УДК: 378.3.                                                             Нархоз Университеті

 «Жалпы білім беру» кафедрасы  

т.ғ.к., доцент Прімбетова  Е.Ө.

 

 

Қазіргі Жапония – дәстүрлі мемлекет

 

    Әр мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы сол елді билеушілердің жүргізген реформаларымен де байланысты.  Себебі, мемлекет  ішкі жағдайды реттеушілік әрі бақылаушылық маңызды шараларды ұйымдастыратын құзырлы саяси ұйым.Әрине,ұлттық менталитет ұғымы да маңызды орын алады. Еуропа және Азия елдерінің айырмашылығы да осыда.Қазіргі Жапон мемлекетінің бүгінгі таңдағы деңгейіне негіз болған оның өткен ғасырлардан мұра болып қалған өзіне тән даму ерекшеліктері. Ел билеушілердің қоғамдық сананың қалыптасуына қосқан үлестерінің нәтижесіненде шығыстық бағытты байқауға болады. Жапон халқы қалайда болса, өзге мемлекеттің көлеңкесінде қалмай өзіндік сара жол іздеп дербестікті, тәуелсіздікті сақтап қалуды ежелден мақсат еткен. Бұл мәселені шешуде түрлі деңгейде, әр кезеңдерде ашылған мектептерде маңызды орын алды. Әсіресе,«Ұлттық ғылым мектебінің» орны айрықша болды. Қытайдан келген конфуцилік ілімнің тиімді жақтарын  халық арасында уағыздап, оған этикалық әлеуметтік – экономикалық мән беруде жүйелі жолға қойылып, тиімді нәтижелерге қол жетті.Жапон білімінің негізінде дәстүрлі қоғам құру ертеден – ақ келе жатқан мақсат еді,оның айғағына біз бүгінгі таңда куә болып отырмыз.

Жапония ХХ ғасырдың 80 жылдарынан  былай  қарай  өзінің экономикалық дамуында зор табыстарға жетіп, қазіргі таңда Шығыс елдерінің ішіндегі дамыған мемлекет. Географиялық жағынан алсақ, тек аралдардан тұратын ел. Табиғи байлығына келсек, мүлде жұтаң, жоқ десекте болады. Сонда оның құдіреті неде жатыр!? Білімде, оның ұлттық рухында жатыр. Білім – қоғамды әлеуметтік – мәдени, ғылыми негізге жетелейтін құндылық.

Жапония сан ғасырларды бастан кешкен мемлекет. Халқының әдет-ғұрпының, қоғамдық санасының қалыптасуына жеке тұлғалар, олар ашқан мектептер, одан қалса көршілес мемлекеттерден тасымалданған идеология үкен із қалдырды. Кез келден үкімет қай дәуірде де дінді өзінің билігін нығайту үшін пайдаланып қалуға тырысады. Бұл көрініс Күншығыс елінде де орын алды. XVII ғ. Сегун үкіметінің әрекеті осы жағдайды танытты. Қытайдан тасымалданған будда діні елдегі XVI ғасырда католиктік миссионерлер әкелген христиан дінін т.б. діндерді ығыстыра бастады. Будда дінінің толық енуі Токугава әулетінің қолдауымен жүзеге асты. Оның үстіне конфуцилік идеологияның қанат жаюы жапондықтарға сол заманда рухани жағынан тиімді ықпал етті. Буддалық діни қызметкерлерге қошамет көрсетіліп, сенімділікпен үкіметтік шенеуніктерге  қол жеткізуге мүмкіндіктер жасалды.1613 жылдың өзінде-ақ үкімет будда және синтоистік ғибадатханалар ісі жөнінде шенеуніктік қызмет тағайындады (дзися-буге). Мұндай қызметтің міндетіне дін басыларының жұмысын, діни шараларды өткізуін, ғибадатхана мүліктерінің жағдайын қадағалау кірді. 1635 жылдан бұл қызметті әр қайсысы бір айдан кезектесіп  үш шенеунік атқарды. Барлық буддалық мектептер өздерінің иелік етіп отырған ғибадатханалары мен жерлерінің құжаттарын оларға көрсетуі тиіс боды. Осының артынша елдің тұрғындары өздерінің тұрғылықты мекендері бойынша белгілі бір ғибадатханаға бекітлді. Ғибадатханалар өздерінің келушілеріне олардың христиан дінін немесе басқа да рұқсат етілмеген секта мүшесі емес екендігін дәлелдейтін куәлік беріп отырды. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастың негізіне жүйелілік еңгізілді.[1]

