АБАЙДЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ» АДАМГЕРШІЛІК, АР-ҰЯТ, ИМАНДЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Мадалиева Ж.Қ.- философия ғылымдарының
кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жалпыуниверситеттік
саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер
кафедрасының доценті
Абай – адамзат ақыл-ойы,
ақындығының ірі тұлғасы. Оның
шығармашылығының түп негізі – адам, оның
қалыптасуы, дамуы, рухани өсуі,
адамгершілік тәрбиесі, білім алуы. Барлық
шығармаларының өн бойында ол
нағыз адам, «Толық адам» қандай болу керек деген
сұраққа жауап іздейді. Адам бойындағы жағымсыз
сапалар мен жағымды қасиеттерді қарастыра отырып,
жақсылық пен жамандықтың ара жігітін ажыратып, неден
қашық болып, неге жақын жүруді үйретуді,
адамшылыққа тәрбиелеуді өмірі мен
шығармашылығының мәніне айналдарыған ақын
«Қара сөздерінде» өзін толғандырған сұрақтарға жауап береді.
Жалпы адамгершілік, руханилық, ар-ұят деген түсініктер
адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан және дәстүрге
айналған құндылықтар. Бүкіл адамзатқа
ортақ бұл құндылықтар адам баласын өнегелі адам
болуға баулуға, адамгершілік
ұстанымдарын бойына сіңіруге бағытталған. Ал
қазақ халқының
өмірінде адам болу үлкенді, ата-ананы сыйлаумен, ата-ана
жолын ұстаумен, ар-намысты, ұятты жоғары бағалаумен,
өнер-білімге, еңбекке ұмтылумен байланысты. Бұл
ұстанымдар ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында өмір
сүрген, қазақтың классикалық поэзиясының
асқар шыңы – Абай Құнанбаевтың мол мұрасында толық көрініс тапқан.
Абайдың шығармаларын оқу, жете түсіну арқылы оның ой-пікірлерімен, тұжырымдарымен
таныса отырып, оларды қазіргі
ақпараттық қоғам адамын тәрбилеу барысында
үлгі-өнеге ретінде
толық пайдалануға болады. Өйткені кез келген адам
қандай заман, қандай қоғам болса да Абай туындыларынан
көңілде жүрген көкейтесті мәселелердің
жауабын таба алады.
Абай Құнанбаевтың өмір жолы мен
шығармаларын зерттеу үдерісінің негізін
қалаушылардың бірі, ақынның өмірі мен
шығармашылығын «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлемге
танытқан Мұхтар Әуеезов: «Абайға келгенде, ... адам мен
адамгершілік, ұждан, мораль, философиясына тікелей қатысы бар»
толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әр сапалы,
терең ойлы пікірлері бар екені даусыз. Біздің білуімізше,
Абайдағы философиялық көзқарастың көбі
адамгершілік, мәселесіне тіреледі», [1]- деп жазады. Г.Г.Ақмамбетов те осы
пікірді қолдайды. Ол өзінің «Абайдың адамгершілік
ілімдері» деген мазмұнды мақаласында: «Абайдың дәл
өзі, менің көзқарасымша, қазақтардың
адамгершілік ілімінің негізін салушы. Абайдың
философиялық-этикалық дүниетанымының ортасында адам,
оның санасы, сезімі, ақылы мен адамгершілігі, нақты жеке
тәртібі жатыр. Философиялық ой қаншалықты алысқа
әкетіп, жоғары самғаса да ол болмыстың – нақты,
қазіргі адам жай- лы, қиын да айлакер сұрақтардың
шешімін табу үшін күресетінін ұмыт- пауы керек. Абайдың
философиялық-этикалық ойлары бұл атаққа
лайық, өйткені олар әрқашан адамға, оның
мұқтаждығы мен ықыласына жақын», [2]- деп
көрсетеді. Бұл пікірдің дұрыстығы
сөзсіз. Өйткені қай
дәуірдегі, қандай халықтың өкілі болы табылатын
қайсы философтың шығармасын қарастырсаң да, адам
мәселесі, оның әлеммен,
табиғатпен, өзгелермен қарым-қатынасы, оның өмірінің мәні ең
маңызды мәселелер кешені болып табылады. Сондықтан, осы
мәселе төңірегінде ақынның дүниеге, өмірге деген
көзқарасын өлеңдерінен де тереңірек білдіретін
«Қара сөздерін» саралап өту қажет.
