Аубакирова А.М.

Сарыкемер мектеп – гимназиясы, Жамбыл облысы, Қазақстан

 

12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ ОҚУ ТӘРБИЕ ҮРДІСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазіргі кезде, әлем жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде өмір сүруде. Бұл жаңа технологиялық жетістіктер мен инновациялық технологиялардың қарқынды дамуы және адам ресурстарының ұтқырлығын талап етеді.

 Осы жағдайда білім және ғылым өзгерістердің алдыңғы қатарында тұруы тиіс. Әлемнің жетекші экономикалары жоғары деңгейдегі адам капиталы есебінен ғана гүлденуге қол жеткізуде. Оған жаңа білім беру стратегиялары мен саясаты ықпал етеді.

Қазақстандық білім беру мен ғылым жүйесін жаңғыртудың қазіргі заманғы кезеңі әрбір адамның сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен мектептегі білімге қолжетімділігін, колледж бен университетте жаңа кәсіби дағдыларды алу, зерттеу және шығармашылық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін көздейді. Сондай қоғамдағы түрлі бағыттағы өзгерістердің бірі - 12 жылдық оқыту моделі [1].

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында «ХХI ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тірелері анық» дей келе, кадрлар қорын жасақтаудың қажеттігін айтты. Сонымен қатар бұл мәселенің негізін мектептен басталатынын, сондықтан да 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта білімге көшудің керектігін айқын көрсетті [2].

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасында : «2019 – 2020 оқу жылынан бастап 6 жастағы балалардың мектепалды даярлығы 12 жылдық мектептің 1-сыныбына ауыстырылады. ...Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жеке график бойынша жүзеге асырылатын болады.
      12 жылдық білім беру оқушының жұмысын, оның жетістіктерін бағалауға мүмкіндік беретін күтілетін нәтижелерге негізделетін болады. Күтілетін нәтижелерді тұжырымдау оқушылардың оқу жетістіктерін объективті түрде бағалауға, жеке қабілетін ескере отырып әрбір оқушыны дамытудың жеке траекториясын айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ олардың оқудағы білігі пен дағдыларын дамыту үшін ынтасын арттырады, білім беру процесінің сапасын жақсартады» -   деп көрсетілген
.

Қазіргі таңда қоғам алдына қойылып отырған басты міндеттердің ең бір өзектісі-бүкіл әлем жүйесін түбегейлі жаңартып, дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп құру болып отыр. Бұл мақсатты орындау орта білімнің 12 жылдық мерзімге өтуімен астасып жатыр.

     Елімізде  2017 жылдан бастап Дүниежүзілік банк қарызы шеңберінде мектептегі білім берудің сапасын арттыруды және теңсіздікті азайтуды қолдау бойынша «Қазақстан Республикасында орта білімді жаңғырту» жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жоба 12 жылдық білім беруге көшуді қолдауды, оның ішінде мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуды, базалық оқулыққа, оқулықтар сапасын көп деңгейлі сараптауға қойылатын талаптарды әзірлеуді, оқулықтар сапасын бағалау саласындағы сарапшылар біліктілігін арттыруды, орта білім берудің жаңа мазмұнының әлемдік озық білім беру жүйелері деңгейіне сәйкестігін мониторингтеуді және бағалауды енгізуді көздейді.

Еліміз 12 жылдық орта білім беруге көшу мәселесін шешуде алыс-жақын шетелдердің іс-тәжірибелеріне және соңғы кездегі педагогика мен психология ғылымдарының алдыңғы қатарлы зерттеу нәтижелеріне суйенуде. 12 жылдық  орта білімге көшу аз уақыт ішінде, жеңіл түрде іске аса қоятын мәселе емес. Бұл білім беру орындарының үйлесімді дайындығын, әрбір мұғалімнің өз ісін қайта қарауды, білімнің теориялық және әдістемелік тұстарын жетілдіруді талап ететін мәселе. Сонымен қатар, 12 жылдық орта білімге көшу осыған байланысты жарық көретін әрбір мемлекеттік құжаттар талаптарының өз кезінде орындалуын және мұғалімдер мен оқушылар қауымына ұсынылатын оқулықтардың, оқу құралдарының педагогикалық, әдістемелік, психологиялық тұрғыдан негізделуін керек етеді.

Осылардың негізінде ғана 12 жылдық орта білім бағдарламаларын, сапалы оқулықтарды, оқушылар белсенділігін тудыратын жаңа технологияларды, әдістемелерді, көмекші құралдарды яғни, оқу-әдістемелік кешендерді өз дәрежесінде дайындау мүмкіндігі тумақ [1].

Орта білім беру жүйесін жаңарту мәселесі баланы алты жастан бастап мектеп жағдайында оқытып, тәрбиелеуді жүзеге асырғалы отыр. Бұл 12 жылдық орта білімге көшудің ең басты мәселелерінің бірі және бірегейі.

Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ұлттық деңгейде қалуды көтермеуі, ғылыми-білімнің түрлі салаларында әлемдік іс-тәжірибені оқып үйренудің қажетті шарт екенін дәлелдеуде.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу 12 жылдық жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкін болады, ол білім туралы құжаттардың айырбасталуын, бейімдік оқытуды, көп тілділікті қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күнде жалпы орта білім беретін мектеп - жаңа қоғам мектебі, болашақ мектебі, яғни мәдени саналы, халықтық мәдениетке интеграцияланған, жеке бағыттылық, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын және өзін-өзі тануына көмек көрсететін, физикалық және рухани жағына экологиялық таза, ізгілендірілген, өмірге, дүниеге тік қарай алатын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс түзетін, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып, жетілдіретін мектеп болуға тиіс.

Қазіргі кездегі бастауыш сынып оқушыларын оқытудағы жаңа өзгерістерге бет бұру үшін мынадай талаптарды ескеру керек деп ойлаймын:

- Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

- Ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне жеткізу;

- Шығармашылық іс - әрекетіне және үнемі ізденісте болуына жағдай тудыру;

- өзіндік жұмыс түрлерін орындай алу;

- баланың жеке қасиеттерін ашу арқылы тәрбиелей отырып, танымдық қабілеттерін қалыптастыру;

- ақпараттық технологияларды меңгерту.

Бастауыш мектеп - оқушы тұлғасы мен сапаның дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбас кезеңі. Сондықтан да, бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да қадірлі жұмыс. Бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған ортаға дұрыс көзқараста болу, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын да дұрыс айтуға, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйрету маңыздылығын жойған емес. 

Демек, 12 жылдық білім берудің мақсаты қоғамның мүддесіне өзін өзі белсенді етуге дайын, жаңа өмір сүруге бейім,  бәсекеге қабілетті, шығармашыл,  білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Бұл жүйенің басты мақсаты – жүйені ашық, заман талабына сай дамыту. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

 

Әдебиет:  

1.       12 жылдық білім беруге өтудің эксперименттік жұмыстарын ұйымдастыру туралы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің 327 бұйрығы. Астана, 2001 жылдың 10 мамыры  // Қазақстан мектебі.-2001.-С.7.-1б

2.       12 жылдық мектептің негізгі орта буынының білім мазмұны // Қазақстан Тарихы. -2006. -3.-С. 3-10б.