Аубакирова А.М.

М.В.Ломоносов атындағы №2 орта мектеп, Жамбыл облысы, Қазақстан

 

ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ДЕРЕКТІК МАҢЫЗЫ

 

Елiмiздiң  тәуелсiздiкке қол жеткiзуi арғы-бергi тарихымыздың көптеген мәселелерiн, Оның iшiнде кеңестiк кезеңнің әдебиеті мен мәдениетінің маңызды тақырыптарын, өмiр шындығына сай қайтадан қарастыруға мүмкiндiктер туғызды. Бұлардың қатарына кешегi Түркiстан Республикасының орталығы Ташкент қаласында шыққан қазақ баспасөзiн жатқызуға болады.

ХIХ ғасырдың аяғынан бастау алатын қазақ баспасөзi қоғам өмiрiнiң тұрмысын, саяси-мәдени шаруашылық жағдайын, өткендегi тарихын, әдебиетiн, салт-дәстүрiн боямасыз баз қалпында бейнелей бiлдi. Осылай баспасөз өткен өмiр құбылыстарының сан-алуан, iрiлi-ұсақты экономикалық өзгерiстерiне, саяси оқиғаларына дер кезiнде үн қатып, қамқор көңiлмен өз пiкiрiн, ой — тұжырымын жеткiзу мақсатында негiзгi ақпарат құралына айналды. Басқаша нақтырақ айтқанда, баспасөз қоғам өмiрiнiң өткенi жазылған өзiндiк күнделiк мiндетiн де атқарды. Осы орайда баспасөз материалдарынан ұлт өмiрiне қатысты жан-жақты мәлiмет алуға болады [1, 12б].

Ендiгi жерде қоғам өмiрiнiң айнасы болған баспасөзге сипттама беру,  оның деректiк маңызы мен ерекшiлiктерiн көрсету, жалпы тарихи-әдеби дерек ретiндегi құндылығын анықтау бүгiнгi тәуелсіз жағдайындағы ғылым үшін құндылығы күн санап арта түсуде. Бұл кеңестiк дәуiрде қазақ баспасөзі мүлде зерттелмедi деген сөз емес. Қайта баспасөзі кеңес өкiметiнiң кемелденген шағында Хайыржан Бекхожин, Бейсенбай Кенжебаев, кейiнiрек Темiрбек Қожакеев сынды ғалым-зерттеушiлердiң еңбектерiнде мейлiнше зерттелiндi. Алайда оларда Қызыл империясының әкiмшiл-әмiршiл идеологиясының сарыны жатты, асыра сiлтеушiлiктер де болды. Тiптi кейбiр еңбектерде баспасөз органдарының идеялық мазмұнын, белгiлi дәуiрде атқарған рөлiн жоқ еткiсi келіп, көрсетiп, терiс саяси баға берiлдi.

Қоғамда болып жатқан әр алуан, iрiлі — ұсақты уақиғалар туралы дер кезiнде оқырмандарына мәлiмет жеткiзу мiндетiн атқаратын мерзiмдi басылым, уақыт өте баға жетпес құнды деректер көзiне айналады. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзiмдi басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажеттi мағлұматтар да жинайды, сөйтiп уақыт өте келе өзi әдеби ақпараттық дерек көзi ретiнде хылыққа қызмет етiп, оқиғалардың кейбiр беймәлiм қырларын ашуға көмектеседi.

Дегенмен, мерзiмдi басылымдар жазба деректердiң басқа түрлерiнен тек өзiне ғана тән сипаттарымен ерекшеленедi. Сондықтан оларда сақталынған мәлiметтерден объективтi мағлұмат алу мақсатында зерттеушiлер баспасөздi тарихи дерек көзi ретiнде арнайы қарастырады.

Баспасөз - газет, журнал, кiтап бастыру, халықтың, елдiң саяси, шаруашылық, мәдени өмiрiнiң көркею, күрделену, белгiлi дәрежеде дамуына байланысты туып, өркендейдi.

Ресейде баспасөз - газет, журнал, кiтап бастыру  оның шетелдермен қарым-қатынасының күшеюі, саяси, мәдени шаруашылық өмiрiнiң көркеюi, көбiнше бiрiншi Петрдiң жүргiзген өзгерiстерi нәтижесiнде шықты, яғни ХVIII ғасырдың басынан дами бастады.

Ал, қазақ баспасөзi ХIХ ғасырдың екiншi жартысында, яғни Қазақстанның Ресейге қосылуын нәтижесiнде пайда болды. Содан берi баспасөз бiр жүйеге түсiп, өзiндiк даңғыл жолмен үздiксiз дамып келедi. Соған орай оның жүрiп өткен жолы, ұзын сонар тарихы - күнi бүгiнге шейiн кеңестiк идеологияның пәрмендi әмiршiл-әкімшiл саясатының ықпалында жазылды. Бiрақ сан ғасырларды артқа тастап, тәуелсiздiк алған Қазақстан тарихы ғылымы үшiн ХХ ғасырға тән тарихи жазба деректердiң тобына жататын мерзiмдi басылымдарды демократиялық тұрыдан қайта қарап, оны зерттеуге қызығушылық күн санап арта түсуде.