Абай өзінің
Тоғызыншы сөзін «Осы мен
өзім- қазақпын. Қазақты жақсы көремін
бе, жек көремін бе?... Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы
көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір
нәрсе тапсам керек еді...Егер жек көрсем- сөйлеспесем,
мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, [3] – деп бастай
отырып, замандастарының бойынан
көңілге қуат болатын, үміт артатын нәрсе
көрмегенін қынжылады. Оларды
жөндеймін деген, жөнделер, үйренер деген үмітім
таусылып жоқ болды, үмітім үзілді деп жан қиналысын
білдіреді.
Неліктен ақын қоршаған ортасынан
түңілді? Жасынан дала тіршілігінің бел ортасында
жүрген, сыртай емес, белсене араласып, жоқшылық пен
баршылық, өктемдік пен үстемдік, ойсыз
бағыныштылық пен күнделікті күйбең
тіршіліктің соңында жүрген халықтың
мұң-мұқтажын терең сезінген ақын
қолынан келгенін істеп, өзгеріс жасауға тырысты. Ұлы ойшылдың басты мақсаты
қазақ халқы арасындағы кемшіліктерді барынша ашып
көрсету, сол арқылы оны жақсылыққа,
адамгершілікке, мәдениеттілікке, бірлікке, дамуға бағдарлау болатын.
Осы жолда өз ұлтының бойындағы кертартпа,
жағымсыз қылықтарды аямай сынауының астарында адами
жанашырлық, азаматтық намыс, дамыған, өркениетті
халықтар қатарынан көруге деген ұмтылысы жатыр. Оның
сыншылдығы, әрине, халқын жек көргендіктен емес,
оған жаны ашығандықтан,
өз ұлтым, өз халқым деген ішкі дүниесінен туындаған ащы
сыры. Он бірінші сөздегі «қалай
болғанда, қандай әдіс-айла болса да мал тапсам болды» деген
қазақтың сол заманғы күнкөріс тәсілі
мен баю әдісін айналған, аяусыз сыналған
ұрлық, бұзақылық, Жиырма бірінші
сөзде тілге тиек болған, сол
кездегі адамдық қарым-қатынас пен
мінез-құлықтың айқышты көрінісі «мақтан», «мақтану»,
«мақтаншақтық», Жиырма алтыншы сөздегі бәсеке,
надандық, басқаны ызаландыру, Қырық
төртінші сөздегі талапсыздық қазақ халқын артқа
тартатын сол кертартпа, жағымсыз қылықтар. Сонда адамды адам
ететін не?
Ақын Қырық үшінші сөзде
бұл сұраққа жауап береді. Адам баласы екі
нәрседен тұрады. «Адам
баласы екі нәрседен тұрады. Бірі – тән, екіншісі – жан.
Тәнге қатыстысы – ішу, жеу, ұйқы, бұлар
табиғи құбылыстар. Білсем, көрсем деп,
құлақпен естіп, қолмен ұстап, мұрынмен
иіскеп, сыртқы дүниеден хабар алады. Мұның бәрі-тілек,
мақсат, арман тәннен тыс жатқан жоқ. Ақыл,
ғылым – бұлар еңбекпен табылатын нәрсе, кәсіби
сұраныс. Ізденіс барысында сырттан алған ақпарат
жағымды да, жағымсыз да болады. Сыни қарап орындысын алады,
пайдасына асырады. Жағымдысы қуат береді, қабілетін
арттырды. Осындай әрекет иесі –
ақылды адам.
Естімеген,
көрмеген, көргенін есте сақтамаған, ішіп-жеп,
ұйқы мен мақтанмен әуре болып, ішкі қазынасын
жоғатқан адам хайуанға тең.
Жетінші сөзде де
автор «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім
жоқ болса, біздің хайуан малдан неміз артық? деген
сұраққа жауап береді. Бала
күнінен нәрісте не
көрсе соған талпынып, айналадағыны білгісі келіп, «ол немене?», «бұл немене?», «бұл
неге бүйтеді» деп, көзі көрген, құлағы
естімегеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.
