ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ  БІЛІМНІҢ ДАМУ ҮРДІСІ

 

Танирбергенова Анар Шынболатқызы

педагогика ғылымдарының кандидаты,

«Тұран-Астана» университетінің доценті,

Битенова Жанат Мұхамеджанқызы

«Тұран-Астана» университетінің магистранты

Жанапина Анар Қайратқызы

«Тұран-Астана» университетінің магистранты

 

Әлемдік білім кеңістігінің қалыптасуы мен даму тарихы, оның әр кезеңіндегі айқындалған тенденциялары халықтың гүлденіп өркендеуінің, қоғамдағы прогрессивтік өзгерістердің білімге байланыстылығы мен жалпы білім саласының маңыздылығын дәлелдейді. Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттылық және мәдени қатынасы білім саласының дамуына және оның жаңаша даму мүмкіндіктеріне тікелей байланысты екендігін педагогика ғылымы мен білімінің даму тарихы айқындап отыр.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана әлемдік дамудың алдында, озық тұсында болады», - деп атап көрсеткен [1]. Қазіргі таңда білім беру үдерісінің алдында үш тілдік білім беру мәселесі тұр. Себебі Елбасы атап көрсеткендей ағылшын тілі бұл экономика тілі, инновация тілі. Дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін экономикасы жағынан да, даму жағынанда ілгері болу үшін, ағылшын тілін меңгеру қажеттілік пен заман талабына айналып отырғаны мәлім. Бұл қазіргі кезеңдегі білім беру саласында жүріп жатқан реформалар да осы бағытұа негізделген. Бұл тұрғыда білімнің даму үрдісін зерттеу маңызды.

Қазақстандық білім жүйесін модернизациялаудың негізгі бағыттарының мақсаты – оның нарықтық экономика жағдайында, жаһандануды ескере отырып, қайта жасалуын қамтамасыз ету. Білімді модернизациялау осы салада жинақталған позитивті әлеуетті сақтау негізінде бұл үдерісті тереңдетіп, дамытудың жаңа құқықтық, ғылыми-әдістемелік, қаржылық-материалдық және кадрлық сәйкестік қажеттілігін туғызады.

Білім жер бетіндегі миллиардтаған адам баласының негізгі іс-әрекетіне айналды. Білімнің қоғам өміріндегі рөлі мен орны, оның әлеуметтік функциялары мен міндеттері, мәселелері мен қарама-қайшылықтары, оны дағдарысты жағдайдан шығарудың және маңызды мәселелерін шешудің тәсілдері білім саласын зерттейтін педагогика ғылымының әдіснамасын, оның ішінде білім мен тәрбиенің әдіснамасын түбегейлі қайта қарау міндеті бүгінгі таңда маңызды мәселе болып табылады.

Білім дегеніміз - материалдық және рухани құбылыстар туралы шынайы әрі нақты мәліметтер жиынтығы, олардың адам санасында дұрыс, объективті бейнеленуі [2]. Педагогикада қолданылып келе жатқан білім түсінігі немістің “Bildung” – “бейне” сөзі негізінде пайда болған. Бүгінгі көпшілік таныған білім анықтамасының мазмұны: ақиқат бейнелерге саналы бағытталған, тарихи шарттарға тәуелді, қоғамдық сананың түбегейлі әлеуметті және рухани әлеуметтену үрдісі.

Білім- адам үшін берері көп, мағынасы кең ұғым. Ғылыми әдебиеттерде білім - айналадағы дүниенің, адамның практикалық және танымдық қызметі үшін қажетті жақтарын бейнелеу делінсе, келесі әдебиетте білімді тиісті объектілер туралы біздің алған хабарларымыз, акпараттарымыз деп қарайды.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде білім - оқу, үйренумен санаға қонатын ақиқат жайлы түсінік, ал Қазақ кеңес энциклопедиясында білім - бүкіл танымның даму үрдісінде қалыптасқан адамзат мәдениетінің рухани қазынасының жиынтығы делінген. Білімге берілген анықтамалардың барлығының мағынасы біреу - адам баласының іс-тәжірибесінде, рухани өмірінде жинақталған ақпарат, шындық жүйесі.

Адамның айналадағы дүниені танып - білуі күрделі қайшылыққа толы, ұзаққа созылатын және жаңа білімді игеруімен байланысты жүреді. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуi – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеуі. Бұл тұрғыдан қарағанда, білім барша қоғамдар мен жеке индивидтер өмірінің ажырамас бір бөлігі ретінде қалыптасатынын айтуға болады.

Білім – ұлттық мәдениеттің ұдайы дамуы мен жаңаруының берік негізі. Ол - өмір сүрудің мәні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын айқындайтын бірден бір жүйе. Білім туралы сөз қозғағанда, мәселе қалай оқыту туралы емес, маңызды әдістемелік тұжырымдар жөнінде болып отыр. Олардың ішінде этномәдени дәстүрді жаңарту, ұлттық төлтума ерекшеліктер мен жалпы адамзаттық құндылықтардың білім аясында өзара үйлесуі сияқты мәселелердің орны ерекше.

Осылайша әлемде болып жатқан жаңа өзгерістер қоғам мен мемлекеттің алдына жаңадан туындап жатқан құндылықтарды ескере отырып, білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесін қояды.

Егер білім саласында әлемдік деңгейде талдау жасайтын болсақ, онда үнемі өзгеріп жататын қажеттіктерге бейімделіп, оның ішкі жағдайына белсенді түрде әсер етіп және сол қажеттіктерді алдын-ала анықтай отырып, үнемі даму үстінде болатынына көзіміз жетер еді.

Сөз жоқ, білім беру жүйесінің әлемде болып жатқан барлық өзгерістерге, оның ішінде әлемдегі адамгершілік, рухани құндылықтар мен адам өмірінің мәніне деген сенімін жоғалтқан, сол арқылы ғылымдағы, діндегі, білім берудегі ең маңызды дүниетанымдық сауалдарға жауап таба алмай, өзінің өмірлік бағдарынан айырылған адамның өзгеруінің себебі болып саналатын түрлі келеңсіз үрдістердің тууына тікелей қатысы бар.

Бірақ рухани саладағы күннен күнге өршіп бара жатқан келеңсіздіктерді жоюға дәл осы білім жүйесінің ғана күші жетеді. Тек осы білім беру жүйесі ғана білім мен сенімнің үйлесімді кірігуіне, тұйықталған қауымдастықтағы секілді, жалпы өркениеттің аясындағы жеке адам ділін бұзылудан сақтауда, ең бастысы - жоғары адамгершілік құндылықтар мен өмірлік мәні терең ұғымдардың өрлеуі мен үздіксіз баюына тарихи маңызды рөл атқарады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстан

жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. – Астана, 2013.

2. Ерментаева А.Р. Жоғары мектеп психологиясы. – Алматы, 2013.

3. Зимняя И.А. Педагогикалық психология. – 1999.