салынатын салық 3 сомнан 8 сомға дейін өсті.
Азық-түліктен басқа да халық тұтынатын
заттардың бағасы үздіксіз қымбаттай берді.
Мәселен, XX ғасырдың басында ұнның бір пұты
94 тиын болса, ол 1916 жылы 1 сомнан 1917 жылдың қаңтар
айында 40 сомға дейін көтерілді [2, 81б].
Патша
өкіметінің отаршыл әкімшілік билік мекемелері соғыс
тұсында адам сенбейтіндей ашық түрде пәреқор
болды. Бұл туралы ұзақ жылдар бойы Түркістанда
тұрған князь Мансуров патша чиновниктерінің жағдайын
былайша сипаттайды: “Мен мұнда өлкенің Ресейге
қосылғанына 30 жыл уақыт болғаннан соң келіп, сол
кездегі қарапайым чиновниктердің орнында орыс
қызметкерлерінен де, жергілікті халықтан да алыс тұрған
кастаның орталығын көрдім... Олар өздерін нағыз
және жалғыз билеушісіндей сезініп, алдарына келгендердің бәрі
бірдей дірілдеп, құрмет көрсетіп, пара беруге тиіс деп
түсінді. Парақорлық адам нанғысыз деңгейге
жеткені сонша — түрлі желеулермен заттай не ақша түрінде
алына берді”. Бұл берілген сипаттама біз зерттеп отырған
облыстарға тән болатын.
Бірінші
дүниежүзілік соғыс тұсында отаршыл әкімшіл
мекемелер жергілікті халықтарға шектен тыс ұлыдержавалық
саясат жүргізе отырып, Ұлттық езгіні күшейтті.
Мәселен, қазақ пен қырғыздар үшін
соғысқа алынғандардың отбасына міндетті түрде
еңбек ету міндеткерлігі мен соғыс қажеттілігі үшін
салықтың әртүрлі түрлерін салды. 1916
жылдың 16 ақпанында Жетісу губернаторы М. Фольбаумның
бұйрығы бойынша: қазақ және
қырғыздарға соғысқа алынған
отбасылардың егіндік жерлерінде еңбек еткені үшін,
ешқандай да еңбек ақы төлемеу туралы жарлық
шығарды. Отаршыл әкімшілік мекемелердің жергілікті
халықтарға ұлыдержавалық саясат жүргізу мен
Ұлттық езгіні күшейткендігі соншалық — тіпті
сорақы бұйрықтар да шығарды. Мәселен,
Түркістан генерал-губернаторы міндетін атқарушы М. Р. Ерофеев 1916
жылы 21 шілдеде Жетісу губернаторы М. Фольбаум атына жіберген жеделхатында:
“Жергілікті халықтар орыс билік-әкімшілік мекемелері мен офицерлері
алдында қол қусырып, бас иіп жалбарынуға және сәлемдесуге
тиіс” делінген.
Осы арада
қазақ қоғамының соғыс орбитасына тартылуына
қатысы бар мына мәселеге тоқтала кеткен жөн.
Соғыс туралы қазақ қоғамы арасында қандай
пікірлер мен түсініктер болды? Бұл туралы 1914-1915 жылдары Жетісу
теміржол құрылыс жұмысында істейтін инженер М. Тынышбаев
дөп басып атап көрсеткендей, қазақтар арасында (орыс
және т.б. переселен қоныстанушылар арасында да) соғысқа
деген бір ғана түсінік пен ұғым болған: “Егер де
соғыста орыстар жеңсе, Ресейге жақсы болады, онда
қазақтарға да жақсы болады, егер де жау орыстарды
жеңсе, Ресейге жаман болады, жау қазақ жеріне келіп,
қалаларын, селоларын (ауылдарын) қиратып иелігіндегі егістік
жерлерін, малын тартып алады, сөйтіп, қазақтардың
өздерін қырып тастайды, аман қалған бөлігі елін
тастап, қашып кетуге мәжбүр болады...
(бірақ, қайда?). Бір сөзбен айтқанда ілгерідегі
қазақтардың бытыраңқылық өмірі
қайтадан қайталанады”, - деп түсінген. Соғыс туралы
мұндай пікір зиялылардың ғана емес, қарапайым
қазақтардың да көзқарасы болатын.
Қазақ зиялыларының бірінші дүниежүзілік
соғыс тұсындағы қызметін зерттеген М.
Қойгелдиевтің пікірі бойынша: қазақ зиялылары
қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шарасыздан өкімет саясатына
ашық қарсы келмеді, оған бейімделу саясатын
ұстаған.
