Бекентай А.Н.

8 «D» сынып оқушысы, Қостанай қаласындағы ФМБ НЗМ

 Уразгалиева С.Б.

филология магистрі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Қостанай қ.ФМБ НЗМ

 

«ХV-ХVІІІ ҒҒ. ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ «АДАМ-ӘЛЕМ» ҚАТЫНАСЫНЫҢ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК СИПАТЫ»

 

   Қазақ жырауларының поэзиялық шығармашылығы қазақ халқының зияткерлік, эстетикалық-көркемдік, рухани-адамгершілік, философиялық-дүниетанымдық мәдениетінің қалыптасу тарихында ерекше орын алады. Орта ғасырлардағы (XV–XVIII ғғ.) қазақ әдебиеті дамуының жоғары деңгейін білдіретін жыраулар поэзиясын белгілі жазушы Мұхтар Мағауин «көшпелі қазақтардың сөз өнерінің шыңы» деп сипаттап қана қоймай, оны «біздің халқымыздың рухани әлемінің байлығы» деп те орынды атап өтеді. Жыраулар поэзиясында «адам» ұғымының «әлем» ұғымымен тығыз байланысы көркем суреттеледі. «Адам-әлем» афоризмі қай кезең болса да өзектілігін жоймайды.

Адам - жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы тіршілік иесі, қоғамдық-тарихи әрекет пен мәдениетті жасаушы. Адам мәселесі, оның пайда болуы, өмірде алатын орны, тіршілігінің мәні мен мақсаты адамзат танымының формалары - ғылым салаларында ең негізгі мәселе. Сол себепті, қай кезең болса да жаһандық байланыста адам мен әлем арасындағы қатынас мәңгілік.

   XV ғасырдың ІІ-жартысының бастапқы тұстарында Қазақ хандығы құрылып, төл әдебиеті қалыптасты. Қазақ әдебиетінің тарихы жеке ақын, жырау, жыршылармен, мысалы: Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Көтеш, Бұқар, Шал, т.б. толықты. Олар өздерінің өлең-толғаулары арқылы қоғам мен адам арасындағы қатынасты, бай-болыс, төре-төлеңгіттер мен кедей-кемтарлардың аражігін, ұлт мәселесін, татулық мәнін, кәрі-жас орнын, елдік пен ерлік жайын, қысқасы өмірдің алуан қыр-сырын, уақыт сөзін жеткізді.Ұлт пен ұрпаққа қатысты кемел ойлап, кеңінен толғанды. ХV-ХVІІІ ғасырлар әдебиетіндегі ақын-жыраулар мұрасы: қоғам мен адам, өмір-тұрмыстың, хан мен халықтың, дүние дидары, дәстүр мен дін, ер-әйел орны, тағы сол сияқты сыр-сипатын ашық, айқын сөз етуімен ерекшеленеді. Ақындығына жыршы, жыраулығы сай келген халық өнерпаздары әлеуметтік мән-маңызы жоғары мәселелермен бірге өмір шындығын, уақыт ұсынған алуан тақырыптарға өлең-жыр, толғауларын арнады. Осы кезең ақын-жыршылар мұрасында адам мен оның іс-әрекеттері, өмір жасы мен ондағы бел-белестер сыры кең көлемде көрініс тапқан. Сөз өнері арқылы халық өмірі мен тұрмысы, тарихы мен танымы, ұлт пен ұрпақ қамы, уақыт сыры бейнелі, бедерлі сипатқа ие болды. Бұл кезеңдегі қоғам, қоршаған орта, тұрмыс-тіршілік, жақсы мен жаман, қыз бен жігіт, жомарт пен сараң, жастық пен кәрілік тақырыптар барынша айқын әрі өрнекті сөз, сырлы суреттерімен ден қойғызады. Өлең-толғауларда ел мен жер, хан сипаты мен оның ұстанымы, батырдың биік тұлғасы, әсем ару мен оның ақылы, ар-ожданы, адам мұраты, өмір-дүниенің қадірі мен қасиеті, сондай-ақ, дос-дұшпан, жомарт-сараң, байлық пен кедейлік, ата-ана қадірі, қыз сыны, келін орны, арман-аңсар, өмір-өлім, жорық жолдары, ер қанаты - ат орны, күн мен түн, жарық пен көлеңке, биік тау мен қоғалы көлдер, арналы-ағынды сулар, бүркіт пен сұңқар құс сипаты нанымды жырланады. Ақын-жыраулар мұрасында қоғам, адам, өмір, уақыт сырлары кең мағынаға ие болып, мәдени-тарихи және рухани дәстүрлерді, болмысты, дүниені шындық калпында көру, адам мен оның іс-әрекеттерін тану, таразылау міндеттері табиғи, жүрек төрінен шығады, оларды жеткізу, баяндауда ой-сезім, мақсат еркін өріс алады. Сонымен бірге, халық әдебиетіндегі тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дәстүр-өнегелері, әлеуметтік тақырыптағы өлең-жырлар, ертегіге бергісіз батырлар бейнесі, әділеттілік іс пен махаббат мәселесі ХV-ХVІІІ ғ.ғ. әдебиетінде де тақырып, мазмұн, көркемдік, поэтикалық тұрғыдан кең өріс алды.

