ӘННІҢ БАЛА
ТӘРБИЕСІНЕ ӘСЕРІ.
Жақсыбекова С.С.,
Жақсыбеков Ә.С.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты,
№3 эстетикалы-музыкалық
балалар мектебі
Шымкент, Қазақстан
Мектеп деген білім кені, жер кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Білім бақтың жібермейтін қазығы,
Білімсіз бақ әлдекімнің азығы.
М.Әуезов
Мұғалім
– шәкірт тәрбиелеу, тәлім беруді мойнына алған, білім
ордаларында балаларға
ғылымнан нәр алдырып, болашаққа
бағыт-бағдар беріп, оларды өмір атты аламан жолға
дайындайтын дана және дара тұлға. Пайғамбарымызға
келген алғашқы уахидің де «Оқы, оқы...» деп
басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын,
осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің
маңызын аңғартады.
Қазіргі
таңда Қазақстан өзінің егемендігіне ие болып,
бүкіл әлем алқабында, мәдениетті жоғары салада
өмір сүріп келе жатқан көп мемлекеттердің
алдыңғы қатарынан орын алып, мәртебесі
жоғарылаған мемлекет – Қазақстан Республикасы болды.
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің алдында
әдебиеттің, бейнелеу өнерінің, эстетиканың,
музыканың, оның ішінде халық музыкасының
мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушылардың бойында
әсемдікті сезіне білуді, көркемдік талғаммен өнер
шығармаларын дұрыс қабылдап, бағалай білуді
қалыптастыру міндеті тұр. Музыкадан тәрбие берудің
басты мақсаты - мектепте оқушыларға ән сабағынан
дәріс беруде мұғалім ән сабағын
қызықты өткізу үшін, бар өнерін салып жұмыс
істеуге міндетті, ән-күй, музыка туралы әңгіме,
композиторлардың шығармашылығы, аспаптарда ойнап
көрсету («Фортепиано, сырнай, домбыра»), аспаптармен таныстыру
(үрмелі аспаптар, ішекті аспаптар, соғып ұратын аспаптар),
ән айтқызып үйрету (екі дауыспен, үш дауыспен, хор),
музыкалық сауатын ашу. Әр сабақты мұғалім
өзі құрған оқу жоспары бойынша өткізеді,
мысалы: бірінші сабақта белгілі бір композитордың
шығармашылық еңбектерімен таныстырып, бір өлеңін
үйрену. Өлеңді үйреніп болған соң, сол
композитордың аспапқа арналып жазылған бір шығармасын
ойнап беріп, оқушыларға музыка тыңдауды үйретеді.
Келесі бір сабақтарда қазақ халық аспаптарымен,
симфониялық оркестрде ойналатын аспаптармен таныстырып, (плакатты
көрсету арқылы) қолда бар мүмкіншілігі болса,
оқушылардың өздеріне аспаптарды ойнатып таныстыру.
Оқушыларға ән айтқызып үйрету,
мұғалімге оңай тимейді, өйткені әр
оқушының қабілеті әр түрлі. Сондықтан осы
музыкалық қабілеті бір-біріне сай келмейтін оқушылармен екі
түрлі дайындалу керек (ол мұғалімнің жеке
әдістемесіне байланысты).
Ән
сабағының қызықты өтуі,
мұғалімнің ән сабағына
құрастырған оқу бағдарламасына да байланысты.
Мысалы: 1-4 сынып оқушылары үшін жазылған
Ә.Нұрымұлының әндер жинағы балаларға
қызықты екен. «Әліппе», «Туған жер», «Мұғалима»,
«Бақа», «Бір дегенім» атты өлеңдерін оқушылар
қызығып айтып жүр. Бірінші сынып оқушылары «Бір
дегенім» әнін айта отырып, сан санап үйренеді. «Бақа»
әнін айтып, бақаны елестетіп, бақа болып секіріп балалар
мәз болады. Оқушылардың тағы да қызығып
айтатын әндері: «Бұл не?» К.Қуатбаев,
«Құттықтаймын, мама туған күніңмен»
Н.Тілендиев, «Балғын бөбек», «Жасыл бағым жайнаған»,
«Ұстазыма», «Біздің ауыл осындай», «Ұлан жыры», «Жаңа
жыл» жыры С.Әденов, «Сүйікті мектебім» Ө.Байділдаев, «Біз
өмірдің гүліміз», «Қарлығаш» Б. Ғизатов.