Мұның бәрі білсем екен, көрсем екен деген жан
құмары. Дүниеде көргеннің бәрін болмаса
да негізгісін білмесе, адамдыққа
орын болмас. Оны білмеген соң сенің жаның адамдікі емес,
хайуандікі болып шығады.... Ержеткен соң, ақыл кіргенде бар
нәрсені басқалардан сұрап білгісі келіп жүргендерді
неге ғылым тапқандардың жолына салмайды екенбіз? Соларды
өрістетіп, өрісімізді ұзартып, жиған қазынамызды
құмарлана көбейтсек, бұл тек тәннің (ішу,
жеу, ұйықта) тамағы емес, әрі жанның (ізденіс,
ғылым) тамағы. Тән сұранысынан жан сұранысы
жоғары қойылса керек еді. Бірақ біз ержеткен соң да
олай қылмадық. Жанды тәнге бас ұрғыздық.
Көзбен көргеннің сырын ұғуға
тырыспадық, басқаның
айтқанын ұқпадық, «кісі ақылымен бай
болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» дегендейміз. Хайуан
білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, тек
надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер тірілерімізді білмей,
күре тамырымызды адырайтып кетеміз
[4]. Сондықтан ізденісі жоқ, білім, ғылым дегеннің не
екенін білмейтін, білгісі де келмейтін, өз білмегенін басқадан
сұрағысы да, үйренісі де жоқ ересектерден айналасындағы тіршілікті, оның
қыр-сырын танып білгісі келетін бала артық.
Он төртінші сөзінде ақын «Адам», «Адамдық» дегеніміз
не? деген сұраққа жауап іздейді, өмірдегі адамдар
іс-әрекетінде байқалған
бірқатар көріністерді, қазақ арасындағы
адамдықты бағалаудың әдісін сынға алады.
«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?
Біздің қазақтың кісі дегені - батыр дегені. Онан басқа
қасиеттерін анықтап білмейді. Рахымдылық, мейірбандық,
басқаларды бауырына тартып, олардың да өзіндей адам болуына
демеу беру – жүрек ісі. Тіл
жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды.
...Уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жинап
алғыш, көштің соғына итше ере бермей, адасқан
көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті
ақыл мойындағанды қиын да боса мойындау –ерлік,
батырлық осы болар. Әйтпегенде қазақтың «батыры»
адами жүрек емес, қасқыр жүрек деген сөз [5].
Он бесінші сөзде Абай «ақылды»,
«ақылсыз» кісі, кімдер олар деп, осы ұғымдар
төңірегінде ой толғайды. Бұл ой-толғаулар
оқырманның ойына қозғау салып, таңдау жасауға
негіз болады.
«Пенде болып жаратылған соң адам дүниеде ешбір
қызық көрмей жүре алмайды, көргенінің
қызықтысын ойына сақтайды. Есті адам орынды істеріне
марқайып, ойласа көңілі сүйсінеді. Бұл
өткен өмірде өкініші жоқ екенін сезінеді.
Есер кісі өзіне
орын таппай, не болса соны баянсыз қызықтап, құмарланып,
өмірдің қымбатты шағын ит қорлықпен
өткізіп алады. Күндердің күнінде өкінеді,
бірақ одан пайда жоқ. Жастығында қызық
қуып, кісімсіп, жастығы тозбайтындай, буыны босамастай
көрініп, есі кіргенде екінші талапқа қайрат
қылуға жарамай қалады.
Үшіншісі –
әрнәрсеге қызығушылық. Ол бойына
құмарлық тудырады. Әрбір құмарлық
өзіндік дерт. Құмар болған нәрсеге қол
жеткізу немесе колы жетер-жетпес жағдайы мастық пен тең.
Мастық ақылдың көзін байлап, көптеген
ағаттықтар жасатады, төңіректегілердің де
саған деген сыни көзқарасын ашады. Есті адамдар ақылды
қолдан шығармай, басқаға өзін сынатпай
жүріп ізденеді» [6].
Әсіресе, өзін «есті адам» деп есептейтін адамдардың
жиі-жиі өзіне өзі есеп беріп,
өмірім қалай өтіп жатыр, неге жеттім, не күтемін, неге жауаптымын деуі адамның адамдығын
айқындайтын маңызды
нәрсе.
