Мектептегі эстетикалық тәрбиенің
негізгі бағыттары және олардың ұлттық
ерекшеліктері
Уатаева А.У.
Окетаева Д.Б.
Карағанды қаласы
ЖББОМ №53
Бастауыш сынып мұғалімдері
Қазақ халқында
көшпенділік өмір жағдайына байланысты табиғи
өзгерістерге өте нәзік байқағыштық
тән. Кең далада қозғалыс бағытын дұрыс
табу, жайылымдардық күйін анықтау, ауа райының
өзгерісін алдын ала болжау, өсімдіктердің атын өте
дәл тауып қою, т.с.с. Халықтың эстетикалық
тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік,
тұрмыстың, әдет-ғұрыптық, еңбектік
және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады.
Бұлар да эстетикалық тәрбиенің құралдары
ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері жанры
және тақырыбы жағынан бай. Халқымыздың
тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдары,
олардың өшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде
өз алдына бір сала. Ағаш, тері, металл өңдеудегі
өнері әлемге әйгілі. Эстетикалық тәрбиеде
халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Оның
мазмұны халқымыздың бүкіл өмір тәжірибесін
қамти отырып, жас ұрпақ санасын, әсемдік сезімін,
талғамын дамытады.
Тәрбие отбасынан басталады
дегендей, балаға имандылық, инабаттылық, ар, ождан
уағызы, қоршаған орта, табиғат сырына жастайынан
тәнті ету тәрбиеден туатын үрдіс. Ананың сөзі - ақылдық
көзі деп қарау, атаның өнегелі ісін мұра
түту, оның жолын қуу, ән мен күйді, жыр мен
термені рухани азық ету, зергерлік, шеберлік, ұсталық
өнерді үйрену, ананың әлдиі, әженің бесік
жыры - бәрі тәрбиенің тағылымдары.
Эстетикалық тәрбиеде
халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Оның
мазмұны халқымыздық бүкіл өмір тәжірибесін
қамти отырып, жас ұрпақтың санасын, әсемдік
сезімін, талғамын дамытуда рөлі ерекше.
Уақыт мектеп
мұғалімдеріне жастарды жаңа заман талаптарына сай, әрі
озық ұлттық дәстүр рухына тәрбиелеп,
өмірге әзірлеу секілді жауапты міндеттерді жүктеп отыр.
Егеменді елімізге сай ұрпақ тәрбиелеп шығудың
бірден-бір жолы ол – өсіп келе жатқан ұрпақты
эстетикалық тұрғыдан шыңдау. Осыны халықтық
педагогика арқылы жүзеге асыруға болады [1].
Көрнекі
қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.
Жұмабаев, Ж. Аймаутов халықтық педагогиканың
тәжірибесін зерттей білуге ерекше мән берді. Сонымен қатар,
этнопедагогика, халықтық педагогика мәселелеріне
қатысты ой түйіндерді Г.Н. Волков, К.Ж. Кожахметова, Е.Л. Христова,
З.Ә. Әбілова, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Табылдиев
сияқты ғалым зерттеушілердің осы мәселені
жан-жақты зерттеген еңбектерінен кездестіреміз.
Алайда
халықтық тәрбиенің зерттелу тарихына шолу халық
шығармашылығына арналған зерттеулер мен жарияланымдарда
оның ерте заманнан келе жатқан тарихи құбылыс екендігі
айтылғанмен, халықтық педагогикалық ескерткіштер
оқу үрдісінде және сыныптан тыс жұмыстарда
қолданылғанмен, балалар мен жастарды тәрбиелеуде оның
ролі жайлы ойлар айтылғанмен көптеген ғылыми еңбектердің
әлсіз тұсы халық педагогикасын оқып
үйренудің теориялық мәселелері
қамтылмайтындығын байқатады.
Қазақтың
жазу мәдениеті арқылы белгілі болған ұлттық
педагогикалық ойлардың тарихы ертедегі тас жазулардан
(Күлтегін, Білге қаған т.б.) басталады. Қазақтың
жазу мәдениетінде Қорқыт атаның тәрбиелік
мәні зор жырлары мен мақал-мәтелдері, Әл
Фарабидің ұлттық мәдениет пен ғылым, білім,
поэзия, музыка жөніндегі тұжырымдары, Ахмет Яссауидың діни
тәрбиенің мәні туралы ойлары, Жүсіп
Баласағұнидың кемелді болу жолдарын көрсетуі,
Мұхаммед Хайдар Дулатидың ұлы тәлімгерлік ойлары,
Абайдың өсиеттері, Ыбырайдың педагогикалық ойлары,
Шоқанның ел мәдениетін арттыру үшін істеген әрекеттері,
Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жүйесі,
Мағжан Жұмабаевтың қазақ педагогикасын
түзеуі, Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясы
ғылымын зерлей бастауы, кейінгі ғалымдардың қазақ
этнопедагогикасын ғылым ретінде қалытастырып, пән ретінде
оқытуға ұсынуы ұлттық педагогиканың
(халық педагогикасымен педагогикалық ойлардың), яғни
қазақ этнопедагогикасының дамып, қалыптасу жолдарын
көрсетеді.