Діни сананы қадағалау жүйесін дамытуда Иэясудің  саяси кеңесшісі болып қызмет атқарған және оның дипломатиялық жолдауларының алғашқы жазбаларын, сонымн қатар христиан миссионерлерінің қызметің шектейтін заң жобасын құрастырған дзэн монахы Судэн айтарлықтай еңбек сіңірді.Діни шараларды өткізу құқығына буддалық секталар ие болады. Алайда олардың мұндай қызметтері діннің дамуына зиянын тигізіп, қарапайым халықтың оларға қарсы пиғылын тұғызып, нәтижесінде синто және конфуцилік ілімнің дамуына әкелді. Сөйтіп, мемлекеттің ресми идеологиясы қызметін сундық конфуцилік атқарды. Бұл ілімді Жапонияға XIV ғ. Қытайдан дзэ-буддийстік монахтар әкелген болатын.

Конфуцилік ілім алғашқыда тек тәрбиенің маңызды бөлігі ғана болды. Дербес идеология ретінде Токугава дәуірінде қалыптасып, өмір сүріп отырған құрылысты, оның сатылық жүйесін сақтауға қызмет етті. Оның терең тамыр жаюы дамыған феодалдық мемлекеттінің қажеттілігінен туындады. Ал, бұрынғы буддизм болса дүниені киял түрінде қабылдады. Қоғамныңрухани сұраныстарына буддизмнен гөрі конфуцилік сәйкес келді.[2]

«Бакухан» жүйесіндегі қатал әлеуметтік сатыны, самурайлардың, шаруалардың, қолөнершілердің және саудагерлердің арасындағы таптық шектеулікті сақтау үшін конфуцилік, әсіресе чжусиандық мектеп қолайлы еді.

Чжу Сидің сун мектебінің ілімі XIII ғ. Жапонияға әкелінді. XVII ғ. мемлекеттік ілім ретінде осы Чжу Си оқуы алынды. Оның буддизмен айырмашылығы әлем басынан адамгершілік қағидаларына сәйкесжасалған деп дәлелдеді. Адамның бақтысыздығы дүние құбылысын дұрыс  түсінбеушіліктен деп түсіндірді. Адамдар әсіресе билеушлер өздеріне бағыныштылардың берекесіне жауапты, сондықтан Чжу Си көрсеткен жолды үйрене отырып реттілікке, табысқа жетуге ұмтылулары қажет деп санады.[3]

Осындай жағдайда қалыптасқан жапондық конфуцилік өзінің мазмұны жағынан этикалық және әлеуметтік-экономикалық бағытымен ерекшеленеді. Конфуциліктің «жапондануы» XVII ғасырдың ортасынан басталды.          Токугава дәуірінде конфуциліктің дамуына және оның діни көзқарастан шығып, философия ретінде адам санасында қалыптасуына бірінші болып негіз салған Фудзивара Сэика болатын. Ол өзінің философиялық  ілімінің бес қағидасын ұсынды: бірінші және ең негізгісі – қайырымдылық пен адамдарға деген аяушылық, екінші -  борыш пен әділеттілік, үшінші – жоғары қызметтегі адамдарды құрметтеу, төртінші – даналық, бесінші – адалдық.Cэйка шәкіртінің ішіндегі ең атақтысы Хаяси Радзан еді. [4] Ол өзінің білімділігі мен конфуцилік білімінің деңгейін көтеру белсенділігінің арқасында қоғамдық сананың дамуында өз орнын алды және мемлекеттік қызметте үлкен беделге ие болды. Конфуцилік ілімді әскери-феодалдық жүйеге негізделген тәртіптің сұранысын қанағаттандыратындай етіп,ретке келтірді. Радзан сун мектебі ойшылдары оқуының рөлін көтеріп,конфуцилікті билеуші топтың басты идеологиясы етіп тануы үшін үлкен еңбек сіңірді.