    Қазақ хандығы тұсындағы сөз өнеріне, ондағы тақырыптық арналар мен жанр жүйесіне, көркемдік-эстетикалық құндылықтарға мән берсек, ұлт руханиятының қазыналы биігіне, өрісті өрнектеріне кезігеріміз хақ. Осы бай мұрада қазақ халқының бірнеше ғасырлық көркемдік ойы, сөз өнерлік тәжірибесі жинақталған.

   Қазақ сөз өнерінің құнарлы саласы - ақын-жыраулар мұрасы. Халық әдебие­тінің бай үлгілері ақын-жыраулар шығармашылығы арқылы ұнамды үрдіс, онды сипат, жаңа мағынаға ие болды. Ақын-жыраулар - эпик жыршы болумен бірге сол тұстағы жорықтарға қатысқан. Қол бастап, халық сөзін айтқан. Жеңіс жалауын ой сезімімен тербеген, әділдікті ту еткен. Жыраулар поэзиясында Асан қайғы Сәбитұлының орны, тағылымы ерекше. Ол - әрі аңыз иесі, әрі қоғам қайраткері, әрі ділмар шешен. Асан сөздері өсиет, нақыл түрінде көп кездеседі. Мысалы:

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтып жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен,

Жалған айтып суыспа…

Немесе бірлік, татулық туралы:

Есенің де, тірің де

Бір болыңыз бәріңіз, - дейді.

   Қазтуған - XV ғасыр әдебиетінен батыр, жырау ретінде белгілі. Ол Еділ, Жайық, Ойыл өзендері бойында туған. Ақындық өнері қуатты, мәнді. Айталық, жырау жырларында айқын аңғарылатын:

Бұлт болып айды ашқан,

Мұнар болып күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп-бұзып дінді ашқан,

Сүйінішұлы Қазтуған! - деген жолдардан елеулі эпитет, маңызды метафоралармен бірге батырдың биік тұлғасы, жорық жолдары, өжеттігі мен өр мінезі де қатар көрінер еді.

Шалгез де Асан, Қазтуған секілді сарай маңында өмірін өткізген.

Темір еді биіміз,

Теңіз еді халқымыз, - деп айтқандай, Би Темірдің ордасында қызмет еткен.Асыл сөзді саралаған. Оның мұрасы - жыр, толғау түрінде кездеседі. Өсиет, ғибрат сөздері де мол.Сол арқылы сөз асылын терген, ойлы өрнекпен уақыт бедерін көрсетті. Мысалы:

Ақ желкенді жел бастар,

Әділ төре ел бастар,

Батыр жігіт қол бастар,

Шешен адам сөз бастар…

Немесе:
Жақсыға қоссаң басыңды,

Отырар орның төр болар.

Жаманға қоссаң басыңды,

Бәрімен орның тең болар, - дейді.

   Жыраулар шығармашылығында ер қанаты - ат орны мен жылқы сипатына да зор маңыз берілген. Тұлпар туралы халық айтқан: «Жылқы - малдың патшасы», «жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар», «Адам жылқы мінезді», немесе: «Жарым - жылқы, жүйрік ат - салған әнім» деп ақын І.Жансүгіров айтқандай, ақын-жыраулар қазақтың қадірлі басты байлықтарының бірі - жылқыны үстірт сөзбен, сырттай қызығушылықпен суреттемейді, керісінше азамат, батыр мінер арғымақты мінсе - көлік, шапса - тұлпар, ал қымызына сусын ретінде қараған, қысқасы адам өмірімен, тағдырымен етене құбылыс ретінде таниды. Мысалы Доспамбет жырау:

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес…

Торы төбел ат мініп,Той тойлаған өкінбес.

Шал ақын:

Ат сұлу, айғыр мықты жалыменен…

Бәйге алмаған жүйріктен,

Белі жуан бесті артық…

   Қорыта келе, қоғам, адам мәселесі, олардың іс-әрекеттері, орны, қарым-қатынасы, адами құндылықтардың суреттелуі байыптай отырып, жыраулар поэзиясындакезең көріністерін, адам мен уақыттың сөзін кешеден бүгінге жеткізген ақын-жыраулар шығармашылығын, ондағы халық өмірі мен мұрасы, қоғам мен табиғаттың көркемдік сипатының бүгінгі әдебиет қозғалысына ұласып, жалғасып жатуы әрі табиғи, әрі үлгі-өнегелік қырларын жан-жақты тану жас буын үшін өте маңызды.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы, 1983. - 454 б.

2. Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. -Алматы, 1992. -178 б.

3. Бес ғасыр жырлайды. М. Мағауин, М. Байділдаев. 1 т. -Алматы:1989.-383 б.

4. Мағауин М. Ғасырлар бедері. -Алматы: Жазушы,1991. -430 б.

5. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. -

Алматы,1994ж.

6. Қазақ әдебиетінің тарихы. 3 том.-Алматы: Ғылым, 2000.- 27 б.