Соғыс
басталғаннан кейін Ресей мұсылмандарының
ұйымдастыруымен Петроградта “әскерлерге және олардың
үйлерінде қалған бала-шағаларына жәрдем
уақытша мұсылман орталық комитеті құрылды”.
Бұл комитеттің негізгі міндеті соғысқа Ресей
мұсылмандарының көмегін ұйымдастырып, сол арқылы
жоғарғы саяси биліктің сеніміне ие болу еді. Осы
комитеттің жетекшілігімен Ресей құрамындағы
барлық мұсылмандар қоныстанған мекендерде “Соғысқа
көмек комитеттері” ұйымдастырыла бастады. Мәселен,
мұндай комитеттер Ташкентте, Черняевта (Шымкент), Тоқмақта
(Солтүстік Қырғызстан) ұйымдастырылды.
Қазақтардың соғысқа берген көмегі туралы
“Қазақ” газетінің берген хабарында: “Сырдария облысы, Черняев
(Шымкент) уезі қазақтарының соғыс жөнінде
ақша һәм өзге нәрсемен жеткізген жәрдемдері
жазылған еді. Жақын арада 15 болыс елді бай адамдардың 129 ат
жинап, пристав арқылы уезге тапсырылды,” - деп хабарлап жазса, 1915 ж.
Ташкенттегі уақытша басы артық жылқылар қоры (Временное
отделение конского запаса) бөлімінің меңгерушісі полковник
Маслов 1915 жылдың 15 ақпанында Сырдария облыстық
басқармасына жазған N282-ші қатынас хатында 1914 жылдың
желтоқсанынан 1915 жылдың 25 қаңтарына шейін Черняев
уезіндегі жоғарыда аталған қазақтардың
соғысқа көмек комитеттерінен 69 жылқы қабылдап
алғандығы жөнінде есебін берген [3, 77б].
Сонымен,
біздің пікірімізше, қазақ қоғамының
соғыс орбитасына тартылуы отаршыл билік мекемелері тарапынан күштеу
әдісіне негізделді. Бұл белгілі дәрежеде 1916 жылғы
ұлт-азаттық көтерілістің шығу себебін тездеткен
болатын. Ал қазақ қоғамы Ресей араласып кеткен
соғысқа көмек етуді өздерінің Отан
алдындағы азаматтық міндеті ретінде түсініп, соғысушы
Ресей өкіметіне түрлі сипатта нақты көмектер
көрсетті.
Байырғы
жергілікті тұрғын халықтарды соғыс майданындағы
қара жұмысқа салу 1916 жылғы Түркістандағы
жергілікті халық көтерілісіне түрткі ғана болды,
бірақ оның негізгі себебі болмағандығы белгілі.
Бұл туралы Т. Рысқүлов:
“Түркістанның жергілікті халқын патшалық
отаршылдық өктемдікке қарсы көтеріліске итермелеген
ең басты себептердің әлде қайда елеулі негіздері бар
еді. Бұл негіздер патша өкіметі билеп төстеудің 50 жыл
ішінде Түркістанды тоқтаусыз отаршылық қанауға
салуы салдарынан орын алған терең экономикалық және
саяси қайшылықтарында жатқан еді, сөйтіп әбден
шыдамы таусылған жергілікті халық әкімшіліктің жан
төзгісіз езгісіне жаппай қарсы шығуынан басқа амалы
қалмады”, — деп жазса, М. Қозыбаев: “1916 жылғы
көтеріліс Шығыс халықтарының отарлық
саясатқа қарсы ұзақ дәуірге созылған
күресінің жалғасы болды. Соғыс зардаптары, Столыпин
реформасы кезінде жергілікті халықтың жерін тартып алудың
үдей түсуі, дәстүрлі шаруашылықтың
күйзелісі мен құлдырауы, өлкені тонаудың
күшейе түсуі, орыстандыру саясатының ұлғаюы —
осының бәрі халық наразылығын шегіне жеткізді.
Жергілікті халыққа қарсы жазалау саясатының
күшеюі, қазақ және басқа да бұратана
халықтарды жұмысқа алу жөніндегі указды орындау
әдістері мен репрессиялар қоғамның барлық
топтарын көтеріп, қарсылықтың жалпы Ұлттық
сипатын тудырды”, — деп жазды.
Сырдария
және Жетісу облыстарындағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық
көтеріліс пен оның салдары жөнінде жаңаша
қаралатын мәселе болғандықтан, біз, бұл арада тек
көтерілістің кейбір жергілікті ерекшеліктерін баяндап өту
арқылы шектелеміз.
