Жақсылықова Сара Сәкенқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АМА қауымдастырылған профессоры

С. Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасындағы кірме сөздердің

стильдік қызметі

      Қай заманда болмасын көптеген елдер бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, өмір сүру салтына, шаруашылығына орай жан-жақтан әсер еткен өзгерістердің арқасында сол халықтың лексиконына жаңадан сөздер енетіні анық. Қазақ халқы ертеректе моңғол, араб, кейін орыс халқымен қарым-қатынаста өмір кешкендіктен күнделікті тілдік қолданысына жаңа сөздер енді.Белгілі лексиколог ғалым Ә.Болғанбаев кірме сөздер жайлы мынадай пікір қалдырып кеткен: «Әрбір тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды.Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да өз тілін  байытып, жетілдіріп отырады. Қазақ халқының ертедегі даму тарихына көз жіберсек, көптеген елдермен тығыз байланыста болатындығын көреміз. Кірме сөздер деп әрбір тілдің өзіндік сөз тудыру тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған сөздерді айтамыз. Яғни, сөздің белгілі дыбыстық түр-тұрпаты мен мағынасы екеуі де өзге тілге қатысты сөздер кірме сөз делінеді. Жер шарында өмір сүріп жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер кездеседі» [1, 61-62 бет ]. Ал ғалым Анар Салқынбай қазақ тіліндегі  кірме сөздер - тек зат атаулары ғана деп түйін жасаған. Және кірме сөздерді шетел сөздері мен экзотикалық сөздер деп бөлген. Бұған мынадай мысалдар келтіріп кетуге болады: Парсы тілінен енген сөздер: әбжылан, абырой, аждаһа, азар, арман, ас, айна, алау, астар, әпсана, бақ, бақша, бұлбұл, дастархан, дәстүр, дүре, дүрия, жыңғыл, нашар, т.б. Араб тілінен енген сөздер: адам, адамгершілік, азан, айбат, ақ, әділ, жауап, кәдімгі, дүлдүл, есеп, т.б. Орыс тілінен енген сөздер: кереует, бөтелке, пеш, калош, класс, семинария, парта, училище және т.б. Шетелдік сөздер: поезд, кнопка, сингармонизм, программа, клавиша, курсор,химия, вокзал, велосипед, диплом және т.б. Экзотикалық сөздер: белгілі бір халықтың өзіндік әдет-ғұрпы мен дәстүріне, ұлттық дүниетанымына байланысты ерекше сипатын танытатын атаулар, итальян:синьер, спагетти; жапон:иена, кимано, сакура, сакэ; орыстық: мұжық, рубль, крест, матушка, матрежка;

        Ғалым қазақ тіліндегі кірме сөздердің белгілері деп мынаны көрсеткен:

1) Сөз басында, сөз ішінде в, ф, х, ц, ч – дыбыстары айтылады;

2) Сингармонизм заңына бағынбайды;

3) Сөз басында г, з, н, л,д, р дыбыстары келеді;

4) Сөз соңында д дыбысы келеді;

5)  Сөз екі не үш дауыссыз дыбыстан бастала береді;

6) Сөз соңында ер, инг, мен, мейстер қосымшалары келеді;

7) Қазақ тілінің құрылымына  тән емес көптеген дыбыс тіркестері кездеседі: кд,кз, хе, бю, мю, сю,пю, шт, шп және т.б.

      Сонымен қатар балама сөзге(калька) нақты анықтама беріп, мысалдар келтірген.

«Қазақ тіліне енген кірме сөздердің ерекше түрі.  Балама сөз -  қоғамдағы мәдени, саяси өзгерістер мен ғылыми-техникалық прогреске сәйкес шет тілдерден енген атауларды жолма-жол аударудың арқасында пайда болған жаңа сөз, жаңа фразеологиялық атау немесе сөздің жаңа мағынасы. Мысалы: тіл білімі, жаратылыс тану, алғы сөз, дербес күзет, саяси пікір, әскери ант,әлеуметтік әдіс, жоғарғы сот»  [2, 123-130 бет].