Қазақ даласының Ресейге қосылуынан кейiн патша үкiметi өз жарлығы мен оның жергiлiктi әкiмшiлiк орындарының шешiмдерiн халыққа жеткiзiп отыру мақсатында 1870 жылдан бастап, қазақ тiлiнде шыға бастаған алғашқы Түркiстан даласының газетi  қазақ баспасөзiнiң  ХХ  ғасырдағы негiзгi ақпарат құралына айналды [2,18б]. Ол кешегi Түркiстан Кеңестiк Республикасының орталығы болған — Ташкент қаласында үздiксiз он үш жыл бойында 1883 жылға дейiн аптасына екi мәрте басылып, қазақ-өзбек тiлдерiнде шығып тұрды. Газет жұмысына алғаш ашылғаннан бастап 1881 жылдың жиырма үшiншi нөмiрiне дейiн Хасан Чанышев, кейiн барып Н.П.Остроумов басшылық жасаған.

Бүгінгі таңда газеттiң қат-қабат шаң басқан беттерiнен қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына қатысты әр-түрлi мағлұматтарды молынан кездестiруге болады.

Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттiк кiтапханасының  сирек қолжазбалар қорында Түркiстан уалаяты газетiнiң  шыққаннан бастап жабылғанға дейiнгi аралықтағы бүкiл саны жоғалмай жақсы сақталған екен. Алайда бiздің еліміздегі республикалық орталық кітапхананың өзінен газеттiң қазақ тiлiндегi нұсқасының 1876 жылғы нөмiрлерiн ғана көрiп куәсi болуға болады, ал қалғандарының қайда кеткенi белгiсiз күйінде.

Сонымен қатар, осы уақытқа шейiн қазақ баспасөзiнiң тұңғышы болып келген — «Дала уалаятының» газетi 1888 жылдан бастап Омск қаласында Ақмола, Семей, Жетiсу облыстық ведомостiне қосымша болып, екi тiлде басылып, жетiсiне бiр рет шығып тұрды. Оның қазақшасының  редакторы Дала уалаяты генерал-губернаторлығының бас тiлмаштары әуелi Сұлтанқазин, кейiн Аблайханов деген кiсiлер болды.

«Дала уалаяты» — патша үкiметiнiң, Дала генерал - губернаторлығының ресми газеті болған. Оны патша үкiметi қазақ халқының қамын ойлап, саяси-шаруашылық, мәдени-ағарту тiлектерiн ескерiп шығарған жоқ, қазақ даласында өзiнiң орташылдық саясатын жүргiзу, ресми жолдарын, бұйрық-жарлықтарын тарату мақсатымен шығарды. Газет осы жолда қызмет iстедi.

«Дала уалаяты» газетiне  еліміздің сол кездегi оқығандары, хат бiлген адамдары: оқытушылар, молдалар, қазақтың тарихын, тұрмысын, әдебиетiн зерттеп жүрген орыс ғалымдары едәуiр қатынасып, хабарлар, мақалалар, өлеңдер жазып, ауыз әдебиетi нұсқаларын жiберiп бастырып тұрған. Атап айтқанда, қазақтан Мәшкүр Жүсiп Көпеев, Көкбай Жанатаев, Абдулла Шонаев, Қарабай Жапанов, тағы басқалар, орыс ғалымдарынан В.Радлов, Г.Потанин, А.Ивановский, В.Вельяминов-Зернов сияқты адамдар қатынасып тұрған.

Сөйтiп ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың басында «Түркiстан уалаятының» газетi, «Дала уалаятының» газетi сияқты ресми газеттерден бөлек Қазақстанда кеңес үкiметiнiң толық орнауына байланысты 1917-1920 жылдар арасында қазақ тiлiнде 25-26 газет, журналдар шықты. Мысалы, «Алаш» (1916-1917), «Бiрлiк туы» (1917-1918), «Жаңа заман» (1917), «Тiршiлiк» (1917), «Абай» (1918), «Жас алаш» (1917), «Жас азамат» (1919), «Заман тiлi» (1919), «Қазақ сөзi» (1919), «Еркiн Қазақ» (1919), «Қазақ таңы» (1918), «Көмек» (1918), «Еңбек туы» (1919), «Сахара таңы» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919), «Жаңа өрiс» (1920), «Еңбекшiл жастар» (1920), «Кедей сөзi» (1920), «Тiлшi» (1922) деген газеттер мен журналдар шықты.  

Сонымен Түркiстан Республикасында қазақ тiлiнде жарық көрген мерзiмдi басылымдарға дерекнамалық талдау жасауда, оларда салынған ақпараттың шынайылық дәрежесiн анықтауда мұрағат құжаттарының және ұлттық кiтапханалардың сирек қолжазбалар қорының алар орны ерекше. Олар, біріншіден  қазақ газеттерi мен журналдарының пайда болу тарихын зерттеуге, сол арқылы олардың бағыт-бағдарын, мақсатын, ерекшелiктерiн анықтауға көмектессе, екiншiден, жұмыстың барысында мерзiмдi басылымдардан алынған нақты мәлiметтердi мұрағат құжаттарымен салыстыру арқылы олардың шынайылық дәрежесiн, жалпы ғылыми құндылығын анықтауға мүмкiндiк бередi.

Әдебиет:

1.       Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы.–А., 1978, 145 б.

2.       Турсунбаев А.Б. Казахский аул в трех революциях.–А., 1967, 463 с.