Қазақ
халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары бесік
жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік
сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп
кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің
негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой,
еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты
мәселелерге келіп тіреледі.
Халықтық
эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық,
үйелмендік, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық,
еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын
алады. Бұлар да эстетикалық тәрбие құралдары
ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері, жанры
және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер
би қимылдарымен байытылды.
Қазақ
халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі
таңқаларлықтай (домбыра, шертер, аса таяқ,
шаңқобыз, ұран, жетіген, үскірік, қамыс сырнай,
дабыл т.т.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа
эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етті.
Халқымыздың
тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдар,
олардың әшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде
өз алдына бір сала.
Эстетикалық
тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің маңызы өте
зор болды. Оның мазмұны халқымыздың бүкіл
өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын әсемдік
сезімін, талғамын, қажеттілігін билейді. Эстетикалық
тәрбиенің күрделі мәселелерін айқындауда біз
халықтың жинақтаған педагогикалық білімімен
тәрбие тәжірибесіне сүйенуіміз қажет.
Тәрбие
жүргізу ісінде үйрету, пайымдату, сендіру, әсерлендіру
тәсілдері қолданылады. Ұлттық тәрбие
үлгілерін көрсетіп, үйрету үшін сахналық
тәсілдерді қолданудың мәні зор. Сөзді жаттау, оны
сахнада мәніне жеткізіп, мәнерлеп айта білу, өмір
құбылыстарын әсерлендіре көрсету, кейіпкер бейнесін
айнытпай көрсету әрбір тәрбиеленушінің санасына сан
қырымен әсер ететін құбылыс.
Оқушы
түсінігінің эстетикалық жақтан қалыптасуы
халықтық педагогика және тағы сол сияқты
көптеген факторлардың ықпал ету нәтижесінде болады.
Сондықтан мектеп мұғалімдері оқушылардың
эстетикалық талғамын іс-жүзінде, теория жүзінде де
арттыра отырып, көрген білгендерімен сұлулықты
қабылдауға көмектесуі керек.
Оқушылардың
эстетикалық сезімін дамыту оларға мынау жақсы, әдемі,
ал мынау жаман, көріксіз деп ауызша айтуда ғана жүзеге
аспайды, сонымен бірге бала күнделікті тұрмыста да, мектепте де эстетикалық
талғампаздықтың үлгі өнегесін күн сайын
көріп отыруы керек.
Ата-бабамыз сыртқы
көрнекі сұлулық пен ішкі рухани сұлулықты
мойындай отырып, олардың орнын анықтауға келгенде, ішкі
рухани сұлулыққа көбірек көңіл бөліп,
мазмұн сұлулығына көбірек жан тартады.
Оқушыларға
әдепті әсемдіктен бөліп түсіндіруге болмайды. Егер
оларды бөліп айтуға болатынын мойындасақ, онда әдепсіз
сұлулықтың да болатынын мойындауға тура келер еді де,
сұлудық өлшемдері тек сыртқы белгілер, симметрия,
пропорция, түр-түстер сәйкестігі, т.б. ғана болып
шығады.
Халқымыз дене
сұлулығына, әсіресе қыз баланың көрікті
болуына ерекше көңіл бөлген. Аналар «Аттың көркі
– жал, қыздың көркі шаш» деп ұққан. Қыз
баланың шашын жақсы өсіру үшін айранмен,
ірімшіктің сары суымен немесе қынамен жудырған. Шаштарын
қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен
қыздардың көркі болған. Қыз бен жігіт
айтысындағы: «Атымды әкем сүйіп Несіп қойған,
шашымды бестемшелеп есіп қойған» деген сөз тіркестері осы
пікірді дәлелдейді.
Халық жанрларында
аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты» немесе «Қыпша
бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп
сипаттаған. Халық даналығы арулардың киім киісіне де
ерекше мән берген. «Адам көркі – шүберек, ағаш
көркі жапырақ», «Қыз өссе – елдің көркі»
деп қыз баланы қынама қамзол, дүрия бешпент, кәмшат
бөрік, қос етек көйлек, биік өкше етік тіктіріп
кигізген. Сырға, білезік, шолпы, шашбау, жүзік сияқты
әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзі
қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей
заттарға үйірлігін білдіреді. Ұзатылған
қыздың ауылында айтылатын «Жар-жар», «Жұбату», «Сыңсу»
өлеңдерінде, келін түсіру тойларында орындалатын «Беташарда»
қыздың, жас келіннің басты – басты киімдері,
сән-салтанаты, сұлулық бейнесі мақтала жырланған.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1.
Инновациялық оқытудың педагогикалық
шарттары. Алматы, 2006 Қ.А.Иассауи
атындағы ХҚТУ Шымкент ғылыми-әдістемелік конференцияның
материалдар жинағы, Шымкент 2004.
2.
Сабыров Т.А. Оқушылардың оқу белсенділігін
арттыру жолдары. Алматы «Мектеп». 1978ж.
3. Сәрсенбаев Т. Ұлттық сана-сезім
мен ұлттық қадір-қасиет. Алматы, 1990ж.