Педагогика
Ахантаева Әмина
Жағыппарқызы
ҚазҰАУ, Алматы қаласы,
Қазақстан Республикасы
Қазақ халқында
бала дүниеге келгенде жасалатын салт-дәстүрлер
Жаһандану үрдісіне қадам
басқан жаңа ғасырда әр ұлт – өзінің
салт-дәстүрін, дінін, тілін,
мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет
етуде. Салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың
ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі
ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді. Қазақ
халқы жарық
дүниенің есігін ашқан сәбиге ылайықты сый-құрмет
көрсетіп, салт-дәстүр жоралғысын
жасаған. Отбасындағы тәрбие, үлкендердің
әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер,
салт-дәстүрлер –
баланың қоғамдағы өз алдына жеке
тұлға болып қалыптасуына әсер етеді.
Салт-дәстүрдің үлгісін отбасында өнеге ретінде
көрсете білген ата-ана баланың отбасына, ұлтына, еліне деген
сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Бала анасының
құрсағында 39-40
аптада жетіліп дүниеге келеді. Қазақ
ауылдарында келінді босандырып алатын қолы епті әрі шипалы,
есімдері ел аузына ілінген аналар болған. Себебі кей жағдайда бала
теріс келіп, жас ана босана алмай, қиналатын сәттер болған,
осындайда «аққолды аналар» бала дұрыс келмеген жағдайда
қойдың жақсылап жуылған ұлтабарын қолына
киіп, теріс келген баланы оңына келтіріп, келінді солай босандырып
алған. Ұлтабар - жаңадан сойылған
қойдың қарыншасы, «табиғи қолғап»
болғандықтан, анаға да, балаға да зияны тимеген. Сол
кезде қазақтың «Жарыс қазан» ырымын жасаған.
Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас
салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін»,
«толғағы жеңіл болсын» деп қазан мен
толғақты жарыстырған. Қазақ халқы қай
уақытта да ананың
баланы дүниеге әкелуіне үлкен мән беріп, ата-баба
дәстүрін, ырымдарды қолдана отырып жеңіл босануына
ықпал еткен. Жақсылық хабарды жеткізушілер
«атұстар», «құрықұстар келді» деп - ұл
баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында»
деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен
сүйінші сұрасқан.
Бала дүниеге келісімен
анасының бауырына салады. Анада аналық
сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін
қолына алып, омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры
шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді.
Ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектілік
қасиет болады. Халқымыздағы
ерекше құрметті, ролі зор адамдардың бірі «кіндік шеше» деп
бекер айтпайды. Кейде «кіндік әке» де кездесіп жатады. Мұның
әртүрлі себебі бар. Біреулер елдің құрметті
азаматын әдейі таңдап жатса, кейде сол жерде әйел
адамдардың болмауы себебі де болады. Қазақ халқында екіқабат
әйелге кіндік кестірмейді, іште жатқан балаға кері
әсері болады дейді.
Шыр етіп жарық
дүниеге келген баланың кіндігін кесу арқылы әрбір
адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы
қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі.
Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған
кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені
ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән
беретіні де сондықтан. Жаңа
туған баланы алғаш көрген сәтте «көрімдік»
сұрау халықтың ежелгі және лайықты
дәстүрі. Мұның маңызы адамгершілігін, ниетін, ашық
қолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады. Бала дүниеге келген күні
қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән
айтылып, күй тартылған. Жас босанған әйелді түн
күзететін болған. Сол түні ән мен жыр,
күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен.
Баланың ең алғашқы киімі - «итжейдені» кіндік шеше
тіккен.. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні
бар. Мына қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына
тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген
ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың
емін-еркін жатуына ыңғайлы. «Итжейдені» бала қырқынан
шыққанша кигізген. Кейін қырқынан
шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің
мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы
тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде»
аталуы мүмкін.
Нәресте туылғаннан
кейін ел ішіндегі сыйлы адамға баланың атын
қойғызған. Ат қою дәстүрінде бүкіл
бір халықтың ұлттық ерекшелігі, ой-арманы
көрінген. Баланың аты келешекте бай, батыр, сұлу,
атақты болса екен, тіл-көз тимей, аман болсын деген тілекпен ат
қойылған. Баланың атын қоятын адам нәрестеге
сенің атын атап құлағына үш рет
айқайлаған және
бата берген. Халықтың тілек-бата, ақыл, нақыл сөздері
жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі болып өсуін, дәулетті,
бақытты, кешірімді болуын тілейді. Жерін, елін
қорғауға, талапты боп ержетуге талпынтады. Бата –
халықтың ежелгі мұрасы.
Бесікке салу - шілдехана өткеннен
кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан
жасалған бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі
немесе жасы үлкен қадірлі аналардың бірі әкеліп,
сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы әйел бесіктің
өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту
үшін отпен аластап шығады. Баланы жатқызып, бөлейді.
Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды.
Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен
көрпе жабады. Ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз
тимесін деп тұмар тағады, қырандай болсын деп
бүркіттің тұяғын байлайды.
Туғанына қырық
күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қырқынан
шығаруға тек қана әйелдер ғана жиналады. Теңге,
сақиналар салынған тегешке әйелдер барлығы тілектерін
айтып бір-екі қасықтан су құйып жалпы қырық
қасыққа жеткізеді де, әйелдердің үлкені
«отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық
қабырғаң жылдам қатсын» деп, баланың үстіне
қырық қасық су құйып шомылдырады. Сақиналарды
баланы шомылдыруға қатысқандар бөліседі. Елге сыйлы
аналардың біріне баланың шашын, тырнағын алдырады.
Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез,
жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын
болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Арнайы дайындалған
ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Жіпті қадірлі,
ісі алға басып тұрған, әрі жылдам, сүрінбей
жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген
тілектен туған рәсім.
Әдебиеттер:
1. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары.
2-том. Құрастырған С.Әжіғали. –Алматы. 2006.
2. Нүсіпоқасұлы А., Жапарұлы Ә. Ағаш
бесіктен жер бесікке дейін (Ырым салт жоралдар). Т.1-3. – Алматы. 2011.