Бұл кезеңде ерекше ғылыми бағыт-кангаку (қытай ілімі) қалыптасты. Ол зерттеу тақырыбының және бірдей мәтіндерді зерттеу әдістерінің әр түрлілігімен ерекшеленетін бірнеше мектептерге бөлінді. ХYII-ХYIII ғасырдың басында Жапонияда жаңа бағыттағы«Ұлттық  ғылым мектебі» қалыптасты. Бұл мектептің сол кездегі қытайдың классикалық   шығармалары мен конфуцилік негіздегі ағымдардан өзгешелігі ежелгі және орта ғасырлардағы жапон әдебиетінің   ескеркіштерін зерттеп, Қытайдан енгенді жоққа шығарып, өзіндік жапон жолын жасады. Бұл бағыт жапондардың негізгі діні синто екендігіне баса назар аударды. Қытайдың ықпалынан аулақтап өзіндік жолға түсу бағытын жапон әдебиетінің бетбұрысына байқауға болатын еді.                                                                        «Ұлттық ғылым мектебінің» ғалымдары жасаған «жапон жолы »туралы үш аспектіден тұрады.Олар жапон халқының мінезі, Жапонияның мемлекеттік құрылымның бірегейлігі және елдің кереметтілігін дәріптеу. Сонымен қатар, «Ұлттық ғылым мектебінің»өкілдерінің негізгі мақсаты-жапондықтардың басқа халықтардан, елдерден артықшылығы туралы тұжырымды дамытып нығайту басқа елдердің халықтарының барлығы Жапонияға бағынышты болуы қажет деген ойды өз отандастарының санасына сіңіру еді.Жапонияның императорлық әулеті мен халқының қалыптасуының құдайлық негізінің  болуы туралы қағиданың бастауын синтоистік мифологиядан ала отырып Жапонияның мемлекеттік құрылымы мен жапон мінезінің ерекшелігін дәріптеу үшін қолданылды.Жалпы алғанда бұл мектеп жапондықтардың ұлттық санасының ұлтшылдық идеологиясының қалыптасуының бастапқы кезеңін құрады. Оның өкілдерінің ілімдері елдің ұлттық тәуелсіздігі мен тұтастығы жолындағы қозғалысты қалыптастыруда прогрессивті рөл атқарды.  «Ұлттық ғылым мектебінің» мұрагері болып Мито мектебі қалыптасты. [5] Бұл мектеп сипаты жағынан таза жапон мектебі болып танылды. Білімге құштар жапондықтарХYII ғасырдың ортасынан бастап  еуропалық білімді  игере бастады. Еуропаша білім алғандарды «рангакусалар» деп атады. Білімнің бұл түрі  голландықтар арқылы келді. Голлан тілін меңгертіп, еуропа мәдениетін үйретуші, оны елді дамыту мақсатында қолдануға бағыттаушы мектептерде ашыла  бастады  бірақ,  бұл бастаманы үкімет билігіне келгендердің барлығы бірдей қолдамады. «Жабық есік» саясатын ұстанғандар таза жапондық жолға халықты бағыттады.Жапония өзінің бүкіл тарихында жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше мән берген ел. Император Мэйдзидің тұсында 1879 жылы шық­қан “Білім берудің ұлы принциптері” деп аталатын  жарлығы, қазірге  дейін Жапо­ниядағы білімнің даму стратегиясын анық­тайтын “Вакон есай” – “Жапония рухы – батыс технологиясы” принциптерін, “Мұғалім ғибадаты” және т.б.мемлекеттік маңызға ие болған қоғамдық мәні бар құжаттардың қаншалықты маңызды екенін  уақыт дәлелдеп отыр. Токиодағы Цукуба университетінің бастауыш мектебі 1880 жылы, император Мэйдзи жарлыққа қол қойғаннан кейін бір жылдан соң, оның негізгі ережелерін жүзеге асыру үшін ашылған.[3]

