БАЛА ТӘРБИЕСІ - ЖАУАПТЫ ІС
Мукаева Ырыс
Даулетқызы - мүғалім 11 орта мектебі,
Қазақстан
Республикасы, Тараз қаласы
Отбасы - адамзат қоғамының ең
шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік
жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани
жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады.
Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен
тығыз байланысты. Баланың отбасындағы
тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың
бірі - отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын
еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін
қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік
қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді.
Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып,
еңбек ету қажеттігін түсінеді. А. С Макаренко «Ата -
аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің
іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады.
Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру
арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің
әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай
киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай
күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала
үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік
көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы
ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», - дейді. Жақсы перзент ата - ана қолындағы аманаты.
Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне
тәрбиелеген абзал. Отбасында ата - ананың ықыласына
бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да
мектепте де өз ісіне жауап бере алады.
Ұлт тәрбиесі - ұлт болашағы.
Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ
тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру
үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін
опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан
дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны
болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі -
ата – ананың өнегелі тәрбиесінде.
Қазіргі кезде Егемен Қазақстанның
болашақ азаматтарын тәрбиелеуге көп көңіл
бөлінеді.
Әрине,
әр отбасының бала тәрбиелеудің өз
түсініктері бар. Бірақ, тәрбие берудің қандай
тәжірибелері бар екенін көру қызықты болады деп
ойлаймын. «Үй энциклопедиясы» деген кітаптан оқып алған бала
тәрбиелеудің 9 өсиеті сіздерге де қызықты да
пайдалы болады деген оймен осында жазуды жөн көрдім.
Ата-аналарға арналған бала
тәрбиелеудің 9 өсиеті
1.
Балаң өзіңнің көшірмең болады деп
күтпе. Оған қоса, сенің
қалауыңдағыдый болады деп күтпе. Тәрбие бала
үшін СЕН болуға емес, өзіндік ЕРЕКШЕ болуға
көмектесуі тиіс.
2.
Барлық жасаған іс-әрекеттер үшін балаңнан
құн сұрама: сен оған өмір сыйладың, ол
қалайша саған алғысын жеткізе алады? Ол басқа
адамға өмір сыйлайды, бұл алғыстың
қайтымсыз заңы.
3. Тәрбиелеу
процессінде бар өшіңді балаңнан алма, өйткені не
ексең, соны орасың.
4.
Баланың проблемаларын түкке тұрмайтын деп
асқақтап қарама: өмір ауыртпалығы әр
адамға күшіне байланысты беріледі, сондықтан да,
баланың жүгі сенікімен бірдей болады. Мүмкін сенікінен
ауырлау да шығар. Өйткені, баланың әлі дағдысы
қалыптаспаған.
5. Тәрбие беруде баланы
мұқатып кемсітпе.
6. Өз балаңа бір нәрсені
жасай алмасаң, ол үшін өзіңді қорлама.
Бірақ жасау қолыңнан келіп, жасамасаң – қорла.
7. Бала үшін барлық
жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды
заңдылығы.
8.
Біреудің баласын сүйе біл. Басқа біреудің баласына
өз балаңа жасамайтыныңды жасама.
9.
Балаң дарынсыз, қырсық, ересек болса да, оны сүйе біл;
балаңмен қарым-қатынаста қуануға ұмытпа,
өйткені балаңнын жанында болу – бұл сенімен өмір бойы
бола бермейтін мереке уақыты.
Айтылғандардың бәрінен мынадай тұжырым
шығаруға болады: балалар бұл өмірге
үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, балалар
бізді де тәрбиелеу үшін
дүниеге келеді.
Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа,
жақсы әдетке, әдемілікке, әдептілікке
ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе
отырып тәрбиелеуге болады. «Жақсы сөз жан азығы» деп
бекер айтылмаса керек. Қай заман, қай қоғамда болмасын
адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп
келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт,
ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс
жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды
білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты
пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең
бастысы Адамды тәрбиелеу.
Бүгінгі күні біз – әлем халқы,
бір кісідей жаңа дәуір, жаңа ғасыр - жаңа
мыңжылдыққа аяқ басып отырмыз.
Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне
үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал
еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге
келген күннен бастап тәрбиелейді»- деген сөзі бар.
Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді.
Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі
дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын
қалыптастырады.
Ана - тілінің тағдыры отбасынан басталады.
Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасынан осы
түсініктерді ана - тілі арқылы халықтың сарқылмас
мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің
дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында
әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп терең меңгерсек,
ешкімге есемізді жібермейтін дәрежеге жетсек, онда дербес ел ретінде
нық тұрамыз. Қазақ халқы баланы дүниедегі
барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына,
арманына бағалаған. Сондықтан да халқымыз «Балалы
үй - базар, баласыз үй - мазар» деп асыл сөзін арнаған.
Қазіргі уақытта бала
тәрбиесінің табысты болуы ата – аналардың тәжірибесіне,
кәсіби шеберлігіне, ынтымақтастығына, отбасы
мүшелерінің өзара қарым – қатынасына, көзқарастарының
және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата –
аналар күнделікті өмірде балаларының мінез –
құлқына, қажетті қасиеттердің
қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс
қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт. Отбасында тәрбие
ісімен айналысу үшін, ең алдымен ата – ана өз өмірін,
өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет.
Баланың көп уақыты сәби
шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс -
әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру
үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды
күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғақ –
бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да
орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді,
көреді, қалай өмір сүру керек, өзін - өзі
қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез – құлықтарды
байқайды. Сондықтан ата – ана балаға үңіле
қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң
әсер ететін іс - әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.
Ата - ана - бала тәрбиесіндегі басты
тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан
дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы
ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде
олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен
ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата -аналар «Екеуміз де
жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен
сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс
емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің
қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл - қыздармен үй
шаруасында жүріп - ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге
неге болмасқа.
Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда
сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған
жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары
жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ
деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз
пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында
дұрыс пікір қалыптастырады.
Бала дегеніміз - болашақ. Балаларымызды қалай
тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің
қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де
әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз
қолымызда.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін
тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты
тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір
мүшенің өзін - өзін сақтау, ұрпақты
жалғастыру, өзін - өзі сыйлау қажеттігінен туындайды.
Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады.
Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя
жағдайы, онда қалыптасқан он моральдық -
психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік,
сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы
мүшелерінің бір - біріне деген құрмет сезімдері,
яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл -
күйі тікелей ықпал етеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие
берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы,
ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді
Әл - Фараби. Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа
тәлім тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар
қауымы болып, ең бастысы ата - аналар болып қолға
алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды
отансүйгіштікке, ата - баба салт - дәстүрін
құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей
міндет.
Әдебиеттер:
1. Әлімбаев М.
Халық - ғажап тәлімгер. А., Рауан, 1998.
2. Омарова Р.С.
Халық тәлімі - тәрбие бастауы. Қазақстан мектебі, 2007.