Қазір
мектеп окушылары үшін арналып жазылған музыкалық
шығармалар өте көп. Бұл салада шығарма жазатын
қазақ композиторларының саны көбейіп келеді.
Қазақстан мен шет ел композиторларының балалар
түсінігіне сай, оларға этикалық, эстетикалық,
имандылық тәрбие бере алатын шығармаларын мектеп оқу
бағдарламасына енгізіп, мектепте ән-күй сабағын
қазіргі талапқа сай келтіре қызықты өткізу,
окушыларды талаптандырып, өнерге, ән-күйге деген
құштарлық ынтасын көтеру біздің
мұғалімдердің кәсіптік парызы деп есептейміз.
Туғанда
дүние есігін ашады өлең.
Өлеңмен
жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі
қызықтың бәрі өлеңмен.
Ойлансаңшы
бос қақпай, елең-селең, - деп
Абай
айтқандай адамның бүкіл өмірі ән
құшағында өтеді. Ән айтпайтын, әнді
сүйіп тыңдамайтын адам кемде-кем, тіпті жоқ десе де болады.
Адам сәби болып дүниеге келген кезеңнен бастап, бала
тәрбиесінде әннің орны бір бөлек. Сәби бесікте
бөленіп жатып, анасының бесік жырын, «Әлди-әлди,
бөпешімді» естіп өсе бастайды. Анасы баласына деген бар
сүйіспеншілігін, аналық махаббатын осы бесік жырында айтатын
сияқты. Әр ана өз баласынан даналық күтеді.
Баласын аспандағы ай мен жұлдызға, керемет асыл
тастарға теңеп ән айтуы, баланың жүрегіне жылу
беріп, оның өмірін жалғастырады.
Табиғатынан
ән мен күйге құмар қазақ баласы (бесіктен
бастап «Әлди-әлди» бөпешімді естіген) өсе келе ән
арқылы жан сезімін оятады. Бесік жырын естіп, өзі бесікке
бөленіп өскен, ана мейіріміне құлшына тойған бала
өзі анасынан ұққан әлди-әлдиін
қуыршағына айтып, төсегіне жатқызып, анасына ұқсап
мейірлене құшады. Баланың сәби кезінен, мектеп жасына
дейінгі кезеңде әнге құштарлығынан керемет бір
ізденістер көруге болады. Теледидардан, радиодан естіген
өлеңдерін кайталап, тілі жетпесе де ыңылдап келтіріп,
әнге қосып, қызық бір қимылдар жасайды.
Өзінің қызығып істей жүрген қимылдарына
әке-шешесін де қосқысы келеді. Әке-шешесінің
бірге билеп жүргені баланы мәз етіп, баланың басқа да
тартымды би қимылдарын ойлап табуына әсер береді. Әкесі
домбыра тартып, шешесі қосылып ән салса, баланың әнге
құштарлығы артып, әнді үйреніп алғысы
келіп, шешесімен бірге қосылып айтып мәз болады. Жастайынан
әнге құмар баланың жүрегі таза,
көңілі ашық, жүзі жарқын болады.
Табиғатынан бойында әнге-күйге құмарлығы
бар балалардың өзара қарым-қатынасы, бірін-бірі
түсінуі ерекше болып, ойы мен дүние танымы дами түседі.
Ән мен өлеңнің мағынасы мен сарыны бір-біріне
үйлесіп тұрса, әннен баланың алатын тәрбиесі мол.
Бүгінгі
таңда ән, күй табиғатының шеңбері
кеңейген. Баланың жасына сәйкес әндер,
үлкендердің еңбек пен мамандық ерекшеліктеріне де
арналып жазылған әндер жеткілікті.
