Балмұрзаева Г.М., Ибрагимова К.Е.

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Астана, Қазақстан

 

СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУҒА ҮЙРЕТУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарда арналған мемлекеттік бағдарламаның мақсаты- экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің қолжетімділігін арттыру, болып табылады[1].

Уақыт талабына сай жеке тұлғаны қалыптастыру, тиімді оқыту әдістерін таңдау және жетілдіру арқылы ғана білім беру сапасын арттыруға болатыны белгілі. Қазіргі таңдағы білім беру сапасын арттыруға әсер ететін факторлар мыналар:

·        оқушылармен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету;

·        оқушылардың өзіндік оқуға белсенді қатысуы;

·        бағалау нәтижелерін ескере отырып оқытуды өзгерту;

·        оқушылардың қызығушылығын арттыру;

·        оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;

·        оқушылардың сыни тұрғыдан өздерін-өздері бағалай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсінудің қажеттілігі.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту- оқушылардың жеке ерекшеліктерін есепке алу және әр оқушыға жеке тұлға ретінде, бірлескен қызметтің саналы әрі жауапкершіл субъектісі ретінде қарай отырып оқыту. Жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың басты мақсаттарының бірі- оқушылар білімнің дербес модельдерін іске асырудың бір мезгілде жүргізілуі. Бұл үшін әрбір оқушыға барлық оқу пәндерін меңгерудің өзіндік білім алу өрісін жасау мүмкіндігі беріледі. Оқушы оқытудың дара мақсаты мен мағынасына, оқытылатын пәндерді таңдауға, оқу материалынан озып кетуге және оны тереңдетуге, оқытудың қарқынын, нысандары мен әдістерін таңдауға құқылы болады.

Сыни тұрғыдан ойлау бағдарламаның  өн бойында екі мағынада қарастырылады; оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту және мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту. Өзара байланысты бұл үрдістердің екеуін де дамыту бағдарламада қарастырылады. Оқушыларға қатысты сыни тұрғыдан ойлау ақпаратпен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті, өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі.Мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауды қамтиды[2].

Белгілі педагог Л.С.Выготский оқушының тапсырманы өз бетінше орындауға әзірлігінің дәрежесін атап көрсеткен болатын. Осылайша бұл әзірлікті екі кезеңге бөледі:оқушы тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындайды,әрі қарай оған мұғалімнің көмегін қажет ететін қиынырақ тапсырма беру керек, яғни, жаңа танымдық мәселе қойылады, бұл оқушының ақыл-ойының дамуына көп көмек береді[3].

Сыни тұрғыдан ойлау-бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Сыни тұрғыдан ойлау, көбінесе, қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немее түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.

Негізгі дейгейде сыни тұрғыдан ойлау үрдісі төмендегі мәселелерді қамтиды:

·        релеванттық ақпараттар жинауды;

·        дәлелдерді сыни тұрғыдан талдау мен бағалауды;

·        кепілдендірілген шешімдер мен жинақталған қорытындылар;

·        ауқымды тәжірибе негізінде болжамдар мен ұсыныстарды қайта қарауды.

Оқыту мен оқуды сыни тұрғыдан ойлау сияқты күрделі міндеттермен қатар қарастырылмаған болжамдар мен құндылытарды, мәселерді мойындау және оларды шешудің тиімді құралдарын табуды, басымдықтарды бекітудің маңыздылығы мен міндеттерді шешудегі артықшылығын түсінуді қарастырады. Сыни тұрғыдан ойлауды, әдетте, білім берудің кейінгі кезеңдерімен: орта мектептің жоғары сыныптары меен жоғары оқу орындарындағы оқушылармен байланыстырады. Алайда сыни тұрғыдан ойлаудың негіздерін кішкентай балалармен жұмыс барысында, қажетті дағдыларды дамыту мақсатында білім берудің ерте кезеңінен дамытуға болады. Бұл жолдағы ең оңтайлы тәсіл- балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге мен беруге ынталандыру. Бізде балалардың қызығушылығын оятып, олардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту үшін қолдануға болатын, әлемнің түрлі бөліктеріндегі және тарихтың түрлі кезеңдеріндегі тұрмыс салты туралы мысалдар жеткілікті.