Өзара сабақтас, байланысты Он екінші
және Он үшінші сөздерде «иман», «имандылық» ұғымдарының мәні
терең қарастырылады. Онда
ақын «Иман дегеніміз ұлы тәңірдің барлық адамдарға
пайғамбарымыз арқылы жіберген жарлығына мойынсынып, илану»
деп түйеді. Жер ортасы жасқа келіп, өзінің ішкі
дүниесімен көбірек сырласып, рухани
ізденіс барысында өзі үшін «имандылықтың»
өлшемін анықтап, оның
өзінің адамгершілік идеалымен байланыстырады. «Имандылық сенімге екі нәрсе
керек. Әуелі имандылықты шындықта дәлелдеп, өз
ісіңде бекіту. Екіншісі, молдадан естісең де, кітаптан
оқысаң да сол имандылыққа келтіретін нәрсеге
берік болу. Өлтіремін деп біреу қорқытса да, басқалар
түрлі істер істеп көрсетсе де имандылықтан айнымаған
керек. Осындай иманды дәстүрлі дейміз. Енді мұндай иманды
сақтауға қорықпас жүрек, айнымас сенім, босанбас
буын керек екен [7].
Абайдың Отыз алтыншы сөзі «Ұят», «Иман»
ұғымдарының мазмұны мен мәнін түсіндіруге,
бұл ұғымдардың ұқсастығына көңіл аударып, жалған ұялу мен шынайы ұялу
құбылыстарын сипаттап көрсетеді.
«Пайғамбарымыз туралы хадис әңгімеде
«Кімнің ұяты жоқ боса, соның иманы жоқ» деген.
Біздің қазақтың да өзінің мақалы бар:
«Ұят кімде болса, иман сонда». Олай болғанда, «ұят»
дегеніміздің өзі қандай нәрсе?
Ұяттың да
түрлері бар. Бірі – адамның өзінің надандығынан
ұялуы. Жазығы болмаса да жақсы адамның алдына барып
жолығысудан ұялады. Ұялмас нәседен ұялу
–ақымақтық, жамандық. Шариғатқа немесе
ақылға теріс, абыройға теріс іс істесең, шын ұят.
Бірде ондай қылықтардың бөтен адамнан шыққанын көріп, оны
есіркеп, оның қылығы үшін ұяласың.... Енді
бірде адамшылыққа жат қылықтың өз
бойыңнан табылғанына ұялып, кірерге жер таба алмай,
өзіңді өзің сөгіп, өзіңді
өзің қысымға аласың. ...Көзің кісі
бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейсің.
Осыншама жағдайға жетіп ұялған адамға
өкпесі бар кісі кешірмей, тіпті оның үстіне жанын өртеп
сөз айтса, оның өзінің адамшылығы жоқ десе
болар [8]. Сонымен бірге ақын «ұят» пен «иманды» анықтай
отырып, өзін қоршаған
ортада ұяты бар, арлы, иманды адамды кездестіру қиын екенін айтып,
тағы да қыжылады.
Қорыта келгенде,
Абай зерделеген «адам», «адамгершілік», «ұят», «иман», «имандылық»
ұғымдары өнерлі, білімді, еңбекқор, адал,
әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты, ғылым жолына
түскен іздемпаз адамның ішкі
мәнін айқындайтын сапалар болып табылады. Олар адам өмірін
айшықтай түсетін, адамдар арасындағы
қарым-қатынастарды жаңа, жоғары сатыға
көтеруге негіз болады. Ақын ойларының
өміршеңдігін, замана озған сайын маңызы, әсері қаншалықты
күшейе түскенін оның шығармаларының таралуынан,
басқа халықтар тілдеріне аударылуынан да көруге болады.
Абайдың өнегелі ойлары қай заманда да мәнін
жоймайтындығын және қанша заман ауысып, уақыт
жағдай өзгергенімен, халықтық төл мәдениетінің аса
маңызды бөлігі болып қала беретінін бүгінгі
тәуелсіз Қазақстанның тарихы дәлелдейді.
Өйткені оның шығармаларын оқыған сайын
күнделікті қоғамдық өмірдің, адамның
жеке басының
қиындықтары мен қайшылықтарын шешімін
табуға негіз болатын
өзіңе қажетті идеялар табуға болады.
1 Әуезов М. Абай Құнанбаев:
Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, 1967. – 171 б.
2 Қазақ
руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіз- дер.
3 Абай. Қара сөздері.-Алматы: Өнер,
2009.- 21 б.
4 Бұл да сонда.- 19 б.
5 Бұл да сонда.- 29 б.
6 Бұл да сонда.- 31-32 бб.
7 Бұл да сонда.- 28 б.
8 Бұл да сонда.- 67-68 бб.