Б.Ғизатов
«Төлдер», «Қарлығаш», «Анамызға мың алғыс»,
«Сүйікті мектебім», С.Әденов «Ұстазыма», «Біз үлгілі
отбасы», «Жаңа жыл жыры», «Біздің ауыл осындай», «Ұландар
әні», Б.Дәлденбаев «Солдат болам мен ертең»
Әсіресе,
бүгінгі қазақ халқына тәрбиелік мәні
өте зор, патриоттық елім, жерім Қазақстаным деп,
құлашын кең жайған ән «Қазақстан-
елім менің» сөзі Н. Назарбаев, әні Б. Тілеухановтікі,
М.Арынбаев «Туған жер», Е.Хасанғалиев «Атамекен». Бұл
әндерді тыңдағанда адамның жан-сезімінің оянбауы
мүмкін емес. Әр тыңдаушы өзінің шын кезеңі
мен бақытты болашағын, бүгіні мен ертеңін ойлап
патриоттық көңіл-күйде сезінеді. Тұжырымдап
келгеңде әннің, музыканың әдебиет пен
өнердің балаларға, жастарға беретіні көп. Тек сол
көркемдік, эстетикалық азықты үнемі дер кезінде
жеткізіп, педагогикалық кағидалармен баули білгеніміз жөн.
Жалпы
барлық оқу пәндерінің ішінде баланы ерекше
тәрбиелейтін өнердің түрі - музыка. Өйткені
музыка баланың ойлау, сезіну қабілеттерін және де ең
бастысы сезім қабілетін дұрыс дамытьш, баланы жан-жақты
тәрбиелейді. Оның ертеңгі мәдениетті, сауатты, білімді
болашағымыздың болуы мектептегі оқу жүйесіне,
мұғалімдерге байланысты. «Баланы бесіктен тәрбиелеу керек», -
деген сөзде философиялық педагогикалық мағына жатыр.
Баланы дүниеге келгеннен бастап жан-жақты тәрбиелеу –
ата-ананың парызы.
Музыка
сабағы әр баланың ақылын, ой-өрісін дамытып,
көңіл- күйін байытады дедік. Мектептерде сабақтан
үлгермейтін, тіптен нашар оқитын балалар кездеседі. Музыканы,
ән сабағын қызықтыра білетін, дұрыс бағыт
беретін мұғалім осы үлгермейтін оқушылардың
музыка арқылы ой-өрісін оятып, сабақка қызықтыра
ынталандыра білгені дұрыс. Мұғалім балаларға
өнерді, музыканы түсіндіру арқылы, олардың
бойындағы ашылмаған көптеген нәзік сезім мүмкіншіліктерін
байқайды. Мұғалім музыка сабағын дұрыс
өткізу үшін, музыка төрбиесінің бағыты мен
мүмкіншілігін бала төрбиесіне байланыстыруға міңдетті.
Музыка
біріншіден, баланы көркемдікке, әсемдікке, тәрбиелейді.
Баланы өз ойының жетістігін көруге, сол арқылы
көңіл қанағатын сезінуге тәрбиелейді. Екіншіден,
музыка баланы өз көңіл-күйін түсінуін, белгілі
бір ой тұжырымдауын басқаға жеткізе білуін де
тәрбиелейді. Әрбір бала осындай музыкалы-эстетикалық
тәрбие алу үшін мектептерде музыка, өнер сабағына
өте көп көңіл бөлу керек. Әр оқушы
музыка сабағынан жақсы білім алып шықса, ертең
ақыл-ойы кеңінен дамыған, парасатты, білімді,
мәдениетті адам болып шығуына тікелей кемектеседі. Баланы музыкаға тәрбиелегенде баланың
есту сезімінің дұрыстығына көз жеткізу керек. Баланы
сыртқы жаратылыспен таныстыратын да осы есту сезімі. Біз егер
жануардың шулауы, күннің күркіреуі, судың сылдыры
сықылды жаратылыстың түрлі үнін естімесек жаратылыс
бізге жансыз, мылқау болып көрінер. Есту сезімі адамның
көру сезіміне де көп көмек көрсетеді. Ұлы
данышпан Сократ алдында тұрған кісіге «Кәне сөйлеші.