Императордың осы жарлығы жарыққа шыққаннан кейін білім беру мен тәрбиелеудің конфуцийлік мораль­дық-этикалық принциптеріне оралу бастал­ғаны байқалды. Құжатта: “Адамдар алдымен өз бойында руханилықты қалыптастырып, адамгершілік (моральдық) қағидаларды ұста­нуы керек, содан кейін олар өз қабілеттеріне сәйкес әртүрлі пәндерді меңгере алады” – делінген.Мектеп құрылған жылы,  бір жарым  ғасырға жуық  уақыт  бұрын  құрылған  мектептің мақсаты күні бүгінге дейін өзінің ішкі мәнін сақ­тал­ған. Олар:бірінші, өзін адам ретінде терең түсіне білетін бала тәрбиелеу; екінші, мәдениетті жалғастыратын, жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу; үшінші, өзін Жапонияның азаматы деп ұғынатын бала тәрбиелеу; төр­тінші дені сау және белсенді бала тәрбиелеу.[4] Жапон білімінің негізінде дәстүлі қоғам құру мақсаттары жатыр.Жапондық үздіксіз білім беру жүйесі жа­пон қоғамының рухани-адамгершілік құн­дылықтарын көрсететін негізгі үш өмірлік принципті насихаттайды. Олар:

бірінші, ойлай біл, өз бетіңше шешім қабылда, проблемаларды шешудің ең жақсы жолдарын іздеп, таба біл;

екінші, әдемілікті түсін, өзіңдегі әдемілік сезімді тәрбиеле, жаның сұлу, жүрегің ме­йірімді болсын, тілектес бола біл;

үшінші, денің сау, төзімді, күшті бол.[5]

Қазіргі уақытта Жапонияның тәрбие және білім беру жүйесі дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы жүйе, әрі сол елдің қа­рыштап дамуының негізі болып отыр. Мұны бүкіл дүние жүзі мойындаған.

Еліктеуге емес, өздері жапондық нәрсе ойлап табуға әзір тұрады. Олар қанын таза сақтаған mono халық. Жоқтан бар жасап отырған ел. Қазба байлығы аз болғанымен, өздері тұтынатын нәрсесін өздері шығарып отыр. Ештеңені лақтырмайды, қоқысты мұқият өңдеп, пайдаға асырады. Тіпті жер көлемі азғантай болғандықтан қолдан аралдар жасап жатыр.