Егер де
қолда бар құжаттарға сүйене отырып айтсақ,
1916 жылғы Ұлт- азаттық көтеріліс тұсыңда
Сырдария және Жетісу облыстарындағы орыс-казак, перселен шаруалар
мен қазақ және қырғыз арасындағы
Ұлтаралық қарым- қатынастарды шиеленістіріп,
қарсы соғыстардың өршеленіп кетуіне империяның
өзі және орыс әкімшілік-билік орыңдары себепкер
болған. Мәселен, 1916 жылы Сырдария облысының Черняев уезінде
қызметте болған М.Тынышбаев Сырдария және Жетісу
облыстарындағы көтерілістің өршеленіп кетуіне
қазақтар емес, тікелей орыс билігі мен чиновниктері айыпты
екендігін айтып, Түркістан генерал-губернаторына болған
оқиғаларды талдап көрсете келе “уездің ең
шалғайдағы қоныстары аз солтүстік бөлімшелерде
толқулардың басталғаны туралы Черняев қаласына тамыз
айының басында суық хабар келіп түсті. Өзімен бірге
қарулы төменгі шендегілерді алып жүру туралы кеңестен
бас тартқан уез бастығының көмекшісі, подполковник
Тризна жалғыз аудармашысымен ғана олардың арасына кетті.
Әулиеата, Пішпек уезіндегі қақтығыстарды білген
көпшілік 12 күн онда болған оны мерт болған деп
есептеді. Бірақ наразы толқушылардың арасына оның әскер
бөлімшелермен бармауы, оның әдісі және тіл табысу
мақсатында қазақтармен сөйлесу әдісі ол
жердің тұрғындарын мүлдем тыныштандырды. Егер де
Хлыновский, Гилев, Лундин, Урбенек қимыл-әрекеті дәл Тризна
сияқты, яғни қиындықтарға қарамастан батыл
әрекет етсе, қайғылы қолайсыз оқиғалардан
құтылу, түсінікті жай”, — деп көрсетті. Осы
мәселеге байланысты Пішпектен Ташкентке дейінгі жол сапарында Сырдария
және Жетісу облыстарындағы көтерілісті өз көзімен
көрген куәгер Бройдо 1916 жылдың 3 қыркүйегінде
Ташкент сот палатасының прокурорына “қырғыз (қазақ)
көтерілісі” туралы көрсетпесінде орыс-әкімшілік билік
орындарының көтеріліс тұсындағы әрекеті
жөнінде: “4) Остается одно: восстания было результатом провокационной
работы всей администрации, не исключая высшей (Ташкент и Семиречье),
направленное к тому, чтобы вырезать киргизское население и очистить земли для
дальнейшей колонизационной деятельности правительства. Нелепые провокационные приказы,
ложные разъяснения чинов администрации, натравливание русских поселенцев,
организация из них отрядов, безнаказанность массовых убийств и безчинств — все
это было основание к массовому “уничтонжению” киргиз. Действиями воинских
отрядов и крестьянских дружин, вооруженных и организованных полицией,
администрация края искусно расширяла район и остроту волнении, все более
превращая киргизское население в неприятеля в глазах приходящих войск”, - деп
өз ойын осылайша тұжырымдап жазып көрсеткен [4,
68б].
Сырдария және Жетісу
облыстарында көтерілістің өршеленген жері Жетісу облысы
болғаны мәлім. Оның ішінде ұлтаралық қатынас ең
шиеленісіп, қақтығыстық сипат алған аудандары
қоныстандыру мекемелері, қазақ пен
қырғыздардың иелігіндегі жерді жөнсіз тартып
алған Жаркент,
Пішпек және Пржевальск уезінде болды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Дулатов М.
Шығармалар / Құрастырушылар: М. Эбсеметов, Г. Дулатова. -
Алматы: Жазушы, 1991. - 379 б.
2. 1917 год в
Казахстане. Документы и материалы / Сост. Ф. Н. Киреев и П. А. Абдулина.
Алма-Ата: Изд. Казахстан, 1977. — 282 с.
3. Национальный
вопрос на перекрестке мнении. 20-е годы. Документы и материалы. / Сост.: В. А.
Горный и др. — М.: Наука, 1992. - 268 с.
4.Казахстан в
начале XX века: методология, историография,
источниковедение. Сборник
статей. Вып. 2. - Алматы: 1994. - 120 с.