Мен сені көрейін» дейді екен. Мылқауға қарағанда
тума соқырдың ақылды, құлықты болуы,
яғни оның жанының, жүрегінің жұмсақ,
нәзік болуы осыдан. Адамның әдемілікті сүю сезімін
тереңдететін де осы есту сезімі. Әдемі ән, сұлу
күй бойды билеп, денені балқытып, адамға терең ой
салмай ма? Күй адам жанын белгілі бір күйге түсіреді. Шат
күй шаттыққа, мұңды күй
мұңға батырады. Грек елінде бір әдемі ертегі бар. Орфей
деген күйші күйімен, әнімен аңдарды ұйытып алады
екен.
Қазақтың
әдемі ертегісінде Қорқыт қайда барса да алдынан кез
келе берген көрден, яғни жанын жеген өлім туралы ойдан
құтылам ба деп, тоқтаусыз қобыз тартатын болыпты деп
жазады М. Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде. Қысқасы,
баланың жаны кетік болмай, бүтін болсын десе, тәрбиеші баланы
әннен, жырдан, күйден жалпы музыкадан қашырмасын.
Музыка –
тәрбиенің тірегі бола ала ма, жоқ па? Баланың
жүрегінің таза, көңілінің ашық болуына
кішкентай күнінен алған тәрбиесі өте көп
әсер етеді. Бала жас күнінен табиғатты сүю, одан
әсер алу табиғаттың сан-алуан дыбыстарын есту
қабілеттерін сезе білу керек. Мұның бәрі алғаш
алған тәрбие мен алғашқы тәрбиешіге байланысты.
Бала-бақша мен мектепте алған эстетикалық тәрбие
болашаққа дұрыс бағыт беретін ашық жол деп,
түсіну керек. Үлкен азамат болғанда қандай болсын
мамандықтың иесі болса да жас кезінде алған рухани
байлығы өмір бойына азық болары сөзсіз. " Баланы
жастан тәрбиелеу керек» - деген сөзде үлкен мазмұн
жатыр. Бала айтылған сөзді, көрсетілген қимылды тез
санасына қабылдап алады. Кейде айтылған сөзге, істеген ісіне
мән бермеуінің нәтижесі баланың тәрбиесінде
анық көрініп тұрады. Баланың тәрбиесі
әке-шешенің басты міндеті. «Әке көрген оқ жонар,
шеше көрген тон пішер»,- деген дана сөздер осы ойды
тұжырымдап отыр. Бала тәрбиесінде аса құрметпен
қолданатын құрал, халқымыздың алтын
қоры – тарихы, тілі, өнері, салт-санасы. Осы салалардың
бір-бірінсіз адамзат дамымайды. Бүгінгі таңда еліміздің
тарихы – өзінің егемендігімен бүкіл елге аян. Тілі
мемлекеттік болып, өнерінің аспанда халықтаған кезі.
Еліміздің белгілі өнер кайраткерлері Қазақстанның
атын әлемге әйгілеген кезең.
Ғалымдардың ғылымға қосқан
үлестері, ашқан жаңалықтары әлемдік
деңгейге көтеріліп, инновациялық технологияның
барлық салада даму кезеңінде балаларымыз білім алып,
болашағымызға нақты қадам басып, әлемдегі
алдыңғы қатардағы мемлекет болатынымызға
сенімдеміз.
Тұжырымдап
келгенде әннің, музыканың әдебиет пен
өнердің балаларға, жастарға беретіні көп. Тек сол
көркемдік, эстетикалық азықты үнемі дер кезінде
жеткізіп, педагогикалық қағидалармен баули білгеніміз
жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Сүлейменова
Р., Жұмалиева Г. Музыка пәнін оқыту әдістемесі,
А.Фолиант, 2008
2.
Жақсыбекова С.С. Әннің бала тәрбиесіндегі алар орны,
Шымкент, 2000