Жапонияда мектеп мұғалімі — ежелден бері ер адамдардың мамандығы болып есептеледі. Жапония мектептерінің көбісінде асхана жоқ, оқушылар сыныпта тамақтанады. Жапонияға жүз жылдан астам уақыт Еуропа мен Американың ықпалы зор болды. Бұны урбанизация тұрғысына ғана емес, рухани-моральдық жағынан да байқауға болады, ұлттық тәрбиенің негізі рухани дүниеде десек, жапон отбасында бала жастайынан шямисэн, бива, кото сияқты ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді екен. Ежелгі жапонның ұлттық тәрбиесі рухани құндылықтарды бала жүрегіне құйып, бабалар жолымен жүруге бейімдеп, даналықтың бастауынан нәр беруге негізделген. Жапон ұлтының ер бала тәрбиесіндегі басты арқауы көне заманда Ата бабалар қалдырған философиялық еңбектерде. «Шицзи»,  «Ханьшу», «Хоуханьшу», «Ицзин», «Шуцзин», «Идзин», «Шюньцю», «Лицзи» секілді байырғы әдебиеттерді оқыту арқылы ер баланы  жоғары саналы парасат иесі болуына ықпал еткен. [5] Ал қазіргі жапон баласы бұндай еңбектерді Аталары сияқты бүге-шігесіне дейін оқымаса да, фольклорлық өлең-жырларды жаттап өседі. Ер балаларды самурайлық ерлік жолымен  тәрбиелеуге арналған мектептер ХХ ғасырға дейін Жапонияда көп болған. Ол мектептерде ер баланы батырлықтың қыр-сырына үйретіп, ел қорғайтын  батыр болуға тәрбиелеп қана қоймай, жаратылыстану ғылымдарымен қатар әдебиет, музыка, риторика тәрізді пәндер оқытылған. Жапон өнерініңде өзіндік ұлттық ерекшеліктері мол. Ежелден Жапон мектептерінде өнер саласы даумуына ат салысқан.  Мектептерде  музыканы шартты түрде дәстүрлі, ұлттық және батыс мектебі деп 3 бағытқа бөледі. Дәстүрлі мектептің көрнекті өкілі композитор Миячи (1883 — 1956) болды. Қазіргі ұлттық мектептің өкілдері: Ясуджи, Мақудайра, Ифукуба, т.б. Жапонияның музыкалық орталықтары Токио', Осоко, Киото, Нагоя сияқты консерваториялары бар ірі қалаларға шоғырланған.Жапон театры тарихында гигаку (7 ғасыр), бугаку (11 ғасырдан кейін), сингаку, саругаку деп аталатын халық өнерінің түрлері белгілі орын алады. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында симпа, сингэки, синкокучэки  сияқты театр өнерінің жаңа түрлері пайда болды. Жапонияның ғылыми-көпшілік және мультипликациялық фильмдері де айтарлықтай табысқа жеткен. Төбесі сабанмен жабылған ағаш құрылыстар Жапон архитектурасының ежелгі ескерткіштері. 6 ғасырда будда дінімен бірге келген қытай мәдениеті Жапония архитектурасында өз таңбасын қалдырды (Хорюджи,ЯкушиджиТөдайдан ғибадатханалары). Жапонияның астанасы Нора 8 ғасырда қытай үлгісімен салынды. 12 — 16 ғасырларда Жапония тұрғын үйінің жаңа түрі қалыптасты. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап  Жапония  архитектурасы Батыс Еуропа  мен  Американың  ықпалында болды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін  Жапония архитектурасы ұлттық дәстүрде дами бастады, ірі қалаларды жаңарту ісі қолға алынды (Токио, Нагасаки, Хиросима). Жапония бейнелеу өнерінің ежелгі ескерткіштері неолит дәуіріне саяды. Б.з.б. 3 ғасырда қоңырау пішінді қола бұйымдар мен айналарға жапырақ, т.б. суреттер салу, 3 — 6 ғасырларда “ханива” — адамдар мен аңдардың балшықтан домбаздалған бейнелерін жасау өнері дамыды. 9 — 11 ғасырларда діни мүсінді нақыштай түсуге көңіл аударылса, 12 — 14 ғасырларда өнердің бұл түрі монументті сипат алды (Камакурадағы Будда мүсіні, 13 ғасыр). Жапония өнеріне 14 ғасырдан бастап Қытай кескіндемесі елеулі ықпал етті. 16 — 18 ғасырларда жанрлық кескіндеме дами түсті. 19 ғасырдың аяғында еуропа стильмен сурет салу дәстүрге енді. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Жапониябейнелеу өнерінде кескіндеме (Тошико, Маруни Ири, т.б.), графика (Уэно Маното, Хирохару Нии, т.б.) жанрлары дамыды. Жапония музыкасытуралыалғашқыдеректер 3 ғасырдан сақталған. 7 ғасырда сарай музыкасы дамыды. Жапония  ұлттық музыкасынан корей, қытай, үнді халықтары музыкалық мәдениетінің ықпалы да байқалады. Ежелгі музыкалық дәстүрлер де жақсы сақталған. Жапония өзінің қазіргі келбетін ежелден қалыптастыра білген өзінің дәстүрімен өзгелерге үлгі боларлықтай мемлекет.

 

Түйін сөздер:

Сегун, Будда, Конфуций ілімі, Ғибадатхана, Ұлттық ғылым мектебі,Мито мектебі, Рангакусалар

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1 Горегляд В.Н.Общественная религии в эпоху Эдо //Из истории общественной мысли Японии XVII-XIXвв. М,.1990.-С.16

2 Нагата Хирос, История философской мысли Японии М.1991.-С.95

3 Бұл да сонда, 100-103 беттер

4 Маранджян К.Г.Конфуцианское учение в интерпреации Огю Сорай М,.1990.-С.50.

5 Гривин В.С. Из истории «национальной науки»(кокугаку) в Японии. М. 1974.