   Зерттеуші Исламова Анаргүл Тохтахуновна «Шетел сөздердің белгілері мен деректері» атты еңбегінде  шетел сөздердің зерттелу тарихы, шетел сөздердің терминдену үрдісі, шетел сөздердің белгілік қасиеттері, шетел сөздердің семантикалық табиғаты деген тараушаларда кез келген тілдің лексикалық қорында кездесетін шетел сөздердің қалыптасуына, тұжырымдамаларына,өзіндік табиғатына, шетел сөздердің қалыптасуына, тұжырымдамаларына, өзіндік табиғатына, шетел сөздер мен кірме сөздердің ара жігін ажыратуға, қазіргі тіл біліміндегі зерттелу аспектілеріне лингвистикалық талдау жүргізуге арналады.Шетел сөздердің негізінде жазылған ғылыми-теориялық еңбектерге сүйене отырып, шетел сөздердің зерттелу тарихын үш сатыға бөлген:

        Бірінші саты-ХІХ ғ мен ХХғ І жартысы. Бұл дәуірде көбіне «тілдердің араласуы» теориясының арнасында қарастырылған. Өкілдері: Г.Пауль, Э.Сепир, Л.В.Щерба, И.А. Бодуэн де Куртенэ;

        Екінші сатысы- ХХ ғ 30-70 ж қамтыды.Өкілдері: Л.Блумфильд, У.Вайнрайх, В.Виноградов, А.Суперанская;

        Үшінші саты-кірме сөздер теориясында бұл бірінші кезекте әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерге назар аударудан, шетел элементтерді игеру үрдісін зерттеуді жандандырудан басталады. Өкілдері: Е.Биржаков, Л.Кутина, Л.Войнова, Л.Крысин, Т.Линник, М.Полинская, И.Чернышев. «Шет тілдерінен сөздердің ену сипаты түрліше болады. Бір тілден екінші тілге сөздердің ауысуы белгіленетін заттар мен ұғымдардың ауысып келуімен байланысты.Мысалы, орыс тілінен енген поезд, подъезд, парта тәрізді сөздері. Тіл –тілдің лексикасында шетел сөздері ауызша да, жазбаша да кездесе береді. Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары, олардың ішінде мәдениетке байланысты зат атаулары да болады. Ал жазбаша енген шетел сөздер көбінесе ғылыми-техникалық әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың саласына бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Еуропа тілінен енген ағылшын ,грек, латын және т.б. көптеген сөздер қазақ тілінің лексикалық қорына негізінен орыс тілі арқылы кірген»

   [3, 7-12 бет] деп қорытындылайды ғалым.

Осыған мысал ретінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында кездескен кірме сөздерді  келтіруге болады.

      Араб-парсы тілінен енген сөздер: «Бұдан былай көбірек кездесетін болғандықтан, оқушыларды «Жаманшұбар» аталатын жердің тарихымен таныстыра кетейік». [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»  26 бет]. «Есеней сұлтан-правитель болғанда, біздің елде, Тілемістен басқа орыс тілін білетін кісі жоқ екен» [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»   27бет]. «Зираттың батыс жақ жиегінде, биік оба» [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»   35 бет]. «Сондықтан Мұстафаның ұғымында, молда қалай оқытса да мейлі, бала қалай оқыса да мейлі, тек бала намаздығын біліп, аят оқуға жараса болғаны, одан басқа оқудың керегі жоқ» [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі» 58  бет].

     Орыс тілінен: «Олардың жүздеп өрген тракторларының тұтастқан қуатты гүрілі қалғыған кең даланы оятып, жаралғалы малдың тұяғынан басқа ешнәрсе тимеген тыңдарды, мың гектарлап көтере бастады» [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»  41 бет].  «Бақытты бұл семьяны көргенде, менің бір арманым – ер жеткенде аткелтірге ұқсау»[Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»  72  бет]. Сол темада өзара біраз кеңескеннен кейін бздің ағайындар Әлтиге мен Мұстафадан алып шығатын ұрғашы тайыншаны бермек болды. [Сәбит Мұқанов, «Өмір мектебі»  114  бет].

Шығарма Кеңес үкіметі кезінде жазылса да араб-парсы сөздерінің жиі кездеседі, сонымен қатар орыс тілінен енген сөздер де аз емес. Жазушы кірме сөздерді қолдану арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін оқырманға жақсы танытқысы келген секілді. Қорытындылай келе, айтарымыз тіл білімінде кірме сөздер ерекше орын алады. Себебі, шет елдермен тәжірибе алмасу  ғылыми-техникалық жақтан  ғана емес,  адамдардың қарым-қатынасы құралы тілге де айқын әсер етіп,айтарлықтай өзгерістер әкеледі. Бұл жердегі басты мақсат жаһандану үдерісі кезінде тіліміздің айқын бедерін жоғалтпай, басқа тілден енген сөздерді орынды қолдану.

 

Пайдаланылған әдебиет

1. Болғанбаев Ә. «Қазақ тілінің лексикологиясы» Алматы «Мектеп» 1988, - 143 бет.

2. Салқынбай А. “Қазіргі қазақ тілі” , Алматы, “Қазақ университеті” 2008, - 337 бет.

3. Исламова А.Т. «Шетел сөздердің белгілері мен деректері» Алматы 2004,- 15 бет.

4. Мұқанов С. «Өмір мектебі», «Жазушы» баспасы, Алматы 1976, 1 кітап, - 488 бет.