Сыни тұрғыдан ойлаудың дағдылары төмендегідей сипатталады;

·        бақылау, талдау, қорытынды, интерпретация;

·        суреттер, фотосуреттер, естелік жазбалары сиякты дәләлдерді жинақтау және тортастыру;

·        негізгі дерек көздерді бағалау және соларға сәйкес сұрақтар қою;

·        негізгі дерек көздерді жағдаяттық қорытындылармен және уақытша жинақтаулар мен салыстыру және талқылау;

·        анағұрлым кең тәжірибе негізінде болжамдар мен ұсыныстарды қайта қарауды қамту.

Оқытудың қандай жолы қолданылса да, қарастырылған екі көзқарас бар. Біріншіден, оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі, екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қарастырылуы. Мұғалімнің қасиеттерін бағалау барысында бағалаушы факторлар жиынтығын пайдалана отырып қасиетті өзінше түсіріндіріп беретіндігін ұғыну қажет.

Сындарлы оқытудың мақсаты- оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар  қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді.Бұл үрдіс оқушының өз болжамдарына күмәнмен сыни тұрғыдан қарай отырып сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады. Оқытудың бұл түрінде оқушылар өте маңызды рөл атқарады: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қмтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс- әрекеттеріне ынталы болғаны абзал.

         Қазіргі сабақтарда оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде топтық жұмыстардың маңызы зор. Оқушылар бірлесіп оқып үйренуде шағын топтармен,  жұппен жұмыс жасағанда, ортақ мәселерді талқылағанда жаңа пікірлерге шығармашылықпен қарау тұрғысында жаңалықтар ашу бағытында жұмыс істейді. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып және сол ойларын қорытып тұжырымдайды, ортақ жобыны дәлелдеп, қорғап шығуға тырысады. Шағын топтарда бірлесіп жұмыс жасағанда мына жайттарды есте ұстау қажет: өзара сыйластық, бір-біріне құрметпен қарау, кезекпен сөйлеу, тыңдау дағдысын үйрету, ұтымды жұмыс істеу.

Шағын топтарда бірлесіп жұмыс істеуге үйренген оқушылардың жұмыстары нәтижелі болады, шыңдалады. Бірлесіп жұмыс жасағанда оқушылар мынадай жетістіктерге жетеді:

·        оқушының, ең алдымен, есте сақтау қабілеті жоғарылайды;

·        сабақта өз бетімен бақылаусыз отырмай оқушы жұмысбасты болады;

·        білімді өздігінен үйренуге деген қызығушылығы артады;

·        бірлесіп жұмыс жасау кезінде топ мүшелерінің жынысына, қабілетіне, әлеуметтік жағдайына қарамай, олар бір-біріне дұрыс көзқараспен қарап, ынтымақтасады.

Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағыналы анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады, олар ауызша, жазбаша, көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен қарай отырып ештеңеге сенбейді, мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық жол ашады.

«Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулі бойынша жүргізілетін жүйелі жұмыстар арқылы оқушылардың өз бетінше тұжырым жасауы, қорытындыға келуі, ұқсас құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білуі, қандай да болсын мәселені шеше білуі, пікірталасты жүргізе білу қабілеті қалыптасады. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен, яғни , оқушы  оқушымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын бірлесе отырып ізденуге, қиындықты жеңуге баулиды[4].

 

Әдебиет

1.     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

2.     Қазақстан Республикасының « Білім туралы» Заңы –Астана ,2012

3.     Выготский Л.С. Психология.-М., 2000.

4.     Мұғалімге арналған нұсқаулық.Үшінші (негізгі) деңгей//Үшінші басылым.